ҚҰМНЫҢ ҚОЙНАУЫНДАҒЫ «АНА МЕН БАЛА»
02.03.2023
437
1

Кеген ауданынан он шақырым жердегі құм қойнауынан ерекше экспонат табылды. Құшағына баласын басқан ана кейпіндегі мүсін ерекше сипатқа ие. Биіктігі – 38 см., ені – 35 см., салмағы – 26,929 кг.-ды құрайтын тас мүсінді Кеген ауылының тұрғыны тауып алып, Кеген аудандық тарихи-өлкетану музейіне табыстаған екен. Музей басшысы Алмас Сейтқожаға хабарласып, ерекше экспонат жайлы сұрап көрдік.
«Кеген ауданында орналасқан Құмтекей жайлы аңыз көп. «Құм басып қалған қала» дейді кей қиссаларда. Ежелгі Қарқара жәрмеңкесіне бара жатқан жолдың бойында Құмтекей қаласы болғанын үлкендер де айтып отыратын. Ауыл тұрғындары құрылыс жұмыстары кезінде, үйлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізгенде сол Құмтекейге барып құм алып келіп, сылақ жасайды. Кеген ауылының тұрғыны Оспанов Айбек Шавхатұлы деген азамат көлігіне құм басып жатқанда, құмның арасынан осы мүсін шыққан екен», – дейді музей басшысы.
«Алғаш көрген кезде қандай әсерде болдыңыз? Мүсін қандай мақсатпен жасалған деп ойлайсыз?» – деген сұрағымызға орай Алмас мырза: «Алғаш көргеннен-ақ сәбиін құшағына басқан ана бейнесі көзғе жылыұшырайды. Бірақ көзі мұңлылау секілді. Соған қарағанда, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс кезіндегі ана бейнеленген бе екен деп ойладым. Мүмкін одан ертерек жасалған шығар. Бәлкім, «бала өлгенше шал өлсін» деген мәнде тастан сомдалған ба, анығына көз жеткізу үшін зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Белгілі этнограф Тәттігүл Қартаева да тасты көріп, өз болжамдарымен бөлісті. Ол кісі осындай тас мүсіндерді оқитын мамандарға көрсетіп еді, олардың алғашқы пайымы бойынша, мүсін құйылып жасалған болса – бергі кезеңге телінуі мүмкін. Ал қашап жасалған болса, арғы дәуірлерден жеткен мүсін болуы ғажап емес» екенін айтып қалды.
Музейдің ғылыми қызметкері Меруерт Үржігітова:
– Ауыл тұрғыны Айбек Оспанов бұл мүсінді төрт жыл бұрын тауып алған екен. «Мүсін үйде біраз тұрып, балалар ойнап кетті ме, бір күні жоғалып кеткен еді. Үйдің маңайынан қайта табылды. Бір жоғалтып, таптық», – дейді ол кісі. Өзі кәдімгідей ауыр.
Есік музейінде тас мүсіндерді зерттейтін ғалым бар екен, сол кісіге алып барып көрсетеміз. Профессор Тәттігүл Қартаева Мариям анаға ұқсатып отыр. Еліміз Ұлы Жібек жолының бойында орналасқандықтан, Ресейден сауда-саттық мақатымен тасымалданып, әкелінуі мүмкін екенін де айтып қалды. Мен де не мақсатпен жасалған мүсін екенін нақты топшылай алмай отырмын. Мүсін әйелдің орамалы бар. Кимешекке ұқсамайды. Орамалы тартылып байланбаған, жерге төгіліп тұр. Және көзіне, тағы басқа тұстарына аздап қара бояу жағылған. Баласын қолымен қорғап тұрған ана болып көрінді маған, – дейді мүсін жайында.
– Қарапайым адам қолдан қашай салған сияқты емес, арнайы жасалған мүсін болып тұр ғой?

– Арнайы жасалған сияқты. Әр көрген сайын жүрегіміз дір ете қалады. Тас болса да, өзінің кәдімгідей бір күші бар. Тағы бір зерттеушілер экспонаттың Құмтекейден табылғанына сүйеніп, Үйсін мемлекетінің дүниесі болуы да мүмкін дейді. Бұл өңір туралы тек аңыздардан ғана белгілі. Толық зерттелмеген. Төбе-төбе болып жатыр.
Мұндай мүсін тастың табылуы сирек кездеседі. Біздің аймақтан құлпытастар, табиғи бөлек тұрпатты тастар жиі табылып тұрады. Ал дәл осындай бейнедегі тастың табылуы Қазақстан бойынша алғаш рет шығар деп ойлаймын, – дейді маман ойын жалғастыра.
Ал археолог мамандар тас мүсіннің көне дәуірден жетпегеніне сенімді. Тағы бір болжам бойынша, христиан зиратынан алып, біреулер Құмтекей жаққа алып баруы мүмкін екенін алға тартатындар да бар. Енді бір болжам: «XX ғасырдың басында мүсін табылған өңірде ақтар мен қызылдар қақтығысы болған. Сол кезеңде патша әскері арқылы жеткен болуы да мүмкін», – дейді.
Қалай болғанда да, тас мүсін тылсым сырға толы. Құмтекейдің қойнауында әлі қанша ғасырдың құпиясы бұғып жатыр? Ол алдағы зерттеу жұмыстарының еншісінде.

ПІКІРЛЕР1
Аноним 29.08.2023 | 20:29

Ұлы жібек жолы бойында болғандықтан саудаға да қатыстырып қарау керек, білікті археологтардың зерттегені дұрыс Қуат Астана

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір