АҢЫЗ БОЛҒАН ҰСТАЗ
Хабибулла Оспанов 1200-ден аса ғылыми еңбектің, соның ішінде 155-тен аса авторлық өнертабыс пен патент куәліктерінің иегері, 60 оқулық, оқу құралдары мен монографиялардың авторы. 58 ғылыми еңбегі Лондонда, екеуі Германияда, біреуі Мәскеуден шыққан. Минералды ресурстар Халықаралық академиясының, ҚР минералды ресурстар академиясының академигі, ҚазКСР еңбек сіңірген өнертапқыш, КСРО өнертапқышы. Ғылым әлемінде төрт Халықаралық ғылыми жаңалық ашып, Қазақ атын Жер-жаһанға танытқан талантты тұлға. «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» деген екен ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлы. Көненің көзін, бүгінгінің өзін көрген атақты ғалым, химия ғылымдарының докторы, профессор Оспанов Хабибулла Құсайынұлы да өз ұстазы Батырбек Беремжанов жайында көңіл тебірентерлік естелік жазған екен. Сіздердің назарларыңызға сол материалды қысқартып ұсынуды жөн көрдік.
Әрбір адамның өсіп-жетілуі мен адам болып қалыптасу жолында жеке тұлғалардың еңбегі ерекше.Негізгі мақсаты білім алам деген жастарға қамқор қолын созып, келешекте халық мақтанышы болатындай шәкірт тәрбиелеп, адамгершілікке баулитын жан – Ұстаз.Сондай тұлғалардың бірі һәм бірегейі аса мейірімді ұстаз Батырбек Ахметұлы Беремжанов. Қазақ Ұлттық университетінің химия факультетінде білімге құштар жастарды жинап, ақыл-кеңес беріп, тәрбие мен тәртіпті, жан баласына деген асқан сүйіспеншілікті бір бойына жинақтап, көп жыл бойы декандық қызмет атқарған жаны асыл абзал адам болатын. Баташ аға бүкіл жастардың сүйіспеншілігіне ие болған парасатты ұстаз. Үлкенді де, кішіні де әдеппен сыйлағандықтан барлығы Баташ аға деп құрақ ұшатын. Ол кісімен сөйлесіп тілдескеннің өзі бір ғанибет еді. Өйткені, сымбатты, көрікті келбетімен қатар ақсүйектерге тән жылы жүзділігі сөйлескен адамды өзіне магнит сықылды тартып алатын қасиеті бар-тын. Ол кісімен сөйлескеннен кейін көңілің көтеріліп, мықтыларға тән бойыңда ерекше күш пайда болатын. Баташ аға бұйымтаймен келген кісілерге шамасы келсе жақсылығын аямайтын. Тек қана химия саласындағы ғалымдарға емес, ғылымның басқа салаларында көз майын тауысып еңбектеніп жүрген ғалымдардың талай жетістікке жетуіне себепкер болғанын көз көрді. Батырбек Беремжановтың тамаша қасиеттерінің бірі – жақсылық істегенін білдіртпейтін және жақсылық істедім деп бетіне басып мақтанға бой ұрмайтын. Және қазақты жүзге бөлмейтін. Шәкірттерінің бәріне «сендер химия руының азаматтарысыңдар» деп отыратын. Аз сөйлеп көп іс тындыратын. Әрбір сөзі алтыннан да қымбат болды. Оқушыларына және басқа адамдарға қол ұшын беріп жақсылық істеген кезде, тек риясыз көмек беретін. Қазіргі кезде көп ұстаздар жақсылық істесе, өтемін талап етіп жатады. Француз жазушысы Жан-Жак Руссо «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген екен. Осы тәмсілді бүгінгі ұстаздар тереңірек түсінсе деймін. Баташ ағамен көп жыл қызметтес болдым. Шәкірттері мен қызметтестерінің жетістіктеріне жас баладай қуанатын, уақыт бөліп сөйлесіп бағыт-бағдар беріп отыратын. Бір адамға қатты сөз айтқанын естіген емеспін. Химия факультетіндегі сол кезде үлкен ғалымдар Сәтпаевтың кезіндегі академиктер Д.И.Сокольский, М.Т.Козловский, М.И.Усанович Баташ ағаның талантын, парасаттылығын, ұлылығын сыйлап, қатты құрметтейтін. Тұлғасы мен азаматтығы өзгеден ерек Батырбек Ахметұлы халық үшін жер-жерден асыл тастарды жалықпай жинаған, мейірбан және дана геологқа ұқсас болды. Батырбек Беремжановтың жеке өзі және онымен бірлескен қызметкерлері 1000-ға жуық ғылыми еңбек, соның ішінде 17 монография шығарды. Республиканың орта және жоғары мектептеріне арналған 10 оқулықты қазақ тіліне аударып, 6 оқулықты редакциялады. Сондай-ақ, 20 ғылыми-әдістемелік жұмысы жарық көрді.Жоғарыда айтқанымдай, ғылым жолындағы жандарға өз көмегін аямады, өмірінің соңына дейін маған да көп көңіл бөліп, әкемдей қамқорлық көрсетті. Сол кісінің қарамағында істес болғанымызға біз өзімізді бақытты деп санаймыз. Үлкен еңбек пен ұстаздық тәлім-тәрбиенің нәтижесінде химия факультетінен бастау алған, Қазақстанның түкпір-түкпірінде ғылым докторларының, профессорлар мен химия мамандарының бүгінде үлкен армиясы шоғырланды. Ол кісі дүниеден озып кетсе де, оған риза болған шәкірттері екі жылда бір рет еліміздің әрбір облыстарында Баташ ағаның құрметіне халықаралық химия, технология және білім беру саласында съезд өткізіп келеді. Профессор З.А.Мансуров осы съездің өтуіне атсалысып, ұйытқы болып жүр. Кейбір оқушылары мысалы, сүйікті шәкірті профессор М.Р.Танашева әрбір жылдың 10 желтоқсан күні (Баташ ағаның туған күніне арнап) көптеген профессор ғалымдар мен сол кісімен қызметтес болғандарды жинап, дастархан жайып, ас береді. Енді бір шәкірті профессор Н.С.Шарипованың бастамасымен орыс тілінде «Эпоха Беремжанова» атты кітап жарық көрді. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген «Батырбек Беремжанов» кітабы және бар. Бұл кітаптарда тек қана қазақ ғалымдарының ғана емес, басқа елдің де азаматтарының Баташ ағаның ұлылығы, парасатталығы, адамға деген сүйіспеншілі жайындағы ой-пікірлері жинақталған. Осынау игілікті істердің баршасы шәкірттерінің сол кісіден алған адамгершілік қасиеті мен Баташ ағаға деген шексіз құрметін көрсетеді. Мұндай қасиеттердің тәрбиелік маңызы өте зор, бүгінгі ұрпақ, бүгінгі жастар осындай тұлғалардың өнегелі өмірімен таныс болса келешегі кемел, болашағы жарқын болары хақ. Өйткені, мұндай кемеңгер ұстаздар бірен-саран, жоқтың қасы. Иса Пайғамбар «Адамның ұлылығы, оның бастық болып адамдарға билік жүргізуінде емес, оның ұлылығы – адамдарға сүйіспеншілікпен қызмет етуінде» деген екен (орысшасы: «Велик не тот кто командует людьми, а тот кто служит людям из-за любви»). Осы сөз біздің Баташ аға туралы айтылғандай. Шынында да Баташ өз халқына адал сүйіспеншілікпен қызмет еткен абзал, кемеңгер, мейірімді адам еді. Аңыз болған ұстаз деп атауымның да мәні осында. Біз осындай кемеңгер адаммен қызметтес болғанымызға өзімізді бақытты деп санаймыз. Ұлы ұстаздан көрген тәлім мен тәрбиемді үлкен ғылым жолындағы еңбектерімде көрсеттім. Туғанына 105 жыл толу мерейтойына орай Баташ ағаның ұлылығын шамам келгенше өлең-шумақтарымен оқырмандарға жеткізгім келеді.
Менің мәңгі жастығымның куәсі,
Мың сан қырға кеткен алып құлашы.
Жүрегімді салып алақаныма
Саған арнап жазған мендік жыр – осы.
Дәркүмәндау сен туралы пайым жоқ,
Тудың көкте жарқыраған Айым боп!
Сенің атың – мынау дала, мына қыр,
Сенің атың – бар ғұмырым, сайын көк.
«Ұстаз айтқан» деген сөздің төркіні,
Менің саңлақ ойларымның көшкіні.
Сенің қат-қат еңбегіңнен ой саудым,
Әттең, бірақ түсіндім ғой кеш мұны.
Көңілімде сөзі қалған асылым!
Өмірімде ізі қалған ардақтым!
Саған қарап сөз түзедім, бой жаздым,
Саған қарап ғұмырымда жол таптым!
Хабибулла ОСПАНОВ.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.