Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді қолдап, 7 млн теңге жарна аударды
Мемлекет басшысы өз қаражатынан қазақ тілін қолдау мақсатында құрылған QAZAQ TILI Endowment Qory-на 7 млн теңге жарна аударды. Бұл туралы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы мәлімдеді.
Эндаумент қорларын дамыту туралы Мемлекет басшысы былтырғы халыққа Жолдауында айтып өткені есімізде. Осы ретте мемлекеттік тілді дамыту бағытында «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының бастамасымен QAZAQ TILI Endowment қорының құрылуы – қазақ тілінің мәртебесін арттыратын, ықпал-беделін көтеретін шешім. Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін қазақ тілін білім мен ғылым, техника мен инновация тіліне айналдыру қажеттігін, ол үшін ғаламдық цифрлық платформаларды қазақшалап, тіл үйрететін отандық ақпараттық жүйелерді көптеп ашу жөнінде бірқатар тапсырмалар бергенін де білеміз. Мемлекет басшысының бірінші болып QAZAQ TILI Endowment қорына 7 миллион теңге аударуы – тілді дамыту бағытында жасалған нақты қадам.
«Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету. Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған. QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды, – дейді «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
P.S. Ақжолтай сүйінші хабарды естіген бетте Жазушылар Одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Президент көрсеткен үлгіні ел азаматтары, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер кеңінен қолдайды деп сенеміз. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ана тілімізге деген адал азаматтық ұстанымы, көрсеткен зор құрметі, жеке үлгісі үшін алғыс білдіруге тиіспіз», – деді.
Тілекберген ЖАНАТ