Пластикалық отаға кімдер әуес?..
12.06.2023
216
0

Бүгінде қыздарға қолаң шаш, қиғаш қас, қыпша бел арман емес. Мамандардың сөзінше пластикалық ота жасатып, сұлулық үшін пышаққа түсетіндер саны күн санап артуда. Табиғи болмысын ұнатпай, тәнін өзгерткен кімдер? «Жаңа келбеттің» құны қанша? Осы мәселелер төңірегінде Германияның Мюнстер қаласында, Австрияның Вена қаласында және Прагада кәсіби тәжірибеден өттіп, біліктілігін арттырған пластикалық хирург, ортопед-травматолог маманы Дулат Әшімғалиұлына сауал жолдап, пікірін білген болатынбыз.

Қазіргі таңда пластикалық операциялар көбіне мұрын, жақ, кеуде, бет, қабақ, т.б. секілді адам ағзаларына бағытталған. Олардың бірқатары тәндегі туа бітті немесе кейіннен ағзада пайда болған түрлі кемшіліктерді жоюды көздесе, бірқатары тек қана әдемі көріну мақсатында жасалады. Шариғатта пластикалық оталарға мына жағдайларда ғана рұқсат етіледі екен. Егер адамның бойында туа бітті кемістік, қоян ерін, көздің қитарлығы, құлақ мүкістігі немесе адамның табиғи жаратылысымен үйлеспейтін, қараған кезде көзге оғаш көрінетін, адамға психологиялық тұрғыдан кері әсер ететін ағзадағы кемшіліктер, сонымен қатар кейіннен кейбір кесел нәтижесінде шаштың түсіп қалуы, денеге жаралардың шығуы, жол апаты, күйіп қалу, құлап қалу, т.б. секілді жағдайларда туындаған түрлі кемшіліктерді жою мақсатында жасалған оталар Алланың жаратылысын өзгерту мақсатын көздемейтіндіктен оларға рұқсат. Ол емдік мақсатта жасалатындықтан қажетті шара болып табылады. Ал, адам Алланың жаратқан көркем бейнесін қанағат тұтпай, кез келген мүшесіне пластикалық операция жасатуға шариғат тыйым салған.
– Қазіргі таңда көптеген адамдар пластикалық ота жасатуға жүгінеді. Олардың арасында шынымен де денсау­лыққа қандай да бір кедергі келтіріп, ыңғайсыздық туындататын жағдайдағы жандар да бар. Аяқты дұрыс баспағаннан башпай сүйектерінің қисаюы, немесе іштің бұлшық еттеріне көп май жиналып, адамның жүріп-тұруына кедергі келтіретіндіктен жүгінсе, кейбірі заман ағымынан қалғысы келмейтін, бет әлпетіне, дене бітіміне көңілі толмайтындықтан пышаққа түсіп жатады. Әр келген пациентпен психологиялық тұрғыда сұхбаттасып, мән-жайды білген соң отаның жүргізілу тәртібі мен отадан кейінгі жағдайлар егжей-тегжейлі түсіндіріледі. Содан кейін отаға келген адамның қан талдауларын алып, толықтай тексеруден өткіземіз. Егер денсау­лығында қандай да бір кінәрат болып жатса, онда ондай қадамға баруға жол бермейміз. Ал отаның бағасына келер болсақ, Қазақстанда нағыз пластикалық хирург мамандары ота жасайтын болса ол қымбат, себебі біріншіден, ол оның кәсіби мамандығы, білімі терең, яғни шетелдік мықты мамандардан оқып, тәжірибе алмасып, іс-жүзінде қолданып жүргендіктен, сенімді түрде өз еңбегінің бағасын біледі. Екіншіден, әр отаға арналған аппараттарына да байланысты болмақ. Себебі қазір әлемдік деңгейде дамыған пластикалық отаны кез келген косметолог мамандары да жасап жатады. Ал олардың аппараттары арнайы кәсіби болмағандықтан жасаған жұмыстарының сапасы сын көтерерлік деңгейде емес. Сәйкесінше, ақысы да арзандау болады. Косметолог мамандардың жасаған отасынан кейінгі асқынулар немесе қандайда бір кемшіліктер жиі орын алып жатады. Ондай проблемалармен келген пациенттердің отасын қайта жасап шығуға тура келеді.
Егер ота сәтті жасалса, онда одан кейін ешқандайда мәселе туындамауы керек. Туындаған жағдайда ота жасатқан адам өзі дұрыс күтінбей, жазып берген дәрі-дәрмектерімізді уақытылы қабылдамай, салғырттық танытса, ота орны асқынуы мүмкін. Ондай жағдайда да жауапкершілікті мойнымызға ала отырып, жазылып шығуына септігімізді тигіземіз.
Осы пластикалық хирургия саласында 17 жылдық тәжірибем бар, сол аралықта күрделі де, жеңіл ота түрлерін жасап келемін. Ертеректе мұндай отаны қыз- келіншектер көп жасататын еді, қазір осындай «ота құмар» ер азаматтарымыз да бой көрсетіп келеді.
Менің айтпағым, сұлу болып көріну бәрімізге қажет ақ, дегенмен ондай маңызды қадамға білікті мамандарды саралап-сараптап, зерттеп барып жүгінген жөн. Өйткені отаны бір жасағаннан кейін қайтадан бастапқы қалпына келтіру мүмкін емес, – дейді жоғары санатты пластикалық хирург Дулат Әшімғалиұлы.
Жасанды сұлулық жарға жықпасын деп да­был қағып жүргендер де жетерлік. Десе де, табиғат жаратылысына өзгеріс енгізу – үлкен тәуекел. Заманына қарай адамы ма қайдам, әйтеуір еліктеушіліктен көз ашпай қаншама мардымсыз дүние­нің құрбаны болып келеміз. Қысқасы, қалаған кейпімізге енеміз деп, табиғи болмысымыз бен шынайылығымызды жойып жібермесек болғаны.

Айнаш Әлдибек

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір