«БАТУ МЕН ДОСТАРЫНЫҢ БАРСАКЕЛМЕС ЕЛІНЕ САЯХАТЫ»
Кітаптың авторлары – Зира Наурызбай мен Лиля Калаус
Бірінші кітапта хикаят негізінен үш сюжеттің төңірегінде өрістеп еді, екінші кітапта шым-шытырық оқиғаларға қарық болдық та қалдық. Алғашқы кітап мифолог, ғалым Серікбол Қондыбайдың рухына бағышталса, екінші кітап күйші, жазушы марқұм Таласбек Әсемқұловқа, үшінші кітап инженер-геолог, тұңғыш қазақ фантасты, академик Ақжан Машаниге арналады. Енді ойлай беріңіз, бұл кітаптарда айтылатын әңгіменің ар жағынан жарты әлемнің «Жанартауы» қопарылып атылғалы тұрғанын мөлшерлеп отырған боларсыздар.
Екінші кітапта Бату мен достары алтын тостағанды іздеп, Барсакелмес еліне аттанады. Үшеуі (Қайрат, Саша, Зигфрид) Қызылордада Өге атамен бірге құдық қазып жүріп, екеуі (Бату, Қадиша) қобыз күйі «Ескендірді» орындап, біреуі (Дана) жылан қайысты отқа тамызу арқылы басқа әлемге өте шығады, ал ендеше! Онда алты дос – алты түрлі хайуанға (қозы, тай, жылан, бөлтірік, аққу, бүркіт) өзгеріп құбылып кетеді, бұлар қара қабылан текті қаскөй күш – Жекті жеңгеннен кейін, бір өзеннен өтіп арғы бетке шыққанда адам кейпіне қайта оралады. Үйеңкінің түбінде қобызын тартып отырған Қорқыт атаға ұшырасады, Қорқыт оларға қасиетті қазанды тауып әкеліңдер деп таңғажайып, тәуекелге толы қиын сапарға жұмсап жібереді…
«Мифті білу дегеніміз барлық нәрсенің пайда болу құпиясына жақындау дегенді білдіреді. Басқаша айтқанда, адам барлығының қандай жолмен пайда болғанын біліп қана қоймайды, ол барлығы ғайып болған уақытта да оларды қандай жолмен іздеп тауып, қандай жолмен қайта тудыруға болатынын біле алмақ» деген болатын атақты ғалым Мирча Элиаде. Бату мен достарының сүрініп-жығылып жүріп қақ жарып өткен күллі уақыт кеңістігі әлсірей сөнген, тұма көзін құм бекіткен қазақ дүниетанымының ескі бір кең-шалқар дүниесі еді.
Көне жыраулар:
«Күлдір-күлдір кісінетіп,
Күреңді мінер ме екенбіз,
Күдеріден бау тағып,
Ақ кіреуке киер ме екенбіз!
Жағасы алтын, жеңі жез,
Шығыршығы торғай көз
Сауыт киер ме екенбіз!
Өр қояндай жүгінтіп,
Аш күзендей бүгілтіп,
Жолбарыстай шұбарды
Таңдап бір мінер ме екенбіз!» –
деп ұзағынан толғап, көңіл ауанын ілкі бастаудағы өр, рухты тарихқа қарай аударып әкетеді. Меніңше, жыраулар өшкіндеп жоғалып бара жатқан ұжымдық архетиптік сананы қайта тірілту үшін күндей күркіреп, жасындай жарқырап, хандықтың, халықтың ой аспанын осып, қамшылайды. Тарихи кейіпкерлерге, архетиптерімізге, құдай текті асқақ, батыр бабалар рухына тәу етіп, соларға еліктеуге, ойлау жүйесіне мүлдем жаңа реконструкция жасауға дабыл қағады. Жолбарыстай шұбарымызда, торғай көз сауытымызда, күдері баулы ақ кіреукемізде бар сияқты, тек шұбарды қайдан ұстап мініп, сауытты қалай киіп, қайда барып не істеуді білмей мәңгіріп адасып, дағдаратын сияқтымыз. Ересектер тура осылай! Ендеше, балалар ше? Қазақ балаларының ертегі әлемін құруға кім кірісіп, кім бас қатырып жүр, түрліше мәдени үстемдіктер мен кірме «Киелі тарихтардың» аңыз-ертегісімен тербеліп өсуінен кім қорғап-сақтап жүр?
Қазақ фольклорының қасиетті қара сандығы – қазынаға өте бай, оның жасы Едіге Тұрсынов ақсақалдың сөзімен айтқанда, «Әдебиеттен қырық мың жыл үлкен», алайда ондағы мазмұнды балаларға лайықтап, арғықазақ даласының ойлау жүйесімен, бағзы тарихымен, қасиетті жоралғыларымен, дәстүр-салтымен, ғаламдық символдарымен ұштастыра отырып, заманға сай фэнтези жанрына икемдеу үрдісіміз әлі де сәби қалпында екені шындық. Бірақ әйтеуір ақыры дәл сондай кітап дүниеге келді-ау, шіркін! Ол – Бату мен достарының басқа әлемге жасайтын саяхаттары! Кітапты оқи отырып, аңсарға толы сауалдарым мен үңірейіп тұрған қиялдарымның бір бұрышын толтырдым, рухым қанаттанып, көңілім телегейдей тербелді. Бір кітап емес, қатарынан он кітап оқып отырғандай қызық күй кештім, қараңыз:
Бала кезімнен санамда сартап болып қатталған балбалтас сынды «өлі» Қорқыт емес, кәдімгі тірі Қорқытпен емен-жарқын әңгімелесіп, ол кісіні тіпті құшақтадым, Батулармен бірге құдыққа түсіп, басқа әлемге жетіп, қазақ, грек, шумер, герман, т.б: аңыз-мифтерін Зигфрид пен Сашаның судай сапырған әңгімелерінен естіп, бір риза болдым. Бұл екеуінің білмейтін бәлесі жоқ, түрколог, мифолог, археологтарға байланысты деректерді қаздай тізіп, нардай шөктіреді. Соған қарамастан, Қайрат пен Дана олардың аузын қағып тастап жатады, «Сендер оларды айтасыңдар-ау, қараңдар, бізде мынандай да сұрапыл аңыздар болған» деп Қадиша қазақтың көне дүниетанымын түйдек-түйдегімен айта жөнелгенде, намысың тулап, өне-бойың шымырлап кетеді. Бату мен Дана сол аңыз желісі бойынша барлығын жетектеп жүріп, қилы оқиғалардың қыспағынан аман-есен алып өтеді. Бату мен достары өзенде салмен неше күн ағып, Бапы ханның еліне жетеді, шөл далада адасып, Қодарға кездесіп, аузына су тамызады, Шыңырау патшалығына жетіп, бүркіттердің қолына түседі, алтын жабағыға отырып, асқар тау, асау өзенді шарлап, қасиетті қазанды табамыз деп жүріп кержұтпаның өңешіне түсіп, әзер дегенде желбезегінен шығады. Жылан Бапы хан мен бүркіт патшасы Шыңыраудың кездесуіне куә болып, Көклен ананың шарапатын тамашалайды. Шыңыраудың жұмыртқасын жарып шыққан барақ пен өзен жағасында күнге қыздырынып жатқан Апи туралы, балаларға жасайтын Жектің қастандықтары мен үңгірде қалған Тегеурін патшазада мен Сарыүйек туралы әңгімелерді айтсам, сіздерге қызық болмай қалайын деп тұр ғой… Ойбай, Жекті жазалау үшін су астына алып кететін құндыз-аю, қоңыз, маймылдың хикаясы бар екен ғой тағы, о қоңыз болмай кеткірлер, сұрықтарын айтсаңшы! Зәреңді ұшырып, кержұтпаның түбіне жіберсін, бәлем… Жарар, енді айтпаймын, өздеріңіз оқи жатарсыздар…
Өзіме ерекше әсер қалдырғаны – өзен айғырлары тарауындағы көгілдір шамшырақ тас тістеп, сазды далада топтасып су кешіп жүрген жайындардың хикаясы болды. Бала кезімде, айлы түнде Ертіс дариясында шамшырақ тас тістеп, суда қаз-қатар тізіліп жүретін құндыздар туралы аңыз естіп едім. Сол аңыз жайынға өзгеріп, түрленіп, Сырдарияның жағасынан бірақ шығып қатты таңғалдырды, бек риза болдым…
Иә, қадірлі оқырман, сонымен біз осы шаққа тән уақытты елеусіз қалдырып, «Қасиетті мезетке» өтіп, ілкі бастаулық заманға сапарлауды қамтамасыз еткен «Бату мен достарының саяхаты» туралы аз-кем әңгіме өрбіттік. Аңыз-мифтердің желісіне құрылған шытырман сапарлардың басты функциясы – уақытқа үстемдік жүргізіп, оқырмандарды иллюзиялық әсерге жібек құртынша матап, олардың кері қайтпас уақыт ағысынан шығып кетуге деген астыртын тілегін қанағаттандыру. Басқа уақытта, басқа ырғақта, басқа тарихта бір сәт болса да өмір сүру үшін, темпоралдық ғаламға бізді лақтырып жібере алатын дәл қазіргі уақытта «Бату мен достарының саяхатынан» артық басқа кітап көріп тұрғаным жоқ.
Шығармада Қорқыттың: «Бүкіл сулардың барлығы ең соңында маған қайтып келіп ақиқатты айтып береді» – дейтін сөзі бар, әрине бұл «Су аяғы – ер Қорқыт» дейтін көне тәмсілді еске түсіреді. Ал сіздер, Қорқыттың бүкіл әлемін аралап келіп, шығарма ақиқатын балаларыңызға айтып беруге дайынсыздар ма? Сол бір ақиқатты айту үшін шығармаға тастай батып, судай сіңіп кететін оқырмандардан үміт бар.
Тәмам!
Ерзат ЕРКІН