Бауырымен жорғалаушыларға кімдер жатады?..
Бір жас отбасы жұмыс бабымен қалаға қоныс аударады. Жиған-терген қаражаттарына қарай бір бөлмелі пәтер сатып алып, сонда тұрып жатады. Әзірге жиһазбен бөлмені толықтыра қоймаған. Әйелінің төркінінен келген көрпе-жастық, ыдыс-аяқ дегендей.
Отбасыларында мектепке енді барған тұңғыштары Батыр бар.Күнделікті түнде ұйықтар алдында жерге төсек жайып әйелі бөлек, ал балалары ұл болғаннан кейін әкесінің қасына жатып жүреді. Бөлме біреу, төсек екі. Төсек бөлменің екі бұрышына орналасқан. Баланың әкесі ұлы тәтті ұйқыға кеткеннен кейін ақырындап етпеттеп, жер бауырлап жүріп әйелінің қасына кетіп қалатын. Жер бауырлап жүргендегі мақсаты – баласын оятып алмау. Түрегеліп жүрсе, ескілеу үйдің ағаш едені түнгі тыныштықта қатты сықырлайтын. Сондай түндердің бірінде әлгі ұлдары оянып кетсе, әкесі жер бауырлап жылжып кетіп барады дейді. Қала болғанннан кейін даладағы көше жарығының сәулесі аздап бөлмеге түсіп тұратын. Баласы тұрып: «Әке, әке қайда барасың?» – дейді. Селк ете түскен әкесі: « Балам, балам, қазір мамаңа бір шаруамен бара жатыр едім», – деп жауап қайырды. Ақылды баласы тұрып: «Әке, неге жер бауырлап кетіп барасың, түрегеп жүрмейсің бе?» – дейді. Дәл бұндай тосын сұрақ күтпеген әкесі жауап іздей бастайды. «Балам, біз негізінен биология тілімен айтқанда, бауырымен жорғалаушылар тобына жатамыз. Сондықтан да әсіресе түн ішінде үйде бауырмен жорғалап жүруге болады», – деп алдап-сулап ұлын қайта ұйықтата бастайды. Ұйықтап бара жатқан баласы: «Әке, мама да бауырымен жорғалаушылар қатарына жата ма?» – деп сұрақ қояды. «Тек папалар ғана жатады», – деп жауапты қысқа қайырды. Ондағысы ары қарай мамасын да ол қатарға қосса, бір шикіліктің ұшы шығып қала ма деп сақтанғаны болатын.
Келесі күні ұлы Батыр мектепке сабаққа келсе, бір тентек бала тірі кесіртке әкеп құйрығынан ұстап алып, сыныптағы қыздарды қорқытып жүр екен. Кабинетке келген мұғалім жаңағы тентектің қолындағы кесірткені алып алды да, кабинеттегі гүлдерге су құятын шыны графинге салып қойды. Бәрін тыныштандырған ұстаз балаларға жан-жануар, жәндік болсын, тиісуге болмайтынын айтып, табиғаттағы әр тірі дененің өз атқаратын рөлі бар екенін тәптіштеп жеткізеді. Сөзінің соңында кесірткенің бауырымен жорғалаушылар тобына жататынын айта келе, «Кесірткеден басқа бауырымен жорғалаушылар тобына тағы не жатады?» – деп сұрақ қояды. Құлағына таныс сөз естілген Батыр: «Мен жауап берейінші», – деп орнынан атып тұрды .
Бұл сұрақтың жауабынан мүлде бейхабар бүкіл сынып оқушылары біз білмегенді бұл қайдан біледі дегендей, Батырдың дегеніне құлақ тосады. Өйткені биология пәнінде оқытылатын бауырымен жорғалаушылар туралы мағлұмат мектеп бағдарламасы бойынша 6-сыныптарда оқытылады. Бүкіл елдің назары өзіне ауған Батыр, шынымен нағыз білгішке айналды.
– Ағай, бауырымен жорғалаушылар тобына менің әкем жатады, – деп саңқ ете қалды.Мұғалім күліп жіберді. Оқушылар болса күлмеді. Себебі өздері ештеңе білмеген соң шынымен барлығымыздың әкелеріміз Батырдың әкесі сияқты бауырымен жорғалаушылар қатарына жататын шығар деп ойлаған.
Тайсалмастан жауабын жалғастырған Батыр:
– Ал мамаларымыз бауырымен жорғалаушылар қатарына жатпайды (әкесі солай айтқан болатын) деп жауапты толықтырған соң, «шыны ыдыстағы кесіртке мама кесіртке болса бауырымен жорғалаушыларға жата ма?» – деп ұстазға төтесінен сұрақ қойды. Қандай жауап беріп, не күлерін, не күлмесін білмей қалған ұстазды сабақ үзілісін білдіретін мектеп қоңырауы құтқарды.
Витамин
(Әзіл-шыны аралас)
Бізде, қазақ халқында, тәрбиеге, еркелеткенге қатысты қалыптасқан әртүрлі ырымдар мен салт-дәстүрлер, әдеттер көп. Соның бірі кішкентай балаларға арналған. Мысалы: 3-4 жас аралығындағы ұлбалаларға ата-анасы немесе келген қонақтар баланың атын атап шақырып, «келе ғой, әтпшу берші» деп жатады.
Әлгі бала, жүгіріп келіп «мә» деп әтпшуін көрсетеді. Әлгі адам баланың әтпшуіне қолын жақындатып, ұстап қолын мұрнына апарып иіскеген болып, түшкіреді де, «тәтті екен» дейді. Кішкентай бала мәз-мейрам болып жүгіріп кетеді.Былай қарасаң қызық. Бұл «дәстүрдің» тарихын зерттеп білген жоқпын. Оған қарсы да емеспін. Өзім де құрдасым Тұрарбектің үйіне барғанда төрт жастағы ұлын шақырып алып, дәл осылай жасаймын. Өткенде, осы жайлы қызық оқиға болыпты.
Әлгі құрдасым Тұрарбек жақсы қызмет атқарады, бизнесмен. Бір жылда, кейде екі жылда, жұмыс бабымен тәжірибе алмасуға алыс шетелдерге барып тұрады. Сол тәртіппен бір айға шетелге іссапарға аттанады. Үйде әйелі Бибігүл және төрт жастағы ұлы Сотқарбек қалады. Содан жаңағы Сотқарбекті еркелетіп «құлыным, келші, әтпшу берші» дейді екен. Бала жүгіріп келеді, мамасы әтпшуін иіскеп , түшкіріп, «түу не деген тәтті» дейді. Баласы мәз. Бір күні кешке жақын, мамасы шаршап ерте ұйықтап қалады. Баласы «Алма ТВ» телеарнасынан мультфильм көріп отырады. Өздеріңіз білесіздер, бұрынырақта мамасы баласын ұйықтатып барып көз ілуші еді, қазіргі балалар мамасын ұйықтатып барып көз шырымын алады. Ал балалар теледидар көріп немесе интернетте отыра береді. Айтыңыздаршы, өтірік пе айтып тұрғаным. Шын ғой. Мамасы, әрине, жолдасын қатты сағынған. Бұрынғылар да айтушы еді ғой: «күндіз не ойласаң, ұйықтағанда түсіңе сол кіреді» деп. Ол ой – ой ма, жаңағы баланың мамасы Бибігүл, ұйықтағанда ұйқысырап сөйлеп жатқанда сұрақ қойсаң, жауап та береді. Бибігүл бірдеңе деп сөйлеп жатады. Баласы қасында теледидар көріп жатады. Сөйтсе, мамасы күйеуінің атын атап «Тұрарбек-ау, жаным, сені сағындым, сенің әтпшуіңді сағындым» депті. Масқара, ол – ол ма» ана витаминді жан- жаққа шашпа» дейді. Бала бәрін естиді. Мамасының ұйқысырап жатқанын қайдан білсін, «мама, менің әтпшуімді емес, папамның әтпшуін жақсы көресің бе?» деп сұрақ қояды. Мамасы «иә, иә» деп жауап береді. Қайтсін, қатты сағынған. Балалардың есте сақтау қабілеті өте жоғары екені бәрімізге белгілі ғой. Сонымен қойшы, бала да ұйықтайды. Таң атады, мамасы үй жинауда, ал бала ойнап жүр. Мамасы еркелетпек болып:
– Сотқартай, келші, әтпшуіңді берші иіскейін, – дейді.
– Баласы «бермеймін», – дейді қатқылдау үнмен.
– Мамасы таңырқап,неге екенін сұрайды. Сонда бала:
– Сіз кеше түнде ұйықтап жатқанда, «сенің әтпшуіңді емес, папамның әтпшуін жақсы көремін», – дедіңіз ғой. Папам менен тығып сізге витамин беріп жүр екен. Ол витаминді маған неге бермейді?– деп жылайды.
Мамасы ұялғаннан қызарып кеткен. «Жоқ, олай дегем жоқ»,– деп безек қағады. Баласына сенбейін десе, үлкен адамның сөзін айтып тұр. Сонымен қатар анда-санда өзінің ұйқысырап сөйлейтінін де біледі. «Сасқан үйрек артымен жүзеді» дегендей, сасқалақтаған мамасы баланы алдаудың амалын іздейді.
– Ойбай, балам, ойбай, ол витамин папаңның қалтасында кетіп қалған, келген соң міндетті түрде беремін.
Жыламсыраған бала:
– Сіз түнде папамның атын атап: «Әй, Тұрарбек, ол витаминді ешкімге шашпа, таратып жүрме» дедіңіз. Ал папам басқаларға таратып жіберсе қайтеміз? Онда дүкеннен сатып алып бересің бе?
– Жүр, балам, мен саған дәріханадан неше түрлі витамин сатып алып берейін, – дейді. Бала:
– Жоқ, дәріхананың витаминін жемеймін, папамның алып кеткен витаминін жеймін,– дейді, себебі бала да әкесін сағынған. Телефонына звондашы, маған витаминнен қалдырсын. Сөйтіп жатқанда есіктің қоңырауы шырылдайды. Көптен күткен папасы да кіріп келеді. Әйелі мен баласы мәре-сәре қуануда. Аман-сәлемнен кейін, мамасы ас үйге шай әзірлеуге кетеді. Бала әкесінің мойнына мініп алған.
– Мен саған ойыншық әкелдім, жүр көрсетемін, – деп әкесі әкелген ойыншықтарын сөмкесінен ала бастайды. Ойыншықты қызықтап болған бала папасынан витамин сұрайды. Папасы: «Қандай витамин?» – дейді. Баласы: «Мамаға беріп жүрген витаминнен. Мама айтты, сіз ылғи оған витамин береді екенсіз».
Абдырап қалған папасы:
– Витамин жоқ, болған, бітіп қалыпты. Іссапарда шетелде жүргенде мамаңның витаминін сәлемдеме ретінде өзгелерге де таратып бердім, – дейді, баланы алдамақ болып. Мұны естіген баласы ас үйде тамақ қамымен жүрген мамасына жүгіре жетіп:
– Мама, мама, сен тура айтқан екенсің, саған беріп жүрген витаминді түк қалдырмай басқаларға таратып жіберіпті, – дейді.
Бұл сөзді ести сала мамасы әй-шайға қарамастан, күйеуіне жүгіріп келіп:
– Бәсе-бәсе, өзім де солай ойлағам. Баяғы жырыңа бастың ба?Бәріне таратып сол жақтың әйелдерін қарық қылғансың ғой. Енді соны ұялмай балаңа айтып тұрсың, мақтанғаның ба? Ақымақ,бишара…
Тоқтайтын түрі жоқ. Отағасы аң-таң:
– Әй, сабыр, сабыр, баланы алдаусыратып отырсам, сен не айтып кеттің?!.
Ұрыстың тоқтайтын түрі жоқ. Айғай-шудан зәресі ұшқан төрт жасар Сотқарбек:
– Мама, болды қойыңызшы, папаға ұрыспашы, керегі жоқ витамин, ештеңе де жемеймін, – деп шырылдайды.
Әйел қаны бір қызса, тоқтамайтынын білесіздер. Бибігүл одан сайын дүрсе қоя берді. Сөйтсе, баласы папасына:
– Папа,папа, келесі жолы сол жаққа қайта барғанда, таратып жіберген витаминдеріңді қайта жиып алып келші.
Әкесі күрсініп:
– Балам-ау, ол жаққа іссапармен екі жылдан кейін барамын. Онда уже, ол витаминдерді точно жинай алмайсың. Ол «витаминдерді» енді тек жетектеп келуге тура келеді. Оны ержеткенде түсінерсің! Сен де сол «витаминнің» біреуісің, – деген екен.
Сондықтан мамалар, сіздерге айтатыным, балалардан бұрын ұйықтамаңыздар, әйтпесе ұйқысырап бірдеңе айтып қоюларыңыз мүмкін.
Папаларға айтатыным, іссапарға барғанда «витаминдеріңізді» шаша бермеңіздер, жинау қиынға түседі.
Самат Слямғазин,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ПІКІРЛЕР1