ЯКУТИЯ Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат
Өткен жылғы қоңыр күзде жазушы Әлібек Асқаров әріптестерімен бірге Саха (Якутия) Республикасына барған сапарының ізімен осы тақырыпта қазақ оқырмандарына арнап танымдық кітап жазып шығыпты. Үстіміздегі жылғы сәуірдің аяғында Астанада жоспарланған Еуразиялық кітап жәрмеңкесінде Якутиядан келетін қаламгерлердің қатысуымен кітаптың таныстырылымы өтпекші. Біз газет оқырмандарына сол кітаптан («ЯКУТИЯ. Ақ қар, көк мұз әлеміне саяхат») үзінді ұсынып отырмыз.
…Сахалардың да түркі жұрты, қазақтың бір туысы екенін біз жалпы ғана білетінбіз. Олардың тегі азиялық болғанымен, бәрінің түрі домаланған ботқа бет болып келеді-ау деп ойлайтын едім. Сөйтсек, саха ағайындар өзіміздің қазақтан аумай қалыпты. Әсіресе қыз-келіншектері айдай нұрлы, аппақ мүсінді, бірөңкей қылыш қас, мойыл қара көздер. Ер Тарғынның Ақжүнісіндей «қара жерге қар жауар, қарды көр де етім көр. Қар бетіне қан тамар, қанды көр де бетім көр» дейтіндей үлбіреген ақ торғын бикештер. Ақша беттеріне жел тимеген, көз шағылыстырған сүйріктей сүйкімді арулар. Күнге күйіп торланбаған, бояу жағып борланбаған, көз тартқан көркі, көңіл тартқан қылықтары бар сүмбіле сұлулар!
Қысқасы, осы сапарымызда территориясының көлемі қазақ жерінен де үлкен, о шеті мен бұ шетіне ұшқан құстың қанаты талып жететін ұлан-ғайыр Якутияның бәрін аралап үлгермесек те, осы ел туралы жан-жақты түсінік алатындай жағдайда армансыз қыдырып қайтқанбыз. Кейбір қаламгер әріптестердің «үйрек ұшып, қаз қонған сулы мекен, жасыл желегі жайқалған нулы мекен» деп жазып жататын бейнелі сөзі нағыз осы Якутияға арналған сияқты. Бұл елдің аумағында 700 мыңға жуық өзен, 800 мыңның үстінде суы шалқыған, балығы шоршыған мөлдір көлдер бар екен.
Якуттардың Ленасы Амазонка, Ніл, Миссисипи сияқты ұлы өзендермен теңесіп, оңтүстіктен солтүстікке 5100 шақырымға қырық бұратылып, ирелеңдей созылып жатыр. Ресейдің мақтанышы Волга мен Амур өзендері де ұзындығы жағынан Ленаға ілесе алмайды. Лена дариясының көгілдір сағымға оранған әсем көркін тамашалап, өзен бетінде шулаған шағалаларды қызықтап, жағалауда паром күтіп тұрғанбыз.
– Сауытбек Әбдірахманов деген менің досым осыдан біраз жыл бұрын іссапармен Якутияда болып қайтыпты. Мен осы жаққа сапарға шығарда «Лена өзенінің арғы жағалауы көрінбейтін тұстары да бар екен, сен соны да көріп қайтарсың» деп тапсырып еді? – дегендей, бастаушымыз Валерий Луковцевқа екіұдай сөз тастағам.
– Иә, ол кісі дұрыс айтады… Арғы жағалау дәл осы біз тұрған тұстан да көрінбейді! –деді Валерий жайбарақат қана.
– Неге олай дейсің? Әне, алыстағы көкжиекте жіптей сызылып арғы жағалау еміс-еміс көрініп тұр ғой?
– Е, анау ма? Ол жағалау емес, өзеннің ортасындағы қара бұта өскен ұзын арал. Жағалау оның арғы жағында да біршама жерде, жағалау сізге бұл арадан көрінбейді.
– Мәссаған! Өзен емес бұл жерде теңіз ағып жатыр десеңші!
«Апырмай, – деп ойладым, – біздің асау Ертісіміз мына Лена-дарияға қарағанда бұлақтай ғана екен ғой!»
…Сол бір ерте дәуірлерде тұңғиық түпсіз космостан әлдебір алып комета планетамызға келіп соқтыққанға дейін Жердің атмосферасы мүлдем басқаша болыпты. Атмосфера қабатының қалыңдығы сондай, масаты кілемге құндақтағандай Жер шарын мақпал жылылықта ұстап тұрған екен. Амал нешік, зымырандай зырқырап, маңайына алапат от шашып, бірнешеге бөлініп көктен құлаған алып комета Жерге секундына 70 км жылдамдықпен соғылған. Кометаның орасан зор екпіні тудырған жойқын дауыл Жер шарын көмкерген тығыз атмосфера қабатында шыркөбелек құйын тұрғызып, оның жарымын космосқа ұшырып жіберіпті. Кенеттен соққан бұл сұрапыл зауал жердің климатын да, ондағы тіршілік иелерін де бір-ақ сәтте басқа арнаға бұрып, құрлықтың бет-бейнесін аз уақыт ішінде танымастай өзгертіп салады. Якутия мен Алясканың орман-тоғайында, тау мен даласында миллиондап өріп жүрген алуан түрлі жануарлар дүниесі көктен түскен кеселден түгелдей опат болады.
…Есте жоқ ескі замандарда теңіздер мен мұхиттар ғана емес, шетсіз, шексіз созылған апайтөс құрлықтарды да мұз басып қалғанын алуан түрлі ақпарат көздерінен талай оқығанбыз. Миллиондаған жылдарға созылған ондай мұз құрсаулары Жер шарын қатты суытып жібергенін, соның салдарынан құрлықтарды мекендеген жан-жануарлар жаппай қырғынға ұшырап, жойылып кеткенінен де хабардармыз. Өзі жаратылғаннан бері Жер жарықтық 10 мәрте жүздеген миллиондарға созылған, 20 рет ондаған миллион жылды қамтыған қысқа уақыттағы «мұз басу дәуірлерін» басынан өткеріпті. Біз жиі мысалға келтіретін соңғы «Мұз дәуірі» бұдан 2 млн жыл ғана бұрын болып өткен, былайша айтқанда, ауыз толтырып айтуға да жарамсыз болмашы ғана құбылыс екен. Сөз етіп отырған бұл соңғы Мұз дәуірі – Жер дамуының төрттік кезеңінде өтіпті. Палеонтологиялық зерттеулер ол дәуірдің тым қысқа болғанын, бар-жоғы 700 жылға ғана созылғанын дәлелдеп берді. Осы қысқа кезеңнің өзінде ақ қар мен көк мұз Жердің 40 мың квадрат шақырымнан астам бөлігін құрсаулап, құрлықтың төрттен бірін бірнеше километрлік қалың мұз қабатымен мақау қымтап үлгерген, қара жерді көрсетпей тұмшалап тастаған. Мұз дәуірлері қоршаған атмосфера қабатын жаңартып, климатқа тигізген айтулы әсерімен бірге, Жердің магниттік полюстерінің жылжуына, жануарлар дүниесінің жаңаша түрлерінің пайда болуына, олардың климатқа қарай бейімделіп, түрленіп отыруларына зор ықпал еткен. Дәл осы төрттік дәуір Якутияның шығысы мен оңтүстігіндегі тау массивтерінің көтерілуіне, жер рельефінің күрт өзгеруіне, жаңа өсімдіктер дүниесінің пайда болып, өзен арналарының жаңаруына да әсері тиіпті. Бүгінгі бәріміз көріп жүрген тау шыңдарындағы аппақ мұздықтар, жер астындағы ондаған-жүздеген метр тереңдікке кеткен мәңгі мұз тоңдар – сол соңғы Мұз дәуірінен қалған «табиғи мұралар» деп білген жөн.
…Саха халқының ауыз әдебиетінде мынадай бір аңыз бар. Ерте ерте ертеде жер-жерге қымбат металдар мен гауһар тастарды таратып жүрген Құдай тағала Якутияның үстінен ұшып бара жатқанда суықтан саусақтары тоңып, оны уқалап жылытам дегенде, оқыста қолындағы қоржынын түсіріп алыпты. Көкзеңгір биіктен құлаған лағыл тастар мен металдар, алуан түсті жауһар байлық тау мен тасқа, сайын далаларға, шексіз тундраға бейберекет шашылып кетіпті.
Бұл аңыз саха жері қазба байлығының көптігін, қымбат металл мен асыл тастары мол екенін аңғартқан тәмсіл болса керек. Расында да кең көсіліп, мол пішілген бүгінгі Якутия территориясынан қазба байлықтың 80 түрі табылып отыр. Бүгінгі күні Якутияны «Ресейдің қазына қоймасы» деп те атайтынын естідік. Олай дейтіні – осы мемлекеттің алмаз өндірісінің 20 пайызы, алтын кен орындарының 40 пайызы Якутия жеріне тиесілі екен. Мәңгі мұз бен тоңның әсерінен бұл өлкеде әлемдегі аса сирек минералдар мен қымбат тастардың қоры жақсы сақталып қалған. Мысалы, чароит, көгілдір нефрит, вилюит, ахтарандит, якутит секілді тастар тек осы өңірге ғана тән. Мамандар қызылды-жасылды сәуле шашқан мұндай лағыл тастардың бұл жақта 50-ден астам түрі барын айтады.
Жер асты қазба байлығы шаш етектен бұл халықтың жағдайы қалай? Жеті қат жер астынан шығып жатқан Мирныйдың алмазы, басқадай қымбат металл, асыл тастарда сахалардың үлесі қанша? Сонау бір жылдары өзінің қазағы туралы әулие Шер-ағаң айтқандай, саха бауырларымыз да алтын мен асылдың үстінде жалаңбұт отырмаса бопты.
…Якутия – Ресейдің ғана емес, Жер жүзіндегі суық аймақ ретінде айғайлап аты шыққан, ақырған аязымен дүрілдеп даңқы шыққан республика ғой. Соның бәрі бос дақпырт, алып-қашпа қауесет емес, шындық әңгіме екеніне осы сапарымызда біз де көз жеткізіп, көңілге түйіп қайтқанбыз. Якутиядағы жиі айтылып, жиі тіркеліп жүрген аяздың орташа температурасы – 68 градус төңірегінде. Ал Оймякон ауылында ресми тіркелген ең төменгі температура – 71.2 градусты көрсетіпті. Бұл – елді мекендегі метеорологтар ресми тіркеген суықтық. Ал анау алыстағы сеңгір таулардың бетіндегі, желдің өтіндегі аяз қандай екені бір Құдайға аян!
Якутиядағы жаз қызығының желігі тым келте, жылы күндердің ғұмыры қысқа – екі жарым ай ғана. Осы айларда ауа температурасы 30-35 градусқа дейін көтеріледі. Маусым айында күн 20 сағат бойы батпай, табағы қып-қызыл болып көкжиекте дөңгеленіп тұрып алады. Есесіне, қыс 8-9 айға созылады. Якутияның қысы суық қана емес, сықырлаған құрғақ та. Әдетте қыс айлары еңсеңді боз тұман басқан бұғыңқы, алагеуім бұлыңғыр, сағым ойнап, мұнарлана мұң шақырған ұзақ-сонар күндерге толы емес пе…
…Күндегі 40-45 градус суық бұл елдің тұрғындары үшін үйреншікті жағдай сияқты. Беттерін тұмшалап алып, томпаң қағып жұмысқа бара жатқандары. Ал түн баласындағы аяз әдетте 60 градустан асып түседі екен.
Бір қызығы, біздің ғимараттарда әдетте екі есіктен ғой, жазда екеуін де туралап ашып кіре бергеніңмен, қыс айларында екеуі екі жақта болады… Алдымен біреуін ашасың, айланып барып келесі шеттегі екіншісіне кіресің. Ал Саха елінде әлгіндей есік үшеуден болатынын көрдік. Алдымен мына шеттегі сыртқы есікті ашасың, оған кірген соң айналып келесі шеттегі есікке енесің. Одан қайта айналып үшіншісіне кіресің. Мұның бәрі есік ашылғанда сырттағы суықты ғимарат ішіне мейлінше аз кіргізу есебінен жасалыпты.
Жұмысқа жаяу бара жатқан адам қаншалықты қабаттап жылы киінсе де, қаншалықты суыққа шыдамды болса да 50 градустық аязда 15 минуттан артық көшеде жүру денсаулыққа қауіп деседі. Сондықтан көше бойындағы мекемелердің бәрінің есіктері адамдар үшін ашық. Жаңағыдай үш қабатты есікті ашып кіріп, жан шақырып, келесі мекемеге жеткенше шыдайтындай бой жылытып алған соң ғана көшеге қайыра шығасың. Жұмысыңа да осы ретпен мекемеден мекеме, дүкеннен дүкен аралап жүріп әупірімдеп жетесің.
Тірі организм үшін суық климат қашанда қолайсыз фактор. Біздің елімізде қыста ауа температурасы 25-30 градусқа төмендесе болды – мектеп оқушылары үйден аттап шықпай, қашықтан оқу жүйесіне көшіп жатады. Кейінгі жылдары бәріміздің өмірімізде «онлайн сабақ өткізу» деген жаңаша дәстүр пайда болды ғой. Қызық үшін айтайық, Якутск қаласында мектеп оқушыларына арнап мынадай «нұсқаулық» бекітіліпті: 1-4 сынып оқушылары минус 45 градус суықта; 5-8 сынып оқушылары минус 48 градус; 9-11 сынып оқушылары минус 50 градус аязда мектептен босатылып, онлайн форматқа көшіріледі екен.
Бірде 45 градус аязда алтын асықтай бір бүлдіршінді қолынан жетектеп көшеде кетіп бара жатқан жас әйелді байқап қалған едік.
– Ана бүлдіршінді аязды таңда қайда апара жатыр? – деп біз таңданайық.
– Қайда болушы еді, балалар бақшасына апара жатыр, – деп жауап берді ол жақтағы Айсена Тимофеева әріптесіміз.
– Осындай қақаған суықта да балалар бақшасы жұмыс жасай ма?
– Жастар таңертең жұмысқа барады, баланы тастап кетер жер жоқ болса, аязда да амалсыз баланы бақшаға сүйрелейді, – деген жауап алғанбыз.
…Қазір бірін-бірі азар ұғысатын түркі халықтарының тілдері заманында бәріне түсінікті ортақ тіл болған екен. Түркілердің дәуірлеген сол бір жарқын замандары, алтын ғасырлары сағынышқа айналып, енді қайтып келмеске кеткендей.
Осы ойымыздың өкінішті мысалы – біз бүгінде саха жұртының жалпы санағы мен кейбір сөздерін ғана түсінетін жағдайдамыз. Сөйтіп, ағайындарымызбен арамыз географиялық жағынан да, тіл жағынан да алшақтап, бөтенсіп бара жатқанымызды мойындамасқа лажымыз қайсы?
Ертеректе түркі тілін білген адам анау Қытайдан Солтүстік Африкаға дейінгі аралықты еш қиналмастан, кездескен жұртпен қоян-қолтық араласа жүріп, емін-еркін жолаушылай беріпті. Француз тілін білу арқылы қазір бүкіл Еуропаны аралап шығуға болатыны сияқты, ол замандарда түркі тілі де бәріне ортақ, көбіне түсінікті болған деседі. Қысқасы, осы ұлан-ғайыр аймақты мекендеуші түркі халықтарының тіл жөнінен айырмашылығы шамалы екен. Тілдің түсінікті, ортақ болуының арқасында түрлі халықтар бір-бірімен сауда-саттық жүргізіп, алым-берімін жасап, ағайындасып араласып-құраласып тұрыпты. Шын мәнінде сахарадай созылған бұл кең өлке – ортақ бір тілде сөйлейтін тұтас территория болған деседі.
Он тоғызыншы ғасырға дейін осы алып территорияны мекен еткен түркі халықтарының жазу-сызуы ортақ болғандықтан, сол замандардағы жазушылар мен ғалымдардың кітаптары да түркі тілінде басылған ғой. Сонда дейміз-ау, арада өткен 200 жыл ішінде түркі халықтары сиыр таңдайланып, қырық шаққа бөлінетіндей бастарына не күн туды екен? Түркі бабаларымыз қай кезде, қалайша, не себептен уыздай ұйытқан тілдерінің тұтастығын жоғалтып алды?
Көкіректі қыжыртқан бұл сұраққа 1933 жылы Париж қаласында жарық көрген «Идель-Урал» атты кітап жауап бергендей… Кітаптың авторы –Повольже мен Орал маңындағы халықтардың ұлттық қозғалысы көсемдерінің бірі – Аяз Ысқақ деген қайраткер ғалым. Аяз Ысқақтың зерттеулеріне қарағанда, түркі халықтарының жазу-сызуын араб алфавитінен латынға ауыстыру жөніндегі ұмтылыс, тіпті сонау Николай патша заманында, яғни он тоғызыншы ғасырдың соңы мен жиырмасыншы ғасырдың басында қатты қолға алынған сияқты. Бірақ 1906 жылы түркілердің бір топ зиялы адамдары бұл реформалық ұсынысқа үзілді-кесілді қарсы шығып, нақты дәлелдерді көлденең тартып, ол алфавитті тоқтатқызып тастапты.
Патшадан қалған мұраның бәрін тәрк етіп, ескі заманды қаншалықты жек көріп тұрса да, большевиктер әлгі бастаманың шаңын қағып, қайыра көтеріпті. Жаңартып-жаңғыртып, түрін айналдырып, әрлеп-бояп, проблеманы мейлінше тереңдете түсіпті. Қысқасы, олар өздерінің әйгілі ұраны – «бөліп ал да билей бер» ұстанымын дәл осы мақсатта аса тиімді пайдаланғаны байқалып тұр. Алысты көздеген осы ұстаныммен, большевиктер Ресей территориясында қанша түркі тайпалары болса, сонша бөлікке бөлу, сөйтіп, әр тайпаны жекелеу сойқанын бастап жібереді. Содан бастап тарихы еншілес, тағдыры ұқсас, тілі ортақ бауырлас тайпаларды жеке-жеке ұлт ретінде қарастыру, бір-біріне үш қайнаса сорпасы қосылмайтын бөтен халықтар ретінде насихаттаудың жойқын үрдісі белең алады.
Бұл үрдіс 1926 жылы Бакуде өткен түркологтардың құрылтайында басталады. Яковлев деген Мәскеуден келген арнайы өкіл негізгі баяндаманы жасап, түркі халықтарын 27 ұлтқа бөліп тастайды. Бұл – большевиктер билігінің түркі тілдерінің тұтастығын жоюдың жойдасыз әрекеті, түркі халықтарының арасын ашудың алғашқы қадамы болатын. Большевиктер орыстың 27 әріптен тұратын алфавитін түркі халықтарына күштеп таңғысы келгенімен, бәрібір түркілердің сөйлеу мақамын жеткізе алмай қиналады. Ақыры, өзге түркі ағайыны оқи алмайтындай етіп, әр халыққа әрқилы қосымшалар – акаут, умляут, гачек, тильда, макрон, бревис, циркумфлес, гравис, огонэк, седиль сияқты алуан белгілерді қосу арқылы, бірін әріптің үстіне, бірін астына жапсырумен бұл мәселені де «шешіп» тастайды.
Осы оспадар шешімге қарсылық көрсетіп, 1928 жылы Қазан қаласында өткен түркологтардың кезекті құрылтайында бір топ ғалым латын алфавитін бір ізге салған жаңа жобаны ұсынады. Бірақ бұл ұсыныс түркі халықтарын зиянсыз жәндіктей көріп жүрген большевиктік билік тарапынан «контрреволюциялық» деп танылады да, үзілді-кесілді қарсылыққа ұшырап, қабылданбай қалады. Мұндай өзімшіл дербестікті большевиктер қашан кешірген, жобаның қабылданбай қалуы өз алдына, оны ұсынған санасы сергек, ойы озық түркі ағайынның бір қарасы ұсталып, ол алфавиттің ақыры қуғын-сүргінге ұшыратады.
Түркілік алфавиттің бір-біріне ұқсамастай әртүрлі болуына большевиктік билік айрықша мүдделі еді. Өйткені олар болашақты, Империяның ертеңгі күнін сұңғылалықпен болжап-білген сияқты. Олар өстіп түркі халықтары келешекте ортақ мектеп, ортақ әдебиет, ортақ мәдениет жасай алмауын өздерінің басты мақсаты еткені байқалады. Тарих жолының да қыстың қырық құбылған күні сияқты қиралаң екенін осыдан-ақ білуге болады.
Амал жоқ, ақыры бір-бірімен тіл арқылы жақындасу, ортақ мектеп, ортақ тарих жасау мүмкіндігінен түркі ағайындар мүлдемге айрылады.
* * *
Шынын айтсам, бақсы мен балгерге сене бермейтін жанның бірі – мен едім. Бұл жөнінен Кеңестік дәуірдің идеологиясы мектепте де, университетте де миымызға мықтап құйып тастаған, қып-қызыл коммунист, аппақ атеист едік қой. Содан да санадан тыс паранормальды құбылыстың бәріне сезікпен, күдікпен қараймыз, әрдайым сенімсіздік танытып, осқырынып тұрамыз, үркіп тұрамыз. Якут елінен аттанар соңғы күндердің бірінде достарымыз: «Бізде ұлы шаман бар, соның алдынан бір өтіп қайтсаңыздар қайтеді?» – деп қиылған соң, әйтеуір ел мен жерді аралап жүрміз ғой, ондай қызықты да көре салайық дегенбіз.
Айтқан шамандары Лена дариясының арғы жағында, пәлен деген алыс ауданда, түген деген тайганың қалыңындағы бір ауылда екен. Оқасы жоқ, тұтас бір күнімізді арнап, көлігімізді селкілдетіп арнайы іздеп бардық шаманға. Ауылдың шетіндегі Сібір стилінде салынған еңселі қарағай үй екен, түс ауа жеткенбіз. Қалған үшеуміздің жүрегіміз дауаламай, алдымен бастығымыз Нұрлан Исабековты («Фолиант» баспасының құрылтайшысы. –ред) қарсыласқанына қарамай, «желкеден итеріп» ішіне кіргізіп жібердік. Бастық қашанда соңына ерген жұртына жөн көрсетіп, жол бастағаны жөн емес пе? Біздің сылтауымыз да, дәйегіміз де осы болатын…
Арада жарым сағаттан соң құр атқа мінгендей жадырап, Нұрлан аман-есен шықты да, имене басып мен кірдім. Төр басында иығына гүлді салы оранған әдеміше кемпір отыр. Кемпір деуге де келмейді, жасында көрікті болған, қазір алпыстар шамасындағы егде әйел. Өзі ишарамен көрсеткен қасындағы орындыққа барып жайғастым. Қазақстаннан келгенімді айтып жатырмын. Шаман болымсыз басын изеді де, менің қолдарымды алақанына қысып, көзін тарс жұмған бойы біршама уақыт төмен қарап, үнсіз отырып қалды. Біздегі дұға оқыған сияқты іштей бірдеңе деп күбірлегендей көрінді. Бір кезде көзін жарқ еткізіп ашып жіберіп, кекжең еткізіп басын көтеріп алған. «Сіз жазушысыз ба?» деді таңғалғандай. Мен де шаманның оқыс үн қатуынан сасып қалсам керек, «иә, жазатыным бар» дегендей бірдеңені күмілжігенім есімде. Шаман менің өн бойымды бір шолып өтті де, тағы да көзін тарс жұмып, төмен шұқшиып үнсіз қалды. Не заматта қолымды босата бере, бойымдағы өмір бойы аннан-мұннан жинап терген сырқатымның бәрін айнаға қарағандай сайрап берді. Әрине, жасымыз біразға жетті, шындап, шұқшиып іздеген жан қашанда бізден құр қайтпайтыны рас, әйтеуір бірдеңе табады ғой… Әлі де ештеңеге сенбей, шаман әйелге сынай қарап отырғам, сәл жалған айтса «мынауыңыз өтірік» деуге әзір едім. Олай болмады, шаман қолмен қойғандай, көптен бері мені емдеп жүрген таныс дәрігерімдей үстімнен дөп түсті. Өз құлағыма сенерімді де, сенбесімді де білмедім, советтік санадан арылмаған мына мені шаман тырп еткізбеді, еріксіз мойындатты. Дүдамал кейбір сырқаттардың алдын алудың амалдарын айтты, емделудің жолдарын көрсетіп, төрдегі үлкен қабырғаны тұтас жапқан шкафтан әлдебір өсімдіктің тамырын алып, орап-шымқап, маған ұстатып жіберді.
Шаман әйелдің көріпкел құдіретіне бас имеске менде амал қалмаған!
Саха жұртында «шаман көздегіні ғана емес, көңілдегіні де көреді» деген мағынада мәтел бар екен. Халық айтпайды, айтса босқа айтпайтынына осы сапарда біздің тағы көзіміз жеткендей болды…
Әлібек АСҚАРОВ