КҮН ШЫҒАТЫН ТҰСТАН ТУҒАН КЕРБҰҒЫ
12.06.2023
2519
0

Оралхан Бөкеев – Алтайдай асқақ шығармаларымен арамызда өмір сүріп келе жатқан ғұмырлы жазушы. Сөйте тұра ол көзкөрген замандастарының таусылып бітпейтін сағынышына да айналған. Оралхан туралы әркім-ақ айтқысы келеді.
Маусымның 14-17 күндері аралығында Шығыс Қазақстан облысында қаламгердің 80 жасына орай «Төр Алтай Оралханын жырлайды» поэзия фестивалі өтеді. Сол жиынның қарсаңында біз Оралхан Бөкеевтің азаматтық келбетін айшықтайтын естеліктерден үзінділер жариялауды жөн көрдік.

Редакция 

    Оралхан екеуміз танысқалы бері де табаны күректей алпыс жылға таяу, көз жазып қалғалы да осы уақыттың жартысындай жылдар өтіпті. Бірақ бірге жүрген жылдар ұмытылмайды.
Университеттің үшінші курсының соңғы екі-үш айын өндірістік тәжірибе алу үшін барған мені облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясы Катон-Қарағай ауданына іссапарға аттандырған.
Аудан орталығына жақын бір ауылдың шетінде қой қырқымы қызып жатыр екен. Кідірмей соған бардым. «Озат қырықтықшы кім? Күніне неше қой қырқып, неше килограмм жүн тапсырады?» деген сияқты үйреншікті сауалымды сол жердегі бригадирге қойып жатқанымда, қасымызға бұйра бас, ашаңдау келген атжақты жігіт келіп сәлемдесті.
– Бөкееев Оралхан, аудандық газеттің тілшісімін, – деп өзін таныстырды. Сол сәтте онымен бірер жылдан соң жолымыз түйісіп қана қоймай, қалған тіршілігімізде дос-жар болып өмір кешерміз деп ойлаған жоқпын. Бәлкім, ол да солай ойламаған болар, «Е, жақсы» дестік те, өз жөнімізге кете бердік…
«Лениншіл жас» газеті редакциясында жүрген кезімде бір күні «редактор шақырады» деген соң Шерхан Мұртазаның кабинетіне кірсем, машинкаға басылған оншақты беттік материалды ұстап отыр екен. Бұрынғыдай қабағын қарс түймей, көңілді қарсы алды. Әдетімен алдындағы орындықты нұсқап, «отырғын» деді де, хал-күйімді сұрады. Әрине, «жақсы-жақсы» деп, елпілдеп жатырмын. Сонан кейін:
– Оралхан Бөкеев дегенді танисың ба? – деді.
– Танимын. Өскемендегі «Коммунизм туы» газетінде қызмет істейді, – дедім.
Расында онымен жай таныс емес, соңғы жылда жақсы жолдас та болғанбыз. Келер жылы өндірістік тәлім алуға «Коммунизм туына» тағы келгенімде Орекең облыстық газеттің белді журналисі болып үлгіріпті. Ол өзіміздің замандас әрі кетсе ит көйлекті екі-үш жыл бұрын тоздырған үлкендігі бар, мәдениет, өнер бөлімінің меңгерушісі Мүсілім Құмарбековтың әдеби қызметкері екен. Әлі үйлене қоймаған Мүсекең шешесі екеуі ғана тұратын даңғарадай үйіне Оралханды бірге тұрғызып алыпты. Бірі басшы, бірі қосшы екендерін ұмытып, әзілдерін жарастырып алған. Құдай айдап, редактор мені де Мүсекеңнің бөліміне жіберген.
Үлкенмен де, кішімен де құрдасындай қалжыңдап, өзін мейлінше еркін ұстайтын Мүсілім менімен әзілдесе беретін әдетімен:
– Әй, Оралхан, мына студентті қай пәтерге қаңғытамыз, екі-үш ай болса да дүкеннен тамағымызды тасып, ыдыс-аяғымызды жуып берсе де екеумізге пайда емес пе. Оның үстіне әртүрлі мақалаларды қалай жазу жөнінен үйде де бұған дәріс оқырмыз. Тәтем де осы аптаның соңында үлкен ұлы тұратын Шымқораға кетпекші, – деп мені де үйіне тұрғызып алған.

Тәтесі үшінші бойдақтың қосылғанына қарсы болған жоқ, қайта қуанып қалғандай рай танытқан.
Әрине, мен тәтеміз кеткеннен кейін де екеуінің қолбаласы болып, дүкеннен азық-түліктерін тасып, ыдыс-аяқтарын жуып кеткен жоқпын, ең бастысы екеуімен де берік достықтың іргетасы қаланған еді. Оралхан Шыңғыстайының, орман-тоғай, тау-тасын қалдырмай жазуға тырысса, Мүсілім Шымқораның бұта-бүргенін, тоқал жоталарын тоқтамай жазып жатса, мен де Кішкентауым мен Сауырымды қызықтап, екеуінен қалыспай қалам тербеуге тырысатынмын. Әсіресе Орекеңнің әңгімеге бергісіз очерктері соншалықты табиғилығымен, өмірдің өзіндей шыншылдығымен ерекшеленетін. «Кейбір очеркіңді «Лениншіл жас» сияқты үлкен газеттерге беріп көрмейсің бе?» дегенімде: «Олар біздің жазған шимайды баса қоймас» деп жауап беретін. Оның ойынша, очерктері республикалық газетте жариялану үшін өзінің әлі біраз «пісуі» қажет сияқты…
Редакторым: «Бөкеевті танысаң, ол туралы білгеніңді айтшы», – деген соң, оның менен бір-екі жас кіші екенін, әке-шешесінің Катонның Шыңғыстай деген ауылында тұратынын, өзі келіншегі екеуінің облыстық газет редакторының шақыртуымен өткен жылы ғана Өскеменге келгенін айттым.
– Мынау дүниесін оқып көріп пе едің? – Ол қолындағы алты-жеті бетті маған ұсынды. Таныс тақырып бірден есіме түсті. «Сарыарқаның жаңбыры». Осыдан бірнеше ай бұрын «Коммунизм туында» жарияланған Сұлтанмахмұт туралы болған оқиға ізімен жазылған очерк-толғаныс еді. Оралханның очеркі классик ақынның Әбдікәрім болыс салдырған Шыңғыстай мектебінде аз уақыт мұғалім болып, Зайсанға қарай біржола аттанған сапары туралы еді. Ақын жүрегіне шемендей батқан ауыр салмақ ашық айтылмаса да, ол мұңның бір ұшығы өзі жазған «Қамар сұлу» романында жатқанын, Шыңғыстай мектебін салдырып, Сұлтанмахмұтты мұғалімдікке шақыртқан Әбдікәрім болыстың басқа біреуге айт­тырылып қойған қызы мен ақынның арасындағы болашақсыз сүйіспеншілікті меңзейтін шығарма маған ұнаған еді.
– Иә, оқығанмын.
– Жазғаны ұнаса, мен бүгін редакторына хабарласайын, – деді де, хатшы қызды шақырып, менің көзімше жаңағы материалды оған беріп: «Секретариатқа апар. Нөмірге көрнекті ғып берсін», – деп тапсырды.
Не керек, қара бұйра шашы иығына түскен Оралханым екі-үш күннен кейін шабаданын сүйреп, түске таяу редакцияға жетсін. Дәл сол күні редакция қызметкерлері Төлеген Айбергеновтің жылдығы берілетін асқа барғалы жатқанбыз. Оралханмен танысқаннан кейін Шерағаң бұрын-соңды болмаған ерлік жасап, оны жаңадан ғана босаған әдебиет-мәдениет бөлімі меңгерушісінің орнына бекітіп жіберді. Тіпті, ол кездегі тәртіп бойынша бөлім меңгерушісін тағайындау үшін Орталық комсомол комитетінің келісімін алатын қисынды да керек қылған жоқ. Орекеңнің шабаданын көтеріп, біржолата келген себебі – редакторымыз облыстық газет басшысы М.Әбуғалиевпен телефон арқылы сөйлесіп, Бөкеевті қызметке алатынын, сондықтан ол жақтағы жұмысынан босап, етек-жеңін жинап келуі жөнінде келіскен көрінеді. Ол кезде қазақ қара сөзінің тағы бір біртуар қара нарының әдебиет майданына қосылғанын ешкім де сезіп, білмегені анық.
Орекеңнің Алматыға келуі ойламаған жерден Шерағаңның арқасында қалай тез болса, қызмет баспалдақтарымен өрлеп, өсуі де тез болды. «Лениншіл жастан» «Жұлдыз» журналына бөлім меңгерушісі, «Қазақ әдебиеті» газеті бас редакторының орынбасары, бас редакторы дегендей. «Қамшыгер» атты әңгімелер жинағынан басталған шығармашылығы біраз әңгіме, повесть жинақтары, романдары жыл құрғатпай бірнеше тілде жарық көрді. Пьесалары республикалық, шетел театрларында қойылып жатты.
«Бұл тіршілігіңде айтарыңды айтып, жазарыңды жазып үлгіруің керек» деп жүруші еді. Сол тіршілігінің тез өтерін сезгендей бар шаруасының тез орындалғанын қалайтын. Және ол өзінің ойға алған ісінің орындалатынына сенетін. Бәлкім өзіне сенгендіктен болар.
1984 жылы Жазушылар одағында Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына шығармалар ұсынатын жиналыс өтіп жатқан. Біраз кітаптар ұсынылып болды-ау деген кезде Оралхан мінбеге көтеріліп:
– Мынау – менің жуырда ғана шыққан «Біздің жақта қыс ұзақ» деген романым. Бұл шығармамды Мемлекеттік сыйлыққа өзім ұсынамын, – деп мінбеден түскен бойда тысқа шығып кетті. Бір қызығы романы бәйгеден маңдайы жарқырап алдымен келді.
Тұңғыш кітабы – «Қамшыгеріне»: «Кәке, Күн біз жақтан шығады», – деп мен екі-үш айдан кейін шыққан «Ашылмаған сыр» атты кітабыма: «Ореке, біз Ертістің лайланбаған өр жағында туғандармыз», – деп жақынға балап қолтаңба жазысып жүрген қайран Орекең елу жылдық мерейтойын тойлауға да мұршасы болмады. Жол жүрерден екі күн бұрын ғана біздің үйде қонақ болып отырып: «Жауырын ортамнан бір шаншу ұстап тұрғаны. Үндістанның ыстығына қыздырып, емделмекшімін», – деп әзілдеп еді.
Барша ағайын-туыс, әріптестері мен жолдас-жоралары алыс сапарынан шалқалап жеткен Оралхан досты қарсы алуға тура келді.
Қабірінің басына қойылған құлпытасына өзінің «Кербұғы тіпті де өлген жоқ, ол өз азаттығын аңсап кетті», – деген сөзін жаздырдым. Оның рухы Алтайын кербұғы болып қазір де кезіп жүрген болар.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Мемлекеттік
сыйлықтың иегері

Бұқтырманың бастау бұлақтары 

Сен дүние салған жазда Төр Алтай керемет жаңбырлы болды, Ореке… Кәрі таудың кепештігін құрсаулаған қап-қара нойыс бұлт­тар басқа жер құрып қалғандай-ақ, дәл осы маңда қиғылықты салсын келіп. Бұқтырмаң қарағай басына секіре тасып, оған өзіңді жоқтаған нөпір жұрт­тың көз жасы қосылып, әй, жосылсын-ай! Қаралы жазың ырың-жырыңмен өте шыққан. Аткөпір қуаныш пен шанағына сыймай асып-төгіліп жатқан шат­тыққа кенелеміз деген жәмиғатың (сенің 50 жылдығыңа дайындалып жатыр едік қой ), қасірет­тің қап-қара күрзісі оңдыртпай соғарын қайдан білсін?!
Келер жазда өзің жаманын жасырған, жақсысын патша деңгейіне жеткізген Қаратайың алты Алашқа сауын айтып, сенің рухыңа арнап ас берді. Не керек, жоқтау мен көрісудің көкесі сонда болған!
Қамқа шапанының қос өңірін қақ айыра еңіреп Шерхан ағаң, ботасын іздеп боздаған Бошай ақсақалымыз, жалаңаяғыңның табы қалған Шыңғыстайдың шаңдауыт көшесіне жата қала өксіп, бозбала Оралханды іздеген достарың Кәрібай мен Кәдірбек келген. Дулат Исабеков досың булыға тұрып баян­дама жасаған. Төрде қап-қара шапан жамылып, тұтастай қаптал қабырғасын алдырған арландай қап-қара боп түнеріп, күңіреніп Қалихан Ысқақ ағаң отырған. Жұрт­тың бәрі Қалағаңа қайтара көңіл айтып, онымен қайтара көріскен.
Бәрі өтпелі екен, Ореке!
Ореке! Буырқанған Бұқтырма өзені басын өзің білетін Шындығатай телімінен он шақырымдай ары, иықта жатқан қолат­тан алады. Тіптен, өзенге айналар деп те сенгің келмейді, ұсақ-түйек бұлақтар. Сол бұлақтар Аршатыға жетер-жетпестен арқыраған, жалына қол тигізбейтін шу асуға өзенге ұласады. Екі араның қашықтығы бар-жоғы 40-50-ақ шақырым. Сенің бойыңа туа біткен, қанмен берілген талант пен осы Бұқтырма тағдырының арасында қат­ты ұқсастық бар секілді. Сен де жұртыңды көп тосқызған жоқсың: жарқ-жұрқ атылып шықтың. Атақ-даңқың алты Алашты атралап, алысқа сілтеді. Оқыс ағып түстің. Қандай әдемі де аянышты сурет, Ореке! Өзің де осындай оқыстыққа әуес болатынсың.
Мен Бұқтырманы тегіннен тегін ауызға алып отырған жоқпын. Бастау алар бұлақтарын айт­тым. Ал, бозбала Ораштың бұлақтары не еді?
Есіңде ме, сен мектепті тауысқан соң екі-үш жыл ауылда жүріп қалдың. Ұмытпасам, трәктірге тіркеуші боп жүрген кезің шығар, күнде кешке біз тұратын интернатқа келетінсің. Қойны-қоншың толған интернат бойжеткендеріне арналған асықтық хат­тары. Алдымен біздерге оқып бересің. Лирикадан шалғайлау, ұрдажық шағымыз ғой. Десек те мәңгіп қалатынбыз. Әр хатың бір-бір новелла болатын.
Міне, сол хат­тар сенің бастауларың екен. Сен ол хат­тарды сол Қар қыздарының күллісіне ғашық болудан жазбағаныңды, тек бойыңа сыймай асып-төгіліп жатқан шығармашылық қуатыңды жарыққа шығаруға талпынып жүргеніңді қайдан білейік ол кезде. Шіркін, сол хат­тардың бірер қолжазбасы бүгінде сарқарын тартқан бәйбішелердің біреуінде сақталды ма екен?!
Алтайдың көктемі күн алғаш күркірегенде басталатын. Бұл күркіреу: «Ал, енді, мен келдім. Қыстай қат­ты тартылған белдіктеріңді босатыңдар. Қабақтарыңды ашыңдар, күліңдер, шат­таныңдар!» – дейтін көктем жарықтықтың тұңғыш қоңырауы сынды емес пе еді. Күннің алғашқы күркіреуін тағатсыздана тосып жүрген біздер – балалар барлығымыз Бұқтырма бойынан табылатынбыз. Тау өзені мұздай. Оған қарап жатқан біз жоқ, суға күмп-күмп секіреміз. Алайда, сүңгуімізден шығуымыз тез. Жағадағы құм үстінде тырыли арық, теріміз құсет­теніп кеткен біздер жапатармағай жатамыз. Өзімізше күнге қыздырынғанымыз. Басы бар да аяғы жоқ шолақ-шолақ әңгімелер айтылады. Кім қай қызбен «дружит­тап» жүр, тағысын тағылар. Келер сәт­те біздің әңгімелерімізде мүлдем шатағың жоқ, мүлдем басқа бір дүниеден келгендей сен :
– Әй, осы біз қартаймайтын, шал болмайтын шығармыз , – деп оқыс бір ой айтатынсың да, оқыс тиылатынсың. Біздер мынаның есі дұрыс па, бұрыс па дегендей саған күдікпен қарайтынбыз. Астапыралла! Сол кезде аузыңа Алла салған шығар, әйтпесе шал болуға үлгермейтініңді қайдан ғана біле қойған екенсің деп осы күнге дейін таң тамашамын. Құдіреті күшті Жасаған иеміздің осы бір жұмбағын шеше алмай әуреленетініміз рас: кейбіреуге бас бермесе де шырмауықтай созылған ұзақ жас беріп жатады. Ал, екінші біреуге бәрін береді, алайда жастан шектейді. Жалауы желбіреп, туы тұғырында тұрған аймүйіз шағында, әй кәпір атанбаған абыройлы жылдарында лып еткізіп алып кетейін, сонда артындағы қалың жұрты сағынып жүреді дейтіні шығар. Мүмкін. Бәрі де мүмкін. Тағы да…
Біз жоғарғы кластамыз. Сен мектепті бітіріп, ауылда жұмыс істеп жүргенсің. Консерваторияның актерлік факультетіне оқуға түсіп келсең де арыны Бұқтырмадан не ары, не бері емес анаң Күлия апамыз:
– Әкәку-сәкәкудің оқуына Ора­шымды жібермеймін! – деп шорт кескен…
…Бір күні аяқ астынан мектеп пен ауыл комсомолдарының бірлескен жиналысы өтетін болды. Не боп қалды деп таң тамашамыз. Мәселе біреу екен: Комсомол мүшесі Оралхан Бөкеевтің жекебас тәртібі. Ол жоғарғы класта оқитын бір қызбен «жүріп» қойыпты. Бұл әрекет совет­тік моральға мүлдем жат екен. Оралхан анау жап-жас совет қызын бүлдіруші оңбаған көрінеді. Пәлесін қарашы!
«Совет қызын бүлдіруші» – сен жиналысқа кешігіп келдің. Күпәйкеңнің қос өңірін ашып тастап, толқынды қара шашыңды әнтек сілкіп қалып:
– Ал, мен келдім. Бастай беріңдер, – деп жиналысқа қожалық жасауға көштің. Біздер, жоғарғы кластың ұлдары өзіңмен ниет­тес екенімізді саған жыртыңдатып көз қысу арқылы білдіріп қап отырмыз. Белсенді қыздар, мұғалімдер екілене сөйлеп бар заһарларын төгіп-ақ жатыр. Олардың айтуы бойынша, бұл қоғамда сендейлерге мүлдем орын жоқ екен. Анау 17-18 жасқа жаңа енді ғана келген «періштені» хақ жолынан тайдыру – сұмдық. Комсомолдық билет­ті жүрек тұсына салып жүрген Оралхан сияқтыларды оның қатарында қалдыру – қауіп пен қатер. Аласталсын!
Бір жас мұғаліміміз тым ерекше белсенділік таныт­ты. Артынан білдік, оның өзі сол қызға өлердей ғашық екен. Қысқасы, сотқа бергісіз жиын өт­ті. Түн ортасы ауар шақта «соңғы сөзді» саған берді. Басыңды қайқақтатып тұрып-тұрып:
– Мейлі мені пісіріп жеңдер. Мен ол қызды сүйемін, – дедің де есікті тарс жауып, кет­тің де қалдың. Мұғалімдер шәт-шәлекей. Біз мәзбіз.
Мен қазір ойлаймын, сенің сол бір жастық шағыңдағы іс-әрекетіңде болашақ шығармашылығыңның мінез-құлқы жатыр екен. Мінезсіз, жуас адамның прототипі – ынжық. Олар тіпті жазушы болған күнде де күресін басынан аса алмайды. Олардың шығармалары да қойшының қойға міне-міне әбден тырақы болған жауыр торысындай шапқаны – шоқырақтан, желгені желке үзерден аспайды, қанша тепеңдесең де баспайды. Ал сен…
Өткен жазда елге бардым. Біздің алау шағымыздағы Күркіреме, сенің шығармаларыңда алапат өзен сынды сурет­телетін Күркіреме мүлдем тартылып қалыпты. Жылғасында сіркенің көз жасындай ғана бірдеңе жылтырайды. Бәріміздің алғашқы махаббат мекеніміз – айгөлек тоғайды іздедім. Таба алмай мысым құрыды. Оны қойып, жиырмасыншы ғасырдың басында Қаратай жұртының көкірек көзі ояу соңғы болысы Әпекем – Әбдікерім Ережепов салғызған, Сұлтанмахмұт Торайғыров ұстаздық еткен, Сәрсен Аманжолов сынды алыптар білім алған қарашаңырақ мектебіміздің өзі жылан жалағандай тып-типыл болыпты. Асылын іздеген жандай иен жұрт­та ұзақ жүрдім. Кірпігіме жас байланды.
– Өзің білесің, Оралханмен бір класта оқыдым ғой. Бала кезімізден айырылмас дос болдық. Тым өткір, тым өжет еді. Әсіре талант­ты еді. Тит­тей кезінен солай болатын. Әй, ол тірі болса дәл осы мектеп үйі ұстағанның қолында, тістегеннің тісінде кетпес еді…
Нұрлан Әкімбаев ағамыз, сенің фәнилік досың осыны айтып күрсінді. Сені әлі іздеп жүргенін, өткендегі балтамды күндерін, жарқын жылдарын, аймүйіз шақтарын өлердей сағынатынын ұқтым. Қалай басу айтарымды білмей, жер шұқыдым.
– Вальсті керемет билеуші еді ғой. Көбіне-көп мені шақыратын биге. Биге шақырарда кинодан көргенін істейтін: бір қолын көкірек тұсына қойып, екінші қолымен аққу қанатындай реверанс жасап барып иілгенде әрі ұяла қызарып, әрі күлкі қысып, қымсына тұрып биге шығатынмын. Онымен билеу Шыңғыстайдың бар бұрымдысының арманы еді. Ғажап билейтін. Әртіс еді ғой. Орекеңмен билеп жүрген мен өзімді мынау монданақтай жер бетінде мүлдем баламасы жоқ періште арудай сезінетінмін…
Бүгінде сарқарын тартқан, пәленбай немеренің әжесі, сыны кетсе де бойжеткен кезіндегі жыры мен сырын жоғалтпаған Бақтина Нұқсарина замандасымыз осылай деді де… кірпігіне ілінген бармақтай жасты саусақ ұшымен іліп тастады. Жасын жасырған жоқ.
Ореке! Сен бақилық абыройыңды көзің тірісінде-ақ рет­теп кетіпсің. Біз — өзіңмен бір бастаудың суын ішіп, жарты дәнді жарып жеп өскен інілерің сенің бақилық бақытыңа қызыға да қызғана қараймыз.
Шынымды айтайын ба: сені қат­ты сағынып жүрмін, Ораға!

Әлібек Қаңтарбаев,
жазушы
Шығыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір