Жандар досымның есімі Жандарбегіммен жалғасты
10.02.2023
626
0

Өмірдегі ең ауыр нәрсе – дүниеден өткендер жайлы естелік айту. Бұл – жүректегі беріштеніп кеткен жараның аузын қайта тырнап, қанатқанмен бірдей. Орны толмас ойсырап тұрған, көзден кетіп, есімі мен бейнесі көңіліңде қалған адамның рухымен тілдескеннен басқа амал жоқ. Қолдан келер қайран да жоқ. «Досыңды көрсетші, сенің кім екеніңді айтайын» деген тәмсіл бар ғой. Досыңды көрсетші дегенде, ұялмай, айбат­танып, міне, деп көрсететін достың нағыз досы, ол – Жандарбек Бегімбетов еді.
Аузын ашса жүрегі көрінетін, бойына бірнеше өнер тоғысқан, сегіз қырлы, бір сырлы Жандарбекпен Қызылорда облысында комсомолдың 70 жылдығына арналған республикалық айтыста таныстым. Бұл 1987 жыл еді. Қияқ мұрт­ты, қара торы, маңдайы жарқырған 25 жаста алаулап-жалаулап, шоқтай жанып тұрған кезі еді. Мен семейлік Дәмеш Омарбаевамен айтысып, быт-шыт болып жеңіліп, салым суға кетіп тұрғам. Қасыма келіп: «Жасыма, бауырым, мен де жаркент­тік болам. Өзің қай тумасың?» – деп менің елімді сұрады. «Мырзагелдімін» деп едім, екі саусағымен мұртын басып, езуін тартып жымиып, «Мырзагелдіден ұл туса, ағашқа күн туады» деген аталы сөз бар, мен де Мырзагелдімін, келші бауырым, құшағыма басайын» деп бауырына басты. Ол кезде Жандарбек Тараздағы Гидромелиорация-құрылыс институтында оқитын. Айтыс бағдарламасы бойынша терме айтуға барыпты. Мені жұбатып тұрғанда сахнаға шығатын кезегі келіп, Кенен Әзірбаевтың «Баста өлең» толғауын орындады. Зал іші сілтідей тынды, толғау аяқталғанда Жандарбектің орындау шеберлігіне тамсанған жұрт ұзақ қол шапалақтады. Екінші мәрте сахнадан көрініп, көрерменге басын изеп, шығып кет­ті. Екі мәрте терме орындауға қазылар құрамы рұқсат бермеді, ереже бойынша қойылған талап бар. Қайта оралып менің қасыма келген соң, «араласып тұрайық, биыл оқуымды тәмамдап, елге ораламын» деді.
Айтқандай шілде айының аяғына таман ол мен тұратын Үшарал ауылына іздеп келді. Содан бастап екеу­міз тонның ішкі бауындай араластық. Аудан прокуроры Жандарбектің нағашысы Мақсұт Қалдыбаев пен Октябрдің 40 жылдығы атындағы колхоздың парторгы болған марқұм Наби Сарпеков қайда барса, Жандарбек екеумізді бірге алып жүрді. Мен қоныс аударып, көрші Айдарлы ауылына ауысқанда да жұбайы Майраны ертіп, кішкентайы Олжасын көтеріп, жаңа қонысыма құт­ты болсын айтып келді. Жұбайым қазан көтеріп, көрші қолаң жиналып қалды. Үшарал ауылына күйеу бала болған менімен бірге жаңа үй алған Нәбижан деген көршім бар еді. Оның кішкентай екі қызы болған. Жандарбек балажан екен, әлгі екеуін ойнатып жүрген, бір қарасам, 20 теңгені тасқа балғамен соғып жатыр. «Ей, мұны не істейсің?» десем, «Нәбижан мен Ақшекерге құда боламын. Олжасым ержеткенде екі қыздың бірін алады деп серт­тесемін. Сен куә боласың» деді. Нәбижан мен Ақшекер мәз. «Бопты-бопты, әлден қалың малын төлей бер, 20 тиынды жапсырып жоқ болып кетпей», – деді Ақшекер. Сол күні бір тамаша отырыс болды, ән-жыр айтылды. Жандарбектің әншілігіне тамсанған көршілер кешкі ақшам түскенде қимай қоштасты. Араға бір жыл салып мен Талдықорған қаласына қоныс аударатын болдым. Жаңа құрылған «Қазақ тілі қоғамына» шақырту алдым. Баспана берілетін болды. Уақытша Талдықорған қонақ үйінің 527-бөлмесінде тұрып жат­тым. Негізі ол орталыққа Жандарбек шақырылған болатын. Ол «Дипломды жаңа алдым, әке-шешеме жемісін жегізейін, қастарында болайын. Айтақын барсын» деп бас тарт­ты. Жандарбектің ұсынысы қабыл болып, мен қалалық болып шыға келдім. Бір күні қонақ үйдің есігін біреу тоқылдатады. Ашсам, Жандарбек жымиып, мұртын басып тұр. «Мен келдім. Осында Мақпал Жүнісова гастроль­де жүр, соған қызмет жасап жүрмін» деп мәз-мәйрам. Мен оны у-шудан бөліп алдым, екеуміз бөлмеде сырластық. Сол жолы Дәнеш Рақышевтың Мұқағали Мақатаевтың сөзіне жазылған «Сағындым ғой» және Қазақстаның Халық әртісі Алмахан Кенжебекова әнін шығарған «Сахараның шұбырған түйелері» әнін тамсанып, ерекше сезімге бөленіп орындады. Бұл әндер ол кезде көп орындала қоймайтын. «Ән деп осыны айт. Сөзі қандай, ән мен сөз қалай үйлесіп тұр?» деп толқыды. «Жүр, ендеше, Алмахан тәте мен Кендебайға сәлем беріп, әнді тәтенің аузынан бір естиік» деп сүйрелей жөнелдім. Қуанып кет­ті. Барсақ, Алмахан тәте де, Кендекең де үйде екен. Мәре-сәре болып, сол бір кеш ән кешіне ұласып кет­ті. Әсілі, Жандарбек – серілігі сегіз атанға жүк болатын, әншілігі аста-төк, ақындығы асқақ, сазгерлігі үйлескен бір бойына бірнеше өнерді тоғыстырған жігіт еді. Оның әртістік қабілеті де бар-тын. Шалдың даусына салып, образға кіріп, жылағанды күлдіріп, күліп отырғанды жылатып қоятын. Ол өз кезінің бесаспап асабасы болды. Қолдан-қолға тұрмайтын. Екеуміз той басқарып, Жаркент пен Талдықорған аймағында бармаған жеріміз қалмады.
Әт­тең кісі қолынан ажал құшты. Егер тірі болғанда, бүгінде ол кемеліне келген айтыстың ақтаңгері, әншінің ардагері, сазгердің саңлағы болар еді. Өмір ғой, алдағыны кім болжапты… Ойда-жоқта 1990 жылы қыркүйек айында Жандарбек кісі қолынан қаза тапты деген хабар келді. Төбемнен жай түскендей есеңгіреп қалдым. Бақилық болардың алдында ғана бір апта бұрын келіп кеткен-ді. Жайраңдап, жан-жағына шуағын шашып жүрген досымнан аяқасты айырылып қалдым. Өзекті өртейтін бір өкініш, Жандарбектің өмірін қиған қылмыскер ізін суытып кет­ті. Күні бүгінге дейін табылмады. Енді табылмайтыны айдан анық.
Жеке отау болып, колхоз бастығы Н.Головацкий берген сегіз бөлмелі үйде аңырап, бір баласымен Майра қалды. Әке-шешесі қайғыдан қан жұт­ты. Әсіресе Шәкен тәте Жандарбек деп егілгенде, етегі жасқа толды, көз жасы құрғамады. «Балапандарымның ішіндегі ерегі осы – Жандарым еді ғой» дегенде жанын қоярға жер таппады. Амал қанша. Тірі адам тіршілігін жасайды. Араға жылдар салып жұбайы Майра қоныс аударып, төркіні Жамбылға көшті. Хабарласып тұрдық. Жамбылға іздеп барған күніміз де болды. Жалғыз ұлы Олжас ер жет­ті, азамат болды. Ат жалын тартып мінді. Жұбайы Майра Жандарбекке деген адал сезімін өшірмеді. Қайта тұрмыс құрмады. Жатса, тұрса Олжасының тілеуін тіледі. Бүгінде немере сүйіп, өсіп-өніп отыр. Жандарбек өмірден озғанда менің және ақын Жапар Ақылбековтің де жұбайының аяғы ауыр болды. «Достығымыздың айғағы болсын, кімнің әйелі бірінші ұл табады, соның атын «Жандарбек» қоялық деп келістік. Сөйтіп жүргенде, Жапардың әйелі бірінші босанып, ұл тапты. Алайда ұлына Жанадарбектің есімін қояр кезде, берген уәдесінен тайқыды. «Енем жас өлім сәбидің болашағына кедергі болады» деп айт­ты деді. Үндемедім, уәде берген өзі-тұғын…
Ендігі кезек менікі еді. Араға ұмытпасам үш-төрт ай салып, зайыбым ұл туды. Салмағы бес келіге жуық болды. Бүкіл аурухана шулап кет­ті. Әйеліме де, ауылдағы үлкендерге де айтпай, туу туралы куәлікке Жандарбек деп жаздырып, перзентханаға бардым. Әйелім үндемей жылады. «Берген де Құдай, алатын да Құдай. Ғұмырлы болсын, Жандарбек досым жетпеген мақсатқа осы баламыз жетсін» деп жұбат­тым оны. Алла тілегімді қабыл ет­ті. Айтыс аламанында Жандарбектің есімі аталған сайын досым Жандарбектің рухы асқақтайды. Жаратқан Ием баламды тіл-көзден сақтап, денсаулығын зор етіп, абыройын арт­тыра бергей деп жатсам-тұрсам Құдайдан сұраймын.

Айтақын БҰЛҒАҚОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір