ҮЙЛЕНСЕҢ, ОСЫЛАЙ ҮЙЛЕН
28.01.2025
291
0

Сайымжан баспасөзде «Қарабала» деген псевдониммен танылды. Қарабала аталарының аты еді.
Ол жазғандарымен елді күлдіріп қана қойған жоқ, өз өмірін де көңілді күлкіге толы етіп өткерді. Журналистика саласында жазу қуып, оқу оқып, газет-журнал тапсырмасымен жүріңкіреп қалса керек, құрбы-жолдастарынан кештеу үйленді.
Құрдастар қалжыңынан шаршаған ол, бір күні үйленгелі жатырмын деп жар салады, достары қалжыңы ғой деп сенбейді.
Жоқ, бұл жолы қалжыңсыз, ақ жамылғылы қызбен түскен суреті бар шақыру билетін таратады.
Таңдауы Сара есімді Шығыс Қазақ­станның тумасы болған соң, өзі сонау батыстың түкпіріндегі ауылда өскен, «салты да, сөйлеуі де бөлектеу жақпен тіл табысып кетсе, жақсы болар еді» деп құрдастары той болмай жатып тілек білдіріп, гулей бастайды. Ол кез­де Жазушылар одағының «Қаламгер» кафесі сан алуан шығарманың ғана емес, бүкіл жазушылар өмірінің қазанша қайнаған орталығы болатын.
Тост айтар сөздерін ойластырып қойған құрдастары «Қаламгерде» әлі үйленіп үлгермеген Сайымжанның тойын тойлап «жуып» жат­ты.
Сонымен, той өткен күннің ертесіне-ақ Сайымжан Еркебаевтың тойда көрсеткен қызық мінезі тарап жүре берді.
Көрші қонған Қадыр Мырза Әли ағам көзінен жас аққанша күліп, сөйлей алмайды.
Тойдағы құда Оралхан Бөкей, ол да күлкіден езуін жимайды.
– Әй, менің «қүйеубалам» қатырды, – деп мырс-мырс күле береді. Сонымен, не болған деңіз?
Жазушы құрдастары тойға өте көңілді келіп, тойды өте көңілді бастайды
Сөз алған Асқар Сүлейменов қалжыңмен тілек айтып, бәрін қыран-топан күлкіге батырады.
Қадыр Мырза Әли қалжыңды өлеңдете ұштастырып, ішкізеді.
Есенжол Домбаев жұрт­ты анекдотпен булықтыра алғызады. Не керек, шуылдаған топ, күлкіден арылмаған.
Бір кез­де Сайымжанның өзі тұрып, көпшіліктен тыныштануларын сұрап, құда-құдағиларды тыңдаңдар десе, ешкімнің құлақ түрер түрлері көрінбейді. Орындыққа шығып айқай салады, көңілді қауым одан бетер дуылдаса күледі. Сөзін тыңдата алмаған «күйеу жігіт» қара портфеліне үстелден 4-5 бөтелке арағын салып алып, тойдан шығып кетеді.
Үлкен «құда» Оралхан Бөкей тұрған жерінде: «Өй,Сайымжан», – деп тілі байланып, сілейіп қатып қалады.
Құрдастар абыржып, ес жиғанша Сайымжан шығып кетеді.
Жас келін Сараның жанары мөлтілдеп,не істерін білмей отырып қалады.
Осылай жазушы достары үйлендірген Сайымжанның әзілі де, мәзірі де жарасқан отбасымен мен де «Ақ үйде» көрші тұрдым.
Ол кез­де құм төсеген балалар ойнайтын алаңға Сайымжанның да сап-сары бөпелері жетектесіп шығатын болды.
Бұл күнде Сара деген Сайымжанның бәйбішесі немере жетектеген Әжеге айналды.Шығыс пен батысты жалғастырған көңілді тойдың соңы сәт­ті аяқталғанына біз де куә болдық.

Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА

Боямасыз өмір

Мен онымен ойламаған жерден кездесіп қалдым. Аздап қызулау екен. «Гүлжан» аялдамасынан жұмысқа қарай асығып бара жатқам, спорт­тық қалпағын басыңқырып киіп алған ол, мені көрді де қалт тоқтады. «Әй, тілші бала, – деді де, артынша жуып-шайған болып: – «Бала» дегеніме өкпелеме, мен осылай өзімнен кейінгілердің үстінен қарап сөйлегенді жақсы көрем», – деді.
«Тілші бала, әй, тілші бала!
Біздің де жағдайды бір білші, бала.
Біздің де айтарымыз бар шығар-ау,
Айтарымды құлағыңа ілші, бала», – деп ұйқасы келіп тұрған соң бірер шумақты осылай «ұрып» кеп жіберді. Сәл қызулау көрінген «көкенің» сөзіне алғашқыда онша мән бермедім. Өлеңші қауымды өзімізше іш тартып тұратын әдетпен аздап тыңдаған болдым. Айтып тұрғаны әзіл емес сияқты. Өздерін қоғамның өгей баласы санайтын олардың да өзіндік қызығы бар көрінеді. «Бүгін ауылдағы қызымның туған күні еді. Соған «акацияға» бара жатырмын, торт алайын деп. Қазір сағат төрт­те үйге жаяу әскерлер келеді. Мынадай отырыс болады», – деді ол бас бармағын шошайтып.
Барғым-ақ келіп тұр. Әт­тең, жұмыспен қабат­тасып тұрғанын қарашы. Оның үстіне, атүсті айтылған жерге елпілдеп жетіп бара берсек… қалай болады екен?
Сөзін тағы бір-екі шумақпен шегелеген ақыным: «Жарайды, барғың келмей тұр ғой. Бірақ біз туралы жазуыңыз керек», – деді де, екі қолын қалтаға басқан күйі асығып кетіп бара жат­ты. Шымкент­тегі ең арзан пәтер «зеленный балкада» екенін естігеніміз бар. Сондай-ақ қырғыз базар мен Қошқар ата өзенінің ортасындағы кепе үйлер де қолжетімді. Сол маңдағы үйлердің бірін паналайды екен. Ауылда екі қолға бір жұмыс табылмаған соң осындағы арзан пәтерді жалдап, сабын шығаратын цехта жұмыс істеп жүргенін айтқан.
Арада бірер апта өткенде, сол «ортаның» отырысына қатысудың сәті түсті. Жас шамасы әркелкі болса да әзілі жарасқан орта ешкімді жатсынатын емес. Төрде «пахан» отыр. Асаба да бөтен емес, әлгінде көшеде кездесіп, кейіннен осы отырысқа келуімізге себепші болған жігіт ағасы дастарқанды жағалай отырған үлкен-кішіні әзіл сөзбен әспет­теп, өлең сөзбен өрнектеп, таныстырып шықты. Әрқайсысының кәсібіне, мінез-құлқына қарай бүркеншік ат­тары бар екен. «Шопыр», «Ұста», «Оқымысты», «Үлек», «Дәуқоян» деп кете береді. Оған өкпелеп жатқан ешкім жоқ, қайта өзінің «кличкасы» аталғанда жалт қарайды және бір-бірін айтқызбай ұғынысатынын айтсайшы. «Оқымысты» соңғы айларда болған елеулі оқиғаларды сөз етсе, «ұста» болған оқиғаларға байланысты өз ұстанымын білдіріп өт­ті. Ал «шопыр» баппен бокалдарға су құйып шықса, «асаба» әдет­тегідей жолымен, жөнімен сөз беріп қояды. Зыр жүгіріп, қызмет етіп «малыш» жүр.
Қысқасы, бұл ортаға бүгін қосылсам да өзімді еркін сезініп отырмын. Ара-арасында жігіт­тер жағы (күйеуіне еріп келген бір-екі келіншек болмаса, қалғаны кіл еркектер) сыртқа шығып, темекі шеккен боламыз. Тағы бір байқағаным, топырлап жүрген еркектің басым бөлігі бойдақ. Жасы бар, жасамысы бар… Бір-бір үйге басшылық етіп отыратын жаста бұлайша жалқы жүрген «жігіт­тердің» бұл жүрісі жаныма батса керек, көкейдегі сұрақты іркіп қала алмадым.
«Қайбір жетіскеннен жүр дейсің, әрқайсымыздың өзімізге лайық өміріміз, өзімізге тән тағдырымыз бар, – деп сөз бастады Пахан. – Мысалы, мен өз отбасымнан безіп кеткен адаммын. Алты ай ауырдым. Бір күнде кіндіктен төмен қарай сал болып қалдым. Обалы не керек, әйелім қаратып-ақ бақты, бірақ нәтиже болмады. Күні бойы жұмыста жүріп, түні бойы мені жуындырып-шайындыратын келіншегім, қанша дегенмен, пенде емес пе, даусы қат­тырақ шығатын болды. Кезінде көкірегін ешкімге бастырмаған «сорлы» басым әйелдің сөзін көтере алмадым. Балаларым ғой, менің кім болғанымды көрді, ал немерелерімде «атамыз сорлы біреу еді, біз қайда барып оңаламыз?» деген ой болуы мүмкін ғой. Одан да «өлігімді» көрсетпейін деп осында келдім. Үйді де, бала-шағаны да тастап… Бұрын базарда тәшкі айдап жүріп танысқан достарым бар еді, соларды паналадым. Көрер жарығым бар екен, көп ұзамай аяққа тұрып кет­тім. Екі ұлым бар, біреуі де ат ізін салған емес. Егер осы екі ұлымның орнында бір қызым болғанда, іздеп келер ме еді?» – деп ауыр күрсінді.
Ауырғаны өзіне сабақ болса керек, Орекең сол күннен бастап мүлдем басқа адам болып оянған. Бұрын-соңды адам емдеп көрмеген ол, бүгінде қолы шипалы емші. Алдына барған талай адамды ауруынан құлан-таза айықтырып жіберген көрінеді. Ақысына пәлен бересің деп табандап тұрып алған да жері жоқ, қанағатшыл. Тапқаны пәтерақысы мен күнкөрісіне жетсе болды.
Неге екенін, көз алдыма бірінің ізін бірі жалғап кете беретін лашық үйлер мен сол үйлерге апаратын ирелеңдеген көшелер елестеді. Мұндағы көшелер де құдды өз иелерінің тағдыры сияқты мың тарау. Ұзаққа бармай, тұйыққа тіреле береді. Анадайдағы лашық үйден әдемі әуен естіледі. Гитарасын қолына алып, әуелетіп ән салған «асаба» бар өнерін көрсетіп әлек. Әуенінен қайтсем көпшіліктің көңілін көтеремін деген шынайылық сезіледі. Өздерін қоғамның өгей баласымыз дегені болмаса, тым еркін. Көңілді отырыс, шынайы сыйластық. Әңгімелері де астарлы, әзілдері де жарасымды. Алдағы кешті бұдан да қызық етіп өткіземіз деп қояды. Мүмкіндік болса, тағы да келіп, қонақ болып кетуге шақырды. Басқаны қайдам, өз басым «өгей балалар» өткізген кештен керемет әсер алып қайт­тым. Нағыз өмір осында сияқты. Аста-төк дастарқан да, қыруар қаржыға келген салют те жоқ. «Пәленше ыржиғанда, сен күлуің керек» деген қасаң қағида да мұнда жүрмейді. Тек қызық бар. Бәрін қойып сол ортаға, жаныма жақын отырысқа тағы бір барып келсем бе екен?!

Аманбек ЖАЙЫМБЕТ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір