ДҮНИЕНІҢ ҚАБАҒЫНДАҒЫ «ДАРИҒА-ЖҮРЕК»
05.02.2016
6324
0

Мукагали+1Алмас НҮСІП

Университет бітірер қарсаңда дип­лом жұмысын Мұқағалидан қорғағысы кел­ген бір курстасыма ұстазы кейіп жат­ты:
– Немене, бәрің Мұқағали, Мұқағали деп… Оңай тақырыпқа жүгіресіңдер!..
Жалпақ елдің аузында айтыла-ай­ты­ла жауыр болған қаптаған аңыздарды ести-ести еті өлген құлағымыз «оңай та­­қырып» дегенге онша тіксіне қоймады. Алды­мыздан шы­ға­тын да тұратын Мұқағали жайлы білеміз деп ой­лайды екенбіз. Ақын әле­міне қол созу – соншалық оңай көріне бас­тапты ақы­ры. Мұқағали – оңайлатудың өлшеміне айнала бастапты: Ауыл-үйдің арасын­да­ғы аздаған өлең текірегі бар әлдекім «ұрт­тап алған» кезінде өзінің «тағды­рын» Мұқағали­мен шендестіріп әлек. Мұқаға­ли­дың бағы – басына әйтеуір бір қонарына се­німді. Енді бір «жаны нә­зік», «өлең түсі­не­тін» біреу жиын-той­да Мұ­қағалиды тебірене оқып тұрады, – тұн­ған қате. Әйтеуір өмірде жо­лы бол­ма­ған, «көп қағажу, шеттеу көрген ақын еке­нін» естіген, әлдебір мұңлылау өлеңін таңдап алып, боздай жөнеледі. Жы­лам­­сырап аяқ­тайды да, күрсіне айналып ке­­тіп бара жатады. Тағы бір білгіш Мұ­қа­ға­лидың сөзіне жазылған әнді айтып бер­мек­ші, әлбетте, мұңлы кейіпке еніп ал­ған. Әлгі өлеңнің жазылу тарихын тәп­тіштейді. Жол-жөнекей әлдеқайдан ес­тіген қосымша бір аңыздар килігіп, сөз аяғы ұзарып бара жатады.
Біз шаршай бастадық: Өне бойы ішіп жүре­тін, ішпесе жаза алмайтын, айна­ла­сы­ның бәрін бықпырт тигендей ылаң­дап жүретін, әйелі үйіне кіргізбей қоя­тын, өмірі жолы болмайтын «неудачник» Мұқағалидан шаршадық. Талантын көлденең жұрт жабыла күндейтін, асып туған асыл текті ақынға залал ти­гізу­ден басқа жұмысы жоқ айнала­сын­дағы ақын-жазушылардан көресіні көр­ген, өлген соң ғана бағасын алған қор­­ғансыз Мұқағалидан шаршадық. Жә­не шаршадық: «Ол олай емес, ол былай болған», – деп, ақын­мен бірге өткен кейбір сәттерін естелік етіп айтып оты­ра­тын ізбасарларынан, «Мұқағалиға тірі кезінде көп зиян тигізген­дер, өлген соң бірден дос боп шыға келді», – деп, адресін нақ­ты айтпай, әлдекімдерден ақын атын қыз­ғанып отыратын қаптаған мұқаға­ли­танушылардан шаршадық.
Мұқағали – жарысқа айналыпты. Бір­ге өткен болымсыз бір сәтімізді есте­лік етудің жарысы; Ақынға жасаған жақ­­сылығымызды санаудың жарысы; Ақын өміріне қатысты әлдебір деректерді (естелік-аңыз) түзетудің жарысы; Үзең­гілес, замандас ақындармен салыстыру­дың жарысы; Ақынды жоқтаудан жарыс – бәрі келіп «байғұс-ай» дегізерлік, «пай-пай, сабаз-ай» дегізерлік құбыл­ма­лы Мұқағали жасаудың жарысы.
Жыл сайын, күн сайын жаңа Мұқа­ғали ойлап тауып, сенсация жасаудың бәй­гесінде битін сыққан өлермен қа­уым­ды көрсеңіз, сол – біз.
Әр өңірден жиылып келіп, қолын екі жақ­­қа сілтеп, жанын жеп, «тебіреніп» өлең оқи­тын, он неше поэмасы мен жүз бір­деңе өле­ңін жаттап алған оқушылар арасындағы жарыс (тура мағынасындағы) – «Мұқағали оқулары» біздің ұғымымыз­да ақын рухына көрсеткен ең үлкен құр­мет, «ақын мұрасын ке­лер ұрпаққа жет­кізудің» ең озық үлгісі екен. Жыл ай­­на­лып келіп тұратын 9 ақпан – оқу­шы­­лардың Алматыға келіп, бағы жанып, сағы сынып қайтатын датаға ай­на­лыпты. Жыл құрғатпай келіп тұра­тын Мұқа­ға­лидың туған күні – ақын өлеңдеріне жа­зыл­ған сәтті-сәтсіз әндер шырқалатын, сол баяғы жаңалығы жоқ естеліктер айтылатын мерекелік кешке айналыпты. «Бірдеңе жа­зып әкеп едім», – деп, редакторлардың есі­не ақынның туған күні кеп қалғанын салып тұратын мұқағалитанушылардың ұйқысынан оянатын маусымына айналыпты…
Мұқағалиды бәрібір ұқпаппыз. Ұғын­дыра алмаппыз. Мұқағали – сол баяғы Мұқағали екен. Біріміз тұрып: «Ол ішкен!» – дейміз. Енді біріміз: «Ішкен жоқ!» дей­міз. Араағайын шығады: «Жұрт айтқандай ішіп жүре берсе, мынадай өлең қайдан шы­ғар еді?». «Ішпесе жаза алмаған, сон­дықтан ішкен!» – дейді бірінші. «Ол сұм­дық білімді болған», – дейді екінші. «Әй, қызық­сыңдар, ол кезде кім ішпеген?» – үшіншінің ләмі.
Тартысымыздың түрі осы. Баяғы бір қы­зығы қалмаған, шандыры шыққан тақырыпты әлі жұлмалап келеміз, әлі айтып келеміз. Ешкім сұрамаса да соған (ішуге) бір соқпасақ, сөзіміздің дәмі кір­мейді. Әркім де ақын туралы ақырғы тоқтамды айтқысы келеді. Түсінгісі, тү­сін­діргісі келеді. Ешкім айтпағанды айт­пақ болсақ та, «мәңгілікке өзімен ала кет­кен нәзік жанын» бәрібір түсіндіре ал­маппыз. Өзімізше түсінген болып жүрсек те…
Мұқағали әлі күнге әлдебір отырыс­тарда қызара бөртіп алғандардың дауына арқау, мұңына қозғау, жиын-тойлардағы «шешендердің» сөзіне мысал болудан аса алмай келеді екен. Осының бәрі біз қан­­ша жерден «халықтық сипат алған», – деп жақауратқанымызбен, – ақынның бір­жақты, түсініксіз бейнесіне ғана арқау екен. Оның бейнесі – тойымызда болған­мен, ғылымымызда жоқ екен. Мұқағали – ті­лімізде ғана екен, жүрегімізге түспепті әлі.
Біз әлі күнге екі ортада қақпақыл бо­лып келе жатқан бақытты һәм бақытсыз Мұқағалиды бір-бірімізден «қорғаумен» келеді екенбіз…
Шығармашылығында өз портретін қапысыз қалыптап кеткен санаулы жан­ның бірі – Мұқағали. Өлеңін айтпағанда, тұрақты жүргізіп отырған күнделігі бізді ақынның шерге оранған жанымен беттес­тіреді. Оның тағдыры мен жан дүниесін тағы бір ұштастыра түсіндіріп беретін мұ­расы – прозасы. Бір қарағанда, Мұқа­ғалиды білу, Мұқағалиды тану қиын емес секілді көрінеді. Сонау 60 жылдығынан бері айтылып, жазылып, жинақтан жи­нақ­қа көшумен келе жатқан естеліктер де бізді Мұқағалимен біршама жақындата түседі. Бұл естеліктердің өзі ала-құла­лы­ғына қарамай, көзіқарақты жанды шын­дыққа қарай жетелей аларлық дүниелер.
Әлдекімдердің пендешілігін іштей бағып, ішіне жинай беретін, қатты түңіл­ген кезінде қолын бір сілтеп теріс айналып жүре беретін ақын шығармашылығы осындай іштегі жиналған түңілістердің өлеңге түскен көрінісіндей. Оның анау абажадай алып денесіне жасырынған нә­зік жүрегін көрмей қалу мүмкін емес. «Ахаң­ның» арқасында мүйізі қарайғайдай бір ағасына тіктеу кеп қалатын, әлдене­лерді қаттырақ айтып тастап, ертеңіне ұяттан өртеніп, өзін-өзі қажап, ар сотына аяусыз салып отыратын ақын оңашада үгітіліп, еріп отырғанмен, былайғы кезде сырт көзге осалдығын көрсетпеуге барын салар еді: Ардың-гүрдің жүруге, Сырдың суын сирақтан кешіп келгендей сенімді адымдауға тырысатын. Біз әлі күнге айтып тауыса алмай, тоқтамға келе алмай жүр­ген тентек Мұқағалидың бейнесі осы­лай жасалған болса керек. Ол тумысында батыл, еркін адам. Қай қазақты да бауырындай, өзімсіне арқадан қағып, қай үйге де нағашылап келгендей еркін енетін. Өзі жайлы айтылып қалған кейбір пікірлерді де елеп, ескермеуге тырысатын, өзімсініп айтып тұр деп ойлайтын. Оның бұл қа­сиеті қағазбен беттескенде де ештеңені бүгіп, жасырып қалуына жол бермес-ті. Күні ертең әлдекім оқып қояды-ау дейтін пен­де­шілік ұят оған тек қолбайлау ғана бол­ған болар еді. Оның сыртында, Мұқа­ғали өзінің келешекте үлкен даңққа жете­тініне шын сен­генін айтуымыз керек. Осы сенім ер­кін сөйлеуіне (әсіресе, күн­де­лігінде) шек­сіз мүмкіндік берді. Көп беттері жыр­ты­лып кетсе де, осы қалған күн­де­лік­тік мұрасының өзі көп жайтқа жол ашады. Бір өкініштісі, біз «алдымен адам боп туған, содан кейін ғана ақын болған» (өз сөзі) Мұқағалидың кәнігі бейнесін ысырып тастап, күнделік­те­ріндегі пафос­қа толы әдемі сөздерін ғана теріп ала беретініміз. Мұқағалиды «ақ­тап» әлекке түсетін кейбір ағайынның оның тұрмыс­тық өмірі жайлы мамыражай сөйлейтін пікірлерін жоққа шыға­ра­тын да осы күнделігі.
Бала, бозбала болып, жетілу кезеңін есі­не алғанда сұмдық үрейленетін, қатты жәбірленетін, кейінгі өмірінде де «жаңа екі костюм кимей-ақ өтіп кетуден» шыр­қы­рай қорқып, құдайдан араша сұрайтын Мұқағали жалынғандай сөйлейді: «Мен алдымен адаммын ғой!». Күллі адам баласына тән жақсы тұрмыс, барақат өмір ақын­ға ешқашан жат болған емес. Осыған қолы жетпеген, екі оттың ортасында шыж­­ғы­рылған ақын жалғыз алданышы по­эзия екенін айта береді. Тіпті, бұл күй­зе­ліс «Менде отбасы, ата-ана, туыс деген атымен жоқ. Үйім – табыт» деген ашынған жанның жанайқайына ұласып кетеді. Әлгі бірде, мойнына арқан салып тұрып, сәл ойланып райынан қайтатын кезі ше? Осының бәрін де өз тағдырын (трагедиясын) өзі қолдан жасап алған, «шеңберден шығу керек», – деп айналасына доқ көр­сетіп жүретін әпенделеу, аңғалақтау ақын мінезіне сілтей салғымыз келіп тұратыны несі екен.Біздің оған деген қатып қалған біржақты махаббатымыз оны ешбір кем­шілік­сіз, армансыз адамға айналдыруға құштар. Рас, мұндай жағдайға же­туге өзі де аз «еңбек» сіңірген жоқ. Ол қалтасы тесілгенде уайымшыл, күйреуік болғанымен, ақшалы кезінде айхай дәу­рен­ге басатын. Мұндайда оның айналасы көп көтермеші мен қаптаған қолпашшыға толып жүре беретін.
«Отаны жылап жатқанда» ес тоқтат­қан, санасындағы алғашқы ырғақ қара қа­ғаз келген әкесін жоқтап, егілген сәтін­де пайда болған ақынның бала кезде көргені мен сезінгені оның бүкіл шығар­ма­шылығына ұласады. Өлеңінің әлқис­са­сын жоқтаумен, жылаумен бастап, өкі­ніш­пен аяқталуы да әу баста белгі­лен­ген тағдыры ма екен, кім білсін. Шешесі Нағиман бір сөзінде Мұқағалидың осы жоқтаудан басталған бала кезде жазған өлеңдерін әлдекімдер алдап, 15 сомға сатып алып кеткені жайлы айтатын. Кол­хоз­дың ауыр жұмысынан қолы қалт еткен уақытта кітабы бар үйлерді жағалап жүретін жұғымды ұлдың білімге құштар бейнесі мен осы жоғалған дәптер ұлы сапар алдындағы қалыптасу кезеңіне жөн сілтейді.
Оның аудандық газетке басылған ал­ғаш­қы өлеңі – қалыптасу кезеңіндегі балаңдығын аңғартып алады. Таң қалар­лығы, осыдан көп ұзамай-ақ біз мүлде басқа Мұқағалиды көреміз. Сірә, әлгі өлеңмен бірге жазылған біраз дүниелері саналы түрде ақынның өз қолымен жойыл­ған болса керек. Мүмкін, арада біраз уақыт үзіліс жасалған. Оның әдеби ортаның, Республиканың назарын ау­дарт­қан шығармасы – «Ильич». Бұл поэманы жазуға ақын қапысыз дайындалыпты. Кейініректе айтқан «Саясатты жазбай болмайды. Онсыз сені санатқа ілмейді», – деген тоқтамға сол кезде-ақ келгені анық. Осы «Ильич» поэмасында күн көсем туралы:
«Әлдилеп бесік жыр шырқама,
Халқының мұң-зарын тыңдасын.
Жөргекте шамдана, бұрқана
Кішкентай күрескер туласын», –
дейтін. Ақынның өзі де өмірге осылай кел­ген. Тіпті, «Бесік жырын емес, халқы­ның мұң-зарын тыңдасын» – Лениннен гөрі өзіне жақындау дерліктей. Аштық пен азапқа бөккен қазақтың құрсағынан құшағына ауысқан сәби шырқырағанда анасының сүтсіз төсін түрткілеп, шарша­ған­нан жылаған. Аналар ұл таптым деп ғажап бір міндетсінген кейіпте терлеп отырып қалжа жеп, сорпа іше алмаған, әкелер шырқыраған аш сәбидің ащы даусы мен қызылшақаның көгеріңкі жүзіне қарап отыруға дәті шыдамай, үй сыртында тісін қарш-қарш қайрап, қайран таппай сенделетін нәубетті жылдар еді ғой бұл. Мұқағалидан бір жылдан соң туған Шер­хан Мұртаза өз қатарластары мен құрдас­та­рының тым аз екенін айтушы еді. Және құдіреттің күшімен ғана ғайыптан тайып тірі қалғанына таңданатын да. Сондай үзіліп кетпей аман қалғандардың тізіміне Мұқағалиды да қосатын. «Өмір дейтін мекеменің алдында әжесі қабылдап ал­ған» өмірдің есігі оны халқының мұң-зарымен күтіп алған. «Ең алғаш көргенім – аспан», – деп, сәби санасына ғарыштан алғашқы түйсік дарыған сәтке жеткенге дейін оның рухы көп дүниені қанына сіңіріп үлгерген.
Бұдан кейін «бала болып өскені есінде жоқ» сапырылысқан кезеңдер асығыс, ой тоқтатуға да мүмкіндік бермей өте шық­қандай.
Оның ақын болып қалыптасқан ша­ғын, шығармашылық өмірін екі кезеңге бө­ліп қарар едік. Алғашқысы – ауыл мен Алматы арасындағы сенделістер. Оқуға түсу, жағдайдың жоқтығынан оны тастап, ауылға қайтып, қызметке араласу. Қайта­дан Алматы. Радиодағы дикторлық. Ауыл­да қалған отбасы, әйел-баласы. Жары Ла­шын осы кезеңдер жайлы әңгі­ме­сінде әлдеқандай «өсектер» туралы айтады. Қа­лада­ғы ақын мен ауылдағы отбасы (ше­шесі, әйел-баласы) арасындағы байла­ныстың көркем шежіресі ақынның өлеңдерінде емес, прозасында көрініс тауыпты. «Қос қарлығаш» повесі мен «Әже» әңгімесі осы кезеңдердің (диктор­лық қызмет пен одан бұрынғы студент кезі) Мұқағали өміріне елеулі әсер еткені аңдалады. Ақыры, қалаға түбегейлі көшіп келетін шағы. Бұл алғашқы кезең қызы Майгүлдің өлімімен түйінделеді. Мұқа­ғали шығармашылығының екінші кезеңі осы қазадан басталады. Майгүл қазасынан бұрынғы Мұқағали мен кейінгі Мұқағали екі басқа. Ерекше жақсы көретін қызының өлімі – ақынның ішіндегі нәзік бір жіпті үзіп кетіпті. Майгүлдің қазасы – ақынның үмітін тас-талқан етіп, күйретіп қана кеткен жоқ, оның өмір мен қоғамды мүл­де басқаша қабылдауына себеп болды. Әне-міне орындалардай, енді-енді жет­кізердей қол созымда тұратын ғажайып, ізгі өмір жайлы арман аунап түсіп күйікке, күйректікке ұласқан сыңайлы. Майгүл мен Мұқағали арасындағы осы бір нәзік бай­ланыс бірнеше өлеңмен қоса «Құл­пытас» әңгімесін туғызды. Осы әңгімеден Мұқағали өмірінің әрі-сәрі шақта тұрған сүреңсіз бір кезеңін көреміз. Ілдалдалап, қарманып, «саяси тақырыптар» («Ильич», «Мавр», «Большевиктер») арқылы өзіне жол ашуға талпынып, шалдықса да сағы сынбай, жүні жығылмай келе жатқан ақын осы сүреңсіз аспанды найзағай боп осып өткен ауыр соққыдан өмірінің соңына дейін оңала алмай кеткендей. Осыдан біраз уақыт өткен соң біржола ашынған, өмірден жеңілген ақынды көресіз. Елдің айтқыш аузы қалыптаған ешкімге бас имей өткен алып ақынның бейнесі осыдан бастап мүлде басқа кейіпте алдымызға тартылады. «Жанын ұғар жалғыз жан» кішкентай ғана қызы­нан айрылған ақын ендігі жерде тек өлең­ге ғана мұң шағып, жалғыз қалғандай құлази беретін болған.
Майгүлдің қазасымен оның жастық дәуірі аяқталыпты…
Оның күллі шығармашылығында жастықтың портреті бар. Өз заманындағы жас адамдардың емес, адаммен бірге жасасып келе жатқан, дәуірлердің қойнына болашақпен бірге сүңгіп, сіңісіп кететін жастықтың, жас адамның күнәсіз бейнесі. Оның ұғымы жастықтан басқаның бәрін қораш көреді. «Жастық – өмір жігіттер, жастық – өлең, Қалғанының барлығы оттау екен», – дейді өлеңде. «Жастық жақ­сы­­лыққа ұмтылмаушы ма еді», – дейді күн­делігінде. «Жүректерің не деген жүдеу еді», – деп замандастарына сын айтады пьесасында. Оның ұғымындағы жастық – тазалықпен астасады. Ал жап-жас адам­дардың бойындағы ұсақтық, «жү­ре­гіндегі жүдеулік» оның ақылына сыймайтын. «Қайдан жүріп меңгеріп алған осы­ның (қулық-сұмдық) бәрін», деп, ай­ран-асыр отырып қалатын. Бізге жеткен естеліктердің дені оның сенгіш жан болғанына қапысыз сендіреді. Міне, осы мінезі оның айналасына аңғалдықпен, адалдықпен қарауға мәжбүрлейтін. Әл­гіндей пендешіліктерге ұшырай қалса, ол шырқырай түңілетін. Оның нәзік жүрегі соның өзін-ақ көтере алмай, шошына ышқынатын. Бала кезіндегі бір сурет:
«Мұңлық-Зарлық» па, «Қыз Жібек-Төле­ген» бе, «Қозы Көрпеш Баян» ба, әй­теуір қайсысы болмасын, бастаға­ны­мыз­ды аяқтамай ұйықтамайтынбыз. Қай­ратты, салқынқанды деген әжем жыр­­дың жауыздық пен әділеттілік алысып, жауыздық басым түскен қайғылы жеріне келгенде, өзін-өзі ұстай алмай булығып, кимешегінің алқымымен ары қарай батып кеткен кәрі көзінің бір-бір тамшы сараң жастарын сүртіп алып отыратын. Мұны көрген менің де жүйкем босап, аузымның қиюы қашып, иентегін көз жасым мұрнымның сорасына қо­сылып берекем қашатын. Сонда әжем:
– Әй, сен бе, сен, – дейтін кейіп, – жа­сық боласың-ау, осы! Басқаны аяп езілген жү­рек өзін-өзі аяй алмайды, балам, ер­кек­­сің ғой, сәл де болса суықтау бол! – деп, орнынан шұғыл тұрып кететін» («Әже»).
…Жұрт арасында ардың-гүрдің жү­ретін жасандылау мінезі оның жұп-жұм­сақ жүрегін қаншалықты жасыра алды дейсіз…
«Өзін сыйлаған адамға өзегін жарып беретін ақкөңіл» (Нұрғиса) Мұқағали кейде өз болмысынан қашатын. Жұрт сияқты ыздиып жүргісі келетін. Тым сезімтал жүрегін жасырып бағатын. Бір­ақ оның алып денесін жылытып, суық, сұқ көздерден жасырып қалатын алып тон иініне бұйырмапты. Үнсіз ғана бас изесіп, өлеңі жайлы құптаған райда ерін жы­быр­латқанмен, ар жағы сұрқай үнсіздікке ұласатын орта оның адамдарға деген се­німін азайта түскен. Сезімталдық секем­шіл­дікке ұласып бара жатыр еді. Оның қаламындағы «Титтей-титтей қырық күн сығалапты, қырық жамау құрым үй те­сігінде», – дейтін, сонау бесікте жатқан кезіндегі жоқшылықтың, жүдеуліктің өзі жып-жылы нұрға бөгіп тұратын сәуле азайып, сиясына ащы у араласа бастаған. Қырық жамау кеудесін қанша қымтап бақса да, «аузын ашса, өкпесін жел үріп», бүрсеңдей түсіп Мұқағали кетіп бара жататын.
Оның прозасынан – ақынның қолтаң­ба­сы аңғарылмай қалмайды. Поэзия та­би­­ғаты ұсақ детальдарды тәптіштеуге тарлық етеді, оның әңгімелері мен повес­тері де осындай. Кейбір детальдар үнсіз, жабық күйде қалып қояды. Бір-бірімен жіңішке жіптіктермен байланысатын оқиғалар бөлек-бөлек суреттермен жеке-жеке тұрады. Оның ортасындағы қанша­ма ой­ларды қазып алуға тура келеді. Ол прозаға қаламы поэзияға әбден төселген кезде келді. Оның сыртында, Мұқағали­дың өлеңнен қол үзген кезі жоқ. Мақала жазумен де көп әуестенген емес. Күнделік­терін айтпасақ, қара сөзге жүгінген кезі аз деуге болады. Оның поэзиясының біртұтас көрінетіні («бүкіл шығарма­шы­лы­ғым біртұтас поэма») де осы – тұрақты­лы­ғынан. Оның симфониямен тербе­тілу­ден ләззат алатын, музыкамен тынық­­қан­ды ұнататын миында тұрақты түрде ырғақ ойнап тұратын. Әне, ол бірдеңеге өкпелеп, «ұлан-асыр қайғы алып, ұлан-асыр пайда алып» келді, жүрегіндегі мұң басындағы ырғаққа ауыса бастады. Ол көңіл-күйі тілеп тұрған сөздің там-тұм елесін сезінеді, сол жет­кі­лік­ті. Музаға шексіз сенетін ақын қал­ға­нын Тәңірге тапсырды да, жазуға отырды. Жазу үстелінде мызғымай тұра­тын Абай­дың жұдырықтай бюстіне қарап аз отыр­ды да, бастап кетті. «Құлағыма әлдекім сыбырлайды», – дейтіні сол, – ол өзі жасап алған ғажайып әлемге өзін тас­тап жібереді де, көлденең дүниені тәрк етеді. Өндіре жазғанда бір аптада екі поэма жазуға жеткізген шыдам мен төзім, алып құлаш оның осы наным-сенімінің күші болатын. Бексұлтан Нұржекеге жазған бір хатында «Алғашқысына қол тигізбе», – депті. Оның ұғымындағы жазу сәті – тылсыммен жалғасқан, адамзаттық кеңіс­тік­тен бөлек, биік әлем. Оған пенде ретінде қол сұғу – күйреуге әкеледі. Ол әр жолын тәп­тіштей қарап, әр әрпін ыжда­хат­ты­лықпен қырнап-жонатын салқын сабыр­­дың адамы емес. Ол лап етіп тұтан­ған сезім мен ойды жан дәрмен жазып қалуға тырысады. Арасындағы кейбір сөздер беймәлімдеу, бос орын тастап ілгері кете береді. Бастысы, ырғақ бұзыл­мауға, жіптік үзілмеуге тиіс. Қайта айналып соғып, әлгі бос орынды толтырады, әлде­бір сөзді ауыстырады, сызып, қайта жазады. Соңына жетеді. Енді келесі бетке көшіріп жазады. Оның «шығармашылық процесі» осылай болатын. «Поэзияның түрін ақын саналы түрде, қасақана өз­гер­т­пек болса, онда бәрінің де оңбағаны. Түр ізделмесе керек, ол – ақынның ішкі тебі­реніс, толғанысынан туатын заңды құ­былыс» – жаңа форма жасау туралы ұғым ғана емес, оның жалпы поэзияға, жазуға қатысты ұстанымы. «Көп іздеп тапқан кө­кіректегі көрікті ойын», соншама әу­ре­мен тапқан сәтті идеясын әлдебір шең­берге, өлшемге, жаңаша бір форманың бодауына қор қылуға тұла бойымен қар­сы. Жазуға кіріскен сәтінен-ақ ас-суды, көлденең тірліктің бәрін ұмытып, жан-тәнімен кірісетін Мұқағали өле-өлгенше максималист болып өтті. Әлдекімдердей «жазу деген – жаныңды жейтін, денсаулы­ғың­ды алып тынатын, қалжырататын азап­ты еңбек», – деген сынды шағынулар­ға барған емес. Біз нашарлаған денсаулы­ғы­ның енді оңалмасын білген соң, жазып қалуға тырысты деп жүрміз ғой. Солай да шығар, бірақ о бастан жанын күтіп, өзін сақтап әдеттенген адам болса, өміріне қатер төнгенін білген сәттен-ақ өлеңді кейінге ысыра тұрар еді. Ақырғы күнінің таяғанын білді, білмеді, мәселе онда емес, мәселе оның өлеңсіз тұра алмайтын хәлге жеткенінде. Өзі қалыптап алған ғажайып әлемнен шыққысы келмейтінінде. Бәл­кім, былайғы өмірі бақыттырақ болса, аман қалудың жолын қарастырар ма еді… Бұл, қалай десеңіз де, мәнсіз болжам ғана. Ол өзінің ауруы жайлы медициналық кітапшадан жасырын оқып алыпты деген бір сөз бар. Ал оның диагнозы – оңал­майтын, асқынған сатысы екен деседі. «Күніне үш өлең, қалай да үш өлең» де­гіз­ген жанкешті еңбектің себебі осы болуы да мүмкін. Түн баласы аурухананың асханасын «жұмыс кабинетіне» айналдырып алған ақынға, әлбетте, ескерту жасалатын. Мұндайда: «Өлең жазсам ауруымды ұмытып кетем. Мен өлеңмен емделем», – дейтіні жай сөз ғана емес, рас болатын. Ол жанын қажаған ауруды елемеуге тырысып бақты. Жантәсілімде айтқан сө­зіне айналған «Балаларым жас, бітпеген шаруаларым көп еді» деген жанының түкпірінен уілдеп тұрып алатын, жүрегіне маза бермейтін сұрқай өкінішті өлеңмен тұншықтыруға барын салды. Өзіне көңілі толмай жүретін ақын жазып болған соң ғана жадырап сала берер-ді. Содан кейін ғана тіршілік тіріліп, көз алдында жыбырлай бастайтын. Сонда ғана ғана алдында тұрған азапты күн, әлдекімдердің алдындағы елеусіз, қадірсіз басы есіне түсетін. Жұмыссыздығы, ақшасыздығы жайлы көңілсіз ойлар қайтадан иектейтін. Қайтадан түңіліс, қайтадан торығу басталатын. «Сәлден кейін тағы да таң атады, тағы да сары уайым, сары уайым» тіршілік – «Келші маған, тез жетші, алданышым» – түнге (өлеңге) асықтыратын. Барақат табар жан тынысы сонда ғана, түнде ғана. Оңа­шалық­та ғана.
Мұқағали кісікиіктеу болып бара жатқан…
Мұқағалилық өлшемге салсақ, поэзияда бір сөз, бір жол емес, бір шылаудың өзін өзгертуге сақтық керек. «Нәзіктікке сотқарлау сыншының сойқан балтасы емес, арудың бір тал шашы да ауыр тиюі мүмкін». Бұл – Мұқағали айтса ғана жарасар нәзіктіктің өлшемі. «Айтуға болмайтын дөрекі», «өмірде болмай қалмай­тын заңды құбылысты» поэзияға ай­­­нал­­­дыру­ды мүлде қабылдай алмағанға ұқсайды. Өзі жақсы көрген, алғашқы қадамын жоғары бағалаған жас Жарас­қанның «Шторм» деген өлеңі туралы ашына айтатыны бар. «Поэзиямен үш қай­наса сорпасы қосылмайтын нағыз дөре­кілік», – деп азар да безер болады. Өлеңнің тұнығы лайланғандай, әлдекім балына у тамызғандай күйінеді. Ал біз айтсақ, бұл бүгінгімен салыстырғанда бейкүнә өлең. Мұқағали соның өзін ауыр­сынып қалғанға ұқсайды. Ондағы моральда жалған отаншылдық, жасанды ар-ұят жоқ. Оның моралі – шынайы тазалық. Саф таза поэзияға өзіне лайық тазалықпен қызмет етпейсің екен, бәрі бекер. Ол поэзияға «Аққулар ұйықта­ғанда» поэмасындағыдай кие алдындағы қорқы­нышпен жүгінеді. Өзгелерден де соны талап етеді.
Айтқыштыққа, афоризмдер жасауға, сұлу сөйлеймін деп, жөнсіз мәтелдетіп ке­те­тін әріптестеріне «сом алтыннан со­ғыл­ған халық даналығымен бәсеке талас­тырғандай», – деп налитыны бар. «Тұман­байдың поэзиясында айғай жоқ», – деп сүйсінеді бірде. Оның өлеңнен іздейтін қазынасы да, өлеңге артар жүгі де осындай қарапайымдылық. Оның өлеңінде ашынған жанның жанайқайы да тұн­шы­ғып, жасырынып жатады. «Қа­зақ­тың дәл өзіндей қарапайым» Мұқа­ға­лидың үлкен қайғы алдындағы талабы да орасан: «Жылай білсең шын жыла, жасыма тек!». Оның «бір ғана поэманы құрай­тын» бір­тұтас поэзиясы табалдырығынан аттаған адамды әшекейсіз, қарабайырлау көрі­не­тін, бірақ әлдебір шебер қолдың табы есе­тін де тұратын, оңайлықпен көзге көріне қоймас сесімен басып тұратын ескі заманның алып ғимараттары сынды мыз­ғымас қалпымен уілдеп, тұңғиық бір мұң­­лы әлемге тартып ала жөнеледі. О бас­­та аңғал-саңғал зәулім сарайдың қораш­­тау көрінетіні сияқты, алғашында батыл көз сала бастайсыз. Енді бір сәтте әлдебір құдіретке арбалғандай көзіңіз тұнып, оның кемшіліктерін көруден қала­сыз. Бәрі таныс сияқты, сіз білетін, сіз көріп жүрген суреттер сияқты. Сонша­лық оңай, соншалық қарапайым. Алды­ңыздан бұлың етіп баспалдақ шықпайды, әлдебір қуысқа апарып, адастырып, сар­саңға са­лар­дай күрделі архитектура жоқ. Ондағы ең жағымды нәрсе – сіз бас сұқ­қан са­рай­дың аурасы. Өкпеңізді қысып, де­міңізді бітеп тастардай асқақ­тық, ас­там­­­дықтан ада. Қабағыңызды қабар­жы­тып, өзіңіз де терең түсіне алмас бір мұң жүйке-жүйеңді босатып, қай-қай­да­ғың­ды қозғайтын гөй-гөй сарын буын-буы­ның­ды алып, дел-сал күйге түсіреді. Сон­да барып қана сәулетшінің бұл сарайды босағасынан бастап, жүйе-жүйесімен аралап шық деуінің себебін ұғына бастайсыз.
Осыдан кейін әлгі әсер сізді құр­сауынан бірнеше күн бойы босатпайды.
…Сіз ақынның жанын әлдебір түйсік­пен керемет түсінетініңізді сезесіз. Ішкі бір дауыс мына шебер қолдың иесі – қорғансыздау, өзіңіз енген сарайдай аң­ғал-саңғал, мәрт адам дейді, – қалтқысыз сенесіз. Ел айтып жүрген өсек-ғайбаттың барлығы да санаңыз байыптаған алып тұлғаның жанында тым қораш, тым құнсыз көріне бастайды. Көлденең сөздер расқа айналса да, сіз оны ақтап аласыз. Себебі, осы бір алып бойға сәби жүрегін сыйдыра алмай, аласұрып өткен жақсы адамды жамандыққа қию мүмкін емес.
Райымбек Сейтметов «Дариға жүрек­ті» пьесаға айналдырып, Қарасазға апарып қойғанда ауыл адамдары спектакль кейіпкерлерін танып, көздеріне жас алып отырыпты. Шанасына мінгізбей, таулар­дың ішіне тастап кеткен «жолаушы аға­ны» – «бұл – Пәленше ғой», – деп, жаз­ғы­рып жатты дейді. Оның поэзиясындағы қарттар да, әкелер мен шешелер де, ағалар мен жеңгелер де оның көркемдік әлемінде қайнауы жетіп, әбден пісіп-жетілген
иде­ал образдар. Ақын санасы, арманы қа­лып­таған өмірдің өзінен алынған адам­­дардың жиынтық образдары. Осы­ның бәрінің артында «жалпы халық туралы жазудан гөрі, сол халықтың жекелеген мырқымбайлары жөнінде жазу әлдеқайда күрделі», – дейтін автордың өзі тұратын. Мұқағали өлеңді қай формада, қай шақта жазса да өзі басты планға бадырайып шығып та кетпей, тым тасада қалып та кет­пей, шығарманың өн бойында бір сәтке қалып қоймай, қапталдасып еріп отырады. Жетелеп отырады. Өзіңе тесіліп отырған көзді арқаңмен-ақ сезіне­тінің болады ғой, Мұқағалиды да солай сезі­несің. Бірде мұңлы, бірде шуақты болса да терең бір қасіреттен арылмай қойған ақынның көзі тесіледі де тұрады. Мұқа­ға­лидың халық ұғымында мұңлы кейіп­пен қалып қойғаны да тегін емес. Әйтпесе, ішіпті, төбелесіпті, Пәленшекеңе пәлен деп салыпты сынды естеліктердің кейіп­кері жайлы әлдебір әңгүдік біреуді ғана айта берер едік қой. Ол өзін қай жағынан да (қалай бопсаласаң да) шығар­машылығы арқылы толықтай ақтап алған. Ал біз оны ел аузындағы «естелік­тер­ден» қорғап әлек…
Өндіріп жазып, ойға алған тақырыбын бір қайырып тастаған соң: «Мен босап қалған құмырамын. Толтыруым керек», – деп үйінен шығып жүре береді екен. Сондағы іздейтіні – замандастары, барар жері – Жазушылар одағы. Жұрт не жазып жүр, өзі не тындырды, қандай деңгейге жетті – бәрінің шешімін анықтайтын – әдеби орта. Одан қол үзуге болмайтын. Редакцияларда қызметте жүрген кезінде де, кейін де шығармасын ұсынғандардың қолын қақпай, алдына келген үмітті жас­тар­дың қолжазбасын бір күннен қал­дырмай оқып, ертеңіне пікірін айтатын ақын өз дәуірінің әдебиетіне, өзінен соң­ғы­ларға немқұрайлы қараған емес. Осы­ның бәрі жағымды болсын, жағым­сыз болсын алған әсерлер мен көрген-түйген­дері оның қаңырап қалған көңіл сарайына жан бітіретін. Адамдар арасынан нәр іздеген ақын аларын алып, қа­зынасын сы­қап алған соң, енді, сол дүр­мектен қаш­қақтай бастар еді. Оңа­­ша­лануға асы­ға­тын. Жазу үстеліне қайта отыратын. Үйін­де тыныштық орнайтын. Қарсыда тұратын­дар оның терезесінен шамының таңға дейін бір өшпей тұратынын көретін.
Мұқағали тоқтаусыз жазып жататын…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір