Құрылтайдан туған ой: «Қазақ тілі» қоғамына мемлекеттік қолдау қажет
04.08.2023
186
0

Жақында Астанада өткен «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс Құрылтайына қатысып отырғанда еріксіз 1989 жыл еске түсті. Ол кез Кеңес Одағы ыдырауға бет алып, «қайта құру» саясаты ұлттық республикаларды оятқан болатын. Бұл біздің елімізде де қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға сын көзімен қарауға, өздерінше тірлік етуге мүмкіндік тудырды. Ал еркіндіктің ерте заманнан келе жатқан қатал заңы бар, ол – еркіндікті ұлттық құндылықтың өзегі – тілден бастау.

Республиканың жержерінде «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, бұған біздің Қызылорда да дайындық жүріп жатқан еді. Жасыратыны жоқ, тіпті облыс басшыларының арасында мұндай қоғамның бізге не керегі бар, біздер түгел дерлік қазақша сөйлемейміз ба деген пікірлер де болды. Шынына келгенде, бұл мәселені жеңіл түсінгендік болатын.
Алматыдан Қ.Мұхамеджанов, Ә.Қайдар, Ө.Айтбаев, т.б. республикаға белгілі тіл мамандары келіп, қаладағы Н.Бекежанов атындағы театрдың ғимаратында үлкен жиналыс өтті. Облыста «Қазақ тілі» қоғамы құрылады дегеннен соң халық көп жиналды, олардың ықыласы ерекше болды. Жиналысты басқару маған тапсырылған еді. Мен Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімін басқаратынмын. Көптен қордаланған ойлар мен пікірлерге есік ашылды. Олар ортаға салынды. Алматыдан келген қонақтар да сөйледі. Үлкен үзіліске дейін де, онан кейін де Қалекеңнің – Қалтай Мұхамеджановтың ерекше шабытпен сөйлегені есімде. Қалекең кейін орыс тіліне де мемлекеттік мәртебе беру керек деген тіліміздің белгілі ақсақал академигімізбен де белбеуді тартыңқырап жіберіп, күреске шыққаны жадымда. Қайран, Қалекең-ай!
Өткеннің бір өкініштісі – сол кездердегі жер-жердегі рухани өрісті, шынайы ұлтшылдық үдерісті тиімді пайдалана алмадық. Шынына келгенде, билік халықтың саяси қарқынын ұната қойған жоқ. Саяси сауатты халықты басқару күрделі болатыны белгілі. Біреңсараң бас көтергендермен күрес оңай. Тәуелсіздік жылдары да ондайлар өмірмен қоштасып, түрмеге тығылып жатты ғой.
Сонымен тілімізге деген көзқараста күрт өзгеріс болды. Алдыңғы қарқын ысырылып тасталып, қайшылықты заңдық нормалар қабылданып, ана тілімізге тұсау салына бастады. 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 1-тармағындағы «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деген құқықтық норма келесі 2-тармақтағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген баппен ана тіліміз мешел күйге түсірілді. Сол себепті 1997 жылғы «Тіл туралы» Заңның 27-бабының он бесі орыс тілінің қамын ойластырып, қазақ тілі жөнінде табан тірейтін бір қағидатты мәселе қарастырылмады.
Ал биылғы шілденің 21-де өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының кезектен тыс Құрылтайы ана тіліміздің бүгінгі күйін көрсетті. Бұл қоғам кейінгі кезде тек ұйымдастыру мәселелерімен әуре болып жүр. Қашан тікелей жұмысқа кірісерін бір Құдай білер. Құрылтайда қоғам басшылығы мен құрылымдарына біршама өзгеріс енгізілді. Қоғамның Орталық кеңесі, Төралқа мүшелерінің жаңа құрамы сайланды. Құрылтай делегаттарының ашық дауыс беруімен Рауан Кенжеханұлы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігінің президенті болды.
Сонан соң Құрылтай делегаттары және елге танымал зиялы қауым өкілдері өз пікірлерін ортаға салды. Енді осы пікірлерге назар салайық. Олар қазіргі қазақ тілінің нақты күйін де, осы бағыттағы жұмыстың жағдайын да танытты. Онлайын қатысқан белгілі жазушы, тіл жанашыры Смағұл Елубай тіл төңірегінде айтылмаған сөз қалмады ғой, енді тек сөзден іске көшетін заман туды дей отырып, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы басын тауға да, тасқа да ұруы керек деп ойлаймын деді. Оның ойынша, тіл туралы заңды түзетпей, істің мәні болмайды, тіл де түзелмейді. Ендеше, мемлекеттік тіл туралы дербес заңның қабылданатын уақыты жетті.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі тіліміз бағытында жасалып жатқан бірсыпыра мәселелге тоқтап, жалпы ұлт құрудың көптеген компоненттердің біріншісі – тіл екеніне, сол себепті тілдің төңірегінде тұтаспай, ұлт тұтаспайтынына назар аударды. Ол ойын «қоғамдық сананы жаңарту, жалпы әділетті қоғам құру жолында тіліміздің төрге шығуына баршамыз атсалысуымыз керек» деп түйіндеді. Осы жолда жаңа сайланған төрағасы мен оның командасына сәттілік тіледі.
Халықаралық «Қазақ тілі» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, республикалық ақпараттық-танымдық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Аңсатов сөзін КСРО құрамында жүріп-ақ, 1989 жылы ұлтымыздың үлесі 39 пайыз-ақ кезінде қазақ тілінің жеке-дара мемлекеттік мәртебеге ие болғанын еске салудан бастап, сонан бері 34 жыл өтсе де, тәуелсіздік алғанымызға 32 жыл болса да, ұлтымыздың үлесі қазір 70 пайыздан асса да тіліміз неге өзінің мемлекеттік мәртебесіне көтеріле алмай отыр деп, оның себептерін түсіндірді. Редакцияға жазғандардың (Павлодардан жазған Сайлау БАЙБОСЫН) мәліметтеріне сүйеніп, еліміздің солтүстік, шығыс, батыс өңірлерінің қай саласында да қазақ тілінің қолданыс аясы өте төмен екенін, қазақша балабақша деген аты ғана, онда орыс тіліндегі «Колобок», «Репка», «Баба яга» ертегілерін айтып, қазақ тілін ғана емес, сананы да бұзуда, мектептерде де осындай жағдай көрінеді деді. Ол сонымен қатар Түркістандағы Құрылтайда тіл мәселесін үйлестіріп отыратын тұрақты комиссия құрылатыны айтылғанын, бірақ ол комиссияның әлі құрылмағанына еске салды. Сонан соң бірнеше өзекті деген мәселерлер назарға ұсынылды. Мысалы, қоғам жұмысын жандандыру үшін қаржы мәселесін шешу, оның жолын табуды қарастыру, сол сияқты осы жылдың аяғына дейін «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы заңды қабылдау, заң талаптарының орындалуын тексеру, бақылау, хаттама толтыру, жауапқа тарту тетіктерін заңға енгізуді талап ету, т.б. Сөзінің соңында тіл жанашыры жаңадан сайланған қоғам басшылығына, Орталық кеңес пен Төралқа мүшелеріне елдегі мекемелерінің бәрінде қоғамның бастауыш ұйымдарын құруға атсалысып, ондағы тіл жанашырларының басын құрап, өңірлердегі филиалдардың жұмысын республика бойынша бір жұдырыққа ұйыстыра алатын белсенді ұйым құруына тілектестігін білдірді.

«Егемен Қазақстан» газетінің Бас директоры Дихан Қамзабекұлы қоғамның Түркиядағыдай бір банкке тіркеліп, содан қаржы бөлінудің тетігін табатындай ұйым болуы керектігіне тоқталды. Сондай-ақ білім саласының қазақ тілі оқулығымен қамтамасыз етудің 10 пайыздан аспайтынын ескертті. Кезінде Әбдуәли Қайдар, Өмірзақ Айтбайұлы секілді тұлғаларымыз (аруақтары риза болсын) қазақ тілін Президенттен емтихан алатындай деңгейге көтергенін еске салып, кез келген атқарушы биліктің азаматтары қазақ тілінің алдында басын иетіндей жағдайға жеткізу – қазіргі қазақ тілі қоғамының борышы деді.
Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде де, баспасөзде де ана тіліміздің мәселесін қызу көтеріп жүрген депутат Қазыбек Исаның сөзінде кешегі 89-шы «Қазақ тілі» қоғамының мүшесіне сайлану – өте жоғары мәртебие болғанын атап көрсетіп, қазір «Қазақ тілі» қоғамының бар-жоғы да белгісіз деуден бастап, бүгінгі қазақ тілінің жағдайын бірден қабырғасы қаланып, сырланған, шатыры жабылып, әйнегі салынған, бірақ іргетасы жоқ үйге теңеді. Сол себепті үйдің іргетасы, яғни мемлекеттік тіл туралы заңның керектігі айтылды. Сонда ғана ол үй – қазақ тілі болады деді.
Сонан соң 89-шы жылы қазақтың саны 39% болса да қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге ие болып еді. Ал қазір қазақтың саны 70%-дан асып, 2 еседей өссе де ана тіліміздің қолданыс аясы екі есе өсе алмай отыр деді. Депутат өмірде барлық нәрсе қажеттілікке келіп тіреледі, ал қажеттілікті жасайтын – «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдауымыз керек деп сөзін аяқтады.
Белгілі тіл маманы, академик, филология ғылымының докторы Шерубай Құрманбайұлы да бұл қоғам алғаш құрылып, оған академик Әбдуәли Қайдар төраға болған 90-жылдары зор беделге ие болғанын еске алды. «Халық «Қазақ тілі» қоғамын айрықша қолдады, оған зор сенім білдірді. Сол алғашқы 10 шақты жылда қоғам жақсы жұмыс атқарып, ісі өнімді, сөзі өтімді болды. Қалың жұрт қолдап отырған айбарлы ұйымның қойған талаптары орындалып, тілдің өрісін кеңейтуге үлес қоса білді. Бірақ одан кейінгі кезеңдерде бастапқыдағыдай қарқынды жұмыс атқарып, ел алдындағы абырой-беделін сақтап тұра алмағанына тоқталып, келе-келе аты бар да, ауыз толтырып айтатын атқарған ісі жоқ елеусіз ұйымға айналғанын айтып, қазір қоғамның төралқа мүшесі болғанымыз үшін ұялатын жағдайға жеттік деді. Сонымен қатар ол нақты ұсыныстар жасады. Біріншіден, мемлекеттік тілдің мәртебесіне сай қоғам өмірінің бар саласында оның кеңінен қолданылуына толық мүмкіндік туғыза алатындай мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау бағытында нақты жұмыс атқаруы тиіс. Екіншіден, қоғамның төралқасы мен кеңесі жыл сайын бекітілген жоспардың орындалуы жөнінде ел алдында есеп беріп отырғаны жөн. Сонда ғана нақты атқарылған жұмысты жұрт көріп, оның қызметіне әділ баға бере алады. Бұл халықтың өз тілі үшін көтерілуіне көмектеседі. Үшіншіден, тіл саласындағы атқарылатын жұмыстар жүйелі жүргізіліп, балабақшадан бастап мектеп, ЖОО, ғылым саласы бойынша атқарылатын әр жоба, әр іс-шара нақты белгіленіп, орындалуы, бақылауда болуы қажет. Осылармен қатар қоғам жұмысына жастарды көп тарта отырып, атқарылатын ғылыми, әдістемелік, ақпараттық, насихат және басқа да жұмыстардың басым бөлігін елдің болашағы жас қауымға бағыттаған орынды» – деп сөзін аяқтады.
Бүгінгі қазақ тілінің ахуалына мына мәліметтер толық дәлел бола алады. Ұрпағымызды өз ана тіліне үйретудің отбасынан кейінгі маңызды мекендері балабақшалар мен орта оқу орындарындағы жағдай көңіл көншітеді. Қазір еліміздегі орта мектептердің жартысынан сәл астамы ғана қазақ мектептері, ал басқаларға үлгі болуға тиісті Астанамызда қазақ мектептер барлық мектептердің үштен бірін ғана құрайды. Ал аралас мектептерде қазақ тілдік орта жасау үшін нақты әрекет жоқ деуге болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тіл мәселесіне бейжай қарап, немқұрайдылық танытатын болсақ, мемлекеттігіміз бен ұлттық қауіпсіздігімізге қатер төндіріп алуымыз мүмкін» деген сөзі мемлекеттік органдарды да, халқымызды да қатты ойландырып, ана тіліміздің мемлекеттік мәртебесін елеулі түрде жоғары көтеретін, оның қолданыс аясын барынша кеңейте түсетін пәрменді құқықтық нормалар мен шаралар аса қажет.
Құрылтайда да, баспасөз беттерінде де «Мемлекеттік тіл туралы» заң қабылдау туралы аз айтылып жатқан жоқ. Мен бұған әсте қарсы емеспін. Меніңше, оған ең бірінші 1995 жылғы Конституцияның 7-бабының 2-тармағындағы «Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген норманы алып тастау қажет. Бұл осы кезге дейін саналы түрде ескерілмей келген Ата Заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген конституциялық норманың толық орындалуына алып келер еді. Осы фактордың өзі халықтың сенімін күшейтіп, «Қазақ тілі» қоғамы жұмысында жаңа қарқын туғызар еді.
Бұл қадам Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне көтеруге еркін жол ашар еді. Бұл әзір құрылым мәселесімен ғана айналысып жүрген қазіргі «Қазақ тілі» қоғамын үкіметтік емес ұйымдар ретінде тәуелсіз жұмыс істеп, еліміздегі ана тілімізге қатысты маңызды мәселелерді қозғап, зерттеп, оны шешуге ұмтылатын еріктілер тобын бастап, тілдің сақталуына, жетіле түсуіне ең бірінші жауап беретін оның жалғыз иесі қазақ халқын да, оның Отанымыздағы жанашырлары басқа ұлт өкілдерін де бұл мақсатқа жаппай жұмылдыра білуі қажет.
Дегенмен қазіргі қазақ тілінің тағдыры оны басқаратын мемлекеттік ұйымның деңгейі мен оның құқықтық мүмкіндіктері де тікелей мемлекеттік органдармен байланысты екенін ескеріп, ана тіліміздің бүгінгі қоғамымыздағы аса күрделі жай-күйін жан-жақты және терең түсіне отырып, ерекше құқықтық мүмкіндіктері бар тіл туралы күрделі құрылым – Мемлекеттік агенттік құрылып жатса дұрыс болар еді.

Әбдіжәлел БӘКІР
Қорқыт Ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры,
саяси ғылымдар докторы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір