СУРЕТТЕР СӨЙЛЕЙДІ ЕКЕН
12.02.2016
2001
0

Үйдің іші тым-тырыс. Терезені соққылаған жаңбыр тамшысы мен ақтарылған кітап беттерінің дыбысы ғана естіледі. Баққожа Мұқаидың «Өмірзая» романын алдыңғы түні бастап едім. Қазір де оқу үстіндемін. Жүз жетпіс жетінші беттен жүз жетпіс сегізінші бетке аттай бергенімде үй телефоны шыр етті. Үш-төрт рет шақырып, қоя салар деген есек дәмем орындалмады. Ақыры, орнымнан амалсыз қозғалдым. Сөйтсем, бірінші курста бір бөлмеде тұрған Айған екен. Көріспегелі біраз болғанын ескеріп, ана-мынаны сұрап, біршама әңгімелестік. Жәй хабарласпапты. Бүгін мұражайда суреттер көрмесінің болатынын, бірақ бара алмайтынын айтты. Мен де ауа-райын сылтауратып, ойланып көрейін дедім. Тұтқа қойылды. Барайын десем, романым қызықтырып барады. Бармайын десем, көрмеге бас сұқпағалы көп болыпты. Не болса да көрейін… Қаламыма арқау болар бірдеңе ілініп қалар…

Айнала толған түрлі-түсті бояулар киімін киіп, қаз-қатар тізілген ғажайып суреттер әлемі. Алыстан мен­мұндалаған портреттердің қайсысына жақын­да­рыңды білмейсің. Әрқайсысы бір сырдан хабар айтып, қол бұлғайды. Сөйтіп тұрғанда көрме залының оң жақ беткейіндегі қатар тұрған екі суретке көзім түсті. Жақындап қарасам, екі суретте де бір бейне салынған екен. Сұлу қыздың бейнесі. Бірақ біреуі тұрғанына көп уақыт болған, ескілеу сурет, екіншісі сиясы кеппе­ген жаңа сурет. «Неге екі бірдей суретті іліп қойған? Бұ­нымен не айтқысы келді екен?» деген ой келді. Ары ойланып, бері ойланып, суретке қадалдым да қалдым. Бір кезде жаңа суретім ескі суретіме мойын созып, сөйлей бастады. Таңырқаған күйде үнсіз ғана тыңдап тұра бердім:

– Қазақы тәрбие. Биязылық. Ұяңдық… Мұның бә­рі де маған таңсық дүниелер. Қазақы тәрбиенің қадірі қашқалы қашан. Оны тек ауылдағы Сәндігүл апам­ның әңгімесінен немесе көркем шығармалардан ғана кездестіре аламыз. Қазір «жаңару» заманы, ес­кілік­тің бәрі келмеске кеткен. Біз қазақы тәрбиені Батысқа айырбастап алғанбыз. Уақыт өтті, керуен көшті деген… Қазақилыққа еріп, «қызға қырық үйден тыйым салып» біткенімізше көштен қалып қоямыз. Оның үстіне қазіргі ата-аналардың өзі баланы қазақы тәрбиеге баулымайды. Мысалы, мені әке-шешем оқу­ға, жоғары мансапқа қол жеткізуге, беделді болуға, еш жерде ұялмауға, қысылмауға, ойлағаныма қандай жолмен болса да жетуге үйретті. Адамгершіліктен әмиян­ның қымбат тұратынын түсіндірді. Мені сен айт­қандай ана болуға емес, адам болуға тәрбиеледі. Мен үшін қазақ қызына тән ұяңдық, биязылық апамның сыр сандығында жатқан дүние секілді. Бәрі біледі, түсінеді, бірақ қолданбайды. Егер мен биязы болсам, ұяң болсам өмірде жетістіктерге жете алмайтындаймын. Кез келген биікті бағындыру үшін кейде биязылықтан бұзақылыққа, ұяңдықтан ұятсыздыққа аттауға тура келеді. Менің үлкеннен именіп, кішіге ізет көрсеткенімнен ешкім маған мен армандаған мансапты, мен қалаған атақты алып бермейді. Еш­қан­д­ай жасандылықсыз, ешқандай қулықсыз, ешкімнің көмегінсіз мұратқа жету –  кинода ғана. Сенің биязылығыңа, қарапайымдылығыңа қарап, ақ боз атты ханзада да, атақ-абырой да, басы артық байлық та келмейді. Бұл – өмірдің сен білмейтін шындығы», – деп, жаңа суретім күшене тоқтады. Терең ойға шомып кеткен ескі суретім былай деп тіл қатты:

– Қазақы тәрбиеден құр қалғаныңа қарным ашып отыр. Дегенмен, мені қызықтырып отырған тағы бір нәрсе бар. Ол сендегі алып-ұшқан сезімнің алар орны қандай екені және өзіңді ұлт тәрбиешісі ретінде қалай елестететініңді, ертеңгі ана болуға қаншалықты дайын екеніңді білгім келеді. Мүмкін, осы тұрғыдан ұқсас­тығымыз бар шығар…

– Біз сезімді қолдан жасаймыз. Қалай дейсің ғой… Сыр-сымбаты келісіп, шырттай болып киінген, қо­лын­да айфон, қалтада қызылды-жасылды теңгесі қалыңдап тұрған, аузында «сүйдім-күйдімі» бар жігіт келіп тұрса, жаңағы айтқан «сезімің» өзінен-өзі пайда болады. Темір тұлпарлы болса, сезім тегі үдейе түспек.Міне, мен үшін сезім деген осы. Маған оның жағдайы­ның жақсы болғаны керек, оған менің сұлулығым ке­рек. Әркім өз керегін тауып жатса, махаббат емей немене?! Махаббат бұрынғыдай кестелі орамалмен, сырға толы хатпен емес, құшақ-құшақ гүлмен, бағасы артқан сыйлықтармен, алтын-күміспен, бір шөп еткен сүйіспен өлшенеді. Бұрынғылар қыздың білегінен ұстағанның өзіне ұялатын болған дей ме?! Бұл бір ғажап ертегі сияқты. Көңіліміз қаласа, махаббатты мәңгі қыла саламыз, қаламаса бір шетке ысыра тұру да қиын емес. Бүгінгі сүйгенім Төлеген болса, ол ертең Бекежанға айналуы да мүмкін. Бәрі мүмкін… Ұлт тәр­бие­шісі дедің бе?! Мен негізі ана болуға асықпаймын. Жоспарлаған жұмыстарым бітсін, мансабымдағы дәрежемді көтеріп алайын, сосын ойлана жатармыз. Қорғайтын докторлығым бар дегендей. Жас кезіңде бәрін көріп қалу керек. Қайда асығамыз?! Баланы дүниеге әкелмес бұрын жағдайды жақсартып алған жөн. Дүниеге сәби әкелсек те апаларымыз сияқты бес-алтау емес. Оның бәрін шұбыртып қайда сыйдырамын?  Қалай адам қыламын? Дайындық дейсің бе? От­басылық өмірге не дайындық керек? Олар мендей докторлық дәрежесі бар келінді алғанына қуансын.Негізі оған дайындалатын уақыт та, ниет те жоқ.

Әрі қарай сұрақ қойылмады… Үнсіздік… Ескі суретімнің жанарынан үзіліп түскен жастың тырсылы ғана естіледі. Жүзінен қимастықтың, өкініштің, қайғының желі еседі. Кенет мұражай адамдары келіп, ескі суретімді алып кетуге ыңғайланды. Мен түкке түсінбей, «Қайда апарасыздар?», – деп едім: «Мұражай архивіне», – деп жауап берді. Ескі суретімді қимастықпен архив есігіне дейін шығарып салдым.

Әлгінде ғана болған диалогқа сенер-сенбесімді білмей «Мәссаған, суреттер сөйлейді екен…» деп, үйіме қайттым.

P.S.: Ескі суретімдегі қазақ қызының образы «шаң басқан архивтен» табылатын «Қазақ қызының портретіне» айналмасына кім кепіл?!

 

Маржан ӘБІШ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір