ТЕҢГЕ – АРАҚҚА, ТИЫН – ТАМАҚҚА…
21.06.2024
52
0

Араққұмарлықтан арылудың жолы қайсы?

Небір қилы тағдырды тура жолдан адастырып, теріс бағытқа әкеткен алкоголь – заман дерті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынған мәлімет­тері жыл сайын алкогольдің кесірінен 3 миллионнан астам адамның өмірімен қоштасатынын дәлелдеді. Көрсеткіштің 75 пайызын ер адамдар құрайды екен.

Маскүнемдіктің салдарынан болатын өлімнің төрт­тен бірі жазатайым оқиғалардан, ұрыс-керіс кезіндегі жанжалдан және өз-өзіне қол жұмсаудан, психикалық ауытқулардан туындайды. Ал БҰҰ-ның берген мәлімет­теріне сүйенсек, ішімдіктен болатын өлім-жітім деңгейі жоғары елдердің қатарында Қазақ­стан алғашқы ондыққа кіріпті. Мысалы, 2019 жылы Алматыда алты мыңнан астам адам алкогольден уланып, салдарынан отызға жуығы қайтыс болған.
Ішімдікті серік деп тапқандардың денсаулығында туындап жатқан мәселелер жетіп артылады. Көмейден өтіп, асқазанға жеткен ішімдік екі минут шамасында қан айналымына түседі. Ішімдікті мөлшерден тыс ішкен адам қимыл-қозғалысына дұрыс жауап бере алмай, көңіл күйі мың құбылып, жөнсіз күліп, өзін-өзі басқарудан қалып, адам баласына жат қылықтарға барады.
Британдық психиатр және фармаколог Дэвид Нат­тың «Алкоголь туралы жаңа ғылым» ат­ты зерт­теу еңбегінде ішімдіктің адам денсаулығына қауіп төндіретін ең зиянды нәрсе екені айтылған. Анығын айтсақ, героин, кокаин, LSD және басқа да химиялық қоспалармен салыстырғанда қаупі едәуір жоғары болып есептеледі.
Жоғарыда алкогольдің зияны қуаты күшті есірткілерді де арт­та қалдыратыны айтылды. Мұның басты себебі – ішімдіктің барлық адамға қолжетімді болуында. Расымен, билеуші органдар, бұқаралық ақпарат құралдары есірткі тұтынушылары мен заңсыз саудамен айналысып, қылмыс жасағандарға көп назар аударады. Әрине, алкогольдің кесірінен туындап жатқан небір оқиға бар. Бірақ олардың бірі айтылса, екіншісі назардан тыс қалады.
Отбасындағы зорлық-зомбылықтың үштен екісі және бала бойындағы қатігездік пен салқынқандылық ата-аналарының ішімдікке салынуына байланысты екен. Адам өлтіру, өз-өзіне қол жұмсау секілді бақытсыз жайт­тардың 50 пайызы тікелей алкогольге тәуелділіктен туындайтыны да бесенеден белгілі.
Қазір араққа мас болып, жүрегі тас боп кеткендер жетерлік. Баланы емес, бөтелкені құшақтаған адамды жиі кез­дестіріп жатамыз. Тіпті қиралаңдаған адамның перзентін желкелеп, соққының астына алып жатқанын көрсек те таңғалмаймыз. Ақшасын – араққа, тиынын – тамаққа жұмсағыш осындай ата-аналардың жауапсыздығының салдарынан миллиондаған жасөспірімнің тағдырына балта шабылады. Бірі – «тірі жетім» атанады, енді бірі психологиялық ауытқуға ұшырайды. Психологтар ажырасудың бірден-бір себебін де, өршіп тұрған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындауын да алкогольге тәуелділікпен байланыстырады. Отбасында ылғи зорлық-зомбылық көріп өскен бала үшін күш көрсету қалыпты жағдай ретінде қалыптасады. Сөйтіп, есейген шағында да оны үйреншікті дүние деп қабылдайды.
АҚШ 1919-1933 жылдар аралығында құрамында алкоголі бар ішімдікті өндіру мен қолдануды қатаң түрде шектеген. Ал Қазақ­станда мұндай шектеулер енгізіліп пе еді? Елімізде алкогольді өнімдерге қатысты шектеулерді қоғамның қинала қабылдайтынын тәжірибе талай рет көрсет­ті. Статистикалық деректер бойынша шағын дүкендерінің кәсібін дөңгелетіп отырған саудагерлер табысының 30-40 пайызы алкогольді тауарларға тиесілі. Бірақ заңның аты – заң. Ол міндет­ті түрде орындалуы керек. Айта кетейік, 2014 жылдан бастап ішімдікті білім, денсаулық сақтау, спорт­тық сауықтыру орындары мен жанармай құю бекет­тері аумағында сатуға тыйым салынған. Бұған қоса, 21 жасқа де­йінгі азамат­тарға ішімдік сатқан кәсіпкер айыппұлды екі есе көп төлейтіні заңда анық жазылды.
Адамның бойындағы ең құнды нығмет­тердің бірін – ақыл дейміз, бірақ маскүнемдікке салынған адам өз қолымен ақылын, тек ақылын ғана емес, санасын да адастырып тынады. Дінімізде: «Арақ адамды тақуалығынан жұрдай етеді. Өйткені арақ ішкен адам ақылын жоғалтады» – делінген.
Әркім-ақ шарап ішсе мас болады,
Іштегі барлық сыры паш болады.
Білімді ішсе, наданның кейпін киіп,
Надан ішсе, жасайды масқараны, – деген ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұнның бұл сөздерінің астарында адамға ұғынықты тәмсіл мен мол ғибрат жатыр. Ақиқаты осы, араққа мас болған адам түбінде ақылынан айрылып, жақсы мен жаманның, күнә мен сауаптың, пайда мен зиянның аражігін ажыратудан қалады. Хакім Абай: «Арақ ішкен, мас болған жұрт­тың бәрі, не пайда, не залалды біле алмай жүр», – деп айт­қандай, ішімдік атаулының адамзатқа берер пайдасы жоқ екенін әр адам саналы түрде ұғынуы тиіс.
Ішімдік бақ-берекенің ризығын кетіреді, қорлық пен қайыршылық, тап­шылық пен уайым-қайғы, қасірет алып келеді. Сондықтан азғырушы сусыннан аулақ болып, өзгені де одан құтқаруға тырысайық.

Дана САДЫРҚАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір