Түлектер мектепке оралды
Жыл соңында Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Samgau» түлектер форумы өткізілді. Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы NIS-те тәжірибе мен біліммен бөлісу, кәсіби бағдар беру алаңында 600-ден астам түлектер мен оқушылар бас қосты.
Мектеп бітірушілері ұшқан ұяларына оралып, сағыныш сезімдерін жасырмай жүректеріндегі ыстық лебіздерін білім нәрімен сусындатқан аяулы мектептеріне арнады.
Айтулы оқиғаның басты ерекшелігі — өмірде өз орындарын тауып, еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып жүрген түлектер мектеп оқушыларының мамандықты таңдау, білімді жалғастыру бағытында туындайтын көптеген сауалдарына жауап беріп, өз тәжірибелеріне сүйеніп кәсіби бағдар берді. Еліміздің, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алып жатқан студенттер, дипломға ие болып түрлі салада қызмет атқарып жүрген кешегі зияткерлер жылы тартымды атмосферада құнды ақпараттарымен бөлісті.
NIS оқушылары форумның арнайы сессиясында қонақтарды өздерінің ғылыми-зерттеулік, әлеуметтік, білім және IT, шығармашылық жобаларымен таныстырды. Түлектер әр жобаға өз кеңестерін беріп, дамыту жолдарын көрсете білді:
– Оқушылардың IT саласындағы ізденістері таң қалдырды, деңгейлері де жақсы. Мен осы тұрғыда өз кеңестірммен бөлістім ,- деді Германияның Constructor University-де инженерия саласында білім алып жатқан Асылбек Сакенов.
– Форумнан алған әсерлерім керемет! Бұл жоба ұрпақтар сабақтастығын нығайтумен қатар, болашақ оқушыларымызға бағдар бола алады. Түлектеріміз өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісе отыра, жас буын өкілдеріне кеңес беріп, жоғарғы оқу орнына тапсыруда міндетті түрде ескеру қажет ақпараттарды айтты. Болашақта бұл бастама жақсылыққа ұласып, жаңа ашылулар мен оқушыларымыздың тек биік белестерден көрінуіне алып келеді деген ойдамын,– деп ағынан жарылды NU студенті Ильяс Қожантай.
– Шырмауық лигасына кіретін Dartmouth College- де оқу NIS білім бағдарламасының заңды жалғасы деп айтар едім. Бұл мүмкіндікке әр зияткер қол жеткізе алатынына оқушыларды сендіруге тырыстым. NIS қауымдастығы сіңдіретін көптеген networking дағдылары маған аз уақытты жаңа ортаға бейімделуге барынша көмектесті,– деп бөлісті АҚШ университетінің 1 курс студенті Рамина Асқарова.
NIS түлектері қауымдастығының бастамасымен өткізілген «SAMGAU» форумы Зияткерлік мектептер желісінде қалыптасқан ұрпақтар сабақтастығының айқын көрсеткіштерінің бірі болды.