ТҮРІК ТІЛІНДЕГІ ЕКІНШІ БАСЫЛЫМ
Жақында Түркі әлемін зерттеу қоғамының баспасынан ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтановтың «Заман рухымен тілдесу» атты өлеңдер жинағы түрік тілінде жарық көрді.
Өткен жылы бұл кітап Анкара қаласында басылып, түрік оқырмандары тарапынан өте жақсы қабылданған болатын.
Кітаптың тұсаукесер рәсімі Түркияның қалың зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен Стамбұл, Ескішехир, Анкара қалаларында өтті. Онда сөйлеген Түркі әлемін зерттеу қоғамының Бас хатшысы Ибрагим Акгүн, Еуразия Жазушылар одағының төрағасы Якуб Омароғлы, түркі дүниесіне белгілі ақын Али Акбаш, т.б. зиялы қауым өкілдері өз ой-пікірлерін білдіріп, кітапқа жоғары баға берді.
Тұсаукесер рәсімінде Ғалымқайыр Мұтанов өлеңдерінің стилі жағынан алғанда, Шығыс поэзиясының бастауларымен, түркі жырларымен үндестігі, жалпыадамзаттық гуманистік идеялармен суарылғандығы атап көрсетілді.
«Заман рухымен тілдесу» кітабының түрік тілінде екінші мәрте қайта басылып шығып, Түркияның үш шаһарында тұсаукесері өткізілуі – автор шығармашылығының шетел оқырмандарына танылуының жарқын көрінісі.
Осы сапарда Ғ.Мұтановқа Түркі дүниесінің ұлы ақындарының бірі «Мақтымқұлы» медалі тапсырылды.