АЛМАСТЫҢ БАЙТАҚ ӘЛЕМІ
12.02.2016
2228
0

56742d0d5aac07940146742049e8d46bБұл Алмасбек Алматов туралы байлаулы сөзді кешегі Рахманқұл Бердібаев сынды ғұлама немесе Мырзатай Жолдасбеков, Сейіт Қасқабасов секілді фольклордың тамырын тап басатын білгірлер айтса болар еді. Даңғыл жырау туралы, оның бүкіл болмыс-бітімі туралы аз ғана пікіріміз өз бойымызға шақ келмей қала ма, Алмасбектің толымды тұлғасына тар болып қалмай ма деп қауіп ойлап отырғанымыздың несін жасырамыз.


 

Темірхан ТЕБЕГЕНОВ,
филология ғылымдарының докторы,
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық
университетінің  профессоры

 

Замананың қалыбына сыймайтын, тумысы бөлек азаматтарды көрдік. Ғаламтормен шырмалған алашапқын уақыттың көшіне өзге бір ғаламшардан келіп қосылып кеткендей сойы бөлек, сипаты басқа солардың өздері де саусақпен санардай некен-саяқ. Біреу. Екеу. Үшеу. Аз. Кешегі ардақты Ақселеу аға біздің кезеңімізге ғайыптан қо­сылып қалған сондай феномен еді ғой. Ал академик Зей­нолла Қабдолов «Әбіштің ұстазы едім деп айтуға қымсынамын» деп кішірейсе, бұл Кекілбаев кереметінің өл­шемге сыймайтын алыптығын мойындау емес пе? Қалыпқа салса, кептеліп қалатын, стандарттардың сықиған өл­шемдеріне шақ келмейтін осындай өзгеше бітімі бар сирек дарындардың бірегейі дәл осы Алмасбек Алматов дер едік. Сонау Бұқар мен Базардың, Тұрмағамбет пен Омарлардың заман құрбысы секілді Алмасбектің сөз сорабы да, эти­калық-эстетикалық көзқарастар кешені де біздің бір тарының қауызына сиятын күйкі заманымыздың парадок­сы секілді. Көненің көзіндей, бұрынғының сарқытындай жырауымыздың бүгінгі ала-құла өнер жәрмеңкесіндегі бө­лек орнын біз осылай бағалаймыз.

Алмасбек жыраудың асыл қазына Қор­қыт Ата ұлағатын қазіргі сәтке ұлас­тырып, Ұлы Дала Еліндегі ұрпақтар жал­ғастығын жүйелей жырлаған толғау-термелеріндегі, тарихи дастандарындағы түйдек-түйдек төгілген кестелі өрнектер өрілімдері тың­даушылардың жақсылыққа сүйінткен, жа­мандықтан жиренткен, адамзаттың аман­дығын ойлаған адам­гершілік-имандылық сенімдерін нығайта түскендей жігерлендіруде. Бұл – қазақтың дәстүрлі жыраулық-ақындық поэзия­сының құдіреті! Бұл – қазақтың сөз өнері мұра­ларының және өзінің төл туындыларын жыраулық – ақындық, жыршылық-орын­даушылық дарынымен бүгінгі тың­даушылар ықыласын баураған даңқ­ты Алмасбек жырау өнері­нің құдіреті!

Тоғызыншы ғасырдағы Сыр бойы оғыз-қыпшақ тайпалары бірлестіктері ор­та­сында өмір сүрген, жырау­лық жыр­шы­лық шығар­машы­лы­ғымен хандардың елдік, мем­лекеттік істері жөнінде кеңес­шісі, ерлік шайқастары кезіндегі жа­уын­герлердің қолбасшысы болған Қорқыт Атаның тағылымы Алмасбекті өмір бойы жі­герлендіруімен, қуаттандыруымен ай­рықша маңызды. Алмасбектің Қорқыт Атаның денесі, рухы мәңгі сақталған атамекенде, оның атымен аталатын қасиетті атақоныс топырақта осынау фәни дүниеге іңгәлап келген дауысы да қобыз бен домбыра әуендерімен тұтаса өріліп естілген-ау, сірә?! Ұлы Дала Елінің ежелгі сақ, ғұн, түр­кі өркениеттері дәуірлерінде ата-ба­ба­ларымыздың елдікке, ерлікке толы сан алуан оқиғаларын, тарих белес­те­ріндегі қилы-қилы тағдыр тауқы­мет­терімен бет­пе-бет келген азаматтық-отан­шылдық ұстанымдарын, қаһар­­мандық-жауынгер­лік, көсемдік-шешендік, мәрттік тұтасқан болмыс бітімін, сан алуан иірімді саздармен, мақамдармен, аңыраған, боздаған немесе көтеріңкі асқақ үнмен шарықтаған сипатын сақтап келген қобыз сарында­ры­ның толғау-термелермен, дастандармен кі­ріге сақталуы да жыршы-жырауларға ана­ла­рының құрсағындағы пайда болуын­дағы сәттерімен тығыз байланысты шығар, бәлкім! Әйтеуір, қазіргі Тәуелсіз Қазақ Елі­нің әлемге әйгіленуінде өзінің баба дәстүрлі өнерімен үлес қосып отырған өнер қайраткері Алмасбектің жаратылыс болмысы осындай ойға жетелейді. Оның анасының құрсағында пайда болуынан бастап, жарық дүниедегі сәбилік-бөбектік, бүлдіршіндік, жасөспірімдік-бозбалалық, жігіттік, одан кейінгі қазіргі есейген, кемелденген елағасы болған толысқан аза­маттық кезеңіне дейінгі ғұмырна­ма­сының бәрі де туған топырағы Қорқыт Ата жатқан жер қасиетті Қармақшы өңірінің сөз бен саз тұтасқан ғажайып әуендерінің әл­ди­леуі аясында өркендеп келеді.

Алмасбек – түркі өркениетінің алтын бесігі Алтай тауы атырабындағы ата-бабалық әуен-саздардың Сырдария, Әму­дария өзендері жағалау атыраптарындағы қазақ, түрікмен, қарақалпақ халықтарында айқын сақталуын өзінің тума шығарма­шылық тұлғасына сіңірген болмысымен дә­лелдеген, даралана танылған шығарма­шы­лық тұлға. Қазіргі Алтай тауы атыра­бын­­дағы, Сібірдегі байырғы туыстық – қан­дастық негіздері айқын сақталған түркі халықтарының (алтай, хакас, туба, саха (якут), шор, тофалар, т.б.), Орта Азия­дағы түрікмендердің, қырғыздардың, қарақалпақтардың, Орал тауы жақтағы башқұрттардың, татарлардың, Қап тауы жағындағы әзербайжандардың, ноғайлар­дың, қарашайлардың, балқарлардың, Еу­ропадағы гагауыздардың, Мажарстан (Венгрия) мадьярларының, т.б. – бәрінің де ортақ тарихи тағдырларындағы сарындас саздар-мақамдар сақталуының бүгінгі ұрпақтарға жеткізілуінде Алмасбек жыршы, жырау-ақын сынды дарынды шығар­машылық тұлғалардың ғажайып өнерін даралап бағалаймыз.

Әлем өркениетіндегі көрнекті ғалым, академик Әлкей Марғұланның тарихна­малық-дерекнамалық ғылыми тұжырым­дары түркі тұқымдастардың географиялық кеңістігіндегі біртұтастығын бүгінгі ұрпақ­қа айқын көрсетеді: «Тарихи дәуір­лерді тексеріп қарағанда, біздегі қаһар­ман­дық жырдың шығуы сақ, ғұн, үйсін, қаңлы заманынан басталады. Қытай та­ри­хының анықтауынша, б.з.д. ІІІ-І ға­сырларда бұл ұлыстар Орта Азияда өз алдына жыр жырлап, өздерінше әлеуметтік мәдениет ошақтарын құрғаны байқалады. …Ғұн, үйсін, қаңлылардың ол кездегі қонысы Алтай, Алатау, Жетісу, Арқаның жоны, Сырдың өн бойы болған.

Өткен дәуірдің жыршылары қандай ерлік жырын жырласа да, оның бәрі мате­риалистік негізге тіреліп, болған тарихи оқиғаны, тарихи фактілерді жырлаған. Ескі жырларда (V-VІ) айтылатын «Қамал», «Темір қалқа», «Алтын кешені», «Ақ сарай» тәрізді ұғымдар сол дәуірде Жетісуда, Талас өзені бойында, Сырдария, Маңғыс­тау, Жайық бойларында, Орталық Қазақс­танда үлкен-үлкен қалалар болғанын сипаттайды» (Ә.Марғұлан. Ежелгі жыр-аңыздар: ғылыми-зерттеу мақалалар /Құраст. Р.Бердібаев. Алматы: «Жазушы», 1985. 368-б.; 366-б.).

Алмастың жыршылық шығарма­шы­лығында тасқа жазылған дастандарымыз Күлтегін, Тоныкөк туралы жырлардың сарын­дары бар. Сонымен бірге, орта ға­сыр­­лар­дағы ислам ағартушылығының поэзия­дағы ойшылдары Қожа Ахмет Иассауидың хикметтеріндегі, Ахмед Иүгі­некидің «Ақи­қат сыйы», Жүсіп Бала­сағұнның «Құт­­ты білік» дидактикалық дастан­да­рын­­дағы, Сүлеймен Бақыр­ғани­дың ғиб­рат­­ты жыр жолдарындағы иман­дылық насихаты орын алған. Жыршы Алмасбек Қа­зақ хандығы мемлекеттілігінің қайраткер тұлғалары, билік пен халық тұтастығының, ұрпақтар татулығының, халық бірлігінің насихатшылар жырау­лардың (Асанқай­ғы­ның, Қазтуғанның, Шалкиіздің, Дос­пам­беттің, Марғасқаның, Жиембеттің, Үмбетейдің, Бұқардың) толғауларының эстетикалық-тәрбиелік қуатын ұрпақ санасына жеткізу мұратымен жырлайды. Әсіресе, Сырдария, Әмудария өзендерінің жоғарғы, орта, төменгі ағыстары жағалау аймақтарындағы, Қаратау атырабындағы ақын-жыраулардың (Майлықожа Сұлтан­қо­жаұлы, Мәделі Жүсіпқожаұлы, Құ­лын­шақ Кемелұлы, Молда Мұса Байзақұлы, Шәді төре Жәң­гір­ұлы, Құлан Алдабер­генұлы, Бұдабай Қабылұлы, Мәнсұр Бекежанұлы, т.б.) лирикалық және эпика­лық шығар­маларын тыңдаушылар ортасында жылдар бойы жырлап келеді. Өзі туып-өскен өңірдегі жазбаша дәстүрлі Сыр сүлей­лерінің (Базар Оңдасұлының, Ерімбет Көлдей­бекұлы­ның, Ешнияз Жөнелдікұлының, Жүсіп Ешниязұлының, Жүсіп Қадырбер­ген­ұлы­ның, Жиенбай Дүзбенбетұлының, Даң­мұрын Кенжебай­ұлының, Омар Шораяқ­ұлының, Оңғар Дырқайұлының, Мол­­дах­мет Дабылұлы­ның және т.б.), кейінгі толқын ақын-жы­рау­лардың халық­тық педагогикаға негіз­делген адам­герші­лік-имандылық тә­­лім-тәрбиесіне арналған терме-толғау­ларын ұрпақтар ортасында жырлап келеді.

Ақын-жыраулардың терме-толғаулары – халқымыздың философиялық-педа­го­гикалық дүниетаным тереңдігін көркемдік жинақтау поэтикасы бейнелілік кесте­ле­рімен өрнектеген ойшылдық-тәлімгерлік, ұстаздық ақыл-ой жырлары. Академик Рах­манқұл Бердібаевтың түркі халықта­рының жыраулық-ақындық өнерінің ғасырлар бойы алтын арқауы болып келе жатқан толғау-терме шығармалары және оның орындаушылық шеберлік арқылы ықпал ететін философиялық-педагоги­калық, эстетикалық ұлағаты туралы ғы­лыми байыптауын жырау, жыршы ақын Алмасбектің шығармашылығы дәлелдей түседі: «Терме-толғаулар ертеде кітап ба­сы­лымының аздау болып, алуан мәселе ауызша ғибрат түрінде айтылатын кезінде көп міндетті атқарысқан деуге болады. Ол тұста термешілік халықты отаншылдыққа, адалдыққа, қайырымдылыққа, жан сұлу­лы­ғына тәрбиелеудің, күллі жағымсыз мінездерді әшкерелеудің пәрменді құра­лына айналған. Тұрмыстық-салттық кодекс, норма адамның жас кезінен қартай­ғанға дейінгі өмір белесінің сипаттамасы – бәрі де толғау-термеден көрініс тапқан» (Р.Бердібаев. Сарқылмас қазына. – Алматы: «Мектеп», 1983. 248-б.; 57-б.). Ұстаз-ғалым­ның осы ғылыми тұжырымының шындығын біз жырау, жыршы-ақын Ал­масбектің орындаушылық өнерінен айқын көреміз. Оның сөз арқауындағы көрнекті ақын-жыраулардың әдеби мұраларынан қолына домбырасын ұстағанынан бері үздік­сіз жырлап келе жатқан үлгілері де ұлттық өнеріміздің даңқын Отанымызда да, алыс, жақын шетелдерде де танытып келеді. Мысалы, Базар жырау Оңдасұ­лы­ның («Сындарды сөздің зергері», «Сөйле, тілім, жалпыдан») терме-толғауларын ол сөз бен саз нақыштары, сан түркі иірімді әуендерімен орындаушылық сәттегі эмоц­иональдық-психологиялық әсерлі кел­беті үндескен, үйлескен айрықша әсерлі болмысымен тыңдаушыларын ұйыта, тол­ған­дыра жырлайды (Балқы Базар Оң­дасұлы: Өлеңдері мен дастанда­ры­ның толық жина­ғы. Құрас­тыру­шы Бек­діл­да Алдамжар. Алматы: «Қаз­Ақ­парат», 2013. 408-б.; 205-208-б.б.).

Базар жыраудың терме-толғаула­рын­дағы («Мәжілісін қыз­дыр алқаның», «Әр нәр­сенің парқы бар», «Сұм заман», «Әр ке­­­мелге бір зауал», «Жалған дүние», «Жа­ми­ғы қазақ бір туған», «Түбі туыс бай­тақ ел», т.б.) адамгершілік-иман­дылық қа­сиет­тердің ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан жолын, зиянды дағдылардың кесірлі зардаптарын шен­дестіре, салыстыра өре жыр­лаған бағалаулар жыршы-жырау Ал­масбектің орындауымен жаңа буын ұрпақ­тар­дың ұлт­­тық және жал­пы­а­­дамзаттық гуманизм рухында қа­­лып­­тасуында, өсіп-өр­кен­деуінде ық­пал­ды қызмет ат­қарып келеді. Жыр­шы-жырау Алмасбектің сөз өнерін ұлық­таған тыңдау­шылар қауымының эсте­тикалық-пси­хологиялық қа­былдау ықыласына ие болып келе жатқан өнер­­намалық-орындаушылық шы­ғарма­шы­лы­ғында сөз арқауында көр­некті ақын-жыраулар шығар­ма­лары­ның мол қоры бар.

Шығыс елдеріне Мәуреннаһр атауымен белгілі болған Сырдария, Әмудария өзендері жағалау аймақтарындағы, сонымен бірге, Қаратау атырабындағы, Арал теңізі жағалау өңірлеріндегі түркі халық­тарына (қазақ, қарақалпақ, өзбек, түрк­мен), танымал болған ақын-жыраулардың терме-толғауларын Алмасбек өмір бойы жырлап келеді. Бұл – қазақ өркениетінің бұған дейінгі мыңжылдықтар белестерін­дегі ата-бабалық озық жетістіктерінің жаңа дәуірімізге үздік өнер иесі арқылы сақталып жетуінің ұлағатты көрсеткіші. Ақын-жыраулардың лирикалық және эпикалық шығармаларын өмір бойы жырлап, ұрпақтардың көркемдік-эстетикалық дүниетанымын адамгершілік ұлағат өнегесімен сәулелендіру қызметіндегі Алмасбек жыраудың ата-бабалар ұстаны­мын ұлықтаған тұлғасы да өзі жырлаған терме-толғаулардағы философиялық-педагогикалық бағалауларға (Тұрмағамбет ақынның «Адамдық іс» өлеңіндегідей) сәйкес болмысымен дараланған:

Алмасбек шығармашылығында оның нақылдық- афоризмдік сипатты фразеоло­гиялық-поэтикалық мағыналары саралан­ған сөздер де бар. Бұл – әлем өркениетіндегі көрнекті шығармашылық өнер иелерінің көркемдік-эстетикалық дүниетаным әле­мінде тұрақты орын алып келе жатқан дәстүрлі ерекшелік. Қазақ афористикасы­ның қалыптасуы, дамуы тарихындағы философия, педагогика, психология сала­ларындағы ақыл-ой алыптарының, ой­шыл­дардың, хандардың, би-шешендердің, ақын-жыраулардың жазбаша классикалық әдебиет қаламгерлерінің (ақын, прозашы, драматург) және т.б. тұлғалардың нақыл­дық-афоризмдік сөздері – адамзаттың рухани құндылықтары қазынасының тағы­лымын танытады. Көрнекті жырау-жыршы, ақын, ұстаз-ғалым Алмасбектің афоризм­дік поэтикалық мағыналары айқын сөзде­рінен оның халқымызға тән даналықты өзін­дік мәнермен жалғастырғандығын аң­ғарамыз. Түркі халықтарының фольклор мұралары мен әдебиет шығармаларын жыр­шылық орындаушылық өнері құ­ді­реті­мен ұрпақтардың көркемдік-эсте­тикалық дүниетанымын байыту қызметіне бүкіл саналы ғұмырын арнаған оның өзіндік түйіндеулері – тұжырымдары халық дана­лы­ғынан нәр алған шығармашылық дарыны даралығын айқындай түседі. Мысалы: «Жақсылықты көре білмеген жамандықтан жиренбейді», «Еріңді Ер деп мойындамасаң, басқа жұрт Ел деп мойындамайды», «Ермек үшін аң ату – табиғаттың өзіңе өшпенділі­гін ояту», « Қояннан ақыл сұрасаң, «Қашайық!» дейді», «Қадірін білген жанға – адам қым­бат», «Халықтың қамын ойласаң, қадірің соның ішінде», «Таудың басына тас лақтырсаң, төмен қарай өзіңді қуалайды», «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз», «Бардың бағасын білмеген, жоқтың жобасын да білмейді», «Сөз – ақылыңның жеткен жеріне дейін ғана сөз», т.б.

Қазақтың ата-бабалық жыраулық-жыр­­шылық өнері дәстүрін әлем мемле­кет­терінде (АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Италия, Швейцария, Голландия, Египет, Белгия, Моңғолия, т.б.) өткізілген музы­ка­лық симпозиумдардағы, фестиваль­дар­дағы және жеке концерт­теріндегі үздік орын­даушылық шеберлі­гімен насихаттап танытып келе жатқан Алмасбек жырау – біздің рухани қазынамызды сақтау­шы­лар­дың көрнекті тұлғаларының бірі. Баба дәстүрлі ұлттық өнерді әлем өркениеті кеңістігінде, Отанымыздағы ұрпақтарға на­сихаттап танытқан үздік өнері және жүздеген дарынды, талантты шәкірттерді тәрбиелеген ғылыми-педагогикалық ұстаздық қызметі үшін оған берілген Мемлекеттік марапаттаулар да көрнекті тұлғаның ұлағатын бағалаудың шынайы үлгісі.

Қорыта айтқанда, Тәуелсіз Қазақ Елінің жаңа тарихында бабалар мұрасы жыраулық-ақындық дәстүрді өзінің тума дарынымен, үздік қабілетімен дамыта жалғастырған Алмасбек Нұрмаханұлының алты ондыққа толған өнегелі өмір сапары алдағы жаңа шығармашылық биіктік­теріне ұласа береді. Бұл – Мәңгілік Ел дамуы ұстанымындағы жасампаз халқы­мыз ұрпақтарына да ортақ жарқын бола­шақ жолы.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір