ҚАЛАМГЕР, ЗАҢ және ҚАЛАМАҚЫ
05.09.2022
867
0

ҚР Конституциясның 6-бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік бірдей қорғалады» деп жазылған. Дегенмен зияткерлік меншік туралы мәселе тәуелсіздік алғалы бері күн тәртібінен түспей келеді. Өкінішке қарай, биыл, газетіміздің 19-тамыз күні жарық көрген №32 санында, бір топ қаламгердің аталған келеңсіздік жайындағы пікірін жариялауға «мәжбүр болдық». Демек, бұл – 30 жылдан астам уақыт бойы қақсаған қаламгерлеріміздің үні естілмей жатыр, иә, естімей жатыр деген сөз.
Осы мәселені алға тартып, жазушы-драматург, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сұлтанәлі Балғабаевпен әңгімелескен едік.ъ

Әдебиетке жаңадан келіп жатқан жастардың хал-ахуалы алаңдатады

– Сұлтанәлі аға, сіз 1991 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «Жазушы болған обалың өзіңе» деген проблемалық мақала жариялаған едіңіз. Көптен бері БАҚ пен әлеуметтік желілерде «Қазіргі жазушыларымыздың жағдайы өте қиын, дұрыс қаламақы алмайды, интеллектуалдық, яғни, зияткерлік меншік құқынан айрылған» деген алаңдатарлық әңгімелер жиі айтылып жүр. Бұл жөнінде сіз не ойлайсыз?
– Мен ұзақ жылдардан бері әдебиетімізді дамыту мен жазушылардың жағдайын жақсарту туралы шамам жеткенше айтып та, жазып та келемін. Сондықтан да өзің айтып отырған жағдайлар мен үшін аса бір жаңалық емес. Ең бастысы, алдағы уақытта бұл мәселелерді реттеуді нақты қолға алу керек. Бұл үшін ең алдымен әдебиетіміздің дамуы мен жазушыларымыздың қазіргі жағдайын дұрыс зерделеп, әділ бағалай білу қажет. Өз басым жазушыларымыздың бәрі бірдей төтенше қиындыққа кездесіп отыр деп айта алмаймын. Қазақстанда кітап шығару жөнінде арнайы бағдарлама қабылданып, көп мөлшерде қаржы бөлінуде. Түрлі марапаттар мен атақтарды, Президенттік және басқа стипендияларды да ең көп алатын – ақын, жазушылар. Соңғы уақытта әдебиет саласында түрлі конкурстар мен бәйгелер де көбейді. Күні кеше ғана «Айбоз» бәйгесі жарияланды. Жазушыларға дәл осындай жан-жақты қолдау көрсетіп отырған мемлекеттер жер жүзінде өте сирек. Әдебиет мәселесі сөз болғанда мұндай жақсылықтарды да ұмытпаған абзал. Әрине, бұл айтылғандарға қарап, жазушылардың барлығының жағдайы керемет, оларға ешқандай қолдау жасаудың қажет жоқ деген ұғым тумауға тиіс. Әсіресе, әдебиетке жаңадан келіп жатқан жастардың хал-ахуалы алаңдатады. Осыған орай, жазушыларымыздың зияткерлік құқын қорғап, дұрыс қаламақы төлеп, шығармашылықпен тұрақты айналысуына жағдай жасауды жүзеге асыру керек. Бұған бізде толық мүмкіндік бар.
– Сол мүмкіндерді тарқатып айтып, нақты түсіндіре аласыз ба?
– Кез-келген мәселе туралы сөз қозғағанда ең алдымен мына екі жағдайға ерекше назар аудару керек:
Біріншіден, бұл мәселені жүзеге асырудың заңдық негізі бар ма?
Екіншіден, бұл мәселені жүзеге асыруға қажетті қаржы шешілген бе?
Бұл екі мәселені анықтап алмай, құр әншейін қызыл сөзбен сайрап сөйлей бергеннен ештеңе шықпайды.
Бізде жазушының зияткерлік меншігін қорғап, қаламақыны реттеуде бұл айтылған екі мәселенің де негізі бар. Бұлар – «Қазақстан Республикасының авторлық құқық жәнен сабақтастық құқық туралы» заңы және «Қазақстан Республикасының мәдениет туралы» заңы. Осы екі заңда қаламгердің шығармашылықпен айналысуы мен зияткерлік меншігінің қорғалуы нақты атап көрсетілген. Ал қаламақы төлеу мәселесі «Мәдениет туралы» заңның «Қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу» дейтін 19-2 бабы мен «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару» жөніндегі 19-3 бабында реттелген.
Осы жерде бір мәселені айта кеткенім жөн сияқты. «Мәдениет туралы» заңның 2017 жылға дейінгі нұсқасында жоғарыда айтылған екі баптың тек екіншісі, яғни, әдебиетті басып шығару ғана айтылатын. Соған орай мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар 2017 жылға дейін «Мәдениет министрлігінің «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін басып шығару» кіші бағдарламасы бойынша ғана жарық көрді. Бірақ бұл бағдарлама бойынша шыққан кітаптың қаламақысы өте төмен болды. Мысалы, жиырма баспатабақ кітаптың қаламақысы әрі кетсе 200 мың теңге, әйтпесе оған да жетпейтін. Таралымы да 2 мың данамен шектелетін. Бұл кәдімгідей ойландыратын жағдай еді. Өйткені өркениетті елдерде кітап шығару үш сатыдан тұрады. Оның біріншісі – кітаптың түпнұсқасын автордан сатып алу. Екіншісі – ол түпнұсқаны кітап етіп басып шығару. Үшіншісі – дайын болған кітапты тарату, саудаға шығарып сату. Бізде де неге осылай болмайды? Міне осы мәселе ойландырып жүргенде «Мәдениет туралы» заңға өзгертулер мен толықтырулар енегізіледі дейтін әңгіме көтерілді. Бұл кезде Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Нұрлан Оразалин Сенаттың депутаты еді. Осы ыңғайлы жағдайды пайдаланып «Мәдениет туралы» заңды жазушылардың қаламақы мен басқа да мұқтаж мәселелерін шешетін баппен толықтырса қайтеді деген ойға келдім. Сөйтіп 2016 жылдың 17 ақпан күні ҚЖО Төрағасының атына ресми тіркеуден өткізіп, «Әдебиетімізді дамыту және кітап шығару мен таратуды жетілдіру туралы» деген тақырыппен көлемді ұсыныс бердім.
Бұл ұсыныста «Мәдениет туралы» заң сатып алу және тарату деген баппен толықтырылып, ҚР Мәдениет спорт министрлігінің кітап шығаруға арналған бағдарламасы «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» болып кеңейтілсе» дегенді атап көрсеттім. Әрине, заңға қатысты мұндай ұсыныстардың іске асуы өте қиын. Дегенмен осы жолы Н.Оразалиннің депутат болуының нақты пайдасы тиді.
«Мәдениет туралы заңға жоғарыда айтылған 19-2 бап енгізілді. Соған орай ҚР Мәдениет және спорт министрлігі «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» атты Ереже жасап бекітті. Осы Ережеге сәйкес 2017 жылдан бастап мемлекеттік тапсырыспен шығатын кітаптар «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» кіші бағдарламасы бойынша жарық көре бастады. Бұл бағдарлама негізінен екі бағыттан тұрды. Оның біріншісі – «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу», ал екінші бөлімі «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату» деп аталды. Авторларға қаламақы төлеу осы екі бағыт бойынша жүзеге асырылды. Бірақ олардың бір бірінен айтарлықтай айырмашылығы бар. Мысалы, шығарма сатып алу бойынша қабылданса әр баспатабағына 250 мыңнан бастап одан да жоғары қаламақы төленеді. Бұған қоса кітаптың таралымы 5 мыңға көтерілді. (Бірақ соңғы жылдары бұл көрсеткіш төмендеп, 3 мыңға түсті.) Ал басып шығару және тарату бойынша қабылданса, қаламақы әлдеқайда төмен, әр баспатабағына 10 мың теңге ғана қаламақы беріледі

Бірінші кезекте кітап бизнесін дамытуды қолға алу қажет

– Осы жерде тағы бір сұрақ туындайды. Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша қабылданған әдебиеттің қаламақысы соншалықты мол болса жазушылардың бәрі кітаптарын неге соған бермейді?
– Сатып алу бойынша жаңадан жазылған әрі бұрын ешқайда жарық көрмеген шығармалар ғана қабылданады. Оның өзі арнайы бекітілген сарапшылардың талдап, талқылауынан өтіп, іріктелетіні айтпаса да түсінікті шығар. Ал басып шығару және тарату бойынша бұрын жарық көрген де, жаңадан жазылған шығармалар да бірдей қабылда

на береді. Бұл жердегі іріктеу ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасында өтеді.
Сөз реті келгенде, әлеуметті маңызды әдебиетті салып алу мен басып шығарудың бұл айтылған жұмыстарының бәрінің негізгі ұйымдастырушысы Мәдениет және спорт министрлігінің Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті екендігін де атап айта кеткен жөн.

– Кітап шығару мен қаламақы төлеу мәселесінің бәрі сіз айтқандай болса, ондай қаламгерлердің зияткершілік меншігімізді тартып алды деген әңгімесі қайдан шыққан?
– Бұл әңгімелерде бұрынғы Мәдениет және спорт министрі қаламгерлердің зияткерлік меншігін тартып алғаны айтылады. Бірақ қандай жолмен қайтіп тартып алды – ол жағы белгісіз. Дегенмен мәселе «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алуға» байланысты деп жобалауға болады. Мұндай сатып алу – дүниежүзінің барлық елінде қолданылатын нарықтық қатынастың бір түрі. Яғни кез-келген автор өзінің жаңа шығармасының пайдалану құқын өзге біреуге келісімшарт бойынша белгілі бір мерзімге сатады. Осы мерзім біткенше автор бұл шығармасын үшінші біреуге бермейді, ешқайда жарияламайды. Мұндай келісімшарттар жасау соңғы жылдары өзіміздегі композиторлар мен әншілердің арасында жиі байқалып жүр. Ал келісімшарт мерзімі аяқталған соң автор шығармасының мүліктік құқына өзі ие болады.
Егер біздің қаламгерлердің зияткерлік меншік туралы әңгімелері әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу төңіргенде болса, онда ештеңеге алаңдамағандары дұрыс. Рас, алғашқы кезде сатып алудың мерзімі 70 жыл болған еді. Әрине, бұл – ешқандай ақылға сыймайтын өте ұзақ мерзім. Ондай келісімшартқа қаламгерлеріміздің қалай қол қойып жүргені түсініксіз. Бірақ кейін министрлік қателігін түзеп, сатып алудың мерзімін 5 жылға төмендетті. Алдағы уақытта ол мерзім 3 жыл төңірегінде болады деген де сөз бар. Менің ойымша, кез-келген қаламгерге осы үш жыл дұрыс сияқты.
Демек, сіз нақты бір шығармаңыздың мүліктік құқын министрліктің тиісті мекемесіне дәл қазіргі ереже бойынша 5 жылға сатып, айтарлықтай мол қаржы аласыз. Сосын келісімшарт мерзімі біткенше шығармаңызды басқа ешқайда ұсынбайсыз. Ал келіспесеңіз келісімшартқа қол қоймаңыз. Сосын бұл шығармаңызды басып шығару және тарату бағдарламасына ұсыныңыз. Мұнда сіздің мүліктік құқыңызға ешқандай шектеу қойылмайды, бірақ қаламақысы әлдеқайда төмен болады..
Кітап шығарудың бұл екі жолының қайыссын таңдайсыз – ол сіздің өз еркіңіз. Сіздің зияткерлік құқыңызға ешкім де қол сұға алмайды.

– Демек сіз жазушыларға қаламақы төлеуде бәрі шешілген деп есептейсіз ғой?
– Жоқ, олай деп мүлдем ойламаймын. Шығарманың мүліктік құқын белгілі бір мерзімге сатып алу – жақсы қаламақы төлеудің бір жолы ғана. Және, шынымды айтсам, мұның болашағына күмәнмен қараймын. Күндердің күні әлеуметтік маңызды әдебиетті сатып алу біржолата тоқтауы әбден мүмкін. Өйткені шығармаға мемлекеттің осынша мол қаржысын еш қайтарымсыз жұмсап, бірден сатып алу өркениетті елдерде өте сирек кездеседі.
Осыған орай, мына мәселеге де тоқтала кеткен жөн. Шетел жазушыларының табысы өте жоғары деген жиі айтылады. Ал олар біздегідей қаламақыны мемлекеттік бюджеттен тікелей алып жүр ме? Жоқ, мұндай қолдау олардың түсіне де кірмейді. Өркениетті елдерде жазушыға қаламақы кітапты сатып, содан түскен қаржының есебінен ғана беріледі. Яғни, оларда кітап шығару – бизнестің тиімді түрінің бірі. Өзімізбен көрші Ресейде де бұл барынша дамыған. Қазақстанның кітап дүкендерін ресейлік шығармалардың «жаулап» алуы осының айқын көрінісі.

– Кітап бизнесін дамыту керек дейсіз ғой?
– Әрине! Бірақ бұл әзірше қиын болып тұр. Бізде мәдениет пен өнерді, әсіресе, кино, театр және әдебиетті мемлекеттің қайтарымсыз қаржысымен ғана дамыту керек деген түсінік кең тараған. Осының кесірінен кітап бизнесі бізде барынша құлдырап, көштің соңында қалған. Баспаларымыз мемлекеттен айтарлықтай мол қаржы алып, сосын кітапты 2-3 мың данамен шығарып, көрсетілген жерге жіберіп, қалған қаржыны өздері пайдаланып, үнсіз отыра береді. «Халықтың сұранысын ескеріп, кітаптың таралымын көбейтейік, менеджмент мәселесін қолға алайық» деген ешкімнің қаперіне кірмейді.
Өкініштісі сол, осы жағдайды әлі күнге мойындамай келеміз. Керісінше, «Қазір жұрттың бәрі интернет қарайды, ешкім кітап оқымайды, оның үстіне халқымыздың саны аз, бар болғаны 19 миллион ғана, оқырмандар жоқ» деген әңгіме жиі айтылады. Бірақ бұл жәй сылтау ғана. Интернет қазір барлық елде бар, тіпті біздегіден де күшті. Халық саны аз мемлекеттер жетіп артылады. Мысалы, Финляндия, Норвегия, Швеция. Олардың бәрінде кітап бизнесі жоғары деңгейде дамыған. Біздің мүмкіндігіміз олардан артық болмаса, кем емес. Кейінгі кездері қазақ мектептері барынша көбейді. Жастарымыздың басым көпшілігі өз ана тілінде білім алып жатыр. Өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне деген қызығушылығы да артып келеді. Өзбекстан, Ресей, Қытай Моңғолия елдерінде де сан миллион қандасымыз бар, олар да Қазақстан кітаптарына мұқтаж. Яғни, бізде кітап тарату мүмкіндігі айтарлықтай жоғары. Қаламгерлердің жағдайын жақсарту мен әдебиетімізді дамытуға шынайы жанашыр болсақ, онда бірінші кезекте кітап бизнесін дамытуды қолға алу қажет.

– Сонда, сіздің ойыңызша, бұл шаруаны шетелдердегідей әдеби агенттер жүргізу керек пе?
– Жоқ, олай деп біржақты айта алмаймын. Рас, өркениетті елдердегі кітап бизнесінде әдеби агенттердің алар орыны ерекше. Соңғы уақытта бізде де бірен-саран кісілер бұл шаруамен айналысып жүр. Әйтсе де Қазақстандағы кітап бизнесінің жеке тұлғалардың қолға алуымен қызу жүріп кетуі әзірше екі талай. Ең дұрысы, бұған мемлекеттік тұрғыдан көңіл бөлініп, ресми орындар араласуы керек. Бұған заңдық негіз де жоқ емес. Яғни, жоғарыда айтылған «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары ережесіне» сүйене отырып, кітап тарату мәселесің кітап саудасын ұйымдастыру дегенге жақындату керек. Кезінде елімізде «Баспа, полиграфия және кітап саудасы» деп аталатын жеке комитет болған. Сондай комитет болмаса да соған ұқсас бір ұйым өте қажет.

– Кітап шығаруда бұдан да басқа қандай маңызды мәселелер бар?
– Кітап шығару мен әдебиетіміздің дамуына кедергі болып отырған келеңсіз жағдайдың бірі – жемқорлық. Басқаны былай қойғанда «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» бағдарламасына жыл сайын қаншы қаржы бөлінеді, ол қаржы, қай мекемелерге беріледі және оның нәтижесі қандай деген әңгіме ешқандай жерде айтылмайды. Осыдан екі-үш жыл бұрын осы бағдарламаға бөлінген қаржыны жемқорлықпен талан-таражға салғаны үшін Мәдениет және спорт министрлігінің екі бірдей лауазымды қызметкері сотталды. Осыған орай, Министрлік мұндай жағдайды қайтадан болдырмау үшін біраз нақты жаңалықтарды жүзеге асырады деп күтіп едік. Бірақ мұндай мәселе мүлдем көтерілген жоқ. Алдағы уақытта осы жағдайға назар аударылса дейміз.
Яғни, жыл сайын әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу мен басып шығаруға қанша қаржы бөлінді, сараптамалық комиссияның шешімі бойынша кімдердің шығармалары іріктеуден өтті деген сияқты мәліметтер міндетті түрде ашық жарияланып тұрғаны жөн.
Бұл ретте ойландыратын және бір мәселе бар. Кейінгі кездері қазақ жазушыларының шығармаларын шет тілдеріне аударып, сырт жерлерге тарату қолға алынды. Бұл, әрине дұрыс. Дегенмен аударылған шығармалардың авторына ешқандай қаламақы төленбейтін көрінеді. Оның үстіне, қаламгерге бұл аудармаға деген меншіктік құқықтан біржолата бас тарту талап етіледі екен. Мұның бәрін шығармасын осындай аудармаға беру жөнінде ұсыныс алған белгілі бір қаламгердің өз ауызынан естідік. Сонда аударманы ұйымдастырушылар мұндай шарт-талаптарды қандай заң-ережеге сүйеніп шығарып жүр және ол аудармаға қаржы қайдан түседі, нақты қалай жұмсалады – бұл да болашақта ашық айтылуға тиіс.

Қазіргі театрларға жақсы пьеса сахналаудың, көрерменді көп жинаудың қажеті шамалы

– Жазушылардың зияткерлік құқын қорғау мен қаламақы төлеу тек кітап шығарумен ғана шектелмейді. Мысалы, қаламгерлердің театр репертуарына қабылданатын пьесаларына қаламақы төлеу керек. Мұны әрі шығармалары шет елдерде сахналанып жүрген сақа драматург ретінде жақсы білесіз. Басқа да авторлық құқын қорғау мәселелері бар. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Осыған орай ең алдымен мына мәселені атап айтқым келеді. Қазақ театр өнерінің дамуына қазақ драматургтері ұшан-теңіз үлес қосқан. Еліміздігі ең үлкен театрларға әдебиетіміздің үздік өкілдері – М.Әуезов пен Ғ.Мүсіреповтің есімдері берілуі осының нақты дәлелі. Бұрын еліміздегі бүкіл театр өзіміздің кәсіби драматургтерімізге ерекше көңіл бөлетін. Және барынша жоғары сапалы шығармалардың ғана сахналану талабы алдыңғы орында тұратын. Бұл үшін авторға төленетін қаламақы да айтарлықтай жоғары болатын. Қазір бұл жөнінде біраз күрделі мәселе бар. Бұл ең алдымен драмтургтың қаламақысына байланысты. Қазіргі кезде драматургтың өз пьесасына алатын қаламақысы төмендегідей екі түрлі:
Біріншісі – жаңадан жазылған пьесаны тиісті орындар қабылдап алған кезде төленетін бір реттік қаламақы.
Екіншісі – пьеса сахнаға қойылып, көрермендерге сатылған билеттен түскен қаржының авторға тиесілі пайыздық үлесі.
Бұрынғы кезде екі мәселенің де ешқандай қиындығы жоқ еді. Жаңадан жазылған пьесаны Мәдениет министрлігінің Репертуарлық-редакциялық коллегиясының сарапшылар комиссиясы қабылдайтын. Сарапшылар құрамына театр өнері мен драматургияның қыр-сырын жетік білетін мамандар кіретін әрі көрермен көңілінен шықпайтын сапасыз шығармалар мүлдем қабылданбайтын. Ал сараптаудан өтіп, қабылданған жаңа пьесаларға төленетін қаламақының ресми түрде бекітілген нақты мөлшері бар – оны ешкім де өзгерте алмайды. Барлық театрлар қабылданып, қаламақысы төленген пьесаларды ғана сахналайтын. Бір сөзбен айтқанда, бүкіл театрдың репертуары бір орталықтан реттелетін. Осындай қатаң талдау-талқылаудан өткен дүние сахнаға қойылғанда әрқашан қалың жұртшылықтың көңілінен шығатын. Театрдың тұрақты көрермендері де барынша мол болатын.

– Қазіргі кезде мұның бәрі өзгерген бе?
– Иә, тіпті адам сенбестей өзгерген. Қазіргі кезде Мәдениет және спорт министрлігінің қарамағында жеті-сегіз театр ғана бар. Қалған театрлар облыс, қала әкімшіліктеріне қарайды. Қаржыны да сол әкімшіліктерден алады және қаржыландырудың бұрыңғыдай белгіленген нақты мөлшері жоқ. Мәселен, бір театр жаңа спектакль қоюға төрт-бес миллион теңгені әрең алса, дәл осындай басқа бір театрға берілген мұндай қаржының көлемі жүз миллионнан да асып кетеді және осы қаржыдан ешқандай қайтарым талап етілмейді. Сондықтан қазіргі театрларға жақсы пьеса сахналап, көрерменді көп жинап, мол қаржы табудың қажеті шамалы. Кәсіби драматургтың сапалы пьесасына жақсы қаламақы төлеп босқа шығындалудың да түкке керегі жоқ. Өйткені, олардың ойынша, пьеса жазу кез-келген адамның қолынан келетін оп-оңай нәрсе. Міне, осындай көзқарастың салдарынан біздің театрларда драматургиядан хабары шамалы кез-келген адамға аяқ астынан пьеса жаздырып, оны арнаулы мамандардың ешқандай сараптауынан өткізбей-ақ сахналай беру үйреншікті жағдайға айналған. Кездейсоқ автордың жазған сапасыз пьесасына көрермен келмей, жұмсалған қаржы босқа кетсе, оған да ешкім жауап бермейді. Мұндай «керемет» жағдай жер жүзінің бізден басқа ешқандай еліндегі театрларда жоқ. Тіпті, осы өзіміздегі орыс театрлары да кәсіби драматургтердің танымал шығармаларын ғана сахналалайды. Міне, осындай жағдайлардан кейін театрлардың қабылдаған пьесалар үшін драматургке төлейтін бір реткі қаламақысы туралы ашып айтпасақ та болатын шығар.
Ал драматургке қаламақы төлеудің екінші мәселесіне, яғни, көрерменге билет сатудан түскен қаржыға келсек, жағдай тіптен қиын. Яғни, әрбір спектакльге қанша билет сатылды, одан қанша қаржы түсті, ол қаржының тиісті бөлігі пьесаның заңды авторына бөлінді ме – мұның бәрін анықтау қазіргі кезде өте күрделі мәселе. Драматургтердің бұл жөніндегі меншіктік құқығын бұрын мемлекет қарауындағы Авторлық агенттік қорғайтын. Агенттік театрлардағы билет сатудан түскен қаржының авторға тиісті бөлігін жинап, бір тиынына дейін шашауын шығармай заңды иесіне беріп отыратын.
Кейін бұл Агенттік қоғамдық ұйымға айналды. Осыдан бастап драматургтерден маза кетті.

Авторлар қоғамы біртіндеп автордан гөрі өздерінің жағдайларын көбірек ойлауға көшті. Сөйтіп театрлардан түскен қаламақыны жинау табыс табудың бір тиімді көзіне айналды. Авторлар қоғамы еліміздің әр түкпірінен жауыннан кейінгі саңыруқұлақтай қаптап көбейді. Қазір олардың жалпы саны жиырмаға жуықтаған. Бірақ одан авторларға ешқандай пайда болмай тұр. Драматургтердің басым көпшілігі қазір театрлардағы қойылған пьесаларынан ешқандай қаламақы ала алмайды.

– Драматургтердің зияткерлік меншігін қорғау мен оларға қаламақы төлеудің біраз мәселелері айтылды. Енді осы мәселелерді реттеу туралы нақты қандай ұсыныстарыңыз бар?
– Бұл жөніндегі ең басты мәселе – көркемдігі жоғары, көрермен көңілінен шығатын жаңа драмалық шығармаларды лайықты қаламақы төлеп, сатып алуды реттеу. Бұл жөнінде алысқа бармай-ақ, Ресейдің тәжірибелерін пайдалануға болады. Ресейдегі театрларда Мәдениет министрлігінің Көркемдік кеңесінде қабылданып, сертификат алған пьесалар бірінші кезекте сахналанады. Осы мәселені біз де «Мәдениет туралы» заңның жоғарыда айтылған «Қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алу» деген 19-2 бабына сәйкес реттеуімізге болады. Яғни, осы заңға сүйене отырып, театр репертуарына пьеса қабылдап, оған қаламақы төлеудің нақты ережесін жасап бекіту қажет. Бұл ретте театр репертуарына пьеса сатып алуды пьесаны кітап етіп шығаруға сатып алумен шатастырмау керек. Қысқасы, театр репертуарына қабылданатын драмалық шығармалардың қаламақысы айтарлықтай жоғары болуға тиіс.
Міне, осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі төмендегі үш мәселені реттуі өте маңызды:
Біріншіден, қоғамдық маңызы бар әдебиетке мүліктік құқықтарды белгілі бір мерзімге сатып алудың негізінде мемлекеттік театрлар репертуарын көркемдік сапасы жоғары, жаңа драмалық шығармалармен қамтамасыз етудің нақты ережесін жасап, бекіту;
Екіншіден, бұл ережеде драмалық шығармалардың авторлары мен сараптама қорытындысын бергені үшін сарапшыларға төленетін сыйақы мөлшерін нақты белгілеу;
Үшіншіден, театрдағы спектакльге билет сатудан түскен қаржының драматургке төленетін мөлшерін нақты анықтау және бұл саладағы ақша жинайтын Авторлар қоғамының жұмысын бір жүйеге түсіру.
Бүгінгі әңгімемізді ереше жақсы жаңалықпен түйіндегім келеді. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кеше жариялаған халыққа Жолдауында «Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді» деп атап көрсетті. Ал біз жоғарыдағы әңгімемізде әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу және басып шығару мен театрлардың жұмысын қаржыландыруда мемлекет қаржысын босқа шашатын жағдайлардың бар екеніне де тоқталып едік. Президенттің жаңа Жолдауынан кейін бұл салада да оң өзгерістер болады деген үлкен үміт оянды. Әдебиет бен театр саласындағы күрделі жағдайлар, оның ішінде зияткерлік меншікті қорғау мен қаламақы төлеу мәселесі де алдағы уақытта бір жүйеге түсіп, реттеледі деп сенеміз.
– Мазмұнды, жақсы әңгімеңізге рахмет!

 

Сұхбаттасқан
Асылан ҚУАНЫШҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір