«Абай жолы кітапханасы» сериясы жаңа туындылармен толықты
22.12.2025
118
0

Абай өңірінде дәстүрге айналып келе жатқан «Абай жолы кітапханасы» сериясы биыл тағы да мазмұнды туындылармен толықты. Облыстық Абай кітапханасы қолға алған бұл рухани жоба ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына арналды. Атаулы дата аясында сериямен 25 кітап жарық көріп, қалың оқырманға жол тартты.

Жаңа басылымдар қатарында қазақ әдебиеті мен руханиятының алтын қорына енген Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, абайтану ғылымының іргелі еңбегі саналатын Қайым Мұхамедхановтың «Абайдың ақын шәкірттері», сондай-ақ тарихтың күрделі кезеңдерін терең талдаған Светлана Смағұлованың «Қазақ даласындағы жұттар мен ашаршылықтар» атты зерттеу еңбегі бар. Бұл кітаптар облыс аумағындағы 137 кітапханаға таратылып, оқырман игілігіне ұсынылады.
«Абай жолы кітапханасы» сериясы – ұлылар мекені Семей үшін ескі дәстүрдің жаңғырып, игі жолдың көркем жалғасын тапқанын аңғартатын маңызды мәдени құбылыс. Тарихқа көз жүгіртсек, қазақ даласындағы ең алғашқы баспа 1912 жылы Семей қаласында ашылғаны белгілі. Сол жылдары Тайыр Жомартбаевтың «Қыз көрелік» романы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының «Қалқаман-Мамыр» дастаны жарық көріп, ұлттық баспа ісінің іргесін бекітті. Кейін Алаш қайраткерлері шығарған «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы да осы қасиетті топырақта басылып, ел санасына сәуле түсірді.
Міне, сол тағылымды жол бүгінгі «Абай жолы кітапханасы» сериясы арқылы заңды жалғасын тауып отыр. Ұлылар мекеніндегі рухани сабақтастықтың сақталуы – баршамыз үшін қуанышты әрі мақтанышқа толы жаңалық.
Жаңа кітаптар білімге, ойға, рухани тереңдікке ұмтылған оқырманның қазынасына айналғай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір