Ғажайып саяхат
Жуырда «Мерей» баспасынан Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Қонаев атындағыт орта мектептің 4-сынып оқушысы Ералы Пазылбекұлының «Ералының ертегілері» атты шағын кітабы жарық көрді. Әдемі безендірілген кітапқа оның он ертегісі енген. Төрт жасында әріп танып, әдеби кітаптарды оқи бастаған, облыстағы талай байқауларда жүлде алған жас өреннің талабына нұр жаусын дейміз. Еліміздегі ең жас жазушының бір ертегісін ұсынып отырмыз.
Редакциядан
Жуырда «Мерей» баспасынан Шығыс Қазақстан облысы Глубокое ауданы Қонаев атындағыт орта мектептің 4-сынып оқушысы Ералы Пазылбекұлының «Ералының ертегілері» атты шағын кітабы жарық көрді. Әдемі безендірілген кітапқа оның он ертегісі енген. Төрт жасында әріп танып, әдеби кітаптарды оқи бастаған, облыстағы талай байқауларда жүлде алған жас өреннің талабына нұр жаусын дейміз. Еліміздегі ең жас жазушының бір ертегісін ұсынып отырмыз.
Редакциядан
Бір заманда ағайынды үш бала өмір сүріпті. Үлкенінің аты Дастан, ортаншы ұлдың аты Ержан, үшіншісінің аты Нұрбол екен. Үшеуі үнемі бір-бірінен ажырамай, бірі екіншісіне қамқор болып жүреді. Олар күнде сыртқа шығып ойнайтын. Сондай қызықты күндерінің бірінде үшеуі ойынның қызығымен үйлерінен тым қатты алыстап кетіпті. Кеш батып барады, үшеуі қорқайын деді. Кенет, Ержан алыстан бір қара қалпақты көреді де:
– Ананы қараңдар, әне бір қалпақ жатыр, барып көрейік, жүріңдер! – дейді.
Үшеуі жүгіріп жаңағы төңкеріліп жатқан қалпаққа барады. Ашып қараса ішінде «тек бір тілегіңді ғана орындаймын» деген жазуды көреді. Сабырсыздау Ержанның өзінің көкейіндегі арманы ғарышты бір көру еді. Сол арманын айтып қалып еді, қалпақ ұшатын табаққа айналады да, ұшуға ыңғайланады. Үшеуі таласа-тармаса шығып отырып алды, табақ ұша жөнелді.
Үшеуі кішкентай терезесінен астына қарап еді, жер шарынан алыстап бара жатқандарын көрді. Міне сұмдықтың көкесі: жер беті қоқыстан көрінбейді, жер бетін бір қабат түтін басқан, өзен-сулар да тұнық емес. Мына сұмдықты көрген үш бала қайтерін білмей үнсіз мұңайып отырып қалды. Осы сәтте үшеуі де өздері тастаған қоқысты естеріне түсіріп, бұлары қате болғанын түсінді.
Табақ зымырап барады, жер шары да көрінбей кетті. Кенет жұлдыздар арасында жүргендей болады. Үш баланың ешқайсысына да түсініксіз жат әлем, неше түрлі қызықты дүниелер кездеседі.
Қанша уақыт жүргені белгісіз, енді балалардың қарны ашып, үйлерін аңсай бастайды. Нұрбол:
– Әкем мен анамды сағындым, қарным ашты, – деп жыласа, Ержан:
– Қайран жылы төсегім, – деп компьютердегі ойындарын аңсай бастайды. Ал Дастан өзінің үлкендігін сездіріп оларға ақыл айтқан болады, бірақ өзі де үйін аңсап отыр.
Енді үшеуі табақты шұқылай бастады.
– Мүмкін емес, бір тетігі болу керек.
Компьютерде көп отыратын Ержан біраз нәрсені түсінетін сияқты бір тетігін басып қалып еді ұшатын табақ зымырай жөнелді.
– Бұл емес екен деп, – екіншісін түрткенде баяулап қалғандай болды. Осы кезде кішкентай Нұрбол сабырсызданып, астыңғы жағына үңіліп бір тетікті көзі шалып басып қалып еді, төмен қарай зымырағандай болды.
Таң ата үшеуі жерге қонды. Үшеуінің қуанғанда естері шығып айқайлап жүр, құдды бір үйіне келгендей. Олар:
– Жер, жер анамыздың құшағына келдік, – деп айқайлап, бір-бірін құшақтады.
Үшеуінің басынан өткен бұл оқиға құдды ғажайып сиқыр сияқты болды. Үшеуі отырып ақылдасты. Дастан:
– Өздерің көрдіңдер жер ананың қаншалықты ластанғанын, мен өзім бүгіннен бастап жер анамызды құтқаратын, қоқыстан тазартатын амал ойлап шығам.
Ержан:
– Мен орман сақшысы болып ормандарды өсіріп, жер ананы жасыл желекке бөлеймін, – деді.
Нұрбол:
– Мен суларды тазартып, бұлақтардың көзін аршып, жер ананың ластануына жол бермеймін, – деді.
Үшеуі бір-біріне уәде береді. Олар ақылдаса келіп, бүгінгі болған ғажайып саяхатын ешкімге айтпауға уәделесіп, өз үйлеріне қарай жүгіре жөнеледі. Олар өз армандарының орындалатынына сенімді еді.