Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектеп-гимназия
Биыл белгілі жазушы, драматург, қоғам қайраткері Қалаубек Тұрсынқұловтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай, Қазығұрт ауданының орталығында орналасқан мектеп-гимназияға жазушының есімі берілді.
Қаламгердің құрметіне арналған іс-шараға байланысты жиын өтіп, онда аудан әкімі Азизхан Исмаилов жазушының қазақ әдебиетіне қосқан үлесі туралы мазмұнды баяндама жасады. Қалаубек Тұрсынқұлов атындағы мектептен алдағы уақытта елімізді жаңа деңгейге көтеретін білімді де ұлтжанды ұрпақтар түлеп ұшатынына сенім білдірді. Сонымен бірге іс-шара барысында Қазақстан Жазушылар одағы атынан ат басын бұрып арнайы келген қонақтар, атап айтқанда, Жазушылар одағының басқарма мүшелері Сламхат Сейітхамзаұлы, Марат Тоқашбаев, Болат Шарахымбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманбай Омаров, Шарбұлақ ауылдық округінің төбе биі Амантай Құттымбетов, медицина ғылымының докторы, профессор Сәуірбек Рузиддинов құттықтау сөз сөйлеп, «Қазығұрттың Қалаубегі» атанған жазушының өмір жолынан әсерлі әңгіме өрбітті. Салтанатты рәсімнен соң көпшілік қауым атаулы мектепте ашылған Қалаубек Тұрсынқұлов мұражайы мен сыныбын аралап, жазушы шығармашылығындағы бірқатар тың деректермен танысты.
Қаламгерді еске алу іс-шарасы аудандық Мәдениет сарайында жалғасын тапты. Мұнда жазушының 90 жылдығы аясында «Қазығұрт – береке, бірлік бастауы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр сайысына еліміздің әр өңірінен жиналған от ауызды, орақ тілді 10 ақын қатысты. Қоғам өмірін, өзекті мәселелер мен ел жетістіктерін жырға қосып, көрермендерге ой салумен әсерлі кеш сыйлаған айтыстың қорытындысында қазылар алқасының шешімімен Қарағанды облысының атынан бәйгеге түскен Мақсат Ақанов бас жүлдені еншілесе, 1-орынды түркістандық ақын Бекарыс Шойбеков қанжығасына байлады.
Райымбек АЙТУБАЙ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі