ҚАЙРАН ТЕҢГЕ!
Тәуелсіздік белгісі қайран теңге!
Тағы түстің талқыға, талау, жемге.
Ел теңгесін «құлатып» тақтарында,
Мұрт пен «таздар» билікте отыр неге?
Бар сенген «Қара алтыным» – мұнайым-ай,
Сенің де құның түсті-ау, құдайым-ай!..
Гривень, авган, рубль, сомнан төмен,
Теңгенің осыншама «құлауын-ай!».
Теңгенің құны бүгін тиын болды,
Халыққа қымбатшылық қиын болды.
Байға бай бума-бума ақша тасып,
Жоғарыда «керемет» жиын болды!
Теңгенің құны бүгін «бақыр» болды.
Саудагердің орны да «тақыр» болды.
Азық-түлік шет елден жеп жүрсек те,
Орден алып Жемқорбек – «батыр» болды!
Теңгенің құны бүгін жезбенен тең,
Жұмыссыздар көбейді, «кезбемен» тең.
Ақынның «жан айғайын» естімесең,
«Ит үрді, керуен көшті» – сөзбенен тең!
Табылар бір амалы бұл бағаға,
Күн туар «қол жететін, бір жағаға!».
Сан мәрте тығырықтан алып шыққан,
Соңғы үміт – Елбасымыз Нұр-ағада!