Орта Азияда «Еркіндік» атты туынды әлі жазылып біткен жоқ
01.10.2022
1031
0

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы «Бунтарь қыз» деп анықтама беріп, ізденісін жоғары бағалаған ақын Қарлығаш Қабай Түркиядан оралды. Жаңа бағытта қалам тербеп жүрген Қарлығашпен сұхбаттастық. «Қой асығы» демесеңіз, көз қиығын саларсыз.

«Кішкентай балаларды кішкентай тапаншамен өлтіреді ғой, иә, мама?»

– Қарлығаш, жақында ғана Түркиядағы оқуыңды тәмамдап, Астанаға оралғаның құтты болсын! Шет мемлекетте болып, өмір салтымен танысып, білім алып келдіңіз. Түрік бауырларымыздың әдебиетінің біздің әдебиеттен айырмашылығы неде? Ілгерілік байқала ма? Жалпы, ондағы әдеби процесстен не байқадың? Үдеріс қалай?

– Қош көрдік, рақмет! Заманында Түрік әдебиетінің Кафкасы деп аталған Хасан Әли Топташтың «Кей дауыстар, кей оқиғалар, кейбір түрлі-түсті бояулар немесе кейбір сөздер мен ойлар миымызға аңдаусызда шаншылған ине сынды тұрып қалады. Кейіннен жаратылысымыздың немесе жан дүниеміздің бір бұрышында өз үйін тігіп алып, бізге айтпастан өмір сүре жүріп, күндердің күнінде сап етіп тілімізге, миымызға қайта оралады» дейтіні бар. Иә, сондай ұмытылмайтын тіркестер, ұмытылмайтын сюжеттер, тіпті, оқиғалар миымыздың түкпір-түкпірін кезіп жүр. Бір қызығы, олар тіліміздің ұшына оралған сәт қуаныш пен азапты қатар әкеледі де, беймәлім бір күйге бөлей береді. Мысалы мен Сантиаго есімді Маркестің кейіпкерінің тілім-тілім болып пышақталғаннан кейін ішек-қарынын құшақтап алып, үйіне қарай жүгіріп бара жатқан кезінде бір көршісінің «Әй саған не болды?» деген сұрағына «Мені өлтірді» деп жауап берген сәтін ешқашан ұмыта алмаймын. Жадымның бір бұрышында менен бейтарап болып өмір сүріп жүрген сөздерден тағы да бірнеше мысал келтірейін: «Мың қиқымға бөлінген айна сынды жиіркеніштісіз» (Филипп Суппо); «Ағып кеткен жолдардан басқа ештеңем қалмады, сені тек қана солар үшін сүйгенімде ғой» (Жемаль Сүрея); «Раушангүл сынды жалғыз болатын, Құсжемі секілді жалғыз болатын, Біздің Бектас жападан жалғыз болатын…» (Тұрғыт Ұйар). Содан соң әдебиет осылар сынды ұмытылмайтын дүниелерден ғана тұрады деген шешім қабылдадым. Ал бұл дүниелер түйсік атаулыны тұтастыратындығы үшін, әдебиетті ұлтқа, мемлекетке бөліп қараудың дұрыстығы жайлы шүбәлануымыз орынды. Түрік жазушысы Оғыз Атайдың «Қауіпті Ойындар» атты шығармасындағы Хикметтің «Қане, жазайық, офицерім. Міне, қаламымыз. Міне, қайғымыз…» деген жолдар мұны айқындай түсетін сықылды… Мен бұл тіркесті де оқыған сәтімнен бері ұмытқан жоқпын. Ал 1995 жылы Сербияның шекарасына он шақырым жерде орналасқан бір елді мекенде жасалған қырғында қаза тапқан төрт жасар баланың анасынан «Кішкентай балаларды кішкентай тапаншамен өлтіреді ғой, иә, мама?» деп сұрағанын оқыған сәтте төбеме тастай суды құйып жібергендей күй кешкен едім. Осындай дүниелер миымның қыртыстарын кезіп жүр…

– Байқасаң, соңғы кездері қолына енді-енді қалам ұстаған жас ақындардың көбі өлеңдегі ұйқас, буын, бунақ үйлесімінен саналы түрде бас тартып, еркінірек жаза бастады. Бір қызығы, олар өзің сүйіп көретін түріктің «Көбелекке енген түс» фильміндегі Рүштү мен Мұзафер (аталған екі ақынның өлеңдеріне жасаған аудармаңды да оқыдық) сияқты өлеңге өзгелерден гөрі көбірек сенетіндер. Сынға да көбірек ұшырайды… Қалай ойлайсың, форма төңірегіндегі әңгімелер әдебиетті алға бастыра ма? Осы жайлы ойыңды білгім келеді.
– «Күн жайлы емес, күнді көрген көздерің жайлы ғана, әлем туралы емес, әлемді ұстаған қолдарың туралы ғана айт», – дейді Шопенгауэр. Мәулана Руми: «Адам қандай болмысқа ие болса, тап сол болмысымен көрінуі тиіс, ал егер алда-жалда болмысын сыртқы қоғамға жаңаша түрде көрсететін болса, сол жаңа болмысына лайық болуы тиіс», – дейді. Бұл «Түріңді өзгертем десең, ішкі жан дүниеңді қоса өзгерт» дегенге саяды.
Рүшті мен Мұзафер «Күн жайлы емес, күнді көрген көздері жайлы, әлем туралы емес, әлемді ұстаған қолдары туралы ғана» жазып өткен, ақындар «Өмір – жай ғана өлең жазудың бір сылтауы» деп санаған.
Өлеңге шынайы сенетін, өлеңді жетем деген мәресіне жету үшін қолданып кетпейтін, өлең жолына тұтас өмірі мен «менін» бере алатын буынның қалыптасуы – ғажап-ақ. Ал Қазақ әдебиетіндегі формалық өзгешеліктер, негізінен, сонау Мағжанның «Балапан қанат қақты-сынан» басталады. Мағжан онысын ат қойып, айдар тағып, дабыра қылмай, «Қара сөзбен жазылған өлең» деп ғана түсіндіреді. Ал қазіргі кезеңге келсек, әдебиет бірте-бірте «түр» мен «текке» бөлінуден қалып бара жатқан сыңайлы. Жаңа буынның еркін стильге ойысуы орынды-ақ. Кезінде университет табалдырығын алғаш аттап жүрген жылдары «Кейінгі қазақ әйелдер поэзиясын жеке-жеке атаудың қажеті жоқ, барлығы бір сарынды жазып жүргендіктен бәрін жинап жалғыз антология шығара салсаң, қайсысы кімнің өлеңі деп ойланбайсың, бәрі бірдей» деген пікірді де естідік. Мұнымен білдіргім келген ой, Тоқағаңша айтқанда, «формадан» қашамын деп, «формаға» ұрынып қала беретін көп жастарды кейінгі дәуір «бір ғана антология» емес, «жеке-жеке томдықтарда» оқыса екен деп тілеймін.

Асқар
Түркі әлемінің көкжиегіне көтерілмек

– Асқар Сүлейменовтің кітабын түрік тіліне аударғаның рас па?
– Түркияға бармай тұрған кезімнен-ақ Асқарды қатты құрметтейтінімді, жақсы көретінімді, сүйіп оқығанымды әңгіме үстінде өзіңе де айтатынмын.
2019 жылдың 5 шілдесінде университетті тәмамдап, диплом алу рәсімінен кейін 12 шілде күні Түркияға ұшып кеттім. 23 келілік чемоданымның ішіне маған тиесілі заттар салынған. Маған тиесілі емес жалғыз зат, сонымен қатар, Қазақстаннан жаныма алған жалғыз кітабым Асқардың «Бесатар» кітабы еді. Түрік тілін меңгерген соң Асқарды аударамын деген мақсатым да болған сол сәтте.

– Әрине, қазақтың Асқарын қай тілде болмасын сөйлету керек. Әйтсе де, Асқарды түрік тіліне аудару оңайға соқпаған болар?
– Әлбетте, Асқарды аудару оңайға соқпайтыны анық. Оның әрбір сөзі мен сөздік бояуын бұзбай аударма тілінде де беруге тырыстық. Таза Қазақша құндылықтарды беретін кей сөзді сол қалпынша түсіндіру арқылы туыс түрік тілінің сөздік қорына көне түркі тілінің біршама сөзін кері қайтардық десек те болады. Одан бөлек, Асқардың тілдік құндылықтары талданды, аударма ғылыми еңбек ретінде басылып шықты. Ал әдеби оқу кітабы ретінде өткен жылы күзде басып шығаруымыз керек еді, баспадағы жағдайларға байланысты осы жылға шегерілді. Бұйырса, жетекшім, қазіргі таңда Түркістандағы Ахмет Яссауи атындағы Қазақ-Түрік Университетінің филология факультетінің деканы Абдулқадір Өзтүрік ағайымның бастамасымен биыл Асқар түркі әлемінің көгіне көтерілмек.

– Көк пен теңізге деген құштарлық таланттарға тән қасиет болса керек. Теңіз жағасында тұрғандағы әсердің далада тұрғандағы әсерден айырмасы не? Теңіз жағасында толқындар жағаға ұрып, өлең жайлы ойлауға кедергі келтірмей ме?
– «Суына ау тастасаң жалғыздығың ғана ілінетін» – өзім тұрған кішкентай ғана арал, шыны керек, «Мені күтетін немесе қарсы алатын» ешкімім болмағандықтан, және бір күні ұшақта ұшып бара жатып топ ете қалғандай болғандығымнан біраз уақытқа дейін өзімді Робинзон Крузо ретінде сезінуіме себеп болды. Бұл сол кезеңде жазылған дүниелерімнен де айқын көрінеді. «Толқындар өздерінің теңіз еместігін дәлелдеумен әлек… туғалы желге де айнала алмаған толқындар…» деген едім толқындар жайлы. Ал теңіз, тылсым күшімен өзіне тартады. Күн сайын төсегімнен тұрып, оны көру үшін тереземнің алдына баратынмын. Ең сүйікті әнімді айта баратынмын және. Сол сәтте «Ең үлкен сапарым төсегім мен тереземнің арасында өтіп жатқандай» көрінетін, «Ең мұңлы әнім де сол сапарда шырқалып жүрді»…

Бір сөйлемнің
салмағы

– Ендігі сұрақ: Ақындардың көбі жаңбырды көз жасын жасыру үшін «қолданады». Сізге жаңбыр қалай әсер етеді?
– Жаңбыр «бізді ешқашан тастамайтын жалғыздығымыз сияқты». Сол себепті ол кейде «Өлімімізге де ұқсайды». Неге екенін білмеймін, «жаңбырлы күні терезеге қарап отыру» ең сүйікті ісіме айналған.

– Түрік жазушысы Орхан Памуктың Нобель алуы күллі түркі әлемінің жетістігі дей алмас ем. Себебі оның шығармаларында Орта Азиядағы, Ресей, Қытай, Иран, т.б елдердегі түркілердің өмірі түгел баяндалмайды. Сіз Орта Азиядағы қай қаламгерлерді Нобельге лайық көресіз?
– Орта Азия дегенде сызықтардың ортасына қамалған шимайланған өлең елестейді. Әдебиет «Сыйлыққа» емес, «сыйлық» әдебиетке қызмет еткені дұрыс деп ойлаймын. Десе де Орта Азиялық бір қаламгерге Нобель сыйлығы берілетін болса, ол қаламгердің туындысы «Еркіндік» жайлы жазылған ең ұлы туынды болуы тиіс деп санаймын. Қырғыз әдебиеті болсын, татар әдебиеті болсын, қазақ әдебиеті болсын ең алдымен, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау бағытында жазылады. Ал бұл – классицизм мен символизмнің бізге салып берген ұлы жолы. Не нәрсеге көбірек шөлдегенде сол нәрсенің жазылуы тиіс екені сөзсіз шындық. Орта Азияның шынайы қасіретін толықтай ашып беретін туынды «Еркіндік» атты туынды әлі толығымен жазылып біткен жоқ деп есептеймін. Жазуға тырысқандар болса, Батыстың киімін киіп Батысты көріп келген қаламгерлер болғандықтан «Батыстың онсыз да өзінде бар дүниені мойындауы» қиынға түседі.
Орхан Памукқа келсек, ол – өзінің қай уақытта не жазатынын, қай сөзді, қай тіркесті қолданатынын жақсы білетін аса білімді қаламгер. Оның шығармаларында түркілік емес, түріктік, модернизацияланған адами сана өлшемі беріледі. «Ол өмірімдегі ең бақытты сәтім екен, білмеппін…» деген сөйлемі былай қарасаң, өте қарапайым сөйлем. Бірақ тығылып тұрған беймәлім бір қасірет бар осы сөйлемде.

– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Нұркен НҰРҒАЗЫ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір