«БІЗ ӨСКЕН ОРТА МЕЙІРІМДІРЕК ЕДІ…»
Жазушы Мағира Қожахметовамен сұхбаттаспас бұрын өмірі мен шығармашылығынан біраз деректер іздестірген едік. 1980 жылдардың аяғында Қарағанды университетін тәмамдаған Жұлдыз Тойбек есімді бітіруші Мағира Қожахметова публицистикасынан қорғаған диплом жұмысын: «Әр мақаласы – көркем әңгіме секілді», – деп бағалауы тегін емес-ау. Қалам ұстаған әйел жұрағатынан қолтаңбасы ғана емес, мінезі де өзгеше тұлға – Мағира, егер орыс қауымынан шықса, зор құрметке бөлене түсер ме еді деген ой келеді. Неге бұлай дегенімізге көз жеткізгіңіз келсе, қаламгердің сұхбатын оқып көріңіз…
– Сіз журналистикаға алпысыншы жылдардың соңында қосылған буынның қатарындасыз. Ол кездегі шығармашылық орта қандай еді? Замандастарыңыздың ерекшелігі неде?
– Біздің курста кілең талантты, дарынды қыз-жігіттер оқыды. Сейітқазы Досымов, Қаржаубай Омарұлы, Сейсен Мұхтарұлы, Қажытай Ілиясов, Сәлім Меңдібаев, Социал Әйтенов, Құрманғазы Мұстафин, Жарасқан Әбдірашев, Ырым Кененбаев, Мұрат Күлімбетов, Сара Ләтиева, Шәрбану Бейсенова, Тынышбек Дайрабаев, Сүлеймен Тоқсанбаев, Бақытжан Әзірбаев, Ақкөл Отарбаев секілді бір топ қыз-жігіт – жиырма тоғыз ұл, үш қыз оқу бітірдік. Мен бұл топқа қазақтың асыл азаматы, белгілі тұлға Тауман Амандосовтың тікелей қамқорлығымен екінші курстан қосылдым.
Біздің толқынның ерекшелігі – әдебиетке, жалпы журналистикаға соншалықты іңкәрлікпен келгеніміз. Оқудан жалықпадық, кітапханадан ұзамадық, қолымыздан кітап түспей жүріп, жұмысқа тұрдық.
Иә, біздің толқынның ерекшелігі сол – әдебиетке, мәдениетке, өнерге деген сүйіспеншілігіміз зор болды. Жаңа кітап шықса, іздеп жүріп оқып тауыстық, газет-журнал жарық көрген күні жабыла оқып, талқыға салдық, премьерада театрдан табылдық.
Біздің буынның тағы бір ерекшелігі – әдебиетте де, өнерде де, өмірде де, тіптен таңдаған мамандығымызға да адал болдық.
Біз сонымен бірге, сұмдық жанкешті едік. Өзімізді-өзіміз аямай жұмыс істедік. Білесіз бе, кейін оқу бітіріп, жұмысқа тұрғанда да біз сол мінезден танбадық.
1969 жылы оқу бітіріп, студент кезімде табалдырығынан аттауға жүрексінетін «Лениншіл жасқа» қызметке тұрдым. Бас редактор Шерхан Мұртаза мен орынбасары Қалдарбек Найманбаев сынақ мерзіммен қабылдады. Ой, ол уақыттағы «Лениншіл жас» адалдықтың, дарындылықтың, таланттың символы еді ғой. Оралхан Бөкей, Рашид Рахымбеков, Төлен Қаупынбаев, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Әнес Сарай, Ақселеу Сейдімбек, Мерғали Ыбыраев, Жомарт Әбдіхалықов, Өмірзақ Жолымбетов, Байтұрсын Ілиясов, Берік Шаханов, Жақау Дәуренбеков, Жанат Елшібеков, Орысбай Әбділдаев, Сағат Әшімбаев, Бекділдә Алдамжаров, Теңізбай Рахымжанов, Серік Тұрғынбеков, Эрнест Төреханов, Алашыбай Есмағамбетов, Сьез Бәсібеков, Әшірбек Көпішев, Қайырбек Асанов, Әлімжан Әлімбеков сияқты сайдың тасындай жігіттермен қатар еңбек еттім. Материал іздеп талай жердің топырағына табанымыз тиді, ел көрдік, жер шалдық. Талай жақсымен әңгіме-дүкен құрдық. Қазір ойласам, біз журналистикада құл сияқты еңбектенгеніміз сонша, өзімізді ойламаппыз. Сұхбат алғанда тек кейіпкердің жағдайына алаңдайтынбыз. Өз басым Ғ.Мүсірепов, Ә.Марғұлан, С.Майқанова, Б.Римова, Б.Момышұлы, Ғ.Жұбанова, Ә.Мәмбетов, М.Плисецкая, Джуна Давиташвили, Юлия Борисова сияқты талай ірі тұлғалардың сөзін жазып, қағазға түсірдім. Әрине, газет фототілшісі сенімен ере барады. Сонда әлгі фототілшіге сұхбаттың басынан аяғына дейін кейіпкерді бақыла, соның ең жақсы, ең сәтті суретін түсіріп беріңізші деп қиыласың. Сенесіз бе, әлгі ірі тұлғалармен бірнеше мәрте қатар жүріп, майдан қыл суырғандай қылып, суыртпақтап отырып сыр тартып жүрсек те, «сізбен бірге суретке түсіп алайыншы» деу ойға келмепті. Ойға келмейтін себебі, біз ол кезде өзіміз үшін емес, кейіпкеріміз үшін көбірек алаңдадық. Осы күні жас журналистер қандай да бір кісімен сұхбат алғанда алдымен өзін ойлап, қатар отырған суретін салып қоятын болыпты. Сол сұхбатқа қарасаң, соншалықты сәтті шықпағанын да жүрегің сезеді. Сөйте тұра олар, кейіпкерін емес, өзін алдыңғы қатарға қояды екен. Сол жас буынның көзімен қарағанда, біздің буынның бір айырмашылығы – бишара болғанымызда, қорғансыздығымызда шығар…
– Сіздің толқынның тағы бір ерекшелігін менің айтқым келіп тұр. Жазушылар одағы деп аталатын қара шаңырақтың табалдырығын аттауға жүрексіндіңіздер ғой?
– Ол кезде университетіміз Жазушылар одағына жақын. Сабаққа бара жатып, оқудан келе жатып, Одақ жаққа үзіліп көп қараймыз. Алайда, табалдырығынан аттауға қатты имендік. Сол сезім әлі күнге дейін сақталған. Себебі, мұнда ерекше бір тербеліс бар. Бұл қабырғаларда талай сыр бүгілген, қаншама тұлғаларымыздың аңсар-арманы, сезімдері жинақталған. Өткен шақ, бүгін және келешектің сыр-сипаты қатар тербелген кезде, қабырғаларда сақталып қалған мәліметтерге де жан бітеді екен. Оны біреулер сезбейтін де шығар. Қолына қалам ұстаған адамның сезімі, түйсігі мықты дамыған. Бір кездері кеңістікте қалып қойған ақпарат, қанша уақыт өтсе де, Одақтың қабырғаларында «тіріледі». Мұхаң, Сәбең, Ғабеңдердің аурасы ғасыр өтсе де жоғалмақ емес. Жалғыз мен емес, жазуына адал барлық жазушы Одақ табалдырығынан аттағанда ерекше бір сезімге бөленеді деп ойлаймын.
– «Лениншіл жаста» қызмет етіп жүргенде әңгімелескен біраз адамдардың есімін атап қалдыңыз ғой. Қайсы сұхбат ерекше есте қалды?
– Әлкей Марғұланмен дұрыс сөйлесе алмадым. Ол кезде ауыра жүріп те жұмыс істей беретін кез. Суық тиіп, жөтеліп жүргем, о кісі менің күрк-күрк жөтеле кіргенімнен сескене қолын сілтегендіктен қасына жоламай, қашықтау отырып әңгімелестім. Ғабит Мүсіреповпен бірнеше рет сөйлестік. Әлі есімде, менің «Қазіргі ең мықты жазушы кім?» деген сауалыма, суық жымиып, құлағыма: «Қазіргі ең мықты жазушылар – Брежнев пен Қонаев», – деп сыбырлағаны бар. Иә, ол уақытта Брежнев Тың туралы бұрқыратып кітап жазып жатқан уағы еді. Бауыржан Момышұлымен кездескенім туралы драма жаздым. Оны қайталап айтып жатпай-ақ қояйын.
– Сұрақты бірден жастық өміріңізден бастап кеткенімізбен, балалық шағыңыздың Тың жерлерді игеру уақытымен тұспа-тұс келгенін білеміз. Сіз туып-өскен дала Тың игеру аймағына жататын еді ғой. Ол кездері тіл үйрену, тіл білу, қазақ тілінде білім алу қиындық туғызбады ма?
– Көкшетаудың Зеренді ауданында туы-өстім. Өзге ұлт өкілдерінің арасында жетілдік. Жеті класты бітіріп, 13 жасымда ауылдан шалғай кеттім. Әкем Көкшетауға апарып, жездеміз Хайрош Көкебаевтың көмегімен кітапхана техникумына түсірді. Ол жерде де өзге ұлт өкілдерінің салмағы басым болды. Курста төрт-ақ қазақ оқыдық. Біз – булығып өскен ұрпақпыз. Балалығымыз Тыңды игеру кезеңімен тұспа-тұс келді. Жеті класқа дейін ауылда оқыдым дедім ғой. Әкем Дәулетбек ұстаз. Сабақтан келген әкем күңірене күрсініп отыратын. Күйзелуіне себеп те жоқ емес, біртіндеп бүкіл қазақ мектептерін бірінен соң бірін жауып жатты. Ұрпағымызды орысша оқытамыз деп қазақтардың өздері балаларын орыс мектебіне апарғанын көзіміз көрді. Әкем бізді ақырына дейін қазақша оқытты. Кейін, қазақша мектеп жабылғанда, амал жоқ, бізден кейінгі бала-шағаны орысша мектепке берді. Сізге айтайын, біздің ауылдың мектепті қазақша оқып бітірген балалары түгелге жуық жоғары оқу орындарын бітіріп, үлкен азамат қатарына қосылды да, орыс мектебіне барғандар, ауылдан аса алмай, ауылдан асқандары да аяқталмаған жоғары оқуды ғана місе тұтты. Бірді айтып бірге кетіп жатқаныма ренжіме. Иә, айналаңның барлығы өзге тілде сөйлеп тұрғанын көзбен көріп жүрген біздердің ішімізде қарсылық сезімі оянатын. Біз ол қарсылықты сыртқы кейпіміз арқылы білдіргіміз келетін. Сондықтан болар, ауылда жүргенде де, кейін Көкшетауда техникумда оқығанда да қазақтың қандай да бір ою-өрнегін киіміме жапсырып алатынмын. Техникумда оқығанда қолымнан білезік түскен емес. Қаппас нағашым кәнігі аңшы болды да, былғарыдан тарлық көрмедік. Иленген теріден ескіше қылып талай сырт киім тігіп беретін Бәтима анам. Соларды ғана киетінмін. «Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүргенде ішіктің ішін сыртқа қаратып кигенді ұнататынмын. Сондай киімдерім үшін ескерту алған кездерім де болды.
Ал балалығым туралы сұрасаң, он үш жасымда елден қалай кеттім, солай Құдайдың көмегімен, өз бетіммен күн кешуді үйрендім. Көкшетауым, туған жерім менің басымнан сипап, елеп-ескерген емес. Туып өскен ауылдарымның жағдайын көріп, өзім көмектескім келеді, ал жиі ауысып жататын билік басындағыларымен байланысым жоқ.
Адам болған соң, түрлі сәттерді, түрлі сезімдерді бастан өткересің. Күйзеліске түскен бір жылдары, осыдан қырық жыл бұрын Ақселеу Сейдімбеков кездесіп: «Денсаулығыңды сақта, өзіңді-өзің сүйре, өзіңе-өзің көмектес. Елің, туған өлкең көмек көрсетеді екен деп дәмеленбей-ақ қой. Ең көп қырылған сенің ата-бабаларың, ерте заманнан өлім құшып келеді, ұжымдастыру уақытында, ашаршылық жылдары, қуғын-сүргін заманында апатқа ұшырады, қалғанын Ұлы Отан соғысы жылдары қидай сыпырып әкетті. Сен олардан көмек күтпе», – деп еді. Менің Көкшетауым, қанша кітап шығарып жүрсем де, жеке шығармашылығыма арнап бірде-бір кеш өткізген емес. Иә, жалғыз кездесу кеші өткен. Фариза апай Зерендіде курортта жатқан кезде елдегі ағайын амандығын сұрап барса, апай мені айтып, жас қаламгерлердің бір кітабының тұсаукесеріне шақырттырғаны бар. Алайда, мен ешкімге өкпелемеймін, не көрсек те, маңдайымызға бұйырғаннан…
2016 жылдың 2 наурызында, сағат 16-00-де Қазақстан Жазушылар одағының Әдебиетшілер үйінде журналист, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері МАҒИРА ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ ҚОЖАХМЕТОВАНЫҢ 70 жасқа толу мерейтойына орай шығармашылық кеш өтеді. Келем деушілерге есік ашық.
– Күйзеліске түскен сәттерде жақсы адамдардың сөзінен бөлек, не көмекке келеді екен?
– Жастық шағым, ертегідей өмірім «Лениншіл жаста» басталып, сонда аяқталған екен. Одан кейінгі жылдары түрлі адамдардың қызғаншақтығын, жауыздығын, қаталдығын, екіжүзділігін біршама көрдім. Сонда мені күйретпеген – сөзді зерттеуге деген махаббат еді, мені небір қиындықтан, күйреп кетуден аман алып қалған кітап, музыка, Құрманғазының күйлері, халық әндері…
Сөзді қалай зерттей бастадым? Іссапармен Ленинград, Мәскеу бардық. Олардың еңселі ескерткіштерін, ғажайып музейлерін, патша сарайларын аралап жүріп, қазақ даласында неліктен осындай таңғажайып орындар сақталмаған екен деп уайымдайтынмын. Хан ордасының патша сарайларынан несі кем еді, олардың орны қаусап тұрғаны несі деп намысым келетін. Сөйтсем, қазақтың сәулет өнері, графикадағы бүкіл құдіреті тілінде, сөзде, музыкада сақталған екен. Қазақтың бүкіл құпиясы тілінде жасырыныпты. Осылайша сөзді, сөздің құдіретін зерттей бастадым. Зерттеуім тым тереңдеп кеткен соң, білгенімді өзгеден жасырмайын деп, сөз құдіретіне, адам табиғатына үңіле «Адам-құпия» кітабын жазып, «Дертке дауа» газетін шығара бастадым.
Жетпіске келдім ғой, әлі жұмыс істеймін. 15 жылдан бері – балаларға арналған «Балбұлақ» журналын, 12 жылдан бермен – «Дертке дауа» газетін шығарамын. «Балбұлақ» үшін жоба жасап, «өзің жаса», «өзің құрастыр», «өзің үйрен», «таң қалдыр» деп, арнайы айдар аштым. Бұл журналдың редколлегия мүшелері де – балалар. Журналды жасап, дайындайтын да – балалар. Мұндағы ойым, қазақтың балаларын «өзің мықтысың» дегенге үйрету.
Тойдан бірдеме дәметесің ғой. Менің дәмем осы жетпіс жасқа толған мерейтойымда газетім мен журналыма көмек алсам деймін. Менің арманым – осы күнге дейін газетім мен журналымда жарияланған әр айдар жеке кітапша болып шықса екен деймін.
Елу жасқа дейін жағдайымды айтып, біреуден бірдеңе сұрап, қабылдау бөлмесінде отыру ұят көрінетін. Ал басқа біреудің шаруасын тындырып беру үшін құстай ұштым. Осы газетім мен журналымды шығара жүріп, бастықтардың алдына барып жалынуды үйрендім.
Бірақ бірде-бірі селт еткен жоқ. Жоғары жаққа барсам, «Апай, сізге көмектессек, ол лоббирование болады», – дейді. Қазақша басылымдардың таралымын ұлғайтып беру үшін көмек көрсету қалай ғана «лоббирование» болатынын түсінбей мен жүрмін.
– Ертегідей өміріңіз өткен «Лениншіл жаста», Сейдахмет Бердіқұловпен қатар еңбек еттіңіз. Ол кісі қандай редактор еді? Қандай ұстаз болды?
– Сейдахмет Бердіқұлов ағаммен он жыл бірге жұмыс істедім. Жалғыз өзіме екі бөлмелі үй берген адамға да түк жақсылық жасаған жоқпын. Өйткені, мұның бәрін солай жасалуға тиіс деп қабылдадым. Тым өзімшіл болдым. Мен мінезімде, тағдырымда асқақтап жүруден көп таяқ жеген адаммын. Жас кезімде өзімді мықтымын деп есептедім. Тәкаппарлықтан көп таяқ жедім. Жас кезімде жұмсақ, кішіпейілдеу болып, ер азаматтың алдында иілгенде, жазушылық тағдырым да басқаша қалыптасар ма еді?
Мен кеш те болса тәкаппарлықтан арылып, адамның табиғатына үңілуді, оның жанынан жақсылықты көруді үйрендім. Бұған да шүкір.
– Адам табиғатына үңілгенде нені байқайдыңыз, нені көрдіңіз?
– Алыс-жақын адамдардың жанына үңілгенде, адамдардың білімсіздігіне қайран қалам. Техника дамыған сайын адамдар сауатсыз болып барады. Үлкен шенді қызметкерлер екі сөздің басын құрап мәселе айта алмайды. Ал жас журналистер алдында отырған адамның кім екенін танымайды. Ілгеріде біреу сұхбатқа теледидарға шақырып, «Сіздің өлеңіңізді оқыдым» дегенде бір жағынан қатты қорландым, екінші жағынан қатты ұялдым. Айналайын-ау журналист қой, тым құрыса, алдына кім келетінін неге зерттеп, зерделеп алмады екен дейсің.
Қазір халықта талғам жоқ. Ортанқол әншілер бізден әлдеқайда мықты. Күллі телевидение солардың кең сарайдай үйін, байлығын көрсетіп әлек. Ал мен үйіме біреу келем десе, төбе шашым тік тұрады. Себебі, кедейлігімнен, ұядай пәтерімнен ұяламын. Кезінде қызмет істеп жүргенде хан сарайындай кең үй салып алуға болатын еді. Бірақ біз үшін ақшаға, дүние, мүлікке қызығу, қызметіңді асыра пайдалану – қылмыс саналатын. Иә, қазіргі селкілдеп жүргендердің теледидардан көрсетіп жатқан ертегідей өмірін көрсеткен сайын түрлі пендешілік ой басқа келеді. Алайда, қайтадан заман айналып келсе де, олай істеу қолдан келмейтінін түсінем.
Жастар өмірден тез түңіледі. Дүниенің кілті қызметте, байлықта деп ойлайтындар көп. Кішкене қиындық көрсе, күйреп кететіндері және бар.
Сіз білесіз бе, Тәуелсіздік алғанда қатты қуандық. Аңқаулығым ба, басқа ма, білмеймін, Тәуелсіздік алған соң адамдардың барлығы мейірімді болып кететін шығар деп ойлаппын. Өзі тәуелсіз, елі дербес адамдардың бойында жақсы сезімдер оянуы керек қой. Өкініштісі, барлығы керісінше. Марқұм анам, нарықтың алғашқы жылдары қатты таңданып: «Ойпырмай, өзін-өзі тонайтын да өкімет болады екен-ау», – дейтін. Сол өзін-өзі тонайтын өкімет тонап-тонап, енді өз бойынан түгін қалдырмай барады. Айналаның бәрі жемқор. Біреуге бірдеме бермесең, ұяттан жерге кіріп кететін жағдайға жеттік. Бергенге, жегенге ұялу керегін тіптен ұмытып қалдық-ау.
«Лениншіл жаста» жұмыс істеп жүргенде, түрмеге түскен, әділетсіздік көрген талай адамды құтқарып қалғанбыз. Сол кезде де бізге ақша,т.б. жиі ұсынатын. Бірақ біз ешқашан ешкімнен ештеңе алған емеспіз.
Қазір, басқаны қойып, баланы балабақшаға орналастыру, мектепке апару, емтихан тапсыру, қызметке тұру үшін де ақша береді. Тіпті жоғары жақта, мәртебелі лауазымда қызмет ететін келіншектердің өзі балалары үшін тәрбиеші мен ұстазға ақша ұсынатынын білем. Оған ешкім ұялмайды. Қайта бірдеме ұсынбаса – ұят. Міне, біздегі құндылықтар қалай ауысып кеткен?!
Бұрын адамдарға көмектесу оңай болатын. Ешкім ешкімге міндетсінбейтін. Бүгінгі адамдарға қараңызшы, мейірім жоғалып барады. Біреу біреудің маңдайынан сипамайды. Жетім-жесірдің жағдайын айтудың өзі қорқынышты. Айта берсең, сөз көп. Жазушы болған соң, жазғың-ақ келеді. Бірақ жазғаның баспа бетін көрмесе, осыным бекер ме еді деген бір түңіліс те пайда болмай ма?
– Жазушылық демекші, сіз қалай жаздыңыз? Жазуда нені басты ұстаным қыласыз?
– Журналистиканы жанымдай жақсы көремін, ол менің тынысым, демім тәрізді. Көркем дүниелерім баспаларда, журналдарда ұзақтау жатты. Кітаптарым да кешірек шықты. «Жантәсілім» романы он бір жыл кезегін күтті.
Ал жазу десең, жазған дүниемді екінші, үшінші қайтара оқығым келмейді. Оны классиктер сияқты түзеп, қайта-қайта қарауға ықыласым жоқ. Мен үшін жазу деген – адамның сол сәттегі бойынан шыққан тылсым күш. Оны өзгертуге құлықсызбын. Бірақ негізінен қайта-қайта қарап, түзетуді дұрыс деп есептеймін.
Менің сыншым – анам болды. «Жазғаныңды оқысам, қара түнекке кірем де, күннің сәулесін іздеп аласұрам. Сенің жазбаларыңда күннің сәулесі неге көрінбейді, жарыққа ұмтылу керек», – дейтін. Шығармаларымды дәл анамдай сынап, ақылын айтқан сыншы кездестірмедім…
Қыздар үшін жазу қасірет дер едім. Жазушы әйелдер аз. Проза жазатын қазақтың қыздарына ерекше құрмет көрсету керек. Проза жазу оңай емес. Проза жазу үшін таланттан өзге, білім, төзім керек. Көркем дүниені былай қойғанда, біз мақала жазғанда «ауырып» қалатынбыз. Бір күні, «Лениншіл жаста» қызмет етіп жүргенде ғой, материалдарымды жазып болып, шаршаңқы жүзбен айнаға қараған едім. Шошып кеттім. Айнадан маған өзім емес, бейтаныс кексе әйел қарап тұр. Жазудың тылсымы сол – өзгелерді емдейді, сауықтырады, жазып шығарады, мұның бәрі жазушыны қалай ауыртпасын, қалай салмақ салмасын…
Бір кісідей-ақ еңбектендім. Талай-талай драма жаздым. Оны да ешкім қоймайды. «Көшім хан – Сүзге» деген шығармам республикалық драматургтердің байқауында екінші орын алды. Сол республикалық байқаулардан Бауыржан Момышұлы туралы драма екінші орын, Мәншүк туралы драма үшінші орын алған еді. Алайда, соны қоймақ түгілі, осындай шығармаңыз бар екен-ау деп қызыққан театрды байқамадық.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Қарагөз Серікқызы.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.