Сатираның салтанат құрған кезі екен…
Бүгінгі қазақ сықақшыларын «Қазақ сатирасының антологиясынан» ғана табасыз. Оның өзі құрастырған автордың қалтасынан шыққан. Бұрын сынға, сатираға үкімет үлкен көңіл бөлген еді. Кезінде белгілі-белгілі алты баспадан да сатиралық кітаптар мен сыни жинақтар шығып тұрды. . Анығы сол кез қазақ сатирасының салтанат құрған кезі екен… Әттең солардың алғысөзі міндетті түрде Коммунистік партияның уағызы болды. Ең ұлтшыл деген ғалымымыз Тұрсынбек Кәкішевтің «Дәуір дидары» атты кітабының 125 беті соны уағыздайды, әйтпесе жоспардағы кітабыңды Орталық Комитет бекітпей қоюы ықтимал. Тек Бейсебай Кенжебаевтың «Жылдар жемісі» ғана партиядан ада, таза әдебиетке арналған еді.

Жалпы Бейсебай Кенжебаев – басқа сыншылардай емес, өзінің салған сүрлеуі бар, ешкімді қайталамаған, соқа тимеген арқаның жонына тың сүрлеу салған қаламгер. Ал Темірбек Қожакеев 2000 жылға дейінгі өз өмірінде қолына түскен сықақшы мен жазушыларды оқып, жоғары оқу орнының студенттеріне дәріс берді, Махамбет Өтемісұлы, Абай Құнанбайұлы, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Бейімбет Майлин, т.б. Өкінішке қарай, соңғы жылдардағы қазақ сатирасына ешкім жауапты емес. Қалыптасқан дәстүр бойынша баспадан шығатын кітаптың аттары, таралымы, бағасына шейін күні бұрын белгілі болатын еді. Үкімет тарапынан үлкен қамқорлық болып, шығару, тарату, «Қазақкітапта» сақтау, көшеде газет журнал сататын күркелерде, «Союзпечать» арқылы жазылымына тапсырыс қабылданатын. Олардың ғимараты да, қоймалары да барлық облыста бар болатын. Ал қазір ше? Күркелерде тек темекі мен сағыз сатып аласыз.
Екіншіден, баспалар бұрынғыдай қолжазба қабылдамайды, мәдениет министрлігі Кітап Палатасында қоғамдық ұйым шешеді дейді. Үкімет қаражатын қоғамдық ұйым шешетіні қалай дейміз де қоямыз. Мәдениет министрлігінің бір қаулысында авторлардан 20 баспадан артық қолжазба алмаймыз делінген. Біздің білуімізше қоғам қайраткерінің 90 баспа табақ көлемінде еңбегі шығарылады делінген. Бұл қаулы тек аузының салымы барларға ғана арналған ба демеске тағы лаж жоқ.
Қазақта «қасқалдақ сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Мен әуелі сатира мен оның авторларына тоқталайын. Қашанда сықақшылар аз және қолдаушысы жоқ халық. Сынағанды, мінегенді ешкім көтере алмайды. Мысалы, бүгін Сыр өңірі туғанына 100 жыл толу мерекесін тойлап жатқан Сақтапберген Әлжіковты күні бүгінге шейін Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке алмадық. Ал ол қазаққа сатиралық повесть берген автордың бірі еді. Бес-алты сатиралық жинағы шыққанымен кезінде Одаққа мүшелікке өтпей қалған. Қазір сықақшылардан гөрі, сықағыңды оқып алып, сахнада қоятын әртістер танымал болып кетті. Менің «Ит бақсаң ескерту» атты әңгімемді 1990 жылы Республика сарайында 1 сәуір күні орындаған еді. Таяуда есімі елге танымал адам сахнадан «Мысық бақсаң ескерту» деп ойнап тұр. Кез келген шығарманың тәрбиелік мәні болуы тиіс. Мен итке адам атын қойғандар мен итпен бірге тұратындарды сынағам. Ал қазіргі әртістер елді күлгізу үшін керек болса әйелдің көйлегін киіп алып, ыржыңдап шыға келеді. Ол да сықақ болып есептелетін болды.
Қазақ сықақшылары Ж.Алтайбаев, С.Адамбеков, О.Әубәкіров, С. Әлжіков, Б.Қыдырбекұлы, Ғ.Қабышұлы, Қ.Ілиясов, Ү.Уайдин, Н.Мубтақов т.б. қоғамдағы келеңсіз жайтты, жәйттерді сынауды осы күні аузымыздан тастамайтын «Жемқорлыққа қарсы күрестен» бұрын бастаған. Қазақ сатирасында кез келген сықақ кітаптың ел жадында мәңгі қалатынына күмәнмен қараймыз. Мысалы, Оспанхан Әубәкіровтың «Біздің ағай тамашасы»:
Біздің ағай қызық адам тамаша,
Қызығы бар сан жетпейді санаса.
Жеңгемізді сыйлайтыны соншалық,
Томпаң қағып жүгіреді балаша.
Жеңгей кетсе қыдырып,
Кеш келеді күн жүріп.
Ағай үйде отырады,
Шылпылдатып кір жуып
Біздің ағай тамаша!
Бұл ағайды жеңгеміз де мақтайды,
Жамандауға тіл-аузы батпайды.
Қалай ғана мақтамасын жеңешем,
Мұндай адам мұндай адам
дүниеден таппайды.
Жеңгей кетсе күн ұзақ,
Дүкен кезіп зар илеп,
Ағай үйде отырар,
Кеспе кесіп, нан илеп.
Біздің ағай тамаша!
Үй ісіне мойнымызды бұрмадық,
Жүріппіз ғой көп нәрседен құр қалып.
Кел, жігіттер, сеп болайық әйелге,
Аз да болса осы ағайдан үлгі алып.
Сенбесеңдер сөзіме,
Қараңдаршы жай байқап.
Ағай отыр, әнеки,
Құрт қайнатып, май шайқап,
Біздің ағай тамаша!
Ал әдебиетіміздің жай-күйіне байланысты мына бір үш сатира сарбазының сөзіне сәл көз салыңызшы.
Әбдірахман Асылбектің «Иіскеу мен күйістеу» пародиясы:
Жерде жатқан шылымды
Шошқа келіп иіскеді,
Иіскеді де тиіспеді.
Ит те келіп иіскеді,
Иіскеді, бірақ тиіспеді.
Есек те келіп иіскеді,
Бірақ ол да тиіспеді…
А. Сәрсеков:
Лириканы иіскеді,
Бірақ, тиіспеді.
«Сәбилерді» иіскеді,
Бірақ тиіспеді.
Сатираны иіскеді,
Бұған да тіктеп тиіспеді.
Әдебиетпен осылай
Әзілдесуі тиіс пе еді?…
К. Әмірбеков:
Көпен кімге тиіспеді? –
Лирикті де иіскеді,
Прозаикті де иіскеді,
Сатирикті де иіскеді
Тілшіні де иіскеді…
Бәрінен де сорақысы –
Дайын аспен күйістеді.
(Асқаржанды көрген кезде,
«Мынау маған тиіс», – деді).
Бір мезет өзіне де
Сын көзбен қарауға
Тиісті еді!
Әрі ойнақы, әрі астарлы осы үш сықақ өлең анау-мынау қысқаша сын мақаланың айтарын аз сөзбен-ақ жеткізіп тұрған жоқ па?!
Мәселен, Әбдірахман Асылбектің «Қаншық» атты өлеңі:
Қой жоқ болса, итке сірә кім таңсық?
Қожайыны қуды-дағы жіберді,
Содан бері қаңғыбас боп жүр қаншық.
Тіршіліктің тарам-тарам жолы бар
Жолы барлар бақытына жолығар.
Сол қаншыққа тамаша жай тап болды,
Жүретұғын қақпаларды торып әр.
Қаншық соған жетіп барды асығып,
Бұрқырайды от қақтаған шашылық.
Нәпақа етіп теріп жеді тойына,
Сіңірлерді қалған-құтқан шашылып.
Келесі күн тағы барды сол қаншық,
Қалған-құтқан сіңір-саяқ –
мол талшық.
Кейбіреуге қояды ептеп үріп те,
Сол маңайдың күзетшісі болғансып.
Келгендерден қаншық енді қашпайды,
Құйрығын тез бұлғаңдата бастайды.
Қылығына қызыққан кей «жомарттар»
Шашылықтан үзіп-үзіп тастайды.
Бірте-бірте қаншық көңілі жайланды,
Қабырғасы кәдімгідей майланды.
Не боларын қайдан білсін бейшара,
Бірде өзі де шашылыққа айналды.
Осы екі-үш шумақтың өзі-ақ қоғамда жиі кездесіп тұратын адам тағдыры, тағдырға бейімделгіш адам образы емес пе?!
Міне, қазақ сатирасының осы сарбаздарымен тағы бір бетпе-бет кездесейік десеңіз, «Қазақ сатирасының антологиясын» оқыңыз! Үш ғасырдағы ең танымал жүз үш сықақшымен танысасыз.
Қорыта айтқанда, қазақ сатирасы жандану үшін күнәлілер шамданбауы керек. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағында «Сатира кеңесі» жандануға тиіс. Сатира жанрында шыққан және шығатын кітаптарды сықақшылар талқылап, бір-бірімен пікір алмасулары керек. Мүмкіндік болса, Одақтағы басшылар әр жанрдың жиналысына қатынасып, хабардар болып отырғаны жөн. Артық кетсем айыпқа бұйырмаңыздар.
Қазыхан ӘШЕ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері