КИНО және САЯСАТ
28.12.2021
2593
0

Ая Дәрібаева

Көркем және деректі фильмдер, телешоулар мен телехикаялар, бейнеклиптер, тіпті мультфильмдер белгілі бір дәрежеде саяси коммуникацияның қалыптасуына ықпал етеді. Кинематографтың саяси технологиялар мен коммуникациялардың жиынтығы ретінде даму тарихы өте қызықты және алуан түрлі.

 Өнер – саяси биліктің декорациясы

 Саясат пен өнердің байланысы сонау ежелгі кезеңдерден бастау алады. Бұл – табиғи құбылыс. Өйткені өнер де, саясат та – адамның, халықтың тыныс-тіршілігінің бір бөлшегі. Философия ғылымының докторы, профессор И.Никитинаның сөзімен айтсақ, «Өнер әрқашан қандай да бір саяси функцияларды орындайды. Бір жағынан, ол саяси қайраткерлердің портреттерін, кейіпкерлердің, революционерлердің, маңызды саяси оқиғалардың, соғыстар мен төңкерістердің суреттерін бере отырып, билікті әртүрлі бейнелейді». Өзімізше айтсақ, өнер саяси биліктің декорациясы ретінде әрекет етеді, сарайлар, мемориалдар салуға, безендіруге, т.б. қатысады. Әртүрлі дәуірде эстетикалық тұрғыдан ойлайтын адамдар өз саяси артықшылықтарын өнер арқылы білдірді. Біріншіден, саясат пен ғылым, ол қоғамдық даму заңдарына негізделген, демек, заңдардың, санаттар мен әдістердің объективті логикасы арқылы қарастырылуы тиіс.

Ықылым замандарда-ақ өнер саяси қаруға айналып үлгерген. Мысалы, біздің заманымыздан 500 жыл бұрын Парсы елінің патшасы Ұлы Дарийдің билік құрған шағында ерекше ескерткіштер мен қазыналар көп болды. Дарий көптеген ұлттардың атын алтынға жазып, келесі ұрпаққа аманат ретінде жерге көмген. Патшаның «Ұлы Патша Дарий» екенін дәлелдеуге тырысуы өнерге үлкен септігін тигізді. Патша сарайына бастайтын жолда, қабырғаларға көптеген өзге ұлт халқының патшаға сый апара жатқан көрінісі бейнеленген.

Келесі дерекке назар салыңыз. 1978 жылы Греция елінің археологтары жан аяғы баспаған, сырын ешкім ашпаған қорымды тапты, онда тасқа қашалған суреттер мен алтындар бар екен. Ең қызығы әлдекімнің бет пішіні қашалған тастар болды. Археологтардың айтуы бойынша, бұл – Александр Македонскийдің мүсіні. Аталған жайт бізді өнердің көркем революциясының келесі кезеңіне алып келді.  Тарихқа сүйенсек, Македонский өзінің ұлылығын әрдайым еске салу мақсатында өз суреті бейнеленген монетаны ойлап тапты. Ол осы қағиданы ұстана отырып, патша сарайында ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі екенін көрсетті. Кейін осынау үрдіс заманауи үлгіде жалғасты.

ХІХ ғасырдың екінші жартысынан ХХ ғасырдың ортасына дейін мәдениет салаларында үстемдік еткен модернизм өнер мен саясаттың дәстүрлі байланысын өзгертуге тырысты. Модернизмнің көркемдік-шығармашылық еркіндігі үнемі жаңашылдықтың модернистік талабымен тікелей байланысты болды.

Өнер мен саясаттың ара қатынасы тығыз байланыста екенін тұжырымдай отырып, кино өнері де саясатқа әлде қайда жақын екенін айтып өткіміз келеді. Кинематограф – өмірдің экрандық шындығы. Кинематографтың мүмкіндігі мол, сондықтан қазіргі заманғы көрермендер үшін ең танымал және таңдаулы өнер түрлерінің бірі. Неміс өнертанушысы Зигфрид Кракауэр өзінің «Табиғат туралы фильм» атты еңбегінде оның негізгі функциясын «физикалық шындықты қалпына келтіру» деп белгілегені кездейсоқ емес.

 

Америкалық фильмдер және АҚШ-тың «тартымды бейнесі»

Әуелгі тақырыпқа қайта оралайық. Мысалы, америкалық фильмдердің көпшілігі – Америка туралы, әрекет ету орны – АҚШ, басты кейіпкерлері – америкалықтар. Бұл жаһандық қоғамдық санада АҚШ-тың «тартымды бейнесін» қалыптастыруға һәм қолдауға, америкалық өмір салты мен құндылықтар жүйесі туралы идеяларды таратуға айтарлықтай үлес қосады.

Техникалық үдеріс бір орында тұрмайды, осыған байланысты кинематограф коммуникация құралы ретінде жетілдіріледі және бұқаралық санаға әсер етудің жаңа нысандары мен тың тәсілдері пайда болып отырады. Осындай жаңа тәсілдердің бірі – телевизиялық серия. Олардың қасиеттері бойынша фильмдер мен телехикаялар ұқсас, бірақ бірдей емес. Осы тақырыптағы ең танымал, сондай-ақ, ең жанжалды телехикаялардың бірі – режиссер Дэвид Финчердің «Карталар үйі». Саяси драма жанрында түсірілген аталмыш серия 2013 жылы экранға жол тартып, бірден қоғамның назарын өзіне аударды. Сюжет бойынша АҚШ демократиялық партиясының өршіл конгрессмені Фрэнк Андервуд саяси интригаларға қатысып, АҚШ-тың ең белді мансаптарына қол жеткізеді. Серия кино сыншылардың, соның ішінде ресейлік сыншылардың оң бағасын алды, пропогандистер қолдап-қолпаштады. Өйткені, «Карталар үйі» америкалық саяси жүйеге америкалық демократия моделімен бірге нұқсан келтірді.

 

Ресей «бақытты өмірін» дәріптейді

Ал Ресей фильмдерінде біз рухани күшті, бақытты отбасыны, дәстүрлі құндылықтарды көреміз. Қазіргі биліктің басшылығымен ел жетістіктерінің барлық спектрі көрсетілген. Бұл фильмдердің барлығы мақтаныш, бірлік пен патриотизм сезімін ояту мақсатында жасалады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта тағы бір маңызды үрдіс бар. Біздің айтпағымыз – «әлеуметтік кино» жанры туралы. АҚШ пен Еуропада бұл жанрға сұраныс өте жоғары, соған сәйкес кең таралған. Ал Ресейде әлеуметтік кино іс жүзінде жоқ. Андрей Звягинцевтің «Левиафан», «Жер аудару» секілді картиналары сөзіміздің айқын дәлелі. Мысалы, «Левиафан» (2014) сол мемлекеттегі қазіргі биліктің өздері айтатын жетістіктеріне қарамастан, олар қаламайтын және жеңе алмайтын көптеген мәселелер бар деген идеяны көрерменге өнер тілімен барынша жеткізеді. Әлеуметтанушылар әрбір екінші орыс (48%) қоғамның өткір проблемаларына әсер ететін «Левиафан» сияқты фильмдер түсіру қажеттілігіне сенімді екенін анықтады. Әйткенмен әрбір төртінші (23%) адам Ресейге әлеуметтік кино қажет емес деп санайды. Бірақ сол елде түсірілген әлеуметтік кино жанрының сирек кездесетін фильмдері,  халықаралық фестивальдерге түсіп, назардан тыс қалмайтынын атап өткен жөн.

Жоғарыда саяси астарлы кинокартиналарды сөз еттік. Келесі кезекте саяси тұлғаларды бейнелейтін фильмдерге тоқталсақ. 2018 жылы режиссер Адам Маккей АҚШ-тың экс вице-президенті Дика Чейнидің өміріне арналған «Власть» фильмін жарыққа шығарды. 2007-2008 жылдардағы экономикалық дағдарыс туралы, Америкадан Ресей мен Азияға дейін бүкіл әлем бойынша шарпыған толқын, оның салдары туралы көрсетеді. Фильмде көрерменге жақсы әсер қалдыру үшін режиссер ирония, сатира, сарказм және қайталанатын метафоралар сияқты әдістерді қолданады. Біз бұл фильмде Диканың саясат туралы әңгіме басталғанда кейіпкерден ирония және сарказм элементтерін көреміз. Дик Чейни бастапқыда көрерменге ақ жүрек, адал көрінеді. Содан кейін Бэйлдің кейіпкері жоғары биліктің пайдалы қызметшісіне айналады. Барлық уақытта белгілі бір жоспарларды жүзеге асыратын айлакер үнсіздің мінезі жиіркенішті бола бастайды. Ақыр соңында, ақыл-есінен айырылған, қорқынышты, моральдық бұзылған адам экранда сан құбылады. Режиссер жаңа жұмысында биографиялық жанрдың бейстандарт түрін көрсетті және көркемдік шешімдерді қолдана отырып, өмірбаяндық жанрдың ең қызықты таспаларының бірін жасай алды.

 

«Халықтың көзін ашқан – Кеңес үкіметі» дегенге сендіргісі келді

Бұл мәселе қазақ киносында қалай? Қазақстанның деректі киносы алғашқы жылдарынан бастап-ақ, экранда Кеңестің саяси идеологиясына тікелей бағынышты болды. Халықтың бет-бейнесін де солай қалыптастыруға тырысты. 1929 жылы түсірілген «Түрксіб» фильміндегі паровоздың соңынан өгізбен қуып келе жатқан қазақтар «өркениеттен тыс қалған» халықты метафораласа, паровоз кеңес үкіметінің қазақ даласына алып келген тың жаңалығы, «қараңғы» халықты «жарқын» болашаққа бастаған «көшбасшы» ретінде бейнеленеді. Қазақ киносының тарихы ә дегеннен өткен шақ пен бүгінгі күннің құндылықтары арасындағы саяси-идеологиялық тартыспен басталады. Өткен уақыт – байлар мен сұлтандардың өмірі, ал бүгін – халықтың «көзін ашып, бостандық алып келген» Кеңес үкіметі ретінде қарастырылды.

Бұған қоса, қандай да бір күрес жолында, яғни, патша үкіметіне, байларға, фашизм басқыншылығына қарсы фильмдердің кейіпкерлері жалғыз болған жоқ. Олардың соңында қолдайтын халық немесе бір мақсаттағы тұтас топ тұрды. Мұны алғаш дәріптеген «Амангелді» фильмінің басты кейіпкері жауынгер Амангелді. Патша үкіміне қарсы жүргізген күрес жолында жалғыз емес, онымен бірге халық көтерілді. «Райхан», «Дала қызы», «Ботагөз» фильмдеріндегі басты кейіпкерлер де жаумен жалғыз күреспейді оларды қолдайтын жолдастары бар. Райханның, Нұржамалдың, Ботагөздің бейнесі кеңес үкіметі идеологиясының аясында қарастырылып, революция азат еткен, іскер кейіпкерлер ретінде көрініс тапқан. Нәтижесінде аталған фильмдердің көркемдік тартысы, кейіпкерлердің мінез-құлқы, әр қилы жағдайлар мен оқиғалар арасындағы қарама-қайшылық кеңестік саяси идеологиямен тығыз байланысты екенін аңғарамыз.

Осындай кейіпкерлердің бірі – 1966 жылы Олжас Сүлейменовтің сценарийі бойынша түсірілген «Қилы кезең» фильміндегі Жүніс бейнесі. Тарихи-революциялық жанрда түсірілген бұл фильм кеңес үкіметі мен оған қарсылық көрсетуші Жүніс және жаңа үкіметті орнатуға белсене қатысып жүрген Тоқтар екеуінің арасындағы қақтығыс бейнеленген. Бұл фильм революцияның қазақ даласына қасірет алып келгені, туған бауырлардың екіге бөлінгендігі туралы айтады. Толықтыра айтсақ, Жүністің бейнесі дәм-суы таусылып бара жатқан байлар, ал Тоқтар революциялық күресте туған жаңа кейіпкер ретінде көрініс тапты. «Қилы кезең» фильмінің идеясы, өзегі тым тереңде жатыр. Фильмнің авторлары сол кезеңдегі көп адамның көкейінде жүргенімен, ашық айтуға болмайтын мұңды астарлы түрде жеткізуге тырысты деп ойлаймыз.

Әлемдік кинематографтың дамуына назар аударсақ, «Француз киноавангардтың»  «Италия неореализмінің», «Неміс экспрессионизмінің», «Француз жаңа толқынының» пайда болуына ең алдымен сол елдердегі саясат, қоғамдық және әлеуметтік оқиғалар өз ықпалын тигізді. Сол секілді 1990 жылдардан бастап қазақ кино өнерінің жаңа тынысы ашылды.

«Жаңа толқын» һәм үмітсіздік пен шарасыздық

«Жаңа толқын» кезеңінде кино саясат пен қоғамды анық көрсете білді. Қызыл үкіметтің құлауы, одақтың ыдырауы кино өнеріне айтарлықтай әсер етті. Мәскеу қаласындағы ВГИК университетінен арнайы кинематографиялық білім алып келген жас студенттер қилы кезеңдегі қазақ киносына жаңа леп алып келді. Рашид Нұғмановтың – «Ине», Серік Апрымовтың – «Қиян», «Сергелдең», «Ақсуат», Ардақ Әмірқұловтың – «Отырардың күйреуі», Талғат Теменовтың – «Адамдар арасындағы бөлтірік», Дәрежан Өмірбаев – «Қайрат», «Кардиограмма» сынды кинокартиналары аумалы-төкпелі шақтың аурасын беріп қана қоймай, қоғамдық көзқарасты, саяи көңіл-күйді дәл сипаттады. Қазіргі таңда аталмыш фильмдер Қазақстанның кино өнеріндегі айтулы туындылар ретінде өз орнын алды. Бұл жайлы кинотанушы Бауыржан Нөгербек: – «Менің ойымша, «жаңа толқын» «Ине», «Қиян» және Р.Нұғманов С.Апрымов, А.Қарпықов, Ә.Қарақұлов, А.Әмірқұлов, Т.Теменов киношығармаларымен ғана шектелмейді. Оған Е.Шынарбаевтың – «Сұр үшбұрыштағы орын», «Әлсіз жүрек», Д.Өмірбаевтың – «Қайрат», «Кардиограмма», Б.Қалымбетовтың – «Айналайын», Д.Манабайдың «Сұрапыл Сұржекей»,  Қ.Салықовтың – «Балкон», «Желтоқсан ашыналары», С.Нарымбетовтың – «Көзімнің қарасы» фильмдері жатады…» – деп, пікір білдірген еді. «Жаңа толқын» кезеңінде бейнелік шешім мен оның формасына, монтаж бен ритмге мән берді; кәсіби актер ойынынан бас тартып, сюрреализм мен символизм элементтерін қосты; кейіпкердің ішкі жан дүниесіне көңіл аударды.

«Жаңа толқын» ұғымын қалыптастырып, қоғамның шындығын анық көрсете білген Серік Апрымов қазақ халқының сол кезеңдегі өмірінен алынған ащы әрі ашық картина «Қиян» фильмін түсірген еді. Фильмді сынға алып,  наразылық танытқан қалың көрерменге режиссер Серік Апрымов күрделі кезеңде қол қусырып қарап отыруға болмайтындығын көрсеткісі келгенін айтты. Осы мәселені қарастыра отырып, кинотанушы Бауыржан Нөгербектің: «Бұл біздің өміріміз туралы қатыгез әрі қайғылы көрініс болды» деген сөзімен түйіндеуге болады. Сонымен, «Қиянда» тозығы жеткен ауыл, оның рухани дағдарысқа ұшыраған тұрғындары, ертеңгі күн алдындағы үмітсіздік, шарасыздық, жұмыссыздық, танымастай өзгерген ұлттық болмыс, мінез-құлық көрініс тапқан. «Қиян» фильмінде саяси астарға толы дүниелер болды. Айтқанымыздай, ол кезең – коммунистік кезең еді. Туынды мұндай режимнің бәрібір құрдымға кететінін түсіндірді.

С.Апрымов «Қиян» фильмінде 80 жылдардың соңы мен 90 жылдардың бас кезіндегі қазақ ауылының жағдайы мен атмосферасын көрсетсе, режиссердің «Ақсуат» (1997 ж.) фильмінде одан бергі бес-алты жыл ішіндегі ауыл көрінісін «тамашалаймыз». «Ақсуаттың» басты кейіпкері – ауыл тұрғыны Аман. Аманның інісі Қанат қаладан жүкті әйелімен ауылға оралып, көп ұзамай баласы дүниеге келеді. Қанат нәресте жарық дүниеге келген соң қалаға қайта кетеді. Жанна мен оның баласы Аманның өмірін өзгертеді. Жұмысынан айырылады және үйіндегі әйел мен баланың артық екенін түсінеді. Фильмнің сюжеті қарапайым, дегенмен елімізде болған 1990 жылдардан бергі алапат дағдарысты, жарықтың тапшылығы, тамақтың жоқтығы, тіпті, киімнің аздығын өнер тілінде нақ көрсетті.

Белгілі кинотанушы Нәзира Рахманқызы «Ақсуат» турасында: «Ауылда елең етерлік оқиға өтіп жатпағандай. Алайда осы «үнсіздіктің» өзінде жұмбақ бір сұмдықтың болып жатқаны сезіледі. Мырзабектің жұмбақ өлімі, үн-түнсіз жерленуі, тергеудің жалған жүргізілуі, бұл істің жуық арада жабылатынын білдіретін милиционердің сөздері, бәрі-бәрі қылмыс жасаушылардың ауылдан ұзап кете қоймағанын аңғартады» деген болатын. Рас.

Қоғамдағы үйлесімсіздік, адамның ішкі жан дүниесі, шарасыздық, жастардың көзімен баяндалатын фильмдерде аз емес. Солардың бірі Францияның әдебиет пен өнер орденінің иегері, көптеген кинофестивальдардың жүлдегері, режиссер, кинотанушы Дәрежан Өмірбаевтың шығармашылығында да бар. Режиссердің «Кардиограмма» туындысы кішкентай Жасұланның Базарбай ауылынан Алматы қаласына емделуге келгенін баяндайы. Жүрегі ауыратын жас жеткіншектің өзге ортаға келіп, үйренісе алмауы фильмге арқау болған. Автордың айтуынша, шипажай – қоғамның көрінісі. Фильмнің соңына Жасұлан шипажайдан қашып шығып, көлікке отырады. Сырттан «абай бол», «есікті аш» деген дауыстар естіледі, әйтсе де басты кейіпкердің қайда баратыны, не істейтіні баршамызға жұмбақ болып қалады. Д.Өмірбаев фильмнің атауы жайында: «Мен «Вуаер» деп аталатын фильм түсіргім келген еді. Онда, белгілі жағдайға байланысты, бала басқа адамдарды қадағалап отырады. Яғни, фильм оның көзі мен құлағы жайлы болуы керек еді, бірақ мен негізгі жағдайдың бәрі жүрекке келіп тірелгенін түсіндім. Сондықтан «Кардиограмма» деп атадым, – дейді.

«Киллер» фильмі – метафора мен символға толы. Мысалы, бастапқы сахналарда  математика ғылымының докторы, профессор радио ғимаратынан шығар жолды іздейді. «Скажите, где выход?», «Шығатын есіктеріңіз қайда?» деп бірнеше адамнан сұрайды, әр адам әртүрлі жолды көрсетеді. Бірінің бағыттағаны біріне ұқсамайды.  Дәл осы сахна  сол кездегі халықтың жағдайын суреттеп отыр.

Соңғы жылдары Қазақстанда түсіріліп жатқан көркемсуретті фильмдер біркелкі деп айта алмаймыз. «Қазақфильм» киностудиясымен қатар жеке меншік киностудиялар түсірген фильмдер бірінен соң бірі жарыққа шығып жатыр.   Көптеген заманауи қазақ фильмдер де саяси астарлы дүниелерді көрсетті. Сөзіміз сүйекті шығуы үшін «Көшпенділер» фильмінен бастау алып, Ермек Тұрсыновтың – «Келін», Ақан Сатаевтың – «Рэкетир»,  Дәмір Манабайдың – «Кек» сынды фильмдері, Фархат Шәріповтың – «Тренинг личностного роста», Әділхан Ержановтың – «Ласковое безразличие мира» «Қожайындар», Эмир Байғазиннің – «Асланның сабақтары» т.б сынды кинокартиналарын атасақ болады.

Иә, «Жаңа толқын» кезінде көп фильмдер ішкі әлеміне сыни пікір айту арқылы (тұлғаларды мазақ ету, Кеңес үкіметі саясатының халыққа әсері) көрсетілсе, Тәуелсіздігімізді алғаннан кейінгі кезеңде дүниеге келген фильмдер тарихи-тұлғаларды көрсетті. Соңғы жиырма жылдың ішінде  С.Нарымбетовтың – «Мұстафа Шоқай», С.Тәуекелдің – «Махамбет», Қ.Қасымбектің – «Жамбылдың жастық шағы» сынды бірталай фильмдер түсірілді.

2018 жылы түсірілген Фархат Шәріповтың «Тренинг личностного роста» фильмін саяси астарлы туындылардың қатарына жатқызар едік. Қарапайым банк қызметкері Қанат Астанадан оралған институттағы досы Даникті кездестіреді. Даник болса үлкен адамға айналған. Осы кездесуден соң барлығы түбегейлі өзгереді. Фильмнің кейбір сахналары «ұсқынсыз», «ұятсыз» болып көрінуі, оқиғаның өрбуі көрерменді ары қарай қызықтырып қоя береді. Ондағы алдап-арбауды, жемқорлық мәселелерін, басқа да неше түрлі қылмыстарды байқамай қалсаңыз, онда бұған бойыңыз үйреніп кеткені ғана кінәлі.

Ал «Ласковое безразличие мира» фильмінде режиссер Әділхан Ержановтың «көзі»  үлкен аға буынның ақшаға құныққан, құмарлыққа бейім, нас әрекеттерді әшкерелейді. Оларға жас қыздың өмірі құлқындарының қамы, нәпсілерінің тояты үшін ғана керек. Аталған екі картинаны заманауи қазақ киносындағы саяси астарлы, саясатқа сыни көзқарастағы фильмдер санатына жатқыза аламыз. Бұдан бөлек, жоғарыда аталған Э.Байғазиннің «Асланның сабақтары» фильмі, Нұртас Адамбайдың – «Әкім» комедиясы да саясатты сынаушы санатта. Тағы бір ескере кетерлік жайт. Кеңес үкіметі тұсында қазақ жазушылары ішкі қарсылықтарын жағымсыз образдар мен бақытсыз кейіпкерлердің өмірі арқылы көрсетті, Тәуелсіз кезеңде де қазақ киносындағы «жарымжан» кейіпкерлерді арқау еткен, «менінен» айырылып, қайда барарын білмеген адамдардың тобын назарда ұстаған барлық фильмді протестік картиналар деп атауға да болады. Себебі… себебі көп.

 

ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІ ҮШІН ТҮСІРГЕНІ МАҢЫЗДЫ

Қазақстан кино өнерінде саяси тақырыптағы фильмдер саяси тұлғалар турасында түсірілген картиналармен аясын кеңейтті. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаев жайлы «Балалық шағымның аспаны», «Елбасы жолы: Теміртау», «Елбасы жолы: От өзен», «Елбасы жолы: Тығырықтан жол тапқан» фильмдері бұған мысал бола алады.

Сонымен қатар, 2019 жылдың қыркүйегінде «Томирис» фильмі жарыққа шықты. Фильмнің режиссері Ақан Сатаев. Басты рөлдерді Әлмира Тұрсын, Салтанат Серкебаева сомдады. Кино туынды көне түрік тілінде түсірілген. Фильм – Әлия Назарбаеваның идеясымен түсірілген.

Сатыбалды Нарымбетовтың «Мұстафа Шоқай» фильмі жарыққа шыққан соң да түрлі пікірлер туғызды. Автордың айтуынша, ол Мұстафа Шоқайдың саяси портретін жасауды мақсат еткен жоқ. Дегенмен, бұл фильм бұрындары қазақ киносында болмаған кейіпкерлерді экранға алып шықты. 

Қазақ киносына келген бүгінгі жас ұрпақ, әлемдік кино кеңістігінде өзіне тән ерекшеліктерін жоғалтып алмай, еліміздегі қоғамдық, саяси, әлеуметтік жағдайларды көрсете алатын дүние жасауы, қазақ өнері мен мәдениетінің, саясатының белгілі тұлғаларды экрандық бейнеде сақтап қалу үшін емес, болашақ ұрпақтың тәрбиесі үшін түсіргені маңызды деп аяқтағымыз келеді.

Ая ДӘРІБАЕВА,

Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының студенті

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір