«Қарағым-ай» аз уақытта әнге айналды
17.04.2024
93
0

С.Ибрагимов 1965 жылы 28 тамызда дүниеге келген. 1991-1994 жылдары Республикалық Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк училищесінің ән бөлімін ҚР Халық әртісі Зейнеп Қойшыбаевадан бітірген. «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің әншісі, есімі ән сүйер қауымға кеңінен танымал, Халықаралық эстрада әндері байқауының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Сүлеймен Ибрагимов әншілік жолын 1992-1995 жылдары аралығында Қ.Р. Еңбек сіңірген қайраткері Кеңес Дүйсекеевтің жетекшілігімен Мемлекеттік Қазақ телерадио комитетінің эстрада-симфониялық оркестрінде бастаған. 1995-2003 жылы Мемлекеттік «Гүлдер» ән-би ансамблінде, 2003 жылдан қазіргі уақытқа дейін қазақтың Мемлекеттік «Қазақконцерт» концерттік бірлестігінде әншілік қызметін атқарып келеді. «Қазақконцерт» өнер бірлестігінің белді әншісі Сүлеймен Ибрагимов 2001 жылы Халықаралық байқаулардың лауреаты, 2005 жылы «ҚР Мәдениет қайраткері», 2019 жыл «Құрмет» орденінің иегері атанып, 2007 жылы Алматы қаласының әкімі И.Тасмағанбетовтің «Құрмет» грамотасымен марапатталды. 1996 жылы «Туыстарға», 1998 жылы «Қазақ елім-ай», 2004 жылы «Қарағым-ай», 2013 жылы «Сол бір әуен» атты үнтаспаларын жарыққа шығарған. 

Ұлттық сахна өнерінің жарқын өкілі Сүлеймен Ибрагимов ә дегеннен-ақ әсем әуендерімен халық жүрегінен ойып тұрып орын алды. Ол нақышына келтіріп шырқаған әндердің қай-қайсысы да көптің сүйіспеншілігіне бөленіп, әлі күнге дейін жұртшылық іздеп тыңдайтын шоқтығы биік туындылардың қатарынан түскен емес. Жас кезінде қазақ эстрадасын сазы да, сөзі де үйлесім тапқан ерек шығармалармен байытып үлгерген әншінің репертуары бүгінгі күнде жаңа әндермен толығуда. Мерейлі алпыс жасқа толу қарсаңында талант иесімен әңгімелесіп, әр кезеңдегі шығармашылық белесіне зер салып көрдік.

– Аға, өнер жолына қалай келдіңіз?
– Өнер жолына кездейсоқ келдім деп айта алмаймын. Мектеп қабырғасынан ән-күйге құмар, мәдени іс-шараларға белсене қатысатын, әртүрлі аспаптарда ойнап үйренуге ұмтылатын жан-жақты бала болдым. Әйтеуір, ес білгеннен әнге үйір болған сияқтымын. «Алла да өнерді сүйген құлына береді» дейді ғой, сондай бір Алланың шапағаты түскен жан шығармын деп ойлаймын өзімді. Дегенмен мектепті өте жақсы аяқтап, сол кездегі ең беделді оқу орындарының бірі Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық политехникалық институтына өз күшіммен түстім. Ол жерде де жақсы оқыдым, студенттік кештерде гитарамен әнімді айтып, өз ортамда абыройлы болдым. Әйтсе де, «қой, бұл жер емес, менің ортам өнер ордасы болу керек еді ғой» деген ой көкейімде көптен жүргендіктен, 2 курстан кейін қолды бір сілтеп өнерге кеттім. Бойымдағы әнге құштарлықтың құдіреті болар, айналдырып қазақтың кілең марқасқалары бас қосқан өнер шаңырағына алып келді. Бұл жерде бағыма қарай Қазақ­станның халық әртісі Зейнеп апа Қойшыбаеваның класына қабылдандым. Ол кісі маған анамдай қамқор болды десем, артық айтқандық емес. Ән айту техникасын ғана емес, сахнада жүріп-тұру, киіну, адаммен тіл табыса білу қағидаларын, қарым-қатынас мәдениетін де қоса үйрететін. Шын мәнінде ұстаз бола білген апайымды әр кез сағынышпен еске алып отырамын. Өнердегі алғашқы ұстазым Зейнеп Қойшыбаеваның бойындағы табиғи таланты, ашық дауысы, тура мінезі, мейірімді жүрегі, сабырлы-салмақты тұлғасы өзіме әлі күнге үлгі болып келе жатқандай сезіледі.
– Дауысыңыздың өзгешелігімен қазақ халқының, барша тыңдарманыңыздың сүйікті әншісіне айналдыңыз. Бұндай дауыс сізге кімнен берілген?
– Енді, қалай десем екен, дәл мына кісіден берілді дейтіндей тұқымымызда әнші болған емес. Бұл да сол Алланың маған берген ерекше сыйы деп білемін. Ата-бабадан қалған асыл-мұраларды кейінгі ұрпаққа жеткізуге үлес қоссын, елін-жұртын әсем әндерімен сусындатсын деген аманаты деп те ойлаймын және сол аманатқа қылдай қиянат жасамауға тырысып келемін.
– Ең алғаш сахнада, үлкен сахнада өнер көрсету бақыты бұйырған сәт есіңізде ме?
– Әрине, есімде. Ең алғаш Республика сарайында өткен «Тамашаның» сахнасына «Қайда жүрдің?» әнімен шықтым, сөзі – Жарасқан аға Әбдрәшевтікі, әуені – Кеңес аға Дүйсекеевтікі. Бұл әннің менің репертуарыма енуі де қызық болды. Әнді негізі алтын дауысты ағамыз Сембек Жұмағалиев орындауға тиіс еді. «Тамаша» түсіріліміне аз ғана уақыт қалғанда Сембек ағамыз ауырып қалып, ән авторлары: «Сен ғана дәл Сембектей орындай аласың, тездетіп жаздырайық әйтпесе үлгермейміз», – деп, айналасы бір-екі күнде жазып шықтық, өте сәтті жазылды. Ол кезде «Тамашада» әндері орындалған ақын-композитор да, әнді орындаған әнші де бірден танымалға айналып, қазіргіше айтсақ, «жұлдыз» болып шыға келетін. Сөйтіп, осы керемет әнді «Тамашада» ең алғаш өзім орындадым. Әнім де, сәнім де – барлығы да «Тамашаны» тамаша қылған Лұқпан аға Есеновке қатты ұнаған болу керек, «Тамашаның» кейінгі бірнеше қойылымында «Ардағым», «Туыстарға», «Тойға тарту», «Қарағым-ай», «Мен сені таба алмадым» әндеріммен шығып, ел-жұрттың сүйіспеншілігіне бөленіп, осы әндердің алғашқы орындаушысы ретінде халыққа танылдым.
– «Тамашаның» дүркіреп тұрған кезінде сіз орындаған ән осы ойын-сауық отауының басты әнұранына айналған еді. Сол сәттер туралы әңгімелеп берсеңіз.
– «Тамашаның» жетекшісі Лұқпан Есенов ағамыздың қатаң сүзгісінен өткен әндер мен ол кісінің жоғары талабына сай орындаушылар, бүгін «Тамашаға» шықса, ертең танымал болып кететін кездер еді ғой, шіркін. Бірнеше жыл тамаша сахнасында ән салу бақыты бұйырған әнші болдым. Тамашаның басшысы Лұқпан ағадан бастап, сахна тарландары Құдайберген, Мейірман, Тоқсын, Уайс ағалармен гастрольдік сапарда бірге жүріп, бір сахнада өнер көрсеткен думанды жылдар әлі есімде. Жарасқан ағамыздың жарқын бейнесін қалай ұмытайын, сиқыршы Балтабек ағамыз да өте керемет кісі еді. Шіркін, дыбыс режиссері Ерболат ағамыз қандай!
– Өнер есігін ашқан кезіңізде кедергілер немесе керісінше сәттілік іспетті оқиғалар болды ма?
– «Өнер жолы – қиын жол» деп бекер айтылмайды. Бұл жолда жүргесін бәріне дайын болу керек. Кездескен кедергілер де аз болмады, өнерімді бағалап, қолдау көрсетушілер де көп болды. Сүрлеуінен гөрі бұрылыс-бұралаңы көп өнер жолында қиындықтар кездессе жеңіп, қандай қиын-қыстау күндерде де өнерімді тастамай, шамам келгенше адал қызмет етіп келе жатырмын деп ойлаймын. Мен өнер есігін алғаш ашқан кезде әлі де саф өнер иелерінің, корифейлеріміздің көбінің көзі тірі, шынайы өнерге деген сый-құрметтің өте жоғары кезі еді.
Ізінен ерген талантты өнерпазға қамқор болу, қолдау көрсету алдыңғы буын аға-апаларымыз үшін жазылмаған заң еді. Сондықтан алғашқы кезде кедергілер болды деп айта алмаймын. Соңғы кездері ғой, бәрі басқаша болып өзгеріп келе жатқаны.
– Бүгінгі заманның әншілерін, өнер туындыларын қалай бағалар едіңіз?
– Әрине, әр заманның өзіне тән шығармашылық дамуы болады, өнер болғасын бір жерде тұрмай, дами беретіні заңдылық. Заман өзі тудырады ғой өнерді. Рас, қазіргі әншілер де, ән де басқаша, өзгерген. Бәріне топырақ шашуға болмас, кейбір әндер бар ұлттық нақышқа сай, дәстүрімізге келетін, тыңдауға тұратын дегендей. Сондай, тәлім-тәрбие беретін, ата-баба дәстүрінен үзілмей келе жатқан сабақтастықты жалғастыратын өнер туындылары көп болсын деймін. Халықтың көзі ашық қой, жаманынан жиреніп, жақсысынан үйренеді. Дей тұрғанмен, буыны енді бекіп келе жатқан жастарымыз кімді тыңдап, қандай әнді естіп, нені көріп жүргенін бақылап, жақсы-жаманын айырып, түсіндіріп беру үлкен буынның міндеті болуы керек.
– Қазіргі мүлде басқаша өрнектегі әндер, әншілер өздеріңіз секілді халықтың жанын жеткізе орындайтын хас таланттарды тасада қалдырып жатқан жоқ па?
– Олай да болуы мүмкін. Қазіргі кезде технологиясы тез дамып жатқан, жылдамдығы өте жоғары заманға ілесу де оңай болмай тұр ғой. Әрине, телеэранға да, концерттерге де сиректеу шығамын, шақырмаған жерге бармаймын, шақырған жерден қалмаймын. Әйтсе де, тасада қалмауға ұмтылып, тырысып өнерге қызмет етіп жатқан жайым бар. Шығып жатқан талантты жастарға ақ жол тілеймін!
– Өзіңіз айтып отырған алдыңғы буын аға-апаларыңызбен бір жүрген сәттерден есіңізде сақталған ерекше жайлар туралы баяндап берсеңіз, бұл оқырман үшін де қызық болар еді.
– Жарасқан ағамыз туралы айтқанда, кім болмасын, ерекше бір тебіреніспен, үлкен сағынышпен сөйлейді деп ойлаймын. Өйткені ол кісі – ар-ұжданды биік қоятын, азаматтығына сызат түсірмейтін жан еді. Жарасқан аға «Тамашаның» сценарийлерін жазып, ұжым әзілдерінің бас редакторы қызметін атқарып отырғанда, «Қазақ» радиосынан әндерімді естіп қалып: «Мына баланың дауысы жақсы екен, қалай жолықсақ болады», – деп «Тамашаның» дыбыс режиссері Ерболат Қуантқан ағамыздан сұрапты. Ерболат аға радио қызметкері Күләш апайды жақсы таниды екен, сол кісі арқылы маған хабарласты. «Жарасқан Әбдірашев іздеп жатыр», – деген соң алып-ұшып, арнайы барып жүздескенім есімде. Ағамен сол таныстығымыз ағалы-інілі үлкен сыйластыққа ұласты. «Тамашаға» осылай қадам басқанмын.
«Қазақ» радиосының Музыкалық редакция бөлімінде ұзақ жыл абыройлы қызмет атқарып, құрметті еңбек демалысына шыққан – Серғазы Тұрсынбай, Күләш Жалбырова, Хазина Нұрханова және өмірден ерте өткен ғажап дауыстың иесі Мұхамедқұл Смағұлов сынды аяулы аға-апаларыма алғысым шексіз. Әндерімнің радио арқылы кең таралуына, танылуына зор үлесін қосқан осы жандардың да мен үшін орны ерекше. Талант көрсе – жолын ашуға ұмтылатын бұл кісілерде жерлестік, руластық деген ұғым-түсінік болмайтын. Қолдарынан келгенше дарынды өнерпаздарға бағдар берді әрі қазақ өнерінің дамуына, жандануына адал қызмет етті. Қазіргі қасиетті қарашаңырақ «Қазақ» радиосында осы үлкен буынның жолын жалғастырып келе жатқан барлық журналистер қауымына еңбектерінің жемісін көруін тілеймін.
Қазақтың өр рухты, қайсар мінезді ақын қызы Фариза Оңғарсынова жайлы да бір-екі ауыз лебізімді білдірсем деймін. Маңайына талантты жастарды жинап алып, олардың жазған-сызғанының тез жарық көруіне мүмкіндігінше көмектесіп, тырнақалды дүниелеріне оң бағасын беріп жүретін апамның шапағатын мен де көрдім. 1996 жылы осы әннің сазын жазған Қалдыбек Құрманәлі: «Апаң келсін деп жатыр», – дегесін барған едім, Фариза апам: «Осы ән сенің дауысыңа келеді», – деп осы өзі сөзін жазған «Жайықтың толқындарын» табыстаған еді. Міне, содан бастап, «Жайықтың толқындары» әні де репертуарыма ең бағалы туынды болып қосылды.
– Ең алғашқы әніңізді қалай таңдадыңыз?
– Ең алғаш таңдаған әнім «Анажаным» болды. «Ойлаған ертелі-кеш бала жанын, айналдым пейіліңнен, анажаным», – деп оркестрдің сүйемелдеуімен шырқаған әнім радионың «Алтын қорында» сақталған. Артынша сол оркестрмен «Жайлап отыр менің ауылым, Алатаудың сол бір бауырын», – деп «Ауылым» әнін айтқаным есімде. «Ұмыттың ба?» деген әнмен алғаш «Кеш жарық» сахнасына студент кезімде шықтым. «Кеш жарық» та өте бір танымал, халықтың көңілінен шыққан, ықыласына бөленген хабар болатын, марқұм Тынышбай аға Рақым жүргізетін.
– Жалпы, репертуарыңыздағы әндерді қалай іріктейсіз?
– Ән таңдағанда ең алдымен сөзіне қараймын. Мәнді, мағыналы, «қиыннан қиыстырған сөз сарасы» деп Абай атамыз айтпақшы, құйылып тұрған әдемі ұйқас, сыңғырлаған сұлу сөздерден құралған өлең жолдарын оқыған соң барып, әуеніне мән беремін. Сондықтан болар, менің репертуарымдағы әндердің 80 пайызы – атақты ақындар мен әйгілі композиторлардың тандемінен туған, сөзі де көркем өрілген шығармалар.
– Шығармашылық қоржыңыңыздың бай екенін білеміз. Қай туын­ды­ны паспортыңызға балар едіңіз?
– Қарап отырсам, орындаған әндерімнің тақырыбы әр түрлі екен. Туған ел, жер, салт-дәстүр жайлы патриоттық әндермен қатар, ана, махаббат туралы да жазылған әндерім баршылық. Тәрбиелік мәні жоғары әндерді халыққа жеткізуге тырысамын. Барлық әнім өзіме ыстық қой, дегенмен «Қарағым-ай» әнін паспортыма балар едім. Өйткені таныстарым амандасқанда: «Қарағыма-ай», – деп әндетіп әзілдесе, көшеде өтіп бара жатқан жандар: «Мына жігіт «Қарағым-айды» айтатын жігіт қой», – деп жатады.
– «Қарағым-ай» әнін әйгілі композитор Кеңес Дүйсекеев сізге арнап жазған екен. Сіздің орындауыңыз арқылы халықтың ең сүйікті әні болды. Бертін келе өзге әншілер де орындады. Осындай кезде өнер адамдарында жақсы мағынасындағы «қызғаныш» бола ма?
– Иә, Кеңес ағамыздың да, сөзін жазған Шөмішбай ағамыздың да адамдық болмысы, кісілік келбеті ерекше еді ғой. Інім деп еркелете отырып, өмірден көрген-түйгендерімен бөлісетін, ақылдарын айтатын, шығармашылығыма бағыт-бағдар беретін… Қайран аңқылдаған ағалар-ай, қазір екеуі де өмірде жоқ.
Әлі есімде, 1995 жылдың жазында Кеңес ағам шақырып алып: «Сүлеймен інім, мына жақында ғана жазылған әлі сиясы кеппеген «Қарағым-ай» атты әнім сенің дауысыңа келеді, осының алғашқы орындаушысы өзің бол. Өнер жолыңды дұрыс бастап келесің, үнемі бақылап жүремін, сүрініп кетпей, шалыс баспай, ары қарай да ән сапарың сәтті жалғаса берсін», – деп ақ батасын бере отырып, осы әнін табыстаған еді. Ағаның ақ тілегі қабыл болып, «Қарағым-ай» әні маған үлкен танымалдық алып келді, халықтық әнге айналып, репертуарымдағы ең шоқтығы биік шығарма болып қалды. Сол жылы желтоқсанда «Тамашаның» жаңа жылдық қойылымында Республика сарайында алғаш рет орындап шықтым. Аранжировкасын хас талант иесі, музыка шебері Талғат аға Сарыбаев жазған еді. Бұл кісі талай әннің, әншінің бағын ашқан нағыз кәсіпқой маман болатын, әттең, өмірден ертерек өтіп кетті… «Әнді ойымдағыдай етіп нақышына келтіріп, мейлінше жеткізе орындапсың, рахмет, інім», – деп Кеңес ағам риза болды. Менен кейін де бұл әнді орындаушылар болды, әркім өзінің шама-шарқынша айтып жүр, оларға еш қызғанышым жоқ.
– Тағы қандай өнер адамдарымен өмірде, шығармашылықта араласып тұрдыңыз? Қай кісі қандай қырымен есіңізде қалды?
– Ойлап отырсам, қазақтың маңдайалды композиторлары Әсет Бейсеуов, Кеңес Дүйсекеев, Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаев ағаларымыздың әндерін орындап қана қоймай, өздерімен дәмдес-тұздас болып араласып, үлгі-өнегелерін алып, ақылдарын тыңдап, сыйласа білгенім өзіме бір мектеп болды. Әсет ағамызбен аз ғана уақыт араластым, өмірден ерте озды. Ол кісі баладай аңғалдығымен, маңғаз мінезімен есімде қалыпты. Кеңес ағамызбен «Қазақконцерт» бірлестігінде ұзақ жыл бірге қызмет атқардық. Сол жылдар ішінде ағамыздың тектілігіне тамсанып жүретінмін. Қашан көрсең, сабырлы, салмақты, тура мінезді, тоқсан ауыз сөзді тобықтай жинақтап, қысқа-нұсқа сыпайы сөйлейтін сырбаз қалпында жадымда жатталып қалыпты. Ескендір ағамыздың Республика сарайында өткен концертімде сахнаға шығып тілегін айтып тұрып: «Мені кішіпейілсін дейді, мына Сүлеймен інім – нағыз кішіпейілдің өзі», – дегені бар. Өзі айтпақшы, ол кісінің бойындағы кішіпейіл­дік, байсалдылық, тазалық керемет еді ғой. «Кішілік – кішілік емес, кісілік» деп білетін еді ағамыз.
Айтпақшы, Ақжол Мейірбеков ағамызбен де «Гүлдерде» қызметтес болдым, өте ақкөңіл, бала мінезді, әзіл-қалжыңға жақын кісі еді. Ал Алтынбек ағамыздың жақсылығын көп көрдім, әлі күнге ағалы-інідей сыйласамыз. Өзім әнін орындап жүрген Бейбіт аға Дәрденбаевтың да адалдығын, азаматтығын, мәрттігін өте жоғары бағалаймын. Композитор ағаларымнан бөлек, Шөмішбай аға Сариев бастаған ақындармен де көп араластым. Қай-қайсысының да бойында өнерге деген адалдық, артынан еріп келе жатқан ініге деген қамқор көңіл, таза ниеті көрініп-ақ тұратын. Шөмішбай ағамның риза көңілінен туған, өзіме арнап жазған көлемді екі өлеңі бар. Біріншісін, 2007 жылғы Республика сарайында өткен жеке концертімде өзі сахнаға шығып оқып берсе, екіншісін, 2017 жылы жазып, қолын қойып арнайы табыстаған еді, үйде сақтаулы тұр. Тағы бір талантты ақын ағам Қорғанбек Аманжолов өзіме арнап әдемі жыр жолдарын жазды:
«Тұла бойы ән болып тұрған ұйып,
Шығатұғын әлі де шыңға биік.
Су иесі Сүлеймен пайғамбардай,
Ән иесі – Сүлеймен Ибрагимов», –
деп басталатын өлең жолдарын өзімнің өнеріме берілген биік баға деп есептеймін. Осы орайда көп жылдан бері өнер жолыма үнемі сәулесін түсіріп, бағдаршамдай жол нұсқап, қамқор көңілін көрсетіп келе жатқан ағатайым, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы, жазушы Мереке аға Құлкеновті айтпай кетсем, азаматтығыма сын болар. Барлық асыл қасиеттер бір бойы­нан табылатын, болмысы бөлек Мереке ағама айтар алғысым шексіз.
– Өнер жолы мен отбасылық берекені сақтау бір-біріне кедергі келтірмей ме?
– Меніңше, өнер жолы мен отбасылық берекені сақтаудың бір-біріне еш кедергісі жоқ. Басқаны білмеймін, өзім осы тағдырыма ризамын, жар таңдауда да қателеспеген сияқтымын. Балаларымның анасы, асыл жарым – Толқынның да өнерден алыстығы жоқ, менікі ән өнері болса, оның айналысатыны – сөз өнері. Мамандығы – филолог, жоғары оқу орнында ұстаздық қызметте. Сондықтан болар, тіл-көзден сақтасын дейін, отбасымызда ешқашан түсініспеушілік болған емес. Менің ойымды айтпай-ақ түсініп, бала тәрбиесінде де, басқа мәселелерде де маған көп күш түсірмей, қайта менің өнермен алаңсыз айналысуыма жағдай жасап келе жатыр.
Мынадай алмағайып заманда, отбасыңа дұрыс көңіл бөлмесең – ол бір жақта, өнеріңе дұрыс қарамасаң – ол бір жақта қалуы да мүмкін, екеуінің де тізгінін тең ұстап абыроймен жүргенге не жетсін.
– Әулетіңізде сіздің жолыңызды қуған жандар бар ма?
– Менің жолымды қуып, әнші болған ешкім жоқ. Үлкен ұлым Бауыржанның әнге, музыкалық аспаптарға деген қызығушылығы жоғары, дауысы да жақсы болатын. 2007 жылғы жеке концертімде орындаған екі әні радионың «Алтын қорында» сақтаулы, кейде «Балалар әндерінен концерт» деген бағдарламада беріліп тұрады. Кім біледі, өнерге тартып, бейімдесем, шығармашылық жолды таңдар ма еді, бірақ өнер жолы қиын жол екенін өзім жақсы білгендіктен таңдауды өзіне қалдырдым әрі Бауыржанымның оқуға ынтасы жоғары болды, физика-математика мектебін «Алтын белгіге», Назарбаев университетінің инженерлік факультетін қызыл дипломға бітіріп, Магистратура, Докторантурасын шетелде жалғастырып оқып жатыр, ал кенже ұлымыз Олжас әлі кішкентай, дегенмен халық әндерін, классикалық музыканы тыңдағанды, пианинода ойнағанды ұнатады, мүмкін болашақта өнер жолын таңдар деп үміттенеміз.
– Алдағы уақытта шғармашылығыңызда не жоспарлап отырсыз?
– Алдағы уақытқа жоспар көп. Бұйыртса, осы жылы Республика сарайында жеке ән кешімді берсем деймін. Концертімді абыроймен өткізіп алған соң облыстарды, аудандарды аралап, гастрольдік сапарға шығу да жоспарда бар. Әр облыстан «концертіңізді ұйымдастырайық, әндеріңізді жұрт сағынды» деген ұсыныстар да түсіп жатыр. Алла жазса, бәрі де рет-ретімен бола жатар деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан
Мөлдір РАЙЫМБЕКОВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір