«Бесмойнақ»: қазақ ауылының бүгінгі келбеті ме?
Тау етегіндегі қазақы ауылдың қоңыр тіршілігі. Сиыр жетектеген келіншек, ешкі сауған әже, кем-кетікті жөндей салуға икемді шал мен оның сөзжұмбақты шашатын «интеллигент» құрдасы. Ауылдың әкімі мен міндетті түрде қара джип мінетін «ірі» жігіт. Бұл ауылда күнде болмаса да күнара әнұран айтылып тұрады.
Бұл кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың «Бесмойнақ» атты жаңа туындысы. Бір қарағанда фильмнің лейтмотиві егде адамдардың арасындағы сезім болғанымен фильмнің артқан жүгі зіл батпан…
Сонымен қарапайым ауылдың тұрғындары. Әр қазаққа етене таныс көріністер. Әр қазақ көрерменін өз сиқырына тартып әкететін дүние. Бірақ олай болмай шықты…
Экрандағы алғашқы көріністен бастап тыпырши бастадым. Енді бір сәтте фильмді аяғына дейін көрмей орнымнан тұрып кеткім келді. Алайда беймәлім күштің құрсауында қалғандай күй кешіп отырған орныма шегелендім де қалдым. Кино аяқталды, экран бетінде титр жылжып жатыр. Ал менде әлі сол күй – ішкі бұлқыныс, протест, өзіңмен арпалысу…
Көркем дүниедегі сиқы кеткен үйлер, тозып жатқан қора-қопсы, тазаланбаған мұржа, қирап тұрған қара пешті көріп отырып шынымен де қазақтың алтын бесігі болған ауылдың бүгінгі көрінісі осы кинодағыдай ма деген сұрақ санамнан кетпей қойды. Намыстанасың, қабылдағың келмейді, сенгің келмейді… Осындай сұрықсыз көріністің бәрі асқаралы таудың баурайындағы дархан даланың ғажап көрінісімен өрілген. Жүйкеге салмақ салатын кадрлер үшін режиссерге ашуланып, ренжідім десем де артық айтпағаным болар еді.
«Бесмойнақтың» тұрғындары да үйлеріне сай. Басынан тақиясын тастамайтын егде жастағы кейіпкер. Бір қарағанда қолынан келмейтіні жоқ, бірақ біртүрлі адам… сиықсыз өмірден жалығып мең-зең болған біреу. Араға таланып бет-ауызы, бір көзі ісіктен жұмылған кейпімен әлі өңін бере қоймаған көршісіне (ешкі сауатын әже) «бір жарым тонна көмірім бар», «екі жарты бүтін болайық» дейтін сәттері көкейге еріксіз ащы күлкі үйіреді. Оның «қарсыласы» – шляпа киіп, көзілдірік таққан келмеске кеткен дәуірдің сарқыншағы іспеттес болған жан. Махаббат «үштігінің» кейіпкерлері біз бала кезде көрген таң атпай құрт жайып, ұршық иіріп, күбіге айран пісетін әжелер мен ағаштан ортеке оятын аталар емес, не мал бағуға, не омарта ұстауға табандылығы жетпейтін шал мен кемпір. Үлкен буынның түрі анандай болса, өскелең ұрпақтың моральдық-этикалық келбетіне ренжу орынсыз екені анық. Ақталмаған үй былай тұрсын, ең болмаса қара пешті оймақтай етіп ұстауға болмай ма деп күйінесің. «Күйе болып кетті» деп апта сайын пешін ақтап, ыстық пештің үстіне жайылған қамырды қарып беретін қайран әжелер-ай дейсің. Режиссер бізге ондай қазыналы ата-әжелердің, әр қазақтың тірегі болған қасиетті ауылдың тарих қойнауына енгенін осы фильм арқылы тайға басқан таңбадай көрсетті.
Ауылды ұстап тұрған азулының өресін жүріс-тұрысынан, тамақтанғанынан танисың. Тұрлаусыз ауылдың фонында ақ түсті велюрмен қапталған жұмсақ креслоның өзі тап-таза фарс. Жартылай ұйқыда жүргендей күй кешкен ауыл тұрғындарының қасында әкімнің сөзі ірі, идеясы айқын, «ноу-хауы» жер жарады. Керек десеңіз, ол Нобель сыйлығына үмітті. Бәлкім «Бесмойнақтың» тұрғындары дертке шалдыққан болар? Қандай дейсіз бе? Өтірік айту, ұрандату, көзбояушылық, қатыгездік дерті. Әрине сау адамдар да жоқ емес, мысалы «Бесмойнақтың» жындысы. Әр ауылда қалыпқа сыймайтын «жынды» болады, олармен ауыл үлкендері үйдегі баланы «әне, бүжәй келе жатыр» деп қорқытады. Өсе келе ондай ерекше адамның ауылдағы ең мейірімді, құдайға қараған жан екенін түсінесің.
Режиссер көрерменін аямаған. Аллегориямен, ащы сатирамен бар шындықты көзге шұқып тұрып көрсеткен. Шымбайға бататын шындық. Бұл туындыны шетелдіктерге көрсетуге намыстанар едім. Баспасөз, әлеуметтік желі арқылы өнер, білім, мәдениет туралы көп толғап, өткір мәселелерді жиі көтеріп жүрген публицист, кинодраматург, режиссер Ермек Тұрсыновтың да көздегені мең-зең болған қоғамның намысын қамшылау болса керек.
Айтпақшы, фильмде екі құрдастың бірі ауыл қорымында бірінші болып дамыл табады. Қалай ойлайсыз, шляпа кигені ме, әлде тақиялысы ма?
Ләзиза КЕРІМҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист