«ӘМИНА ТҰРАННЫҢ КӨШПЕНДІЛЕР ЕЛІНЕ САЯХАТЫ»
01.02.2023
422
0

Зәуре Төреханның біз сөз еткелі отырған кітабында Әмина атты 12 жасар кішкентай қыздың басынан өткізген шытырман оқиғалары керемет әңгімеге арқау болады. Көне заттар сататын дүкеннен әжесі екеуі сатып алған кішкентай тасбақа бейнесіндегі сандық арқылы Әмина өзге кеңістіктер әлеміне жол тартады. Ол өзінің «Әлемдер арасын байланыстратын» екі тасбақасын қуалай іздеп жүріп, Шәмсі атты сиқыршы шалдың тегінде жыннан асатаяққа айналдырған «таяғын» ұрлап кетеді. Сиқыршы шал Әминаға осы жынды қалай қолына қондырған ұзақ әңгімесін баяндап береді.

Әңгіме арасында өзімізге таныс Алтын орда, Сығанақ, Фарап қаласы, Бату хан, Сақтар, Алтын адам, Тиграхауд тай­пасы секілді тарихи атаулар қолданылып отырады.
Фараб қаласындағы Ғазиз баба атты ұлы оқымыстыға шәкірт болған сиқыр­шы шал «Көшпенділер әлемінің таңғажайып мақұлықтары» сияқты құпия кітап­ты Ғазиз баба өмірден озған соң оның үйінің жер асты бөлмелерінен тауып алады, аса мол кітап қорына ұшырасады. Кітапта айна, алтын жіп, алтын ине сияқы заттар өзінің құдіретін көрсетеді. Сиқыршы шалдан Әмина жақсылық жасап құтқарып алған Нәдіршолақ атты жын Әминаға көмектесетін болып, оған Айдаһар кемпір жүктеген міндетті орындай аласың деп сенім білдіреді. Ал бұл міндеттің бәрінен ол шақта Әмина мүлдем хабарсыз еді. Бұдан ары Әмина Тұран қос Алмалық шаһарына келеді, ол жерді қаншама жылдан бері күйзелісте ұстап келе жатқан өзі ұшырасқан әлгі Шәмсі сиқыршы шал екенін жиналған жұрттан біледі. Шаһардан Мәлике, Ділда секілді айнымас достар тапқан Әмина Ұлы құрылтайға қатысып, құрылтайдағы шешім бойынша шаһарға қауып төндірген темір өндіретін Шойынқұлақ дәулерді жою үшін керуенмен Теміртауға аттанады. Шойынқұлақтарға апарған асы аз болып қалғандықтан, Шойынқұлақ ондағы адамдарды жанына байлаған қапқа салып алып кетеді, тек сиқырлы аю терісін жамылған Әмина ғана аман қалады.
Бұдан кейінгі тарауда қос Алма­лық шаһарын ежелден бері күзетіп, аңдып жүретін, Теміртау үңгіріндегі Шойынқұлақтың сенімді хабаршысы қарға-кемпірдің құмалақ салатын адам кейпіне еніп, бас уәзірге ұлының тағды­рын болжап құмалақ салған көріністері суреттеледі. Шойынқұлақ дәу ұстап алып, үңгірге апарып қамап тастаған Тұрғынбай бақсы, Орақ, Сапар, Ыдырыс уәзір, Қамбар ұста, Берен батыр, Естеми бек, Омар Батыр, Әмина барлығы үңгірден мың бір машақат көріп жүріп, қашып шығады.
Осы тарауларда дәулердің басқа ғалам­шардан келгені, олардың ішкі бас­қару құрылымы, байлықты үңгірге жинап жатқаны, олардың арасындағы өзара қайшылықтар туралы да әңгімеленеді. Үңгірден аман-есен қашып шыққан Әмина тобы дәулердің құпия үңгірін қарға-кемпірдің нұсқауымен іздеп тауып, онда қамауда жатқан Қарға-кемпірдің үш қызы мен аса қасиетті «Тағдыр кітабын» қолға түсірмекші болады. Шатқалда бұларды қуып жетіп, ұстамақшы болған Темір мен Қара атты дәуді Естеми Тұрғынбай бақсының берген сиқырлы дәрісін ішіп, дәуге айналу арқылы олардың арасына от жағып, бірін-біріне өлтіртіп дәулерді жеңеді. Бұдан соң Әминаның достары Сұлуке мыстан кемпірдің зынданына түседі. Бұл арадан Тұрғынбай бақсының құмырсқа қаптатып жіберу әдісімен Сұлуке мыстан мен оның екі қызынан әзер құтылады. Соңғы тарау­ларда Әмина және оның достарының жарым-жартысы аман-есен Алмалық шаһарына оралады, Қарға-кемпірдің үш қызы да аман-есен құтқарылады…
Кітап соңындағы баяндауда шығарманың әлі жалғасы, соңы бар екені кейіп­кердің аузымен анық айтылады.
Жалпы шығармада қасиетті Бәйтерек, Дәулер, Мыстан кемпір, бақсы-батырлар, хан мен бектер, уәзір мен билер сияқты өзімізге таныс, сыралғы образдар баршылық. Сонымен бірге ұшатын Қарға-кемпір, сиқыршы Шәмсі шал, жындар (Нәдіршолақ), Ұшатын жолбарыс-қасқыр сынды құбыжық аңдар, т.б қазақ ертегілерінде көп ұшыраса бермейтін образдар да мол.
Кітап оқиғасының ең тартымды, қызықты тұсы – басқа ғаламшардан келген дәулердің өмірі, олардың адамзат әлеміне келген кездегі мақсаттары, ой-жоспарлары, барлығы нанымды, тамаша суреттелген. Кітаптың оқиғасы аса бай, бір сюжет келесі бір сюжетпен жігі ашылмастай болып бекітілген, балалар мен жасөспірімдерді қиялдың көгілдір мұхитына тоғытатын нағыз ұлттық жанрдағы роман-фэнтези деуге болады. Аталмыш шығарма қазақ аңыз-ертегілеріне, мифтік образдарға қызығатын ересек оқырмандар қомақты олжа деп ойлаймыз. Сүйкімді, қайырымды Әмина образының өзі балаларға тәрбиелік, танымдық әсер береді, оның жүріп өткен жолдарынан ерліктің, тәуекелшілдіктің өнегесі жарық шашып тұрады.
Қазақтың таңғажайып роман-фэнтези орманын аралап көргісі келген жан осы кітапты бір ақтарып шықса ұтылмасы анық деп білеміз. Сіздер де оқыңыздар, жақсы кітапты оқып, жақсы ойды неге бөліспеске!

P.S:
«Әмина тұранның көшпенділер еліне саяхаты» кітабы Есей Жеңісұлы мен Назгүл Қожабектің аудармасымен 2022 жылы «Steppe & world» баспасынан жарық көрді. Редакторы – Балғын Әділбаева.

Ерзат ЕРКІН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір