Әмірхан қателесті, Маралтай Модильяни емес
23.07.2023
649
0

Суреттер бізге қарайды, бізді тыңдайды, және талғайды. «Мен сенің болмысыңды танығанда, көзіңнің суретін саламын», Моди. Есіме бірден тибеттік танкалар оралды. «Әмірхан Балқыбек қателесті, – дедім. Шындығында, оның Маралтай Райымбекке түкке қатысы жоқ».

Поэзия мен сурет егіз ұғым дегенмен, ақын мен суретші мүлдем екі бөлек әлем. Тіпті киноның да бөгенайы бөлек! Қазіргі қазақ поэзиясы сана шыңырауына шындап бойлап, сурет өнеріндегі абстракционизм мен постмодернизмге бір қадам жақындай түскен секілді. Ал баяғы дәстүр – қазіргі академия немесе қара өлеңдегі ұйқас. Менің ойымша, сурет өнеріндегі романтизм мен классицизм дәуірінде өмір сүретін біздің көптеген қазақ әдебиетшілері Гюго мен Анатоль Франстың замандасына айналып бара жатқанын түсіне алмай әлек. Ал модернизмді айтпағанда, импрессионизм, постимпрессионизм, экспрессионизмдердің өзі бізге арман. Ал енді Маралтай Райымбек пен Модильяниді салыстырып көріңіз. Тым алыс, өмірінің өзінде ұқсастық жоқ!

Танка

Танка атауының біз білетін екі түрі бар, дәстүрлі жапон поэзиясының хайку іспетті еркін формаға құралған ұйқассыз қысқа өлеңдері болса, екіншісі, біз әңгімелемек болып отырған сурет өнеріндегі тибеттік танкалар.
Танка – тибетте қасиетті діни сенімге ие «айнадағы» құдайлар кес­кінін жібек матаға алтынмен және арнайы табиғи желімделген бояулармен кескіндейтін ерекше сурет өнері.
Құдайдың құдайлық болмысын танып, өзің құдайға айналып, айнадағы өзіңді танығанда ғана, оның көзінің соңғы суретін салуға рұқсат, бұдан кейінгі процесс – суретке жан бітіру рәсімі, сурет дайын. Табына беруілеріңізге рұқсат!
Айнадағы суреттер адам болмысымен шағылысып бейнебір өзіңді құдай секілді немесе құдайдың құдай болуға дейінгі өмірін көз алдыңа әкеледі. Құдай сенсің, – дейді, ол! Үнсіздік сенің поэзияңа айналсын!

Неге Моди?

Пикассоның «жақсы суретші көшіреді, ұлы суретші ұрлайды» дейтін, әбден жауыр болып біткен сөзі бар-тын. Танкалардың айырмашылығы – оны құдай болмысын тануға талпынған тақуалар салуы шарт, ал құдайдың қарашығын оның болмысын түгел танып, соңынан салу оның өзгермес заңы. Сосын, сен өзің құдайға айнал! Модильяни, Шығыс әлеміндегі санадан тыс құдайды, батыстық таныммен өз махаббатынан тапты.

Құдай

Адамға түсінікті дүниенің бәрі дәстүрге айналады. Адам өзіне түсініксіз дүниеден қорқады. Құдай – санадан тыс, оның бар-жоғын ешкім дәлелдей алмайды. Яғни – поэзия, ол сол үшін түсініксіз. Поэзияны түсінікті етіп жазу – адам болмысының табиғатын қорлау. Өзгелер секілді дінді өнерге айналдырудың орнына, өнерді дінге айналдырғысы келетін біздің қоғамның әдебиеті құрғақ мораль мен өнімсіз утопияға толы өкінішке айналды. Ең сорақысы –қолдан жалған құдай жасалды. Бұл – нағыз симуляция!

Симуляциялық демократия немесе дәстүрлі қара өлең ұйқас

Аттан, Аттан, Аттан,
Аттан, Аттан, Аттан.
Аттан, Аттан, Аттан,
Аттан, Аттан, Аттанн.
Аттан, Аттан, Аттан,
Аттан, Аттан, Аттан.
Аттан, Аттан, Аттан,
Аттан, Аттан, Аттанн.


Сәбет адамы

Атақты француз архитекторы Ле Корбьюзенің жобаларын орыс архитекторларының сәтсіз көшіруі нәтижесінде Хрущёвтің ұсқынсыз «хрущёвка» ғимараттары, дискомфортқа құрылған сәбет адамдарының бір-бірінен айнымайтын постсоветтік арзан болмысын өмірге әкелді. Унитаз дауысының гүрілі бейне күннің күркірі секілді, тіпті дәретке отырудың өзі қолапайсыз һәм ыңғайсыз. Төсектері шиқылдақ, төртбұрыш суық қабырғалары көшпенді баласының дөңгелек басын үш бұрыш қылатын, соның өзінде жетім бұрыш пен «кыршада» сенделтетін, күбірлеп сөйлетіп, сыбырлап қарсы алатын, жүйкелік дағдарысқа ұшыраған қоғам қалыптастырды. Оған қазақ ақын-жазушыларының аграрлық әдебиетін көркейтуге арналған жоспарлы идео­логиясының өзі халықтың урбанизациялануына үлкен кедергі келтірді деуге толық негіз бар ма? Парадокс!

Ақ өлең

Түсіндіру ол түсіну емес. Қоғам қалай көрінсе, поэзия солай жазылады.
Ақ өлеңнен сөз іздеу – ол оны түсінуге талпыну, ал түсіну – сөздерді оқымау. Ол бейне джаз бен блюз секілді нотасыз музыка.
Олар өз поэзиясының авторы емес, олар оны жазушы. Яғни жаңа поэзияның авторы – оның оқырмандары. Ақ өлең ол абстракциялық сурет секілді, оны түсіндіре алмаймыз. Элиот, өзімен қоса тұтастай Америка ақындарының поэзиясын әдеби сыншылардың зерттеу барысында әркімнің әртүрлі тәпсірлейтіні туралы әңгімелейді. Бұл ақ өлеңнің , дұрысы – күңгірт өлеңнің дәстүрлі классикалық өлеңнен басты айырмашылығы. Өкініштісі, бұл кезеңді Америка мен Еуропа өткеріп, қоғамда стандартталып, дәстүрге айналды. Ал біздің әдебиетіміз – дамудың жаңа кеңістігіне өтуі үшін бұл кезеңнің баспалдағын басуы шарт.

Элиот

«Жаңа» деген сөздің өзі, негізінен бәрін біріктіретін мағынаға ие. Себебі жаңа буындағы бір-біріне кереғар сыншылардың өзін аға буын сыншыларына деген әлдебір келіспеу­шіліктері біріктіріп тұрады.

1956 жыл

Дәстүрге реквием

Қағанатты кітап құлатты. Кітапты құлатуға қағанаттың қауқары жетпесі анық!

Құдай, бәрімізге жар болсын!

Модильяни һәм Маралтай

Анна Ахматованың Модильяни туралы естелiгiн оқығаным бар. Ол онда Амедеоны француз поэзиясының бiлгiрi ретiнде суреттейдi. Суретшiнiң Малларме, Верлен, Рембо, Бодлер поэзияларын талмай жатқа оқитынына таңғалады. Данте және басқа да итальян ақындарын оқымағанына, бәлкiм, менiң итальян тiлiн бiлмейтiнiм себепшi болған шығар дейдi. Ал осы Модильянидiң әйгiлi Виктор Гюгоны, «Аласталғандардың» авторын, әрине, жазушы емес, ақын Гюгоны не деп бағалағанын бiлесiз бе? Ахматованың жазуынша, «Ал Гюгоңыз – тек тақпақ қана» деп салған. Модильяни Анатоль Франсты да ұнатпаған. Қасаң академиялық әдiс-тәсiлдермен жұмыс iстейдi, онысы адам сезiмiн оятпайды деп санаған. Модильянидiң аталмыш қаламгер туралы осы пiкiрiн оның көптеген замандастары да құптағаны белгiлi.
Ендi осы Модильяни жатқа бiлген француз ақындары туралы тағы бiр әңгiме.
90-жылдардың орта тұсында «Жазушы» баспасынан шыққан жетi жас ақынның алғашқы жыр жинақтарына талантты ақынымыз Мейiр­хан Ақдәулетұлы жеке-жеке пiкiр жазды. Бұл пiкiрлер көп ұзамай «Жалын» журналында басылды. Сонда Мейiрхан Ақдәулетұлы осы жетi ақынның бiрi Маралтай туралы «Ол арғы-бергi поэзиядағы iзденiстердiң бәрiн бiледi. Қарақшы Франсуа Вийон да, меланхолик Поль Верлен де, символист Артюр Рембо да, бәрi-бәрi Маралтай түгесiп оқыған, жiлiк майын шағып iшкен ақындар» деп лебiз бiлдiрген едi. Әрине, тамаша пiкiр. Бiрақ бұл пiкiрдiң парадокс жағы да бар болатын. Өйткенi Мейiрхан Ақдәулетұлы «бiлмей» таныған, ал бiз өзiмiзше ғана «бiлетiн» Маралтайдың көпке дейiн «бұл Вийон, Верлен, Рембо дегендерiңдi тiптi оқыған емеспiн, өздерi қандай ақындар?» деп жүргенi әлi күнге есiмiзде. Iштей Мейiрхан ағамыз да айта бередi екен ғой дегенбiз. Басқаларды қайдам, өз басым Мейiрхан ағамның еш қателеспегенiн, Маралтайды дөп басып танығанын жақында ғана бiлдiм.
Осы таяуда орталық телеарнаның бiрiнен «Модильяни» атты фильм көрсетiлдi. Басты рөлде Энди Гарсия ойнайтын бұл фильм көңiлiмдi аламан-тасыр еттi. Есiме 90-жылдардың басы, студент жатақханасындағы тiршiлiк, темекi түтiнi мен iшiмдiк исiне булыққан шағын мүшәйралар, Жамбылдан, бүгiнгi Тараздан Алматыға ат басын жаңадан тiреген жап-жас Маралтай оралды. Ол өзiнiң Жамбыл пединститутының суретшiлер факультетiнде оқығанын, оны түгесе алмай шығып кеткенiн бейнебiр академия, не университеттiң екi факультетiн қатар түгескендей тамсана айтатын. Осы Маралтай әп-сәтте Алматыдағы жырсүйер қауымның сүйiктiсiне айналды. Суретшi Маралтай ұмытылып, ақын Маралтай болып танылды. Арада төрт-бес жыл өткенде Мейiрхан ағамыздан жоғарыдағыдай пiкiр естiдi.
Жарайды, ендi осы фильмнiң, Модильянидiң Маралтайға не қатысы бар дейсiз ғой. Қатысы сол – фильмдегi Модильянидiң жүрiс-тұрысы осы кез­дердегi Маралтайдың жүрiс-тұрысынан еш аумайтындығы едi. Сол еркiн жүрiс-тұрыс, сол еркiн қимыл-әрекет. Әлдебiр артистизм. Әлде сайқымазақ («Гамлет» пен «Король Лирдегiдей» класси­калық үлгiдегi), әлде аристократ, ара-жiгiн дәл анықтап байқау мүмкiн емес. Кештеу болса да айтайын, иә, бұл кездердегi Маралтай қазақ Модильяниi болатын.
Мiне, онымен суретшiлер туралы әңгiме қозғап отырмыз. «Париж мектебiнiң суретшiлерi» деп сөз бастай бергенiм сол едi, ол, неге екенiн бiлмеймiн:
– Модильянидiң бояуы ғажап қой,– деп қалды. Ал менiң есiме Модильянидiң суреттерi орала кеткен. Олардың көбiнде жалаңаш әйелдердiң бейнесi көрiнiс тапқан-ды. Бiрақ бұл суреттер порнография түгiлi эротиканың ауылынан да алыс-ты. Олардан, осы бiр қыз-келiншектердiң жүздерiнен әлдебiр қорғансыз сұлулықтың, тек түйсiкпен ғана түйсiнуге болар жылылықтың лебi есетiн-дi. Жүрек көзiн жарқын бояулар үндестiгi қытықтар едi.
Иә, Мейiрхан ағам еш қателеспептi. Вийон, Верлен, Бодлер, Рембо поэзиялары Париж мектебiнiң суретшiлерiнде, iшiнде, әрине, Модильяни де бар, бояу арқылы жаңа қалыпқа, живопись туындыларына транс­формацияланса, осы трансформация Маралтай өлеңдерi арқылы қайта түп-тамырын тауыпты. Қазақы өлең, жаңа өлең болып бүршiк жарыпты.
Сау қанатым қалмаған соң
күймеген,
Рухымды қан мен сүтке илеп ем.
(Саған жаным ашитыны тағы рас
Емшегiне еркек ернi тимеген).
Бұл Маралтайдың «Әдилә» атты өлеңiнiң бiр шумағы. Он екiде бiр гүлi ашылмаған, «Қара түстi қалампырды құшақтап, құлпытастан күлiп қарап тұрған қыздың» рухын шақырады. Ақын бiздiң мүлгiп кеткен санамызды оятуға.
«Рухымды қан мен сүтке илеп ем».
Бұл – Маралтай-Модильянидiң ақындық бояу палитрасы. Басқалай болуы еш мүмкiн емес.
Саған жаным ашитыны тағы рас,
Емшегiне еркек ернi тимеген.
Ғұмыр қысқалығы, оның мазмұнындағы олқы тұстар туралы бұдан артық қалай айтуға болатынын өз басым бiлмеймiн. Жоқ, бұл жерде ешқандай қомағай нәпсi немесе бiздiң жадағай түсiнiгiмiздегi эротика туралы әңгiме болуы еш мүмкiн емес. Бұл – реквием. Бұл – қыршын кеткен, бола алмай кеткен ананы жоқтау. Дүниеге келуi мүмкiн болған сұлулықтың анасын азалау. Тепе-теңдiгi ерте бұзылған гармонияны iздеп аласұру. Модильяни немесе Пикассоның қылқаламына бергiсiз сурет, Амедео нюлары, әйт­песе, «Герниканың» қазақ тiлiндегi кiшкентай нұсқасы. Бiрақ шедеврдiң үлкен, не кiшiсi болмайтыны және рас.
Кiм бiледi, Пикассоның сөзiн сәл бұрып айтсақ, Модильяни музасы Маралтай жан дүниесiнiң көптеген қырының бiрi ғана болар. Бiрақ осы бiр ғана қырға Мейiрхан ағам айтқан француз поэзиясы алыптарының барлығы өз шығармашылықтарымен түгел сыйып кете алатыны анық. Егер бiр қыры аздық етiп жатса, Маралтайдың тек Модильянидi емес, Матисстер мен Пабло Пикассоларды, олардан арыдағы Ван Гогтар мен Поль Сезанндарды да бiлетiнiн ұмытпағанымыз жөн. Ал бұл – оның артында тек әйгiлi суретшiлер ғана емес, әлем әдебиетi, оның iзденiстерi мен iркiлiстерi де тұр деген сөз. Өйткенi бүгiнгi заман иiрiмдерi әдебиеттi сурет өнерiнен бөлек қарастыру мүмкiн болмай бара жатқанын дәлелдеп отыр.
Кiм бiледi, ХХI ғасырдағы Алматының өз ақын Аполлинерлерi мен суретшi Пикассолары ендiгi дүниеге келiп те үлгерген болар. Егер ендiгi жер басып жүрсе, олардың бiр-бiрiнен бөлектенбейтiнiне, қайта рухани күрес даласында бiр-бiрлерiн iздеп тауып, қоян-қолтықтаса жүрiп шайқасатындықтарына еш күмән жоқ.
Музалар достастығы – бұдан өткен ғажайып бар ма?

2005 жыл.
Әмiрхан Балқыбек,
«Қасқыр құдай болған кез»

Тілек Ырысбек

  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір