Мен білген Қажекең
Қажытай аға Ілиясұлымен 2002 жылы қазан айының орта тұсында алғаш рет жолыққаным есімде. Дүниежүзі қазақтарының Түркістан қаласындағы екінші құрылтайына өнер адамдары қатарында шақырылып, Алматы қаласында жүрген кезім еді. Бір күні қазақ қауымдастығында қызмет атқаратын ақын Жәркен Бөдешұлы мен Үрімжіден бастап бірге барған жолсерігім, жас жазушы, арғы беттегі «Іле газетінің» Күйтін қаласындағы тілшісі Болат Құрманғажылармен бірге Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинге жолығу үшін барғанмын.

Біз барған кезде Н.Оразалиннің кабинетінде жиын өтіп жатыр екен, күте тұруымызға тура келді. Ғимараттың 2-қабатындағы дәлізде әңгімелесіп отырғанымызда, бірінші қабаттан үш-төрт адам көтеріліп келе жатты. Сол-ақ екен:
– Қажытай аға ғой, ассалаумағалейкүм! – деп қолын ұсына алға ұмтылды Ж.Бөдешұлы. Біз де жарыса сәлем бердік.
– Уағалейкумассалам! – деген Қажекең Жәркенмен қол алысып жатып, Болат екеумізге жалт етіп бір қарап қойды.
– Мына бауырымыздың аты – Болат, жазушы. Ал мына қасында тұрған – менің қытайдағы ауылдасым, университеттегі курстасым әрі қаламдас досым Сәли Садуақасұлы деген азамат, – дей беріп еді, Қажекең маған үңіле қарап:
– Сәли сенбісің, айналайын келші, бауырым! – деді, оң қолын ұсынып, сол қолымен арқадан қаға. – Айналайын, бауырым, аман-есен келдің бе, ел-жұртың, ауыл-аймағың, бала-шағаң аман ба? – дей бере, қасындағыларға, – Мына Сәлиді көріп тұрғаным осы. Бірақ аты-жөнімен екі-үш жылдан бері таныспын. Керемет ақын, – деп мақтай жөнелді.
Мақтауды кім жек көреді дейсің? Әйткенмен «керемет ақын» дегеніне аздап қысылып та қалдым. Қасындағы жандарды әлі танып үлгермесем де, нағыз керемет ақын – Жәркен Бөдешұлы қасымда тұр ғой, соған да іштей шүкір еткендей болдым. Сөйтсем, ол кісілер көрнекті сыншы Зейнолла Серікқалиев пен мықты ақын Иран-Ғайып екен.
Тұңғыш мәрте дидарласуымыз болса да, Қажекең екеуіміз сол жолы-ақ байырғы таныс-білістердей көсіле әңгімелескен едік. Әңгімеміздің тұздығы қытайдағы ел-жұрттың хал-жағдайы, әдебиет пен көркем өнердің даму беталысы төңірегінде болды. Соңын ала Қажекең Қытайдан кім-кімдердің келгенін сұрады. Бұлантай аға мен Ғани ағаның келгенін естігенде қуанып, Ғани ағаның ұлы Дарханның үй телефонының нөмірін жазып алды да:
– Алла бұйырса, бәріңнің басыңды қосамын, бауырым. Ол – кейінгі шаруа. Қазір мұнда Еркін Жаппасұлы деген азаматқа кіріп шығам, сонан соң өзіңді үйге алып кетем! – деп бұйыра сөйледі. Мен де ағамыздың сөзін іле бір үйге баруға уәде беріп қойғанымды айтып, «Құрылтайдан оралған соң міндетті түрде барайын!» – деп рұқсатын әрең алдым.
Біздің алғаш кездесуіміздің жұмбақтау болған мән-жайы былай еді. 1999 жылдың 23 қазан күні «Шұғыла» журналының кезекті бір іссапарымен кетіп, Тарбағатайдан оралсам, үйіме біреулер шайға шақыру қағазын әкеліп беріпті. Сол тұстағы Автономиялы райондық бас жұмысшылар ұйымы төрағасының орынбасары Әбдірахман Рақымбайұлы мен автономиялы райондық оқу-ағарту баспасының қазақ редакциясы бөліміндегі Ләтай Ілясова (Қажытай Ілястың туған қарындасы) ұйымдастырған 29 қазан күні Қазақстан Жазушылар одағына қарасты Жазушылар үйінде өтетін Қажытай Ілясұлының 60 жасқа толу мерейтойының дастарқаны екен. Неше жылдың алдында Үрімжіге келіп қайтқан байырғы сыныптасым Нүкеш Бадиғұловтан, әйгілі күйші Уәли Бекеновтен, жазушы Заманбек Жәкеновтен, Нұрқасым Қазыбеков пен Жәркен Бөдешұлынан Қажекең туралы да, Қытайдан Қазақстанға барып танымал болған өзге ақын, жазушы, өнер адамдары жөнінде де естігенім бар еді. Шақырылған уақытта шай дастарқанына бардым. Шамамен 70-80 дей адам жиналған екенбіз. Өз кезегімде лебізімді білдіріп, арнау өлеңімді оқыдым. Мен өлеңімді оқып, Қажытай ағамды разы-қош еткеніме қуандым. Бұл туындым Қазақстанда 2010 жылы жарық көрген «Өмір-ай, өмір…» атты көлемді жыр жинағыма енгізілді. Кітап туралы «Қазақ әдебиеті» газеті суретімен қосып, таныстыру хабарын да жариялаған еді.
Қажекең маған сол жылы «Атамұра» баспасынан шыққан «Қалақай қамшы» сатиралық өлеңдер жинағына:
«Аяулы ақын Сәлиге,
Арманым көп пәниде.
Тамшысы-ау деп ұғарсың
Мен төккен тердің, әрине!
1999 жылы, 16 қараша күні», – деп қолтаңба жазып жіберіпті. Ал 2002 жылы Қазақ құрылтайына барған сапарымда өз қолымен 2001 жылы «Өлке» баспасынан жарық көрген «Тасжарған» кітабына:
«Көптің бірі ме,
Жоқтың бірі ме.
Құдайшылығын күтіп,
Ұсындым Сәли ініме!
Ағалық пейілмен: (қолы қойылған)
2002 жыл, 25 қаңтар» деп жазып, тағы қолтаңба ұсынған еді. «Енді мына жолығуымызды қарашы!» – деп ағынан ақтарылып еді-ау марқұм.
Қажекеңмен екінші мәрте 2006 жылы көкек айының басында Алматыда, Қазақстан Жазушылар одағының әдебиетшілер үйінде Оразанбай Егеубаевтың 70 жасқа толуына орай өткізілген шығармашылық мерейтойында жолығып, бір дастарқанда ұзақ әңгімелескенім жадымда. Қажекеңнің талай тауқыметтерді басынан өткізген азамат екенін сонда ұққанмын. Ол туралы «Тасжарғанға» жазған алғы сөзінде академик Зәки Ахметов ағамыз былай депті: «Қажытай өмірде көп қиналғанымен, өлеңге көп қиналмайтын секілді. Нені жырласа да ұйқасты үйірімен төгілдіріп, өзіндік қол таңбасын түсіріп отырады. Ең әуелі жайшылықта әзіл араластырып сөйлейтін әдеті, айтыскерлігі, онан соң білімдарлығы Қажытай ақынды кез келген тұйықтан шығарып, емін-еркін жосылуына кең жол ашқандай.
Бірақ қайда барса да оның адымын аштырмайтын бегісіз кедергі көлеңкесіндей ерген сияқты. «Хатқа жауап» деген ұзақ толғауында Қажытай өзінің айтыстағы қарсыластарын бойына тоғытпай, озғанды шегеріп, осалын оздыру үшін неден болса да тайынбайтын жікшіл сыбайластықты сынайды. 1980 жылдардың орта шеніндегі бір үлкен айтыста Қажытай бір-екі әріптесін жеңіп, қазылар алқасының шешімімен енді бәйге алатын сәтте оны ұнатпайтын құзырлы орынның шенеунігі араласып, Қажытайды «жеңілген сыңай» танытқызып, хаттаманы қайта жазуға зорлағанда, атақты ақын Қадыр Мырза Әлі бастаған, Мүсілім Базарбаев қостаған жандар қазылықтан бас тартып, айтыс жүріп жатқан залды тастап кетеді. Белгілі ғалым Сұлтанғали Садырбаев «Лениншіл жас» газетіне бұл айтысты кең ауқымда талдап, Қажытайдың басым күшпен жеңгені туралы жүрекжарды мақала жариялаған. Бірақ қолы ұзын шенеунік айтқанын істеп, Қажытайдың ұтып айтқан жерлерін қысқартып, домбыра шерткен тұсын қасақана созыңқырап, телеэкраннан бергізеді. Сондықтан ол хабарды көрген бір журналист «Қазақ әдебиетіне» керісінше жазады. Қажытайдың:
«Ол кезең жаңылған ғой күйісінен,
Сондықтан тізгін тартпай тиісіп ең.
Жеңіліп, ат мінетін қай жөнің бар,
Сүйеушің үй тікпесе үй ішінен?!
Ұстазын ұмыттырған балалық-ай,
Сиқырлы сып-сыпайы амалың-ай.
Бәйгені мен алатын сен алдың-ау,
Айғырдың жемін жейтін жабағыдай», – деп тіс батырыңқырап жіберетіні, міне, осы себептен болса керек…»
Кешкі дастарқанда Қазақстанның белгілі ақыны Оразақын Асқар, Үржар ауданынан шығатын «Уақыт тынысы» газетінің бас редакторы, журналист, жазушы Сәбит Шөмшеков және Болат Құрманғажылар бар еді. Өзінің тағдыр-тауқыметтерін қысқаша бір қайырып тастап: «Саясатшылар дейтінін деп алсын, біз әдебиет, өнеріміз жөнінде сөйлесеміз, мақұл ма, бауырым?» деген Қажекең сонда біршама әңгімелер айтып еді. «Дастарқан» деген өлеңін 1959 жылы Қытайдағы «Шыңжаң газетінде» жариялап, әдебиет босағасынан аттағанын да айтып еді марқұм.
Мен Ғани ағадан Қажекеңнің сазгерлігін, көптеген музыкалық аспаптарды сөйлете білетін, өзге ұлттардың аспаптарын да шебер ойнай алатынын, құсбегілігін, атбегілігін, қажетті жерінде жұдырық та сілтей алатын мықтылығын көп естуші едім. Ал бишілігін өз көзіммен көрдім.
Қажытай ағамен үшінші мәрте өзім қоныстанған Үржар ауданының 80 жылдық тойында жолықтым. Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов бастаған сыйлы қонақтармен Алматыдан арнайы келіп қатысты. Жазушы Ғаппар Біләл екеуіміз ақылдасып, Қабдеш Жұмаділов пен Қажытай ағаны, ауданымыздағы қарт ақын, «Ауылым» әнінің сөзін жазған байырғы жерлесіміз Жабайыл Бейсеновті, Сәбит Шөмшековті қонаққа шақырып, оралмандармен жолықтырдық. Қажытай аға әлі жетпіске іліне қоймаса да, денсаулығы аздап сыр беріп жүрген кезі болса керек. Асатаяқ ұстап алыпты, өңі де жүдеу көрінді. Оралмандардың талап-тілегі бойынша ақын бір-екі өлеңін оқып, кеңінен сөйлеп көпшілікті бір желпіндіріп тастады. «Сіздер жаңа оралмансыздар, ал мына Қабең – Қабдеш Жұмаділов, Жәкең – Жабайыл Сейсенов, ана отырған Сәбит Шөмшеков және мен – бәріміз көне оралмандармыз. Алдымыз елуінші жылдар ішінде, артымыз 1962 жылы атамекенге оралғандармыз. Біз – ұшқан құс, жүгірген аң, жорғалаған жәндіктерден басқа тірі тіршілік иесі аттап өте алмайтын шекарадан ел-жұртты ертіп, артынып-тартынып көшіп өткен оралмандармыз. Ол туралы мына Қабекең өзінің «Соңғы көш» деген романында жазды. Ал сіздер ең талайлы оралмансыздар, өйткені атамекен – Қазақстан орыс отаршылдарының бодандығынан құтылып, тәуелсіз мемлекет атанып, көк Ту желбіреген тамаша бір шақта өз қалауларыңызбен көшіп келдіңіздер. Қытай мен Қазақстан – ұзақ уақытқа серт байласқан көршілес, дос мемлекеттер. Екі ел арасындағы көші-қонға қатысты ешқандай бөгеу, кедергі жоқ, «Қайда барам, қайда тұрам?» деп ешкімге телмеңдемейсіңдер. Бәрі де өз еріктеріңізбен болады, біз оралғандағы жағдай мен қазіргі жағдай мүлде ұқсамайды. Оны өздеріңіз де сезінетін шығарсыздар. Қазақстан – бәріміздің, күллі әлемдегі исі қазақ баласының қара шаңырағы, ортақ Отаны. Әр замандағы, әр дәуірдегі алуан түрлі себеп-салдардың кесірінен екі мемлекетте қоныстанып қалғанымыз болмаса, біз тілі, ділі, діні, салт-сана, ата дәстүрі қаз-қалпында сақталған бір ғана ұлтпыз. Тәуелсіз Қазақстанды – атамекенді гүлдендіру – бәріміздің ортақ борышымыз!» – деп, кесе толы қымызымен отырғандарға тост көтерткен көрінісі әлі көз алдымда. Сонда қасымда тұрған әйгілі жазушы Ғаппар Біләлдің: «Ойпыр-ау, мына Қажекең тым шешен кісі екен-ау!» – деп сыбырлағаны да құлағымда жаңғырып тұр.
Ақынның дос-жарандарының жазуына қарағанда, ақынның поэзияларымен қатар нотаға түсірілген 32 әні мен 4 күйі қалыпты. 1976 жылы «Туған жер» деген тұңғыш әні күйтабаққа түсіріліп, қалың тыңдармандардың жүрегіне ұялаған екен.
«Шыңжаң газеті» 2014 жылы 4 сәуірде қаламгерге бет арнап, редактор сөзін жазып, Қажытай ағаны таныстырумен бірге «Қосағаш», «Ақсуға барғанда», «Елге сәлем» деген өлеңдерін және ақын Ғалым Жайлыбайұлының «Қазыналы Қажекең» деген эссесін қоса басты. Қажекең, академик Заки Ахметовше айтқанда: «Ең алдымен, жалпақ елге азулы сатирик ретінде танылған қаламгер».
Жарасқан Әбдрашев: «Қысқасы, Қажытай Ілиясов жаман өлең жаза алмайды», – деп сипаттаған ғажап та адуынды ақын халық жүрегінде сақтала бермек.
Сәли Садуақасұлы,
Қазақстан жазушылар одағының мүшесі