АНАНЫҢ КӨЗ ЖАСЫ
08.05.2024
2268
0

Автобустан түскен бойда сыдыртып жүріп кетпей, бойшаң келген ақ сары реңді, қой көзді, нәті жуас әйел тал бойына жараса қалғандай әсем жүріспен көше бойлап, аз жүрді де, жазаң жерге қойылған арқалы орындыққа отыра кетті.
Күлтеленіп, иығына төгілген ашаң сарғылт реңді шашын ықтияттады, қол айнасын алып, жүзін бір қарап алуды да ұмытпады. Әйел осы арада тағы отыра бермекші еді. Алайда ойын дәл артқы жағындағы, алып ағаштардың бұтағына салған құс ұясынан шыққан сары ауыз балапандардың тынымсыз шиқылы бұзған. Балапандар шырылы әйел есіне өткен жайттарды түсіргендей еді.
Баян мен Жансая екеуі де – бір ауылдың қыздары. Қос құрбы ауылдың бар жұмысына араласып, еңбек майданын шиырлап шыққандай еді.
Сол жылы екі қыз жазғытұрым еңбектегі жетістіктері үшін арнайы жолдама алып, «Алатау» шипажайына демалуға келген. Бұл олардың ауылдан алғаш ұзап шығып, өз бетінше оңашалап сейіл құрған алғашқы сапары еді. Бар кілтипан осы шипажайдан басталған. Арада екі-үш күн өткенде екі жігіт таныстық жасады. Бірінің аты – Манат, екіншісінің аты – Санат екен. Екеуі де жүзіктің көзінен өткендей жап-жас, уылжыған бозбалалар еді. Негізі осы қалаға жақын жердің түлектері болса керек. Орыс тіліне де қамбыл, әр қилы серуенге де бейіл екен. Жоқ жерден жолбасшы жігіттердің табылғанына екі қыз қуанбаса ренжи қоймаған. Баянның Манаттың ыңғайына көнгені сонша, ажырамастай күйге жетіп еді. Айтуынша аз уақыттың ішінде екеуі шаңырақ көтеріп, үйленеді екен. Тіпті болашақта тұратын пәтерлері де әзір көрінеді, тек үйленер шақты күту ғана қалыпты. Оның бұл желпілдегенін жақтырмаған Жансая білген ақылын айтып та көрген.
– Біздің танысқанымыз қаланың жігіттері, сол үшін де желпілдей бермей, тиесілі жерінде сабыр сақтағаның жөн. Жігіттің айтқанының бәріне көніп, алданып қалып, от басып өкініп қалып жүрме, – деген.
Оның бұл сөзіне құрбысы әсте құлақ қоймаған. Алған бетінен қайтпаған сыңай танытып, өзімдікі дұрыс дей берген.
– Онша жас емеспіз ғой, – деген көсемси сөйлеп, – не бопты сонша, алданар шағымыз алыста, ауылда қалған. Еш уайым болмасын, бәрі де жақсы болады…
– Ылайым солай болсын, – деп Жансая да сөзін аяқтаған.
Сол жылдың суық күзінде Баянның екіқабат екені белгілі болған. Бұл кезде екі қыз қаланың шетіндегі көшелердің бірінде, оңаша пәтерде тұратын. Көк базар жағалайтын… Баян өзінің қатты алданғанын кеш сезініп, өкініштен өзегі өртенгендей еді. Көбіне жылай беретін. Алданды деген сол емес пе, Манаттың сөзінің бәрі жалған болып шықты. Алматыда ондай үй түгіл, көше де жоқ екен. Болып өткен оқиға көп жағдайда екі қыздың бірін-бірі кінәлаумен аяқталатын…
– Өткеннің бәріне кешірім сұраймын. Шын досым болсаң, қол ұшын берер кезің енді келді, – деген Баян шарассыздық танытып.
– Көмектескенде менің қолымнан не келеді? – деген құрбысы шарасыздық танытып. – Сол жағын ойлап, шарадай басым шақшадай болып, амалым таусылып отыр. Сен мезеті келгенде босанасың. Ұл ма, қыз ба, әйтеуірі бірдеме табасың. Шақалақты не істейміз, қайда жасырамыз? Әлде біреулер сияқты жол бойына тастаймыз ба, жоқ көп қабатты үйдің кіреберісіне қалдырамыз ба, ол жағын тегі біле алмадым.
– Кеше үй қожасы менің қасыма келіп әңгіме айтты, – деді Баян көңілсіз жайттың түңілігін көтеріп. – Серіктесің жұмыс жасап жатыр, оны білемін. Сен – екіқабатсың, оны да білемін. Ал күйеуің қайда, сен осында жатқалы талай мерзім өтті. Күйеуің бар болса, бір келмегені қалай дегенді айтты. Маған тесіле қарап отырды да: «Әй, әй, әй, енді түсіндім», – деп басын шайқады. – «Бұл анықтап айтқанда бойыңа солақай біткен бала болды ғой. Солай ма?»
Мен амалсыз басымды изедім.
– Ех, шіркін, жастық шақта не болмайды дейсің, бәрі де болады. Осыдан екі жыл шамасы дәл осы бөлмеде сендер секілді үш қазақ қызы тұрған. Біреуі сен секілді аяғы ауыр екен. Тура сен секілді. Біреулер аз күн қызықтап, артынан алдап тастап кеткен. Сол қыз да осы үйде босанып, бар ауыртпалықтан құтылып кетті ғой.
– Қайтіп? – деп мен елең ете түстім.
– Пәлен жерде, – деп баратын жердің адресін айтты, – жетім балалар үйі бар. Сонда менің Маша деген замандас досым жұмыс істейді. Жұмыс болғанда қызмет емес, еден жуады. Сыйластығы жақсы, көңілін тапсаң, айтқаныңның бәрін орындауға қауқары бар.
– Көңілін табу үшін не істеу керек?
– Ой, түкке тұрмайды. Барған сайын жалқы шишаны сөмкесіне салсаң болды, шаруам бітті дей бер.
Сонымен межелі шағы жетіп, үй иесінің көмегімен Баян босанып еді. Балпанақтай ұл тапқан. Жарты параққа кішкене анықтама жазылды. Ақ қағаздың бетінде: «Дәулеткелді Баймырзаұлы, анасының аты-жөні – Баян Баймырзақызы, ұлты – қазақ» деген жазулар сайрап жатты. Шақалақты екінші қабаттағы дәлізде күтіп алды. Келген бойда шақалақты көтеріп, арғы бөлмеге қарай кетті. Сол жақ қапталдағы үлкен бөлменің есіктерінің ортасы әйнек екен. Арғы жағында құйтақандай қаракөздер құжынап жүр. Бәрі де есіктен сұқтана көз салған әйелге қарап, қолын созып әлденені айтқан болады. Көздері жәутең-жәутең етіп, шарасыздық күй танытады.
– Анам келді, – дейді шу-шу етіп және осы сөзді көп дауыспен жапа-тармағай таласып айтады.
– Анам келді.
– Иә, менің анам келді.
– Жоқ, менің анам. Әне, маған қарап тұр.
– Сенің анаң жоқ, ол – менің апам.
– Менің анамның келетін кезі болды. Ол – менің апам…
– Менің анам – жақсы, мейірімді. Мен анамды ренжітпеймін.
– Мен де анамды ренжітпеймін. Тек тезірек келсе екен.
– Иә, жөн айтасың біздің анамыз бар. Ол бізді іздеп келеді…
Баян жәутеңкөз балалардың осындай сөздерін естігенде жүрегі қан жылап, есі кетіп, тұрған орнында жығылып қала жаздаған. Көзі қарауытып, жүрегі шаншыды. Кеудесінің белгісіз тұсы ашып кеткен секілді. Бұдан ары жәутеңкөздердің бейшара қалпына қарап, сөзін тыңдап тұруға дәті жетпеген. Машаны да күтпеді. Жүгіре басып, тысқа шықты. Сол кеткеннен араға пәлен жыл салып, бұл араға келіп отырғаны осы еді. Баян кеудесін керіп, ауыр күрсініп қойды. Жетімдер үйіне дәл қазір баруға зауқы соқпады.

* * *

Арқалы орындықтың арт жағындағы зәулім ағаш бұтақтарына салған ұядағы балапандар жаппай шыр-шыр етеді. Осы шақ: «Анам келді, менің анам келді. Жоқ, ол келген сенің анаң емес, менің анам», – деп әйнек есікке қарап, зар қаққандай болған жетім балалардың үні де алыстан талып, жаңғырып естілгендей болған.
Баянның бұдан ары отыруға төзімі жетпеп еді. Толассыз шырылдаған сарыжағал балапандардың үнін де тыңдағысы келмеген. Қолына қалта телефонын алды да, жетімханаға өзге күні келетінін айтып, орнынан тұрып, келген ізімен кері қайтты…
Сол бір болып өткен сүреңсіз оқиғадан кейін екі қыз екі жаққа айырылысқан. «Балапан басына, тұрымтай тұсына» дейтіндей заман басталған. Екеуі бір-бірінің қайда екенінен мұқым хабарсыз еді. Айта кетерлігі екеуі де қалада табан тіреп қалған. Жансая бала көтермеді. Көрінбеген дәрігер, бармаған емханасы қалмады. Бір емес, екі мәрте күйеуге шыққан және екі күйеудің де – сөз төркіні ұқсас, түпкі ойы бір.
«Балалы үй базар, баласыз үй мазар» демеуші ме еді халқымыз. Сол айтқандай үй деп салып жүргеніміз, күндердің күні болғанда жапандағы жалғыз молаға айналып қалмасына кім кепіл. «Ат ұстарың болмаса, алдың бөгет, артың сор». Жеміс бермейтін жеміс ағаштар да болады. Оны – тұл ағаш деп атайды. Көгеріп, жапырақ жайғанымен, гүл ашпайтын гүл тектес өсімдіктер де бар». Осындай әңгімелер естіп, өмірі өксікпен өткен Жансая күйеу атаулыдан ат құйрығын кесіп, жеке басты тірлікке ауысып еді. Қаланың шетін ала салынған көп қабатты үйлердің бірінде аядай екі ауызды бөлмесі болатын. Аз уақыт жалғыз да тұрып көрді. Ақыры жалғыздық азабына төзбеген әйел ойлана келе жетімхана есігін ашып еді.
– Әңгіме қысқа, айтар сөзім де аз, – деді мекеме басшысына тіке қарап, –осыдан тура алты жыл бұрын осы жерге тапсырған Дәулеткелді деген ер бала бар болса, соны бағып алуыма бола ма екен.
– Ол кіміңіз еді?, – деді шашын шолтайтып кесіп тастаған, бітік көз, ақ сұр әйел.
– Ол менің жақын жамағатымның баласы еді.
– Жамағатым дейсіз бе, жақсы екен. Оның өзі қайда?
– Қайда екенін де жөнді білмеймін. Естуімше фәниден озған секілді.
– Не дейсіз?
– Қайтыс болған, – деп өтірікті соғып жіберген. Мекеме басшысы хатшысын шақырып алды да, арнайы тапсырма берді.
– Мына әйелді тіркеу бөліміне апарғайсың. Әлгі айтқан баласын іздеп көрсін. Бар болса, әкете беруіне болады. Демек, алдағы уақытта құжаттарын толтыра берсін…
Тіркеу бөліміндегі әйел көп қиналмады. Сол жылдың сырты көк атласпен қапталған қалың үнқаттамасын алды да, іздеген баланың адресін лезде тауып шықты.
Істің аяқталуы талайға созылып, соңыра Дәулеткелдіні бауырына басып, бала етіп алған. Барынша аналық мейірін төккен. Бала жоқтықтың не екенін сезбей, түлеп, құлпырып өсті.
Жылдар жылжып өте берген. Дәулеткелді он жылдықты артқа тастап, жоғарғы оқу орнын да аяқтап, қаржы саласы бойынша қызметке орналасқан.
Бұл шақта Баян да Тәңірінің берген рызығын талмап жеп, жер басып, тірлік етіп жатыр еді. Өзі мектепте кітапханашының көмекшісі болып істеген де, күйеуі Омар қалалық жылу орталығында инженер болып қызмет еткен. Үйі де болды, бағы да, өзіне жететін байлығы да болған. Баян қатарынан екі құрсақ көтерген. Бір ұл, бір қыздың анасы еді. Балалар да желкілдеген құрақтай, қамшының өріміндей болып, бұлықсып өсіп келе жатқан. Жылатайын десе, Құдайдың пенде шіркіннің басына қара бұлт үйіріп, ажал торын тастауы түкке тұрмайды екен. Екі баланың бірі тоғызыншы сыныпқа көшіп, екіншісі жетіні бітер жылы ойламаған опат болды. «Балаларды суға түсіріп сергітіп келемін, балық ұстаймыз», – деп екі баласын ертіп Іле жағасына серуендеуге кеткен Омар қайтып оралмады. Моторлы қайықтан құлап өлгендердің мәйіті дарияның әр тұсынан табылып еді. Мына сұмдықты естігенде Баян қалай шыдасын. Естіген бойда талып жығылып, емхананың жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Емхана төсегінде айға жуық жатып шықса да, оңшала қоймаған. Ұстамалы дертке тап болғандай еді. Өзінен-өзі сөйлеп, өзінен-өзі күліп, балаларының атын атап, айғайлап жылау, сандырақтап сөйлеп кету күнделікті дағдысына айналған. Көрген түсін өңім екен деп болжап, кейде ерінің атын атап, аяқ астынан шала бүлінетіні де бар.
Уақыт – емші деген. Жыл айналғанда Баян біртіндеп, баяғы адами қалпына келе бастаған. Туыстары бір үйде жалғыз қалған бейбақты жалғызсыратпады. Көз таныс туыстары сабылып, қара көрсете берген. Алайда әйелге мұның бәрі алдамшы тірлік нышанындай сезілген. Сырты – бүтін болғанымен, іші – түтін болып жатқаны анық еді. Апта сайын базар баратын. Бірдеме алмаса да базар аралап, өз көңілін өзі алдарқататын. Базар дастарқаны еді оны Айжанмен таныстырған. Ақ құба өңді, сыптағай, келбетті әйел сол жексенбінің базарында серіктес болып еді. Екі әйел бұрыннан таныс жандай а дегеннен емен-жарқын сөйлесіп кеткен. Баян өзін зейнеткермін деп таныстырғанда Айжан өз жайынан мәлімет берді. Қалалық жетім балалар үйінде үйлестіруші болып қызмет істейді екен. Жетім балалар үйін айтқаны сол еді, есіне баяғы оқиға түскен. Тастанды шақалақ – Дәулеткелді оралған. Баянның есіне осыдан ілгері қай жылы екені белгісіз бір әйелдің телефон шалғаны түсті. «…Шетелге бір топ бала сатылып кетті. Солардың ішінде Дәулеткелді Баймырзаұлы да бар. Алаң болмаңыз. Бәрі де жақсы болады», – деп телефон тұтқасын қоя салған. Шақалақ әйел есінде берік сақталып қалып еді. Үнемі болмаса да, зәуде бір есіне алатын. Іштей амандығын да тілеп қоятын.
– Сізге бір сөз айтсам бола ма, – деген Айжанға өтініш білдіргендей болып, – айтуыма тура келіп тұр.
– Айта беріңіз.
– Айтсам былай, сізде бар баланың тізімі бар шығар деп ойлаймын.
– Бар.
– Бар болса, сол тізімнен пәленінші жылы туып, сол жылы сіздердің мекемеге өткізген Дәулеткелді Баймырзаұлы деген бала бар ма екен. Соны біліп берсеңіз.
– Жарайды, біліп берейін.
Айжан өз ісіне мығым, іскер әйел екен. Ертесі-ақ біліп берген.
– Баланы осыдан он бес жылдан астам уақыт бұрын Жансая Оразқызы деген жанашыр бағып алыпты.
– Кім дейсіз, кім? – деп не айтылғанын естіп тұрса да еселеп сұрады. – Бағып алған әйелдің аты кім дейсіз?
– Асырап алған әйелдің ныспысы – Жансая, әкесінің аты – Ораз. Енді түсінген боларсыз. Мына адреспен жолға шықсаңыз, төтесінен сол әйелдің үйіне барасыз, – деп барар жерін анықтап, көшесі мен үй нөміріне дейін айтып берді.
Мына жаңалық әйел үшін бүтін жаңа дүниенің, өзі болады деп болжап білмеген тың тірліктің шымылдығын ашқандай еді. Көз алдында ала құйын сапырылысып, көшкін жүріп бара жатқандай болған. Ішер ас, күйбің тірліктің бәрі шетте қалып, ойға батты. Өткен күндер оқиғасы санасында сапырылысты…
Кезіндегі шақалақ, бұл күндері бір үйдің асыраушысы дәрежесіне жеткен зіңгіттей азамат Дәулеткелді Баянның таусылмас ой, үзілмес қиялына айналғандай еді. Ауық-ауық келіп, Жансаяның тұрып жатқан мекенін торуылдады.
Баян машинадан түскен бойда қалшиып тұрып қалған. Ақыры тәуекел деп, тоғызыншы қабатқа көтерілетін жеделсаты бола тұрса да оған түспей, жаяу беттеген. Есік те ашылып еді. Есік ашқан ашаң қара торы өңді, қой көзді, келбетті келген өндірдей жас жігіт екен.
– Апа, жай жүрсіз бе? – деді сыпайы ғана.
– Жәй ғой, енді былай, – деп жүргінші ана қипақтап қалды. – Жансаяда аздаған шаруам болып, соған келіп едім.
– Апа, өңіңіз қашып отыр ғой, сырқаттанып қалған жоқсыз ба?
– Шырағым, балам-ай, осы күні кімнің шекесі шылқып, жетісіп жүр дейсің.
– Бас аурудың дәрісін әкелсем қалай болады?
– Рақмет.
– Әлде тыныштандыратын дәрі әкелейін бе?
– Рақмет.
– Сәлден соң ыстық шай да дайын болады.
– Бұйырса, ішерміз.
Осы кезде есік ашылып, сырттан әлдекім кіріп еді. Келген Жансая екен. Табалдырықтан бері жалқы қадам аттады да, мелшиіп тұрып қалды.
– Баян, – деді іштен суылдап шыққан суық үнмен. – Баян сенбісің?
– Иә, менмін, – деп төрде отырған әйел орнынан созылыңқы тұрып, жеткен бойда әйелді құшақтай алды. Жансая да өзімен ала келген заттарын жерге қоймай, ұстап тұрған қалпы жоғары көтеріп, қапсыра құшақтаған.
– Келдің бе ақыры, – деді алқына сөйлеп. – Келген екенсің ғой, жоғары шық.
Баян әуелгі орнына қайта жайғасты. «Бекер келдім-ау» деген ұры ой да санасын қамшылап өтті. Әй, осы келісімнің арты қалай болар екен. Мейлі соңы не болса, сол болсын, Дәулетімді көріп, көңілім тынды ғой ақыры».
Шай дайын болып, дастарқан да жайылған. Екі әйел үстел шетіне жайғасқан.
– Апа, – деді күтуші жігіт Жансаяға қарап, – мен сізге әлдене айтайын ба?
– Айта ғой.
– Айтса былай, төрде отырған апайдың, – деген қонақ әйелді нұсқап, – маған көп ұқсастығы бар екен. Менің сол көзімнің үстінде титімдей қал бар, сол қал апайдың да сол көзінің үстінде бар екен.
– Тағы несі ұқсайды? – деді әйел ысылдай сөйлеп, – ұқсайтын жерінің бәрін айта бер. Маған енді соны тыңдаудан өзге ештемеде қалған жоқ.
– Апа, – деді ештеңенің мәнісін түсінбеген жігіт орнынан ұшып тұрып, – апа, сізге не болған? Мен адамдар бойындағы жай ғана ұқсастықты айттым. Жадырап, күліп отырсаңызшы.
– Жадырап күлу қайда, – деді әйел, – менің жадырап күлетін күндерім өлген. Баян өлтіріп тынған.
Қонақ әйел мына сөзді естігенде шошып кеткендей болып, іш жия қалған.
– Жансая, – деген сыпайы сөйлеп, – сен еш жамандық ойлама, мен өзіңді көрейін деп қана келгем.
– Мені көргелі келдің бе? – деді айтқан сөзін еселей қайталап, – мені көргелі келдім дейсің бе, менің немді көресің? Сенің неге келгеніңді мен сезбейді дейсің бе, алдай алмайсың мені. Сен шыныңды айт. Сен мені емес, Дәулеткелдіні көргелі келдің.
– Мені неге көргелі келген? – деді жігіт аң-таң болып.
– Сені неге көрмейді? – деді Жансая енді шабаланып сөйлеп. – Сен өзіңнің түп-тамырыңды білесің бе, әрине білмейсің. Өйткені сен сұрамадың, мен айтпадым.
– Не айтып жатсыз, мен ештеңені түсіне алар емеспін?
– Ендеше бәрін де түсінесің. Мына әйел сол шындықтың бетін ашқалы, болған жайды түсіндіргелі келіп отыр.
– Жансая, баланың көзінше жоқ нәрсені айтпашы, – деп Баян айтылар сөзге бөгет қоймақшы еді, алайда Жансая ештемеге дес бермеген.
– Мені тоқтатпа, – деді ақиланып, – маған бүгін тоқта деп айтушы болма. Шындық бәрібір айтылады. Басқасын жасырсаң да, шындықты жасыра алмайсың. Мен бәрін де білемін. Кейінгі кезде байыңнан да, екі бірдей балаңнан да ажырап, аңырап қалғаныңды да білемін. Өзгесін айтпағанда жетімхана үйіне барып, бір кездегі шақалақ тастанды бала Дәулеткелдінің де жайын сұрап, біздің мекенімізді анықтап алғаныңды да білемін. Бұл аулаға келгенің бүгін ғана емес, әлденеше рет келдің. Тоғыз қабат үйдің алдында жер сипалағандай болып, пұшайман күй кешкеніңді де білемін. Бесінші қабаттағы үйдің терезесінен қарап, телміргенің де есімде, бәрі-бәрі есімде.
Тастанды бала деген сөз шымбайына батып кетті білем, Дәулеткелді енді жүзін көрсетуге шамасы жетпей, төмен қарап теңселіп кеткен…
– Емханадан сол хабар жеткеннен кейін-ақ менен маза кетті, – деп Жансая сөзін қайта жалғады. Бір кездегі өзіңнен туған шақалақ, өз қолыңмен жетімханаға апарып, орыс қатынға табыстап қашып кеткен, қазіргі Дәулеткелді деген азамат міне, алдыңда тұр. Алып кетпек ойың болса, алып кет, бала – сенікі.
Әйел бұдан арғысын айтуға дәрмені жетпей, басын қос қолдап ұстап, еңіреп жылап жіберген. Көп жылады. Баян да төзімі жетпей, көз жасына ерік берген.
– Баян, енді мені оңаша қалдыр, – деді әйел сол жылап отырған қалпы, – енді бұдан ары азаптауыңа төзбеймін. Мен де өле қалмаспын. Қарттар үйін пана етермін.
– Сіз, апа, ешқайда да бармайсыз, мен сіздің қасыңыздан ешқайда кетпеймін, – деп Дәулеткелді сөзге араласты. – Мен көп нәрсені ұққандаймын. Мен сізді тірі болып, қарттар үйіне жібермеймін. Мен, мен..
– Сен айтқанмен Баян дегеніне жетпей тынбайды. Менің тілімді ал, туған анаңа ілесіп, бұл үйден кеткенің жөн.
– Апа, жаным апа, өйтіп айтпашы, – деп Дәулеткелді Жансаяны сыртынан қапсыра құшақтап алып, бетінен, көзінен шөпілдетіп сүйе бастаған.
– Жансая, – деді Баян бала жасты көзбен жан-жағына жәутеңдей қарап, – Мен Дәулеткелдіні алып кеткелі келгем жоқ. Бала – сіздікі. Отбасылық тұтастықтарыңызға қол салмаймын. Қайтейін, жастықтың, желпілдеген он жетінің әсері шығар, ойламаған тұстан бойыма бала бітті. Көкек ана дегенің де дұрыс. Айтқаныңның әммесін мойындаймын. Алайда баланы әкетпеймін.
– Әкете бер, бұдан ары жанымды жегі құрттай жей берме.
– Жоқ, әкетпеймін.
– Ойлап қарасам, сенің бұдан былайғы тағдырың тек Дәулеткелдіге ғана тіреліп тұр. Сен туған балаңды көре тұрып, онсыз жеке ғұмыр кеше алмайсың. Жалғыздыққа көнбейсің. Бүгін менің көңіліме қарап, қайылға келгеніңмен күні ертең өзгеріп шыға келесің. Маған ең тынышы қарттар үйі ғой. Әйтеуір апта сайын, ай сайын Дәулешім келіп тұрса болды, – деп әйел тағы көз жасына ерік беріп, ботадай боздап қоя беріп еді. Баян да көз жасына ерік берген. Дәулеткелдінің де жанарында қос тамшы ыстық жас үйіріліп тұр еді…

 

 

Дәнеш АХМЕТҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір