КИІК ЖЫЛАҒАН КҮЗ
Киік жер бетінде адамнан бұрын пайда болыпты. Ғалымдар оны «зілдің замандасы» дейді. «Көне дәуірлердің құрдасы» бұл күндері әлем бойынша аз жануарлардың санатында болғанымен, біздің елімізде кейінгі 4-5 жылдың бедерінде киік басы күрт көбейіпті. Нақтырақ айтсақ, қазір олардың саны 2 600 000 (екі миллион алты жүз мың) болған екен. Малдан зият жануар өзін кие тұтқан халықтың ықыласына бұйырған шығар. Алайда мұны да көп көрдік. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі киікті атуға ресми түрде рұқсат берді.
Киік кімнің көзіне күйік болды?
Жиырма төрт жыл бұрын киікті атуға 2024 жылға дейін мораторий жарияланған. Жауапты орган не себепті серттен тайып, қыруға пәрмен берді?
Өткен айда Президент жанындағы Қазақстанның орталық коммуникациялар қызметінде киік популяциясын реттеу мәселесіне қатысты дөңгелек үстел өтті. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, Ауыл шаруашылық министрлігі, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК өкілдері, ғалымдар қатысқан дөңгелек үстелде осыған қатысты біраз жайттың беті ашылғандай болды.
Сол жиында ҚР ҒЖБМ ҒК Зоология институтының биоценология және аңтану зертханасының меңгерушісі К.Плахов: «Бір ересек киік күніне 7 келіге дейін жем жеп, шамамен 5 литр су ішеді, яғни Орал популяциясының 1,13 млн бас киігі, олардың көктемгі көбеюін ескерсек, күн сайын 8 мың тоннаға дейін жем жеп және 6 мың тоннаға жуық су ішеді. Әрине, бұл жағдай жайылымдар мен суаттарға айтарлықтай әсер етеді», – деді. Ал ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі ақпаратына сүйенсек, киік биыл шабындық және жайылымдық алқаптарға залал келтіріпті: 122 мың гектарға жуық егістік (Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Ақтөбе, БҚО) зиян шеккен, болжалды шығын көлемі 12 млрд теңгеден асыпты.
Киік, әсіресе Батыс Қазақстан облысында көбейіпті, онда 1,1 миллионнан астам ақбөкен бар. Басқасын былай қойғанда, БҚО Жаңақала ауданындағы Жаңақазан ауылдық округі әкімі Сәдуақас Губашевтің сөзінше, елдімекендегі 70-тен астам шаруа қожалықтың 90 пайыздан астамы киіктен зардап шегіп отырған көрінеді. Жәнібек, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарының да жағдайы мәз емес.
Айтпақшы, былтыр Президенттің сол кездегі Экология және геология, табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешовке киіктер популяциясын «ату» арқылы реттеу туралы шешімі үшін сөгіс жариялағаны да есімізде.
Бұған кімдер мүдделі?
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жоғарыдағы шешімді түсіндіруге тырысып: «Бұрын киіктің санын кім реттейтін? Оны реттейтін қасқыр, жұт, ауру болатын. Ал қазір табиғатта ежелден келе жатқан мұндай реттеу тәсілдері жоқ», – деді. Сонда бұл елдің қасқыры қайда кеткен? Ендеше біз киікті жоқтамас бұрын қасқырға сұрау салуымыз керек шығар? Оны жөнді-жөнсіз атқызып қойып қарап отырған жауапты органдарды жазаға тартуға тиіс шығармыз? Бұл – бір.
Екіншіден, әуелі кім кімге зиян тигізіп бастағанын ақылға салып көрейікші. Санасы сау адам жабайы жануарлар дүниесінің адамдар тығыз орналасқан аумаққа өздігінен беттемейтіні және олардың табиғи жайылымдық жерлері болатынын жақсы біледі. Ал сонда осындай жерлерді шаруа қожалықтарына бөліп берген кім? Қала берді, экологтар киіктердің көші жүретін аумақтарға темір жол түскенін айтып дабыл қағып жатыр. Бұған рұқсат берген қай кісі?
Үшіншіден, климаттық жағдай өзгеріп, ауа құрғап бара жатыр. Осының нәтижесінде қуаңшылық байқалады. «Киік таптап кетті» деген сылтау жауапты министрліктердің жауапкершіліктен қашқандағы қулығы емес пе?
Төртіншіден, тәуелсіз тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет біраз жылдан бері киіктерді бақылап, зерттеп жүргенін айтады. Оның сөзіне сүйенсек, ақбөкен төрт түлік мал секілді жайылмайды екен. Демек, олардың өзінің жейтін таңдаулы шөбі бар. «Сондықтан «киіктер егістікті таптап, тақырлап жеп кетті» деген сөз де шындыққа жанаспайды. Қазір шаруа қожалықтардың көбісі субсидия немесе несие алады, соны өтемес үшін шығынды киіктерге жаба салуы да әбден мүмкін», – дейді С.Ділдахмет. Бұлай болмасына кім кепіл?
Бесіншіден, атуға түбі бір рұқсат беретінін білді ме, әлде біз білмейтін басқа да жәйт бар ма, БАҚ мәліметтеріне сенсек, БҚО әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін де былтыр көтеріпті.
Ал енді айтыңызшы, көкірегі ояу оқырман, киік кісі баласына шынымен қастық қылып, күн көрсетпей жатыр ма, әлде киікті қыруға мүделлілер бар ма?
Айтпаса сөздің атасы өледі, іркіп қалмайық, әлеуметтік желі қолданушылары киік етін Украинадағы басқыншы орыс әскеріне жіберулері де мүмкін деп жатыр. Бұлай болмасына кім кепіл? Ресей тарапы ресми сатып алмағанның өзінде, шекаралас БҚО-ға арнайы келіп, кие тұтқан жануарыңның етін қаптап алып кетіп жатса, украин балаларының көз жасына қалмаймыз ба?
Мұның соңы неге апарып соғуы мүмкін?
Жауапты министрлік 337 мың ақбөкенді ату немесе торға түсіру жоспарланғанын айтты. Бұл – жоспар ғана. Мұның сыртында заңсыз аң аулаушылар бар. Олар бұдан неше есе көп киікиі қырып саларын бір Құдай біледі. Бұған қоса, киік мүйізін заңсыз сату ісі де соншалықты көбеймек. Демек, Қазақстандағы қылмыстың саны тағы да артпақ.
Қазірдің өзінде БҚО-да саудагерлер киік етінің киллограмын 1500 теңгеге ашықтан-ашық сатып жатқан көрінеді. Ал әлеуметтік желілердегі бейнежазбаларға назар салсақ, қырда ақбөкендердің шашылып жатқан ішек-қарнының санында есеп жоқ. Біз де тексеріп көрдік. Olx.kz онлайн-жарнама cервисінде киік етін 1400 теңгеге сатып жатыр екен.
Ал министр Нысанбаев киік етін 300 теңгеден ет комбинаттарына өткізетінін және оның ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сатылатынын айтқан. «Пайда табуды көздемейміз. Тек шығынымызды жапса болды. Ақша бюджеттен бөлінеді, жұмсалған қаржының орнын толтыру керек. Ет комбинаттарында киік етін өңдеп, жеке саудаға шығарады. Еттің бағасы қымбат болмайды. Киік еттері базарда сатылмайды, ет комбинаттары ветеринарлық бақылауы бар сауда нүктелерінде сатады», – деген министр.
Міне, осыдан-ақ жауапты ведомства жағдайды бақылаудан шығарып алғаны көрініп тұр. Сіз сонда да қасапханаға 337 мың ғана киік айдалатынына сенесіз бе?
P.S. «Киіктің серті – жол кесу» дейтін бұрынғылар. Байқайық, даламыздың ерке сұлуы – киіктерді қынадай қырып тастап ертең жолымыз кесіліп жүрмесін…
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ