Сүгірдің саңлақ серігі
09.08.2024
251
0

Сүгір күйлерінің уызын емген, тума талант Ергентай Борсабаевтың есімі бүгінде көмескіленіп барады. Ол ұлт­тық мақтанышқа айналған күйшілердің ішіндегі ерекше қолтаңбаға ие болған дара композитор, күйші Сүгір Әліұлының сирек те саңлақ шәкірт­терінің бірі еді. Сөз жоқ, Сүгір шертпе күйдің негізін қалады, импровизациялық үрдістің классикалық үлгісін жасады, музыка тілін өзінше әрледі, қазақ сахарасына бұрын-соңды естілмеген жаңа ырғақ әкелді. Саңлақ суреткер салған «сурет­терді» санасында саңылауы бар адам тебіренбей тыңдамауы мүмкін емес-ті. Тіпті, оның орындау шеберлігі, күй тілінің ерекше иірімдері, қайталанбас қайырмалары, діңкеңді құртар дірілдері үлкен бір академия болатын.

Міне, осы Сүгір күйлерінің нәзік иірімдерін, әуенінің ырғақтық, тақырыптық даму өзгерістерін мейлінше дәл қайталай білу екінің бірінің қолынан келмес еді. Домбыра ішегін асты-үстіне кезек қағып, керек тұсында перделерді сезімтал саусақтармен қоса қабат басып, мың-сан тәт­ті ызыңдар өрнектеп, күйді сәт сайын түрлендіре түсіп орындау асқан шеберлікті қажет етеді. Осы рет­те шәкірті Ергентай Борсабаевтың Сүгір салған соқпақтың сүрлеуімен жаңылыспай жүре алғанына қайран қаласыз. Мәселе Сүгірде­йін саңлақтың шеберліктерін дәлме-дәл қайталай білуде, күйдің көркемдік кескінін келістіре кестелеуінде жатыр.
Бұл рет­те әр саланың төл маманынан «тіл» тартқан ләзім. Белгілі музыка зерт­теушісі, профессор Біләл Ысқақовты тыңдап көрелік. «Импровизаторлық негізде дамитын күй әуенінің саздық жүйесінің көп өзгеріске түспей, тұрақты шығармашылық қалпын сақтап орындалуы және оның біртұтас көркем туынды ретінде қалыптасуына орындаушының қосар үлесі зор болады. Қолдан қолға өтіп, ұстаздан шәкіртке қалатын күй болмысының шәкірт­тер қолында қайта сомдалып, сақталып қалуымен қатар, керісінше шеберлігі шыңдалмаған шәкірт қолынан озық туындының өзі көркемдігінен айырылып, біртіндеп жоғалып кетеді. Сондықтан болар Сүгір күйлерінің ғұмыры Ергентай ат­ты талант­ты шәкіртінің қолынан қайта түлеп, одан әрі ұзара түскен. Ергентайдың орындауындағы Сүгірдің «Жолаушының жолды қоңыры», «Бес жорға», «Ыңғай төк», «Шалқыма» күйлері басқа орындаушыларға қарағанда айтарлықтай дамып, өзгермейтін тұрақты қалпын сақтаған. Әсіресе, «Бес жорғаның» Ергентай қолындағы нұсқасы тың әдістермен әуендік бөлімдерге өте бай.
Ергентай күйшінің орындаушылық шеберлігінде кәсіби деңгейге жеткен, өзіндік қолданысы қалыптасқан, жүйесі берік көркемдік ағынды байқаймыз», – дейді ол. Бұдан әрі айта келіп, күй саласының білгір маманы Біләл Ысқақов «Күй өнері – ешбір халықта жоқ шежірелік өнер қазынасы. Ал, Ергентай Борсабаев – дәстүрлі күйшілік өнердің соңғы могиканы», – деп түйіндейді. Кезінде профессор Қаршыға Ахмедияров «Ергентай Борсабаев арнаулы оқу орнын бітірмесе де тартысы – әлемдік дәстүрлі классикалық үлгі. Өзіндік орындаушылық қолтаңбасы бар», – деп әділ бағасын беріпті.
Осындай пікірді КСРО және Қазақ­станның халық әртісі Асанәлі Әшімов те білдіріпті. Белгілі өнер қайраткері орындаушымен дәмдес болғанын айта келіп, Ергентайдың домбыра тарту шеберлігіне қайран қалады. Белгілі композитор, профессор Кенжебек Күмісбеков кезінде «Қазақ күй өнерінде әуендік табиғаты мен құрылымдық болмысы бөлектеу бір саласы бар – ол Қаратау өңірінің күйшілік мектебі» деп жазды.
Иә, Созақ сахарасы өнер өріндегі, оның ішінде домбыра тартудағы хас шеберлерге кенде болмаған. Сондықтан да заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов «Созаққа барсаң күйшімін деме» деген сөзді тегін айтпаса керек.
Сүгірдің саңлақ шәкірт­терінің бірегейі Ергентай ағаны мен оның Созақ аудандық мәдениет бөлімінің автоклуб меңгерушісі болып еңбек етіп жүргенінде кезіктіріп, талай рет дәмдес-тұздас болдым.
– Әкем Борсабай елге сыйлы, өткен ғасырдың аласапыран, коллективтендіру, колхоздастыру кезінде белсене еңбек сіңірген, соның нәтижесінде ауылдық кеңестің төрағасы болған кісі еді. Ол Созақ көтерілісінің куәгері. Ашаршылықты да бастан өткерді. Ұлы Отан соғысы кезінде ауыл тұрмысын көтеруге көп еңбек сіңірді. Ал, мен ауылдық кеңестің хатшылығынан ұзамадым. Одан соң кеңшардағы дүкенде сатушы болып жұмыс істедім. Өнерімнің арқасында автоклуб меңгерушісі болдым, – дегені есімде қалыпты.
Жұқалтаң келген, қалқан құлақ, шегір көзді, шоқша сақалды Ергентай ағаны кез­дестірген сайын одан Сүгір жайлы сұрайтынмын. Ал, 1999 жылдың қараша айында полиция ардагері Байғара Үдербаев Шымкент қаласында тұратын Ергентай ағаның үйіне ертіп келді. Біз ұзақ әңгімелестік. Көп әңгіме айтылды. Ерекеңнің Құдай қосқан қосағы Төребике қайтыс болып, шөгіп-ақ қалған кезі екен. Сонда да еңсесі биік, бізге сыр алдырған жоқ. Құндақтағы домбырасын алып, Ықыластың, Сүгірдің бірнеше күйін шерт­ті.
– Сүкең жарықтық жаңылмай, талмай сексен бес күйін тартушы еді. Ол кісідей болу бізге қайда? – деп бір қойды.
Ұмытпасам, Ерекең автоклуб менгерушісі болып жиырма жылдай еңбек ет­ті. Талай рет іс-тәжірибесін газетке жаздық. Екінші тың ерлеріне мәдени қызмет көрсетіп жүргенін дәріптедік. Алайда, балалық ауылынан ұзай алмадық па, әлде шалалық па, ағаның шәкірт­тік жолы жөнінде кең көсіліп, сыр бөлісе алмаппыз. Міне, енді, соның реті оңынан келіп тұр. Бұл мүмкіндікті бос жібермеу керектігін түсіндім.
Қос қанатының бірі – қосағынан айырылған ағаның ендігі көңіл толқынын басары, оңашада мұңын ақтарып сырласары – кәрі серігі домбырасы екенін пайымдадым.
– Бабаларымыз «орта жолда атың өлмесін, орта жаста қатының өлмесін» деп бекер айтпаған. Бала мен келіннің өз тірлігі жетеді, кәрі серігім домбыраны қайта қолға алған жайым бар, – деп бізге қарады.
Біз домбырашының шешілуін тостық. Ол ұзақ күт­тірген жоқ. Қозғалақтап қойып әңгімесін бастады.
– Біз Сүкеңмен Жайылма деген жерде іргелес отырдық. Менің әкем Борсабай Рахметов №12 ауылда, яғни «Қызыл ту» колхозында ауылдық кеңестің төрағасы еді. Оның үстіне Сүгірдің әкесі Әлі мен біздің Рахмет аталарымыз көңілдері жақын ағайынды кісілер болған.
Сүкең біздің үйге жиі келеді. Ол келгенде әкем алдына домбыра әкеліп қояды. Сүкең домбыраны баптап, шертіп тартады. Оған сабалап тарту жат. Керемет ызыңдар бой-бойымызды аралап өтіп, буын-буынымызға де­йін майдай ерітеді. Мен күй таусылмаса, Сүкең тарта түссе екен деп жатамын. Сүкең күйді селқос тыңдап отырған жанды аңғарса, домбырасын тастай салады. Біз қыбыр етпей ұйып тыңдауға тырысамыз. Оның үстіне Сүкең күй тартқанда дем шығару қайда? Тіптен, мал екеш мал да күйсегенін қойып, күйге елітіп қалғандай тым-тырыс бола қалушы еді.
– Мына Ергентайым сенің күйлеріңді ұйып тыңдайды. Осыған күй тартуды үйретсеңші, – дейді әкем Сүкеңе.
– Әлі жас қой, бұған домбыра үйрену қайда? – деп Сүкең қыңырайып қалады.
Сол Сүкең кейде киіз үйде домбыраны бір өзі отырып тартады. Домбыраның қос ішегі бебеу қағып, небір әуезді әуенді мың құбылтады. Мұндайда үйге кіріп келсеңіз, атақты күйші домбырасын шанағынан қақ бөліп, үйден шыға жөнелуден тайынбайды. Сонысын білетін біз күйді киіз үйдің сыртынан тыңдаймыз. Мен де осылай тыңдап жүріп, көптеген күйлерін өзімше үйреніп алдым.
– Иә, Сүкең шікәмшіл еді. Күйлерін бұзып тартқан адамды жаны сүймейтін. Біз оның ыңғайын тауып үйрендік. Алдынан кесе-көлденең өткеніміз жоқ. Ағайын әрі аралас-құралас болған соң ба, Сүкеңнің маған ықыласы ауды. Оның кербез де көркем күйлерін кідіртпей, жаңылмай тартуға талпынушы едім, – деп бір тоқтады Ергентай аға.
Мұнан соң ол Сүгірдің Үшкөкше құмында лағын жоғалтып, соны іздеп жүргенде желмаяға мінген жұмбақ жолаушыны қалай кезіктіргенін, атаның оған домбыра сыйлап кеткенін өз ауызынан естігенін айтып берді. Тағы бір елең еткізері, Сүгірдің Ұлытаудағы Мафруза қызбен домбырада күй сайысына қалай түскенін ұлы сазгердің өз аузынан естуі еді.
«Әт­тең, Мафрузаға үйлене алмадым. Сөйтіп, екі әруаққа шейіт болдым. Кұдай маған ұл перзент бермеді» деп мұңайып отырушы еді жарықтық», – деп Ергентай аға сөзін сабақтады.
– Соған қарағанда «Телқоңыр» – Мафрузаның күйі. Сондай-ақ «Жолаушының жолды қоңыры», «Ыңғайтөкпе» күйлері де Мафрузаның күйлері болуы мүмкін. Осы күйлерді Сүкең өле-өлгенше тартып кет­ті. Жұрт оларды Сүгірдің күйлері деп тартады. Солай шырағым, күйдің кейде осылай ауысып жүретіні де болады. Ал, Мафруза аты ке­йін аталмай кет­ті. Сүгір күйші осыған налып өт­ті ме екен?»
Менің есіме кезінде Төлеген Момбековтің төл туындыларына талас болғаны түскен. Сонда біреулер Төлегеннің кей күйлерін Сүгірге апарып теліп еді. Осы дауға терең де тылсым Тәкен аға араласып, Төлегеннің күйлерін өзіне қайтартып бергізген.
– Сүгір күйші сараң болған деседі. Бұл жөнінде не айтасыз? – деп Ергентай ағаны сөзге тарта түстім.
– Сүкеңнің сондай бір кілт, шікәмшіл мінезі болушы еді. Менің он төрт-он бес жасқа келіп қалған кезім. Киіз үйдің іргесінен тыңдап жүріп, Сүкеңнің біраз күйлерін үйреніп алғанмын. Бірде Сүгір көкем үйге келді. Әкем Борсабай:
– Мына жаман неме сенің біраз күйлеріңді домбырада тартатын болып жүр. Батаңды бер, – деді.
– Қане, онда тартсыншы, – деді Сүкең.
Мен оның біраз күйін бірінен соң бірін төгілдіре жөнелдім. Сүкең тыңдап отырды да: «Мына қалқан құлақ сары қайтеді-ей. Күйлерімнің бәрін үйреніп алыпты ғой», – деп сүйсінді. Бірақ батасын берген жоқ. Содан ке­йін ол мен отырған жерде күй тартпайтын болды.
Тағы бірде мынадай оқиға болды. 1955-1956 жылдардың бірі еді. Алматыдан Жаппас Қаламбаев мені арнайы іздеп келіп, «Сүкеңе мені алып баршы» деді. Сүкеңдер «Талапты» колхозында жүгері егіп отырған. Жаппас екеуіміз жүгерілік басындағы үйіне түстік. Сүкең шешілді. Жаппас аға тор дәптеріне әлдебір нүктелерді түсіріп отырған. Дәптерге нүкте түсіру жиіледі. «Мұнысы несі?» деп аң-таң қалып отырғанмын. Әлден соң Жаппас аға қобызын қолына алды. Жаңа ғана Сүгір көкем тартып отырған «Тоғыз тарау», «Шалқыма», «Бес жорға», «Телқоңыр», «Ыңғайтөкпе», тағы басқа да күйлерді қыл қобызда мың сан үнмен құбылтсын келіп. Сүгір көкем аң-таң.
– Ау, қайдан ғана тез үйреніп ала қойдың? – деді Жаппастың қолындағы дәптерге қарап.
– Міне, мына нотаға күйлеріңізді түсіріп алдым, – деді сонда Жаппас.
Сүгір көкем сазарып отырып қалды да: «Енді саған күй үйретпеймін», – деп орнынан тұрып кет­ті. Біз нота дегеннің не екенін сонда ғана білдік.
– Мен Ынтымақ ауылынан «Тасты» кеңшарына 1959 жылы көштім. Екі жылдан соң, яғни 1961 жылы ауылға келсем, 79 жастағы Сүгір көкем кәдімгідей қалжырап қалған екен. Ол өмірінің соңғы жылдарын Созақта тұратын күйеу баласы (Ұлбаланың күйеуі) Айтбайдың үйінде өткізді. Сол жылы көкем қайтпастың кемесіне мініп, мәңгілік мекеніне кете барды. Жүрегім қан жылап қала бердім.
Жарықтық «күнәһар боламын» деп суретке түспеуші еді. Қыр мұрынды, ашаң келген сұлу кісі болатын. 1941 жылы Ұлбала ат­ты қызының күйеуі Айтбай Қауқанов атасы намаз оқып отырған кезінде бір қырынан суретке түсіріп алған-ды. Кесенесінің басына ілінген және газет-журналдарда жарияланып жүрген сурет осы. Басқа суретін мен көргенім жоқ, – деп Ергентай аға қымыз толы кесеге бұрылды.
Артынша көңілденіп, дуалға сүйеулі тұрған домбырасына қол созды. Жетпістің жотасына көтерілген Ерекең ұстазының күйлерін тартуға сараңдық танытқан жоқ. Екі ішектің асты-үстін бірдей алып, домбыраны саусақпен шертіп отырды. Шебер саусақтар сылқым домбыраның төсінде еркін ойнақшып, бірде шанақтан, бірде сағадан шалып, шымшып, толғап, ерсілі-қарсылы шертіп, сансыз ызыңды қырық құбылт­ты.
Жетпіске аяқ басқан шағында Алматыдағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық консерваториясының шақыруымен Ергентай кез­десуге келеді. Қаршыға Ахмедияров, Біләл Ысқақов, Уәли Бекенов Ерекеңнің күйлерін тыңдап, оған «Дала академигі» деген ат береді. Студент­тер Сүгір шығармасына байланысты осы кезге де­йін белгісіз болып келген астарлы да қызық әңгімеге қанығады. Студент­тер Ықыластың, Сүгірдің күйлерінің шығу тарихын егжей-тегжей сұрастырып біледі. Кез­десуге Қаршыға Ахмедияров, Біләл Ысқақов, Берік Шаханұлы, Жаулыбай Иманалиев, Оралбек Сарбасов, тағы басқа да белгілі тұлғалар қатысады. Даланың даңғайыр дана шалы көсіледі сонда. Одан мұны күтпеген жастар таң-тамаша қалады. Негізінен табиғат Ергентайдың бойына күйшіліктен бөлек, термешілік, ақындық та қасиет берген ғой. Кезінде келіні Шахизада атасының өлең-термелерін жинап, хатқа түсірген екен. Олар Ергентай Борсабаевтың сексен жылдығына орай шығарылған жинаққа енді.
2002 жылы 20 желтоқсанда Ерекең Ықылас Дүкенұлы атындағы мұражайда Сүгір Әліұлының туғанына 120 жыл толуына орай өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияға келеді. Келесі күні, яғни 21 желтоқсанда Қазақ радиосының «Күй құдіреті» бағдарламасына қатысады. Ол осы бағдарламаны жүргізуші белгілі сазгер, күйші Қалқаман Жүнісбекұлына сұхбат берген.
Осы бағдарлама аясында Ерекең Ықыластың үш, Сүгірдің сегіз күйін таспаға жаздырады. Кім білсін-ай, осы күйлер өшіріліп кет­ті ме екен, Қазақ радиосынан мүлде берілмейтін болды. Есесіне Сүгірдің күйлері Жаппас Қаламбаев, Төлеген Момбеков, Әлімхан, Жанғали, Сәрсенғали Жүзбаевтардың, Саян Ақмолданың орындауында жиі беріліп жүр. Басын ашып алайық, қызғаныш деген қызыл ит кеңірдегімізден алып тұрған жоқ. Айтпағымыз, Сүгірдің сирек шәкірт­терінің бірі Ергентай Борсабаевтың күйшілік өнері насихат­талмай қалды. Егер радиодан, телеарнадан Ерекеңнің орындауында Ықылас, Сүгір күйлері жиі болмаса да аракідік беріліп тұрса, өзге күйшілерден оның ерекшеліктері айқын көрініп тұрмас па еді?
Көз көргендер Сүгірдің саңлақ серігі, күйлерін кеңінен насихат­таушы Ергентай Борсабаев туралы әлі талай әңгіме қозғар деген үміт басым.

 

Сабырбек ОЛЖАБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір