«ЕРГЕЖЕЙЛІЛЕР ЕЛІНЕ САЯХАТ» оқырманына оралды
Қай шығармасынан да сөз зергері, тұңғиық терең ой мен биік парасат иесі екені айғақталып тұратын жазушы Б.Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» хикаяты жазылғанына жарты ғасыр асса да ел назарынан тыс қалумен келеді. Бұл шығармада автор идеясы шығарма тақырыбының астарына жасырынған. Ал расында да, ергежейлілер елі бар ма? Болса қай жерде? Автор неге кейіпкер ретінде ергежейлі елін алды деген сұрақтарға жауап іздеп көрейік. Әдебиет әлемінде ергежейлілер тақырыбында жазған жазушылар аз емес. Бәрімізге таныс Джонатан Свифттің 1726 жылы шыққан «Гулливердің саяхаттары», 1951 жылы Нобель сыйлығын иеленген швед жазушысы Пер Лагерквистің «Ергежейлі» романы, төл әдебиетімізде Б.Соқпақбаевтың «Ергежейлі еліне саяхат» хикаятынан кейін жарық көрген Д.Досжанның «Ергежейлі» әңгімесі түрі жағынан алғанда балаларға арналған туынды болғанымен бәрінің де астарында саяси философия мен әлеуметтік қарым-қатынастар жайындағы өткір мазмұнды аңғаруға болады.
«Ергежейлі еліне саяхат» хикаясы автор-кейіпкердің әйел, бала-шағасын қайын жұрты Семейге бір айға жіберіп, өзі шығармашылықпен айналысу үшін үйінде қалған сәтінен басталады. Кейіпкер жаз жайлауы – балконда таңертең ұйқыдан тұрып, тіршілік қамын ойлап жатқанда кенет төсегіне бала мысық секілді заттың топ ете қалуымен басталады. Бұл түскен адам тәрізді басы, екі қолы, екі аяғы, көзі бар тура бір қуыршаққа ұқсас тіршілік иесі. Біздің аузымыз тәрізді аузы бар, үстінде адамша киген киімі бар. Онысы жай киім емес, аумаған ғарышкерлердікі. Тек бойы бір сүйем ергежейлі адам.
Олар әуелі ыммен, кейін, ергежейлінің зеректігінің арқасында екеуі еркін сұхбаттасатын дәрежеге жетеді. Автор кішкентай қонағына ыңғайлы тіршілік етуі үшін, ойыншық сататын дүкеннен үйшік, өзіне қажетті заттарды оңай тауып, сатып әкеп береді. Осыдан бастап бір үйде екі түрлі тіршілік өмір сүреді. Кейін бір айға жуық уақыттан соң балалар келіп, ойыншық екен деп тартысып, кішкентай қонақты өлтіріп ала жаздайды. Балаларынан әрең ажыратып, өлімші халден сақтап қалған иесіне риза болған ергежейлі Елдесер өз еліне қайтқан соң арнайы шақырту жіберіп, ергежейлілер еліне қонақ етеді. Алыптар еліне Гулливерден кейін табан тіреген автор – кейіпкер Елдесерден ергежейлі елі туралы сұрап-біліп алған болса да, әр қадамы мен айналасынан көргенін мұқият баяндап береді.
Шығарма желісі шағын болғанымен, ондағы әрбір детальдың атқарар қызметі өте үлкен. Алдымен автор ергежейлі елі туралы баяндайды. Шығарманың жазылу тарихына үңілсек, 1966 жылы «Қазақстан пионері» газетінде үзіндісі ғана жарияланған туындының толық нұсқасы алғаш рет 1990 жылы ғана «Жұлдыз» журналында жарық көрген екен. Туынды туралы Қ.Әбілқайыр «Бұл туынды ғаламға қатер төндірер қарумен құрсауланып, атом бомбасымен әлемге айбат шеккен КСРО-ның саясатын ашық сынайды. Сынап қана қоймай, отарлаушы империяның қабырғасы сөгіліп, шаңырағы ортасына түсетінін болжайды. Тұспалмен емес, ашық айтады, ашық жазады. Жазушының шеберлігі сол, тапқан формасы ғана оны жазадан құтқарып қалатынын байқайсыз» – деген пікірі, біздің ойымыздың да негізі бағытын тұспалдайды.
Бердібек Соқпақбаевтың шынайы суреткерлігінің айқын айғағының бірі сол, ол бұл шығармасында да өзі алуан түрлі оғаш жағдаяттарды астарлап отырып-ақ айна-қатесіз сипаттайды. Елдесерді еліне қайтарудың мәселесі хақында республика президентінің кеңсесіне соққанда, жазушы оны ұзын-сонар баяндап жатпайды да, суреттеу мен мінездеуді асқан шеберлікпен үйлестіреді, кіріктіреді. «Сәулетті зор кабинет қанша тәккаппар болсаң да өзіңнің түкке тұрмайтын ұсақ адам екеніңді ұғындырып тастағандай болады» дейтін сөйлеммен-ақ кім-кімнің де бұл кабинет иесінің алдында ешкім еместігін, сонымен қатар кабинеттің тым үлкен – ат шаптырымдай екендігін параллель бейнелейді. Кабинет иесімен берілген диалогта бірден не шаруамен келдің демей, әуелі әдебиет жағдайын сөз етуі, мосқал жастағы Президенттің жасы да, лауазымы да үлкен бола тұрып кішіпейіл мінез көрсетіп, «Не жазып жүрсіңдер? Дүниеге нендей жақсы кітаптар келіп жатыр? Халтурщик жазушылар азайды ма? Жоқ, әлде, арам шөптей қаулап көбейіп келе ме? Жастардың жай-жағдайы қалай, ешкім оларды ренжітпей ме?» – деп, сол кезеңде жазушыға деген қолдаудың жеткіліксіздігін, тұрақты жұмыс пен тұрмыс жағдайына да назар аударылмай жүрген кезін сыналай жеткізеді. Осы тұста Рымғали Нұрғалидың «Таудан түскен адам» атты естелігінде Бердібек Соқпақбаевтың Д.Қонаевқа: «Мен Қазақстан түгіл, одан зорғыға да арызданғанмын кезінде. Әділет, шындық бар екен деп. Азия және Африка жазушыларының Дүниежүзілік конференциясының атына, Ташкентке жағдайымды айтып, үйсіз-күйсіз жүргенімді көрсетіп телеграмма салам деп өмір бойы пәлеге қалдым емес пе?.» – деген пікірі жоғарыдағы пікірімізді нақтылай түсетіндей.
Автор кейіпкердің образын беруде де ойнақы да ащы кекесінді тілмен, астарлы жеткізеді. Ол қанша жерден Елдесерді үйде сақтап, қоғамнан жасырын ұстаймын дегенмен, «Елдесер жайлы хабар лезде бүкіл калаға жайылыпты. Біздің үйдің телефонына тыным жоқ… Ғылым академиясында пресс-конференция болды… Одан соң Жазушылар үйінде, журналистер үйінде Елдесермен кездесулер болды. Кездесулердің соңынан ергежейлі космонавтың құрметіне қонақасы беру – ішіп жеу…» – деп, бір сарыннан өзгермейтін, бір қалыптан шықпайтын сұрқай қоғамның қатып қалған дағдылы көрінісін «бір сипап» өтеді. Көпшіліктің қолпаштауына түскен сәтте шамасына қарамай «сілтеңкіреп жіберетін» Елдесердің мақтауды көтере алмай қалған сәтін де шынайы, әрі қоғамдағы ең жиі қайталанатын көрініс ретінде өте сәтті бейнелеп, қай кезде де көп мақталған адамның ақылынан айырылатынын памфлеттік тәсілмен мысқылмен жеткізеді. Өзі көңілшек жан, ішкісі келмесе де өтінген сөзді қия алмайды. Біз үшін оймақтай көрінетін рюмка Елдесер үшін шелекпен тең екенін ескермей, зорлық ету де оспадарсыз, ожар қоғамның әрекеті. Іші-бауырың ылжырап отырсаң да, күйіне жымиясың.
Иә, кешегі кеңестік идеология қалам қайраткерлерін еркін ойлауға жібермей, қақпайлап қай тақырыпқа салмады?! Өзінің жаны ауырған, жүрегін сыздатқан жәйттерді жазғызбай, коммунистік партияның өктем қаулы-қарарларына орай бағыт сілтеп, нұсқау беріп, өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп, «қалыптан шықпай», «тәртіп бұзбай», «өміршең» шығарма жазуға итермелеп отырғаны Б.Соқпақбаевтай салиқалы да сындарлы қаламгерге ғана бұйырған ұсталықпен түрлі штрихтар арқылы дәл береді.
Хикаятта автор кейіпкерін Елдесер деп бекер атамаған. Елдесердің ересек адам немесе бала болмай, ергежейлі кейіпкер ретінде берілуі – балалар әдебиетіне бағытталған, көркем қиялға құрылған бейне. Балалар әдебиетінде «Он алты жасар чемпион», «Балалық шаққа саяхат», «Менің атым Қожа» сынды шығармаларымен танымал жазушының «Ергежейлі еліне саяхат» хикаяты да алдыңғы туындылардың ізімен жазылған, бала қиялын дамытатын туынды ретінде қарауға болады. Жазушының кейіпкерлерін Елдесер, Жасабол деп атауының мәні бар. Кейіпкер есімінің Елдесер болуы символдық бейне ретінде елдестіруші, табиғаты, жаратылысы, дүниетанымы әртүрлі екі елдің арасын байланыстырушы деген сипатта алынған болуы мүмкін. Ал мәтінге, саяси ішкі астарына мән беріп, тереңірек үңілсек, Елдесер – алып империя КСРО мен оның құрамындағы одақтас мемлекеттердің арасындағы елші сынды. Жазушы мен Елдесердің әңгімелері арқылы этнодеформацияланып бара жатқан құндылықтарды аңғаруға болады. «Тау аға, тірі боп жер басып жүрсем, сіздің жақсылықтарыңызды ешуақытта ұмытпаймын», – деп, жыласып ажырасқан Елдесердің пейілі жасаған жақсылықтың қайтарымын жасағысы кеп тұратын қазақтың кең пейілін елестетеді.
Шығармадағы Жасабол образы – кеңестік социализмнің «Жасасын, компартия!» дейтін ұрандатуының кері әсерін сынап тұрғандай. «Мосқал жасты, дене тұлғасынан бітіміндегі әдемілікті әлі жоғалтпаған, сұңғақ бойлы, келбетті ергежейлі қалың топтың алдында оқшауырақ келеді. Бұл – ергежейлі елінің басшысы, атақты Жасабол президент екен» дейді. Өз елінің басшысы да, ергежейлі елінің басшысы Жасаболдың да мосқал кісі екенін атап көрсеткен жазушы КСРО тұсында ел басқарушы басшылардың тым қартайғандар қатарынан болатынын да қалт жібермеген:
Ергежейлі елінің астанасы – Мильдендоға барғанда алып Гулливердің ескерткіші ерекше көзге түседі. «Бұл ғажап ескерткішті көрмекке жұрт империяның түкпір-түкпірінен келеді екен» – деген жолдарды оқығанда Мильдендомыз – Мәскеу, ғажап ескерткішіміз – Кремльдегі Лениннің мавзолейі ме екен, деп қаласыз.
– Елдесер еліне жетіп, өзіне біраз уақыт қамқор болған дау ағасын еліне шақырып қонақ еткенде де, ұраншыл елдің салтын, социалистік жүйені елестетеді:
Орасан зор құрмет көрсеткен ергежейлі елінің президенті Жасаболға өзінің де жүрекжарды тілегін білдіру үшін сөзін:
– Ергежейлі халқын бақытқа жеткізуші данышпан көсем Жасабол жасасын! – деп, айқай салған ұранмен аяқтадым.
Елдесер менің әр сөзімді Ергежейлі тіліне аударып тұрған. Соңғы сөзімді аудармай, бетіме бажырая қарады.
– Мен болдым, аудар, – дедім.
– Біздің президентімізді сіздің жәбірлегіңіз келе ме?
– Қалайша?
– Пендені көзіне мақтап қолпаштау, біздің елдің дәстүрінде өте ұят мәселе. Жәбірлеп тілдегенмен бірдей сөкет кылық.
Мен әрі сасып, әрі қысылып қалдым.
– Ойбай, онда аударма! – дедім.
Осы қып-қысқа диалогта солақай саясаттың әсерінен жеке басқа табынудың мықтап миға сіңгені, уақыт өтсе де айыға алмай жүрген мінез бар.
Бір кездері Кеңес Одағының құрамындағы кішкентай көп мемлекеттердің бірі ретінде қаншама өндіріс орындарымыз бола тұрып, Мәскеудің көңілінен шығуды ғана ойлайтын, жалтақ қалпымызды да дәл бере білген: «Тау аға, бұның бәрін де біз сіз келетін болған соң сізге арнап, өз өндіріс орындарымызда жасаттық. Үстел, орындық, диван-креслоны осындағы мебель фабрикасы жасады. Мына едендегі кілемді кілем тоқитын фабрика тоқыды. Айнаны айна заводы жасады. Анау сіз ұйықтауға арналған көрпе-жастық, сіз тамақ ішетін ыдыс-аяқтарға дейін бәрі өзіміздің шеберлердің қолынан шыққаны. Мен одан бетер ғажап қалдым.
– Сіздердің өздеріңіз мұншалық кішкентай халық болғанмен, өндірістеріңіздің күші, мүмкіншілігі керемет екен! – дедім.
Жазушы Кеңес өкіметінің қайнаған тұсында жеке басқа табыну саясаты белең алып, әлі күнге дейін айыға алмайтын дертке айналып кеткенін сатиралық тілмен осылай шынайы жеткізген.
Елдесердің қалыңдығын суреттегенде: «Осы топтың арасынан талдырмаш денелі бір жас қыз жыпырлаған үлкенді-кішілі қалың жұлдыздың ішіндегі Шолпан жұлдызындай көзге оғаш шалынады. Ойпырай, пенденің де дәл мұндай сұлуы бола береді екен-ау. Әлгінің әдемілігін сыпаттап айтуға менің тілім жетпейді. Жо-жоқ ергежейлі деп, пенде деп айту лайықсыз. Ертегілерде айтылатын хор қызы, періште деген нәрсе рас болса, мынау – соның дәл өзі. Ал өтірік болса, онда әлгіндей қажетті атаулар тек осыған, осы қызға ғана берілуі керек. Жер бетінде қор қызы атануға, немесе періште болуға лайық бұдан басқа әйел заты бар дегенге мен өзім басымды кесіп алса сенбеймін. Әй, сенбеймін-ау!» – дейді. Шығарманың басында Елдесердің портретін бейнелегенде де ертегілік баяндаудан алыстамайды. «Адам қуыршақтай болған соң сұлуланып кете ме, жоқ әлде, мынау өзі сондай сұлу ма, әйтеуір, көркіне көз тойғысыз. Өң-түсінің, шашының бояулары кісі таңғалғандай ағы ақ, қарасы қара – ап-айқын. Оң жағына қисайта тараған қою шашы көмірдей қап қара. Көздері қарақаттай мөп-мөлдір. Күлімсіреген кезде маржан тістері аппақ болып жарқырап көрінеді. Екі бетінің ұшындағы қызғылт қолдан қондырылған бояу тәрізді. Оймақтай кішкене аузы сәби аузындай монтиып, еріндері жаңа пісіп келе жатқан шиедей қызғылттанып, уылжып тұр» деп, көркемдік тәсілдің шебер үлгісін бере білген. Елдесердің келесі портретін суреттегенде еріксіз езуіңе күлкі үйіріледі: «Денесінің өзге мүшесімен салыстырғанда екі саны бураның санындай жұп-жуан, тып-тығыз. Белі бикештердің беліндей жіңішкелеу. Қарны қабысыңқы да, оның есесіне иық дегенің қақпақтай, білегінің, төсінің жонарқа иықтарының бұлшық еттері түйін-түйін бөлек жүр» деп, юморлық шендестіруді шебер қолданады. Әсіресе «екі саны бураның санындай жұп-жуан, тып-тығыз», «иық дегенің қақпақтай, білегінің, төсінің жонарқа иықтарының бұлшық еттері түйін-түйін» дегені ергежейліге тән емес суреттеу болғанымен, аутор-кейіпкер кішкентай қонағының Айға ұшырылған тұңғыш ергежейлі-ғарышкер екенін сипаттағандықтан да нанымды. Адамзаттың ғарышқа ұшуы – тарихтағы айтулы оқиға болды. Шығарманың жазылу тарихына үңілсек, адамзаттың ғарышқа ұшуы мен хикаяттың жазылуы 60-жылдардың алғашқы жартысына тұспа-тұс келеді.
Б.Соқпақбаев қаламынан шыққан туындылардың қай-қайсысы да өзін жазып, өзгені ойландыратыны байқалады. Шығармада «Елдесер жөнінде бір адамға ләм-мим деп айтқан жоқпын. Жұртпен соңғы кезде, жалпы, аз араласам. Кеңседе қызмет істемеймін. Шығармашылық еңбекпен ғана шұғылданып, басқаның бәріне қолымды сілтеп қойған жанмын. Елдесер туралы елпең қағып, ешкімге айта қоймауыма бірінші себеп – осы.
Екінші себеп, мен бұл кезде өте бір тығыз жұмыстың үстінде отыр едім. Соны бітірмейінше ешқайда қия басып шықпауды, ешкіммен араласпауды өзіме міндет етіп қойғам» дейтін тұсында жазушы мен кейіпкер мінезі параллель берілген. Автор қоғамға айтқысы келген ойларын кейіпкерінің аузына салып, оқиғамен үйлестіре біледі. Бұл туралы Т.Жұртбай «шығарманың желісі фантастикалық сипатқа құрылғанымен, жазушы өз елінің сол кезде басынан өткеріп жатқан жағдайын салыстыра түйсінуге мүмкіндік бере отырып аяқталады. Алпыс-алпыс алтыншы жылдары мұндай батыл пікір айту орыс жазушыларының өзінің де қолынан келмеген тәуекел» деуі, жазушы қаламының өткірлігі мінезіндегі жалғандықты сүймейтін турашылдығынан болса керек. Сонымен қатар жазушы тілінің астарлы әзілге толы екенін шығармада әйелі екеуінің арасындағы диалогтан да көре аламыз:
– Мен қазір үйде жалғыз емеспін, біз екеуміз,– дедім.
– Ол кім тағы?..
– Осы сен менімен қосылған күннен бері бір дұрыс сөйлеп көрген жоқсың.
– Дәл осы жолғы сөзімнің дұрыстығына бәс тігуге бармын…
– Елдесер, қайдасың? Мына жеңгең келді.
Үйшіктің төкімдей есікшесі сырт етіп ашылып, Елдесер шыға келді. Әйелімнің көздері шайтан көргендей бақырайып кетіпті…
Бала психологиясын терең меңгерген жазушы әр кейіпкерінің сөзі мен іс-әрекетін бала тілімен баяндап, оқиғаны сенімді сипаттайды.
«Ергежейлі еліне саяхат» хикаятының шарықтау шегінде қоғам үшін, әсіресе қазақ қоғамы үшін өте маңызы зор мәселе көтеріледі. Ергежейлі елімен көрші, күшті империя Блефуску империясы мато кару дейтін жаңа қару жасайды. Мато қаруының бір сұмдық қорқынышты жері оны сынап жарғанда, ауа уланатын көрінеді. Ол у жанды-жансыз тіршілікке бірдей қауіпті. Осы тұста да аутор КСРО заманында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өткізгенін айтқысы келгенін білуге болады. Қазақ жерінде Семей ядролық полигоны ашылды. Бастапқы кезеңде адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын оларды жер астында жасай бастады. Автор шығармада атом сөзінің бір әрпін ауыстырып, мато деп беріп отырғаны айдан-анық. Шығарманың басында аутор-кейіпкердің әйел, бала-шағасын Семейге қайын жұртына шығарып салғаны туралы айтатын тұсы бар. Сондағы Семей деп атауы көркем деталь. Демек, автордың жұмбақтап, Семейді атап өтуі, мато деп атомдық бомбаны беруі емес пе, деген ой сөзсіз ойға оралады. «Жасабол «Не өмір, не өлім» деген кітап жазады. Екі империя да өз көрлерін өздері қазып жатқанын; енді соғыс болса, жеңуші болмайтынын: екі елдің екеуі де бірдей құритынын дәлелдейді» – деп, автор тағы да болашақты болжап, елдің ертеңіне алаңдаған идеясының шығармадан өте маңызды орын алғанын аңғармау мүмкін емес.
Жазушы-кейіпкердің шығармада жиі қолданатын сөзінің бірі – «елбасы» сөзі. Біздің тілдік қолданысымызда «елбасы» сөзі тәуелсіздік алғаннан кейін жиіледі. Бұл шығарманы 50 жыл бұрын емес, қазіргі уақытты болжап, бүгінгі күнге арнап жазғандай: «Ергежейлі елінде жұмысшы мен шаруаға құрмет ерекше. Бұларға не нәрсе болса да кезексіз босатылады. Бірінші елбасының алатын жалақысы ең озат жұмысшының алатын жалақысымен қарайлас… Партия бұл елде жоқ. Басқару қызметіндегі адамдардың барлығы тек сайланып қойылады. Әр коллектив өзінің жұмысы үшін өзі жауап береді. Біреудің үстінен біреу жоғарыға арыз айту, шағымдану, сөйтіп, өзінің де, өзгенің де басын қатырып, миын шағып, әуре-сарсаңға түсу кездеспейді.. Қылмыс бұл елде жоққа таяу. Өйткені қылмыс істеген адам жазаланбай қалмайтынын біледі. Зандары қатал да, әділ. Ешкімнің даңқ дәрежесіне, өткендегі қызметіне қарамайды… Ергежейлі елінде бүкіл жазушыны бір орталыққа бағындыратын ұйым жоқ. Әртүрлі бағытта, әртүрлі сыпатта көптеген газет-журналдар шығып тұрады… Кім не жазам десе, еркі. Қаламақы сол кітапты сатудан түскен пайданың мөлшеріне қарай төленеді. Қандай кітап болмасын, әуелі аз ғана тиражбен шығарылады. Жұрт ұнатып, талап алып жатса, үстін-үстін шығарыла береді. Жұрт алмаса, еселеп басылмайды…». Б.Соқпақбаевтың бұл көтерген мәселелері бүгінгі күнде де өзектілігін жоймаған, деформацияланған құбылыстарға қайта назар аударуды қажет ететін, ойлы оқырманын тебірентіп, толғандыратын туынды.
Хикаятта ұлттық құндылықтарымыздың әлсіреп, салт-дәстүрлеріміздің этндеформацияланып бара жатқаны жазушы қаламынан таса қалмайды. Бүгінде отбасын құратын қыздар мен жігіттердің жасы ұлғайып бара жатқаны, қыздардың кәмелеттік жасқа жетпей, байқаусыз ана атанып жатқаны жасырын емес. Ергежейлі елінде қыздарға жасы екі жүз он алты, ұлдарға жасы үш жүз он айға толмай некеленуге рұқсат жоқ. Бұл дегеніміз – қыздар 18 жаста, жігіттер 25 жаста некелесуге болады. Оған дейін «бойжеткен қыздар күйеуге шықпас бұрын арнайы курстан өтіп, аналық паса (диплом) алуы шарт. Онда (курста) олар үй ұстай білуді, тамақ істеуді, киім тігуді, бала күтуді, күйеуімен сыйласуды, қонақ қабылдауды, т.б. үйренеді. Ол кім көрінгенге берілмейді. Белгілі бір мамандыққа ие болған, отбасын бағуға шамасы келетін дені сау, ақыл ойдан кемшілігі жоқ жігіттерге беріледі. Алды-артын ойламай, сүйдік-күйдік деп, бүгін некелесіп, ертең ырың-жырың ажырасып жүру бұл елде кездеспейді екен». Бұл талаптардың бәрі отбасын құруға дайын емес ұл-қыздарымыздың некесінің баянды болмауынын жауабын осылай береді.
Бердібек Соқпақбаев әдебиет тарихында балалар жазушысы атанғанымен, бұл шығармасында ересектер ескермейтін елеулі істерді сынға алып, боямасыз өмірді баяндайды. Бұл шығарма жанрының ерекшелігінен болса керек. Хикаятта уақиғалар мен адамның ақыл-ой, мінез-құлқы, жан толқыныстары, тағдыры, қарама-қайшылықтары, қоғамдық тартыстардың мәні бүкпесіз ашылады. Жазушы осы бір ғана туындысына бір ұлттың әл-қуатын, ұлттық танымы мен саяси қауқарын сыйғыза алған. Жарты ғасырға жуық жарық көрмеген туындыға «солақай» саясаттың әсерінен әдебиетшілердің де тісі батпағаны анық. Бүгінде әлемдік бестселлер шығармаларды қазақшалап оқуға қызығушылық көп. «Ергежейлі еліне саяхат» туындысын әлем тілдеріне аударсақ, бестселлер шығармалар қатарынан орын алады.
Роза Есбалаева,
Түркістан қаласындағы
ХББ НЗМ мұғалімі