ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?
22.08.2023
137
0

Жаңа оқу жылында қанша бала мектеп табалдырығын аттайды? Олардың неше пайызы қазақ мектебіне бармақ? Еліміздегі апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? ҚР Оқу-ағарту министрлігі аталған мәселелерге жауап берген екен. Біз осы жазбамызда ведомствоның ақпараттарына шолу жасап көрмекпіз.

Министрліктің хабарлауынша, 2023-2024 оқу жылында еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алады. Оның ішінде 364 мың бала бірінші сыныпқа қабылданбақ. Ал мемлекеттік тілде оқытатын мектепке осылардың 68,2 пайызы, яғни 248248 бала барады.
Ғани Бейсембаев басқаратын министрлік апатты, үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін жүйелі жұмыстар жүргізіп жатқанын алға тартады. Мәселен, 2023-2024 оқу жылында 132 мың оқушыға арналған 154 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр екен.
Сонымен қатар 1 қыркүйекке 194 орта білім беретін оқу орындарында күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, 65,6 мың орындық 52 мектеп іске қосылады. Бұл апатты жағдайда тұрған 12 мектеп пен үш ауысымды 29 мектептің мәселесін шешпек. Бұдан басқа, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыру басталды. Аталмыш ұлттық жоба аясында 740 орынға арналған 369 мектептің құрылысын бастауды жоспарға енгізіпті.
Сондай-ақ министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жыл соңына дейін шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда орналасқан 1000 мектеп алты бағыт бойынша жаңғыртылатынын, яғни күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін, пәндік кабинеттер жабдықталатынын, кітапханалардың, асханалардың, мектептердің жиһаздары жаңартылатынын, сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілетінін хабарлады.
Бұдан бөлек 1000 пәндік кабинет ашуды, 749 пәндік кабинет қосымша сатып алуды жоспарлап отыр екен.
Мемлекет жыл сайын мектептерді жаңғырту мен құрылыс жұмыстарын жүргізуге қомақты қаржы бөліп келеді. Соңғы 3 жылдың өзінде 340 мың оқушыға арналған 626 мектеп пайдалануға берілді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір