Әнекеңнің айыбы не?
13.11.2023
113
0

Әлемнің алпыс шақты елінде болып, Қазақ­станын, қазағын насихат­таған және ол елдерде қазақ тарихына байланысты дерек ести қалса, оны тәптіштеп біліп, жазып алып, еліне, халқына асыға жеткізіп жүретін қаламгер Әнуар Тұрлыбекұлы Әлімжанов Талдықорған облысы Үйгентас ауданындағы Қарлығаш ауылында дүниеге келген. 1949 жылы Лепсі педагогика училищесін, 1954 жылы Қазақ мемлекет­тік университетінің журналистика факультетін тәмамдады. Журналшы қызметін облыстық «Алматинская правда» газетінен бастап, 1955 жылдың наурыз айынан «Литературная газетаның» Қазақ­стан мен Орталық Азиядағы меншікті тілшісі, кейінірек: «Ленинская смена» газеті редакторының орынбасары; «Правда» газетінің Орталық Азия мен Қазақ­стандағы меншікті тілшісі; «Қазақфильм» киностудиясының Бас редакторы; «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы; Қазақ­стан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы (1971-1979 жылдары), КСРО Жазушылар одағы басқармасының да хатшысы болды), одан соң: Автор құқын қорғау жөніндегі Бүкілодақтық ассоциацияның Қазақ бөлімінің басшысы; Тарихи және мәдени көне ескерткіштерді қорғау жөніндегі Қазақ қоғамы Орталық кеңесі президиумының, Қазақ­станның коммерциялық «Таң» теле-радио ассоциациясының төрағасы болды. Қазақ­стан Мәдениет қорының төрағасы қызметін атқарды. Республика Жоғарғы Кеңесі депутат­тығына төрт мәрте сайланды. Жоғарғы Кеңес президиумына бірнеше рет мүше болды. КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат­тыққа сайланды. СОКП-ның XXIV және XXV құрылтайларының делегаты.
Ә.Әлімжанов КСРО-ның Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс комитеті төрағасының орынбасары; Африка халықтарымен достықтың КСРО Ассоциациясы басқармасының, Африка халықтарымен достықтың Қазақ Ассоциациясы Президиумының, Азия және Африка жазушылары ассоциациясы мен Еуропа мәдениеті қауымдастығының мүшесі, «Қазақ­стан-Жапония» халықаралық қоғамының президенті болды. Азия және Африка жазушыларының 1973 жылы Алматыда өткізілген V конференциясын ұйымдастырды. Әл-Фарабидің туғанына 1100 жыл толуын атап өтуіне ұйытқы болды. 1991 жылдың басында Қазақ­стан Социалистік партиясының төрағалығына сайланды.
1991 жылғы қазан айының 29-ынан желтоқсанның 26-сына дейін КСРО Жоғарғы кеңесінің Республикалар кеңесін басқарды.
Әнекең Қазақ­стан Ленин комсомолы, Қазақ КСР Мемлекет­тік, Халықаралық Дж. Неру атындағы, Агустино Нето атындағы сыйлықтардың, Конго республикасы, «Лотос» журналы сыйлықтарының, «Құрмет белгісі», «Халықтар достығы» ордендерінің иегері, Қазақ­станның Халық жазушысы атанды.
Хикаят­тары: «Сумен және жермен елу мың миль» (1962 ж.); «Күнге бет алған керуен» (бұның журналдағы нұсқасын оқып риза болған Мұхтар
Әуезов Әнуарды шақырып алып, талабын қуат­тап, хикаятына алғысөз жазып, кітап баспасына жолдайды. 1960 жылы. Кітап 1963 жылы шықты); «Көгілдір таулар» (1964); «Алаулы найза» (1965); «Отырар сыйы» (1966); «Таным» (1993).
Романдары: «Махамбет­тің жебесі» (1969); «Рудаки тағы» (1974); «Ұстаздың оралуы» (1979); «Адам жолы» (1984).
«Жаушы» романы бойынша кино­фильм түсірілді.
…Әнекең шет елдерге барғанында бір ғана Қазақ­станның емес, Орталық Азияның да мәдениет-әдебиет елшісі, жаршысы болғаны анық.
Әнуардың мұрағатындағы мақала, аударма және хат­тармен танысу барысында өмірде өте қарапайым болған қаламдас ағаның адами қадір-қасиетін, қаламгерлік күш-қуатын тани түстім. Әсерімді қысқаша айтсам:
біріншіден, Әнекеңнің халықаралық деңгейде танымал болғанын шет елдің зиялыларынан келген жылы лебізді ондаған хат­ты оқып сүйіндім (рас, кере­ғарлықсыз өмір болған ба, өзімізден, Ресейден әлдебіреулер Әнекеңе: «Сен ұлтшылсың! 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы үшін басшыларды кінәладың, жан керек болса, басқа жаққа кет!» деп жауыға, қорқыта хат жіберіпті);
екіншіден, Қорқыт ата мен әл-Фараби, Абай, Шәкәрім,
Құрманғазы, Махамбет, Жамбыл, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев ағаларымызды және бергі құрдас, іні ақын-жазушыларымыздың біразын орыс оқырмандарына кең таныстыра, танымды мақалалар жазған;
үшіншіден, Сәкен Сейфуллиннің екі әңгімесін, бір хикаятын және Бейімбет Майлиннің «Шұғасынан» орыс тіліне үзінділер аударған;
төртіншіден, Әнекең 1989 жылғы шілдеде Семей қаласында өткізілген халықаралық конференцияда және 1990 жылы Ұлыбританияның Қауымдар палатасында әдетінше жалындап сөйлеп, Семей полигонын жабуды және дүниежүзінде атом-ядролық қару жасау­ды, сынауды тоқтатуды талап еткен. Әнуар – социалистік елдердің әлемінен Лондонның төрінде сөйлеген жалғыз қайраткер;
бесіншіден, Қазақ­станына, қазағына күйе жаққандарға дереу қарсы тұрып, «Литературная газета» мен «Комсомольская правда» газеті бетінде жауап берген. «Молодая гвардия» журналында Н.Кузьмин дегеннің «Соғыстан соғысқа дейін. Түнгі әңгіме» жазбасы жарияланып, онда Сәбит Мұқанов пен Ғабит Мүсіреповтен бастап бірнеше ақын-жазушымызға күйе жағылғанда, намысқа қамшы басып, оған баспасөз бетінде бірінші болып тойтарыс берген;
алтыншыдан, қазақ әдебиетінің жас талант­тарын, арқалы ақындарын КСРО-дағы және шет елдердегі қаламдастарына танытуға күш салған (мәселен, Мұқағали Мақатаевтың 55 өлеңі мен 3 дастанын орыс тіліне аудартып, өзі алғысөз жазып, «Зов души» деп атап шығартқан);
жетіншіден, өзіміз атын атаудан жасқанып жүрген жылдары «Зарзаман» жырауларының және беріректегі «ұлтшыл, кертартпа» ақындарымыздың біраз өлеңдерін орысшалатып (құрастыруды Мұхтар Мағауинге тапсырып), Ленинград баспасынан «Поэты Казахстана» деген атпен жинақ етіп шығарудың жолын тапқан;
сегізіншіден, 1967 жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарды Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратындағы сурет­тер галереясына алып барыпты. Ішкі қабырғаға майлы бояумен салынған көне сурет­тер арасында қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», – деп жауап қайырыпты. Әнуардың сол сәт­те қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңызшы!.. Ол сол сурет­ті Айынға көшіртіп алып, елге оралысымен қылқалам шеберіміз Ыбыраев Бекке толықтыра айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасат­ты! Фарабитануды негіздеген ғалым Машанов Ақжан ағамызбен қанат­тасып, әл-Фараби еңбектерінің насихат­талуына көп күш жұмсады. «Ұстаздың оралуы» ат­ты роман жазды. Бұл тарихи романы – мұқият зерт­теуінің нәтижесі десем, оған дайындық кезеңіндегі мына тұжырымы дәлел:
«Как о гениальном ученом древности говорит о нем в статьях и лекциях крупнейший литератор и историк Алжира Башир Хадж Али.Труды Мухаммеда аль-Фараби и книги о нем до сих пор остаются объектом пристального внимания ученых Каира и Стамбула, Дамаска и Багдада, Тегерана, Самарканда, Душанбе, Герата и Алматы. В библиотеках Лондона, Парижа и Берлина вот уже много веков хранят как бесценное сокровище его трактаты, переведенные на языки народов Европы…».
Айтпақшы, егер жаңылыспасам, 1958 жылы «Дипломмен – селоға!» деген бүкілодақтық үндеу жарияланғанда
Әнуар «Литературная газетада» ашық қарсы мақала шығарып: – «Қазақ жастарын қашанға дейін мал соңына салып қою керек? Олар техникалық білім алып, өнеркәсіп салаларында қызмет істеуге, инженер болуға құқылы!» – деген болатын. Осы орайда дипломат Болатхан Тайжанның «Жазбаларындағы» (1966 ж.) мына бір сыры есіме түсті:
«Қазақ­станның тың және тыңайған жерлерін игеруді бастарда Кеңес өкіметі, компартиясы, кәсіподағы бірігіп, арнайы қаулы шығарыпты. Онда: Қазақ­станның Тың өлкесін игеруге баратындарға он жылға өсімақысыз несие берілсін; егер колхоз-совхоздарда істеп жатқан шаруалар тың өлкесіне баратын болып, ал олар өз колхоз-совхоздарына борышты болса, ол борышы өшірілсін; егер Қазақ­станға бара жатқанда шаруа­лар өздерінің сиырын, шошқасын, тауығын ала кетемін десе, мемлекет есебінен тегін жеткізіліп берілсін. Ал малын Қазақ­станға апармаймын, қалдырып кетемін десе, арнайы анықтама алсын, Қазақ­станға барғанында сол анықтама бойынша Қазақ КСР өкіметі оларға сол мөлшерде сиыр, тауық, шошқа беретін болсын; Тың өлкесіне барғандар ең бірінші кезекте баспанамен немесе соған қажет­ті құрылыс материалдарымен қамтамасыз етілсін – делінген. Қазақ­станға басқа республикалардан баратындардың бәріне осылайша көптеген жеңілдік жасауды міндет­теген қаулының соңында: «…бұл шарт­тар мен жеңілдіктер Қазақ­станның тұрғындарына қолданылмасын», – делініпті.
Қысқасы: тың игеруге баратын сырт­тағыларға «коммунизм жасалып», іштегілерге, яғни қазақтарға көңіл аударудың керегі жоқ делінген. Сұмдық емес пе?! Қазақты қорлау ғой?!. Сөйтіп, қыстығып жүргенімде бір күні Мәскеуде жазушы Әнуар Әлімжановты кез­дестіре қалып, қаулының қолыма түскен көшірмесін көрсетіп: «Әнеке-ау, Сіз – интернационалистсіз, ал енді көріңіз, міне», – дедім.
Әнекең намыстан жаралған қазақ еді ғой! Бүкілодақтық әдебиет институты өткізген кез­десуде ширығып сөйлеп, одан кейін газетке мақала шығарып, жаңағы қаулының өктемдіктің ең сорақы фактісі болғанын, одан қазақ халқы материалдық та, моральдік те орасан зиян шегерін өткір айт­ты да, жазды да.
Джавахарлар Неру атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты, әлемге әйгілі публицист-жазушы Әнекең сол жылы Лениндік сыйлыққа ұсынылған-ды. СОКП Орталық комитетіндегі сырлас жолдастарымның бірінен ондағы әпербақан шовинистердің Әнуарға дереу қарсы тұрып, оның аты-жөнін тізімнен сыздыртып тастағанын естіп: «Кесірім тиіп кет­ті-ау! Айтуға неге ғана асықтым екен?!» – деп қат­ты өкіндім. Содан бірде Әнекеңнің Мәскеуге келгенін естіп, іздеп мейрамханаға барып жолығып, өкінішімді білдіріп, кешірім сұрадым. Әнекең өте қарапайым, кішіпейіл адам еді ғой, балаша бейқам күліп: «Бөке-ау, біз сыйлық үшін туған жоқпыз ғой, шындықты айту үшін тудық қой?! Маған анау албасты қаулыны айт­қаның жақсы болды. Кештеу болса да, талайдың көзін аштық емес пе?!. Ол біздің жеңістеріміздің басы болды, оны жумау обал болады», – деп сылқ-сылқ күліп, дастархан жайды… Шындықтан жаңылмай өмір сүру бақыт екен!».
Әнуар Әлімжановтың еліне, халқына сіңірген осыншама қыруар еңбегі жайында толық мағлұмат беру себебім: көзі қарақты қазақ­стандықтарға мәлім жәйт­ті әл-Фараби атындағы Ұлт­тық университетіміздің басшылары елеп-ескеруді керек етпейтіндерін айту.
Әнекеңнің туғанына – 80, 85, 90 жыл толар алдында университет ректорларына хат жолдап, «Біздің түлегіміз!» деп мақтаныш етулеріне әбден болатын Әнуар Тұрлыбекұлының туған күндерін ең болмаса кафедра, факультет деңгейінде атап өтпегендерін түсіне алмай жүргенімді білдірдім. Аудиториялардың біріне атын беруді сұрадым. Университет шығарып келе жатқан «Өнегелі өмір» топтамасы бойынша кітап шығаруларын өтіндім, қажет болар мақала, естелік, фото-суретпен толық қамтамасыз етуге әзір екенімді айт­тым. Тілегім бір рет қабыл болып, мен жеткілікті етіп берген материалдар негізінде кітап даярланды. Баспаханалық нұсқасын (версткасын) бір студент (аты Тоқтар ма, Тоқан ба еді, есіме анық түсіре алмай отырмын) маған алып келіп, оқытып алды. Сөйтіп, «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса», тіпті шығармай қойса да, кітап верстка күйінде қалды. Ол қалай?.. Бұл сұраққа жауап беруге міндет­ті ректорға, ректорат­тағы мырзаларға университет­тің көпке танымал түлектері: Шерияздан Елеукеновке, Камал Смайыловқа, Мүсілім Базарбаевқа, Сапар Байжановқа… аудиторияны қимағандарын ескертіп, мына бір хат­ты «оқи салғандары» зиянды бола қоймас деп білдім (орыс тіліндегі нұсқасы):

Дорогой Господин АЛИМЖАНОВ!
Это письмо является попыткой рассказать Вам, как мы высоко ценим Ваш визит в наш колледж. Слова являются беднейшим средством выражения чувств моих студентов и моих личных. Нет вопроса, что весь их опыт, который они имеют от жизни в колледже не превышает всего того, что они постигли за то время, что Вы были с нами.
Литература, культура и история казахского народа, о которых Вы говорили так красноречиво, показались нам чудесной картиной, воспроизведенной перед нашими глазами. Студенты впоследствии говорили о Вашей скромной манере держаться, которая завоевала их сердца.
Мы также очень рады встречи с Вашим переводчиком, Мисс Аурье, которая проделала значительную работу по выражению не только Ваших слов, но и огромных чувств вместе с мыслями, которые были Вами высказаны.
Еще раз, мой Друг, примите нашу искреннюю благодарность. Казахский народ всегда будет жить в наших сердцах. Теперь эта страна не будет для нас всего лишь далекой землей на карте. Мы теперь многое знаем о ней.
Желаем Вам благополучного возвращения домой и дальнейшего успеха в труде!

Искренне Ваш: профессор
Едвард С.МЕЙХАРД,
Президент Ассоциации Негритянских профессоров Америки.
10. ХІ. 1970 г.

Әнекең 1989 жылы Америка Құрама Штат­тарында бір айдан аса болып, маңдайалды 4 университетінде кез­десу өткізіп, дәріс оқыған-ды.
Ортамызға оралтпас сапарға ат­танғанына отыз жыл…

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір