Елімізде «100 кітап» сауалнамасы басталды
Еліміз бойынша кітап оқу мәдениетін ілгерілетуді көздеген жаңа ұлттық жоба – Ұлттық кітап күні тұңғыш рет аталып өтті. Осыған орай, Астана қаласындағы Қазақстан Республикасының Президенттік орталығында «Ұлттық кітап күні» аясында Қазақстанда алғаш рет аталып өтіп жатқан «100 кітап» сауалнамасының таныстырылымы өтті.

Игі бастаманың таныстырылымын ашып сөз сөйлеген Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Ерлан Қарин:
– Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Ұлттық құрылтайдың отырысында «Ұлттық кітап күнін» белгілеу идеясын қолдады. Президент «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек», – деп айтқан еді. Бүгін біз алғаш рет «Ұлттық кітап күнін» атап өтіп отырмыз. Осынау айтулы күні Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамасымен төл әдебиетіміздегі 100 таңдаулы кітапты айқындауға арналған жалпыұлттық сауалнама басталды. Бұл тізім кітап оқуға деген қызығушылықты арттырады және әдебиетімізді дамытуға ықпал етеді деп ойлаймын, – деді.
Жобаның басты мақсаты – еліміздің әдеби мұрасын сақтау және дамыту, Қазақстан жазушыларының шығармаларын дәріптеу, халықтың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру және баспа ісін қолдау.
Сауалнама eGov порталы арқылы жүргізілетін болады. Еліміздің кез келген азаматы арнайы анкета дайындалған eGov Mobile қосымшасына тіркеле отырып, өзінің он үздік таңдаулы кітаптарын ұсына алады. Бұл кітаптар әртүрлі жанрда болуы мүмкін. Тарихи шығармалар, көркем әдеби, балалар әдебиеті, фантастика, детектив, тағысын тағы жанрдағы кітаптар. Сауалнама үш ай бойы жүргізілетін болады. Жүргізілген сауалнама нәтижесі тамыз айында, Абай күнінің қарсаңында жарияланбақ.