Оянып өшкен үміт (әңгіме)
24.02.2023
3877
0

Бір палатада бес әйел жатады. Аурулары әртүрлі болғанымен, бәрінің басын қосатын сараптамалары бір – қатерлі ісік аурулары.
Ауруханаға жаңадан түскендері, отадан кейінгілері, сәулемен емделіп жатқандары бар… әйтеуір көктемнің соңғы күндерін бірге өткізіп жатқан жайлары бар.
Ұзын дәліздің екі қапталына орналасқан палаталардан төртінші палатаның бір ерекшелігі – ылғи көңілді күлкі, даурыға сөйлескен дауыстар естіліп жататын. Кейде, тіпті, өтіп бара жатқандар есікті ашып, уайымқайғысыз, қарқылдап күліп, әңгіме айтып отырғандарға, «осылар немен ауырып жатқандарын біле ме?» деп, таңғалып қарайтындар бар…
Дәрігерлер науқастарды еркелетіп ұстайды десе артық болмайды.
Отадан кейін сәулемен емделуге түскен Майгүл мен екі анарын алдырып тастаған, ал қазір омыртқасына метестаза беріп, емделіп жатқан Жайна бірден тіл табысып кет­ті.
«Метестаза» деген сөзді естіп, тіксініп, шошып қалған Майгүл Жайнаның ширақ жүрісіне, айтқан әңгімесіне сүйсініп, тамақ жегеніне қарап, еті үйренгендей болып қалды.
Мұңды көздерін қадап, ерні томпайып, байыпты пікір айтатын Майгүлді Жайна жанындай жақсы көріп қалды. Аңқылдап, армандарын, шын сырын айтады.
– Майгүл, – деді Жайна бір күні екеуі оңаша қалғанда, көзі күлімдеп, – емдеп жүрген дәрігерім жақсы көретін сияқты мені.
– Қалай? – деді Майгүл көзі жарқ ете түсіп, – айт­ты ма?
– Жо-жоқ, ештеме деп айтқан жоқ! Бір күні маған «Сен менің тематикалық пациентім боласың. Егер палатада біреу ұнамаса, не жағдайың болмаса, бәрін маған айтып тұруыңа болады. Екеуміз сенің метестазаңмен күресеміз, – деді. – Ол еңкейіп тумбочкасынан бір құтыны алды. – Сен білесің бе, мына дәрі отыз үш мың теңге тұрады. Бір тананың құны… Мен үшін шетелден алдырды. Санаторийге барам десем де, бәріне көмектесіп жүр. Тіпті, бір рет «ақшам жоқ» деп едім, ақша да берді. Ұлымның жалақысы пәтерақы, оны-мұны төлеуден артылмайды. Ракпен ауырғандардың бәріне отадан кейін барлық ем-домын алған соң, мүгедектік зейнетақы тағайындайды. Бірақ тым аз… ештеңеге жетпейді. Қайта мына ауруханада дұрыс тамақ ішіп жүрмін. Жылда өту керек. Жұмысы көп сондай… Ал, Борис Николаевич «Сен ауруды жеңіп, жазылуың керек!» – дегенді күн аралатып айтады… «Палатадағы көршілерің ұнай ма?» деп, жиі сұрайды. Сен туралы айт­тым, «өте сүйкімді әйел» деп… «Саған кім ұнаса, сол адамды қасыңа жатқызамын!» деді ол. «Сені «тематическая больная» деп жаздырып қояйын ба?» – деді көзі жәудіреп…
Көп жыл жауапты қызмет атқарған Майгүл бәрін түсіне қойды. «Сәулемен емдеу бөлімінің бастығы, жап-жас жігіт Борис Николаевич не кандидат­тық, не докторлық жұмысын жазып, Жайнаның сырқатын әрі емдеп, әрі зерт­теп жүр екен ғой… Ең бастысы, Жайна сол бір «махаббатқа» сеніп жүре беруі керек… жазылып кетсе, бұл адамзатқа жасалған жақсылық болар еді…» – деген ойлармен:
– Жоқ, Жайна, керегі жоқ! Сені емдеп шығарамын десе, Алла Тағаламның өзі жар болсын! Сен жап-жассың, ауруды жеңуге күшің жетеді, құлантаза жазылып кетуіңе мен де тілектеспін! Мен туралы ештеңе айтпай-ақ қой, жарай ма? – деді.
– Жарайды, онда, – деді Жайна.
Екеуі серуендеп келейік деп, аурухананың ауласына шықты.
– Тәжірибе жасайтын егеуқұйрықтарды көресің бе? – деді Жайна. Олардың күлімсі иісі мұрнына келгендей болып, іштей жаратпай тұрса да, Жайнаның көңілін қимай:
– Жүр, көрейік! – деді.
Олар тордың ішінде жүр екен. Әртүрлі, біріне-бірі ұқсамайды. Біреуі үлкен, біреуі кішкентай, біреуі орташа. Түстері де әртүрлі: қараласы да, бірыңғай сұрлары да бар. Көздері жылтылдап, бұларға қарап қалды.
– Сен жоқта ылғи осы жерге келіп, қарап тұратынмын. Бізге қандай тамақ берсе, оларға да тура сондай тамақ береді. Бұлар да біз сияқты ауру, тура бізге салған дәрілерді, бізді емдеген сәулені осыларға да беріп жатыр… – деді Жайна күлімсіреп Майгүлге қарап. – Екі үлкен сұр егеуқұйрық бар еді, бір күн болды, көрінбей қалды… әй, өліп қалды-ау деймін, – деді ол тор ішіндегі егеуқұйрықтарды түгендеп. – Сойып жатыр ғой деймін. Жүр, көрейік, бізді кіргізеді, – деді.
– Жайна, таза ауада жүре тұрайықшы, – деді Майгүл.
– Жарайды, – деп Жайна келісе кет­ті.
Көрші палатада жататын екі әйел екі үлкен еменнің жуан діңгегін құшақтап, күбір-күбір етіп, бет­терін басып тұр.
– «Өмір берші!» – деп, еменнен энергия аламыз деп, жылап, құшақтап тұр. Кеше екеуі ана көк шөптің үстінде «Жерден, көк шөптен энергия аламыз!» деп, аунап жатқан. Біз де құшақтаймыз ба? – деді Жайна.
– Қас қарайғанда шығайық, жарай ма? Ағаштан емес, өмірді Алладан сұрау керек шығар, – деді Майгүл жас досына жымия қарап. Сонымен екеуі біраз жүріп, ішке кірді. Палатадағылардың бәрі кешкі салқынмен аурухананың алдындағы көгалға шығып кетіпті.
… Бір күні олар шай ішіп отырғанда, Қызылорданың тумасы Гауһар деген қыздың жағдайы күрт нашарлады. Майгүл орнынан ұшып тұрып, – «Дәрігер шақырайын!» – деп еді, Гауһар басын шайқап, – «Қазір басылады» – деді.
Қайтып орнына отырған Майгүлдің қолын тас қылып ұстап алып, бүкіл денесі күзгі жапырақтай қалтырап, діріл қақты. Біраздан кейін басылды.
Майгүл оны сүйемелдеп, төсегіне апарып жатқызып қойды.
Біраз жатқаннан кейін, қасына барып, – «Қалай болып қалдың?» – деген қыздарға Гауһар әңгімесін айт­ты.
– Осы кезге дейін бір жерім ауырып көрмеген адам едім, – деді Гауһар.
– Шешем қайтыс болып кет­ті. Әкем ертеректе дүние салған. Содан бері артымнан ерген іні-сіңлілерімнің оқуы, жағдайы, киім-кешегі, тойлары менің мойнымда. Солай жүріп, тұрмысқа да шықпай қалдым.
Кіші інім үйленетін болды. Бәрін ұйымдастырып, тойды ауылда өткізетін болдық. Бардық. Той жақсы өт­ті. Үйге қайтып келе жатқаным есімде… Одан әрі ештеңе білмеймін. Сөйтсем, есіктен кіріппін де, өзімді-өзім жұлып айғайлап, өмірімнің босқа өткенін айтып, тоқтамай, екі сағат жылаппын. Содан қалтырап, дірілдеп, айғайлай беріппін. Бауырларым сасқанынан «Жедел жәрдем» шақырыпты. Дәрігерлер келіп, тыныштандыратын дәрілер салып, жатқызып қойыпты. Содан тексерілсем, басымда ісік бар екен. Сонымен осы жерден бір-ақ шықтым. Ота жасайтын шығар… – деді.
Майгүл Гауһарға қарап: «Алла Тағалам не деген тартымды қылып жаратқан осы қызды» – деп ойлады. Тұрмысқа шықса, қандай әдемі балалары болатын еді… Шіркін-ай, ауырмағанда, әлі де кеш емес еді» деп ойлады.
Гауһар таңғы сағат алтыда тұрып, душқа түсіп келеді.
Майгүл:
– Гауһар, өте ыстық суға түспе! Ісіктің ыстықтан ашыған нан сияқты өсіп кететінін білесің бе? – деді.
– Дәрігер айтқан. Бірақ сен айтқанда, басқаша әсер етеді екен, – деді күліп. Бір күні палатада екеуі қалғанда, Гауһар:
– Осы Жайна дәрігерге қылмаңдап, өзін біртүрлі ұстайды, білесің бе? – деді. Майгүл мырс ете түсті.
– Гауһар, ісік Жайнаның омыртқасына метестаза беріпті. Бұл сұмдық. Қайта бұл жастықтың буымен бой бермей жүр. Дәрігер Жайнаның ауруын бір жағы емдеп, бір жағы зерт­теп, ғылыми еңбек жазып жатыр. Метестазаны тоқтататын ем тапса, ракпен ауырғандардың бәріне жақсы болар еді… «Тематическая больная» дегенді білесің бе? Оған барлық жағдайды жасайды, соған байланысты қамқорлығын да аямайды, сондықтан олардың қарым-қатынасын дұрыс түсінуіміз керек, – деді.
– Мен жаман ойлап қалып едім, – деді ол езу тартып.
– Жайнаның қайта солай ойлағаны жақсы… өмір сүруге үміті оянады. Әбден жалғыздықтың азабын тартқан адам екеніне, сөйлескен сайын, араласқан сайын көзім анық жетіп келеді. Біреу­ге балаша еркелегісі келеді. Осы аз ғұмырында көп қиыншылықты басынан өткеріпті. Отыз жасында екі баламен жесір қалыпты. Тура полигонның түбіндегі ауылда тұрыпты… – деді Майгүл көзі жасаурап.
Сол түні Жайнаның денсаулығы сыр берді. Түн ішінде орнынан атып тұрып, жылап жіберді. «Не болды?» деп палатадағылар тегіс оянды.
– Мен шыдай алмаймын! – деді ол айғайлап. – Тынысым тарылды. Төсектері қатар тұратын Айнашқа қарап, – Туалет емес қой бұл саған… Ертең дәрігерден противогаз сұраймын! – деді.
Әйелдер жағдайды бірден түсінді. Расында да, аузы күні бойы бір тын­байтын Айнаштың түн ішінде төсегінің айналасы зеңбірек атылғандай болып жататын. Әйелдер терезені ашып, желдетіп, Жайнаны жұбатып, жатып қалды.
Ертесінде Жайнаның ыстығы көтеріліп, басын көтере алмады. Қан қысымы да күрт көтеріліп кет­ті.
Борис Николаевич Майгүлді шақырып алып, «Не жағдай болды?» деп, сұрады. Жайнаның қалай оянғанын, қалай жылағанын тәптіштеп, қайта сұрады. Барлық жағдайға қаныққан соң, Айнашты басқа палатаға жатқызды.
Бұл жағдайды естіген әйелдер:
– Бұларың не? Бәріміз бірдей ауырып, қу жанымыз үшін осында жүрміз ғой. Қой демедіңдер ме? – деп реніштерін білдірді.
– Жайна – дәрігердің ерекше көңіл бөліп, емдеп жүрген науқасы. Стресс, ыстығы көтерілу, қан қысымы дегеннің бәрі қазіргі емдомына қарсы әсерін тигізуі мүмкін. Екі анарын алып тастап, жиырма алты рет химия алған, енді метестазасын сәулемен емдеп жатыр. Егер осыдан жазылып кетсе, үлкен жетістік болады, сондықтан ештеңе айта алмаймыз, – деді Майгүл.
Сонымен олар тынышталғандай болды. Жайна басын көтеріп, тәуір болып қалды.
– Денсаулықтың құрығанын осындайдан білесің. Көрдің бе, кеше Айнашқа ренжіп едім, аяқ астынан жалпамнан түстім. Маған ренжуге, қат­ты қуануға, шаршауға, суық тигізуге, ыстыққа баруға болмайды. Сонда не болдым, Майгүл, айтшы! – деді ол көзі жасаурап.
– Жалғыз сен емес, бәріміз сол… қатерлі ісікпен ауырғанымызды білгендер бізге «бұл дүниелік» деп қарамайды. Уақытша жүрген байғұстар деп аяйды… расында да, «Вне зоны» тұрмыз ғой… Бізге орысша айтсақ, «голод, холод, покой» керек. Өте қатерлі дертпен арпалысып жатырмыз. Сондықтан өмір сүріп, осылай жүргенімізге шүкіршілік етуіміз керек, әрбір жарық күн біздің ең басты қуанышымыз болуы керек, Жайна! Алла Тағалам бізді осылай сынап жатыр, маңдайымызға жазылған жазудан асып кете алмаймыз ғой, не жазылса, сол болады, – деді Майгүл.
– Рас айтасың, – деді Жайна. – Күйеуім отыз жасында қайтыс болды. Біз ерте үйлендік. Үлкен ұлым жасқа толмай, екіншісін көтердім. Үйде мал көп болатын. Біздің Семейде қыс ұзақ болады. Қар қалың. Таңертең жұмысқа жиналып жатқанымда, Қуаныш трактормен шөп әкелемін деп жүрген. Жолжөнекей мен жұмыс істеп жатқан магазинге кіріп, жолығып кет­ті. Айтқаны: «Қал қалай? Кетіп барамын», – деді. Мен: «Аманесен барып кел!» – дедім… Сол соңғы сөзіміз болды…
Жұмыста болатынмын. Бригадир ағамыз бар еді, сол келіпті.
– Дүкенді жап, үйге жүр, шана даяр тұр, – дейді.
– Не болды, аға? Ел шулайды ғой, «дүкен жабық деп!» десем…
– Жүр, шуламайды, бол, тез! – деп қоймайды.
Үйге келсем, атам, енем аңырап отыр. Қуанышты оң жаққа салып қойып­ты… Шөп түсіріп жатқанда, құлап түсіпті. Жүрегі тоқтап қалыпты.
Сонымен екі баламен қалдым. Үлкенім мектеп бітірген соң, жиған-тергенімді алып, Алматыға тартып кеткенмін. Заман өзгеріп, аумалы-төкпелі кезең болып жатқанда, Алматыда тұратын әкпем екеуміз арзан үй таптық. Сатып алып, кірдік. Сол кісінің көмегімен бір фирмаға орналастым. Сөйтіп, артымнан аңдитын енемнен де, ауылдың өсегінен де құтылып, Алматылық болып, шыға келдім. Әкпемнің көйлектерін сұрап киіп аламын. Шашымды қидым, бояндым, сыландым, нағыз қалалық болып, шыға келдім.
…Онымен үлкен ұлым оқуға түсерде таныстым. «Біздің жақтың кісісі» деген соң, көмек сұрайын, жағдайымды айтып танысайын, ақша сұраса берейін деп, үйден қалған ақшаны да қалтама салып алғанмын.
Ол мені жылы қабылдады. Асықпай тыңдады.
– Балаларыңыздың осы факультетке түскенін қалайсыз ғой? – деді. Мен «иә» дегенше, орнынан тұрып, қасыма келді. Мені құшақтап, аймалай бастады. Бәрін күтсем де, осындай қылықты күтпеп едім… Одан бір жағымды иіссудың иісі аңқып тұрды. Елтігенім соншалық, басым айналды. Күйеуім кеткелі ер адамның ыстық құшағын ұмытқандай болып едім. Мен де есімді жоғалтқандай болдым.
Міне, осылай жүріп, бала да оқуын бітірді. Екіншісі де сол оқуды бітірді. Үлкенін бір жерге жұмысқа да орналастырып берді. Екіншісі бітіргенде, ауруханаға түсіп қалып, бара алмадым, – деді ол түймесін шұқылап.
Майгүл үн-түнсіз тыңдап отыр, бір уақыт­та:
– Содан араласып тұрдыңдар ма? – деді.
– Иә, ол кезде мынандай сотка жоқ. Жұмыстағы телефонға қоңырау шалатын, – деді Жайна.
– Отбасы туралы айтпады ма? Әйелі, балалары бар ма екен? – деді Майгүл.
– Ондай ештеме айтпайтын, – деді ол.
– Сонымен қалай кездесіп жүрдіңдер? – деді Майгүл.
– Ол жұмыс орныма сап ете түсіп, «бүгін кешке жолдасым екеуміз демалайық деп едік. Міне, мынау дачаның кілті. Бір көркем құрбың болса алып ал, анау ақиып бізге қарап отырмасын. Тамақ, ішім-жем – бәрін өзіміз алып барамыз» – дейтін.
Өзіммен бірге жұмыс істейтін Тамара деген жалғызбасты әйелді ертіп алып барсақ, дача дегені – екі қабат­ты, әңгередей үй болып шығатын. «Адамдар қалай өмір сүруді біледі-ау!» деп, екеуміз таңғалатынбыз. Ол осындай «көңіл көтерулерден» соң кетерде, «ақшадан қысылып жүрсің бе?» деп, қалтама азынаулақ ақша салып қоятын.
Расында да, ондай жерде демалу керемет еді… – деп, ол үндемей қалды.
* * *
Сәулемен емделетін жер астына орналасқан бөлімге барып келген соң, тау қопарып, тас тасығандай болып, құры сүлдерің қалып, әрең шығасың.
Күнде қанның құрамын тексереді. Қаны азайып кетіп, біраз науқас ол жаққа бара алмай қалды. Әйтеуір Майгүл отадан кейін көп уақыт оңала алмай, әлсіреп, басын әрең көтергендей болып еді, сәулемен емдеу жаққан сияқты. Қанның құрамы дұрыс шығады.
Жайнаның осы емнің алдында жиырмадан аса химия алған кезде түсіп қалған шашы қазір шығып келе жатыр. Күнде айнаға қарап, Майгүлге еркелеп, басын еңкейтіп:
– Қарашы, шашым бұйраланып, қайта шығып келе жатқан сияқты, – дейді.
Майгүл оның басынан сипап:
– Иә, кішкене өссе, толқынданған әдемі шаш болайын деп тұр, – дейді еркелетіп, оның қыпқысқа шашын ұйпалап. – Шашың мөлдір қара ғой деймін, – дейді оған қарап.
– Иә, қалың болатын. Ара-арасынан кесіп тастайтынмын. Бір бұрым қылып өрсем, басымды кекжитіп, желкем тартып, ауырып кететін. Сосын екі анарым керемет үлкен болатын. Ол да алдыға тартып, арқамды ауыртып жіберетін. Көрдің бе, екеуінен де айырылдым,– деді көзі жасаурап, Майгүлге қарап.
– Құдайға шүкір, тірі жүрміз. Қайтесің соның бәрін ойлап. Қазір де әдемісің. Мөлдіреп тұрсың. Жап-жассың. Сыртыңнан қараған адам сені ракпен ауырады деп ойламайды. Протез бар екен ғой, соны салып аламыз, шұрқ етпе, досым, – деп, Майгүл орнынан тұрып, өз төсегіне барып отырды.
– Сенің шашың сарғыш қой деймін? – деді Жайна. – Осы емнен кейін химияға жіберсе, көресің, сыпырылып түседі. Бірінші рет түскенде, мен шок болғанмын, – деді күліп.
– Ә, мен шаш жағынан мақтана алмаймын. Қазір де сәуледен кейін түсіп жатыр. Осылай сап-сары, үлпілдеген шашпен дүниеге келіппін. Бір көрінбейтін жерімде қалым болыпты. Әкем «нысанды бала» деп, қарын шашымды алдырмай қойыпты. Содан он жетіге келгенде, шашымды тақырлап алып тастадым. Мынау содан кейінгі өскен шашым, – деді Майгүл.
– Бойжеткен кезде алдырыпсың. Неге алдырдың? – деді Жайна көзі дөңгеленіп.
– Иә, ол кезде мен бір училищеде оқитынмын. Шашым ұзын, жұқа… кесейін десем, үйдегілер «кеспе, әкең ауырып жүр. Жаман ырым бастама!» – деп, рұқсат бермей қойды. Ары ойланып, бері ойланып, «Олай болса, тәуекел…» дедім де, шашымды ұстарамен тақырлап, алдырып тастадым.
Үздік студентпін. Көп сөйлемейтінмін. Менен кейін орысы бар, қазағы бар – тоғыз қыз шашын осылай тақырлап алып тастады. Бізге сол кезде «Тақырбастар ордасы» деген атақ берген. Сол кезде кураторым «Бұның не? Саған еліктеп, қанша қыз шашын алдырып тастады. Сені үздік студент ретінде Прибалтика елдеріне саяхатқа жіберейік деп жүр едік. Енді қалай барасың?» – деп маған ренжіді.
Сол кезде әкемдей болып, көп қамқорлық жасаған, аса құрмет­тейтін ұстазымды ренжітіп алғаныма қат­ты қиналдым. Қиыншылығы болды, әрине, – деп, Майгүл есіне сол сәт түсіп, ойланып отырып қалды.
Жайна күліп:
– Қыздар келеке ет­ті ме? – деді.
– Жоқ, ондай келекеге айналдыру, ондай-мұндай деген болмайтын…
Шашымды алдырған соң, үшінші курста кәдімгідей сабақ беріп, бір ай практикадан өтуіміз керек еді. Ауылдағылар көрмесін деп, бір алыс ауылға кет­тім. Ол кезде жасанды шаш (парик) деген жоқ. Шашым шығып қалған. Қыздардың көбі шаштарын шөмеледей қылып үйіп, төбесіне жинап қоятын. Қазір болса, қысқа шашпен жүре беретін едім. Орамалды басып салып, жолға шықтым. Барсам, өңкей жастар. Институт бітірген жігіт­тер де баршылық екен. Бәрі бойдақ. Ауылдарына барған бізді қонаққа шақырады, би ұйымдастырады. Бәрі вальсті керемет билейді. Содан бір жігіт ұнағандай болды. Бірақ басым тоқырайып тұрған соң, сыр білдірмей кет­тім. Содан әлгі оқуымды қызыл дипломмен бітіріп, КазГУ-ге түстім. Сол жылы әкем қайтыс болды. Сөйтсем, әлгі жігіт мені іздеп, ауылға барыпты. Үйге барып, көңіл айтыпты. Шешем марқұм әңгімесін айтып: «Майгүл үйдің үлкені болған соң, оқуын тастап, жұмыс істеймін деп жатыр», – деген ғой. Содан ол жігіт Алматыға мені іздеп келеді. Өзінше жұмысқа орналасып, маған үйленіп, шешеме көмектесіп, мені оқытпақшы болады. Бірақ кейін тоқырайып жүргенімді бетіме баса ма деп, жоламай кет­тім.
– Ой, сол ма саған ұнағаны… Шын ғашық болсаң, қашпайтын едің ғой, – деп, Жайна сыңғырлай күлді.
– Соны айтсаңшы, – деді Майгүл де қостап.
* * *
Жайна мен Майгүл түстен кейін аулада қыдырып жүрген.
– Үлкен ұлым бір қызбен кездесіп жүр. Анада болашақ құдағиым бәліш пісіріп беріп жіберіпті. Ракпен ауырып жатқанымды біліп, «байғұс, өледі ғой…» деп ойлаған шығар, – деді.
– Қой, жаман ойлама, қайта қуанбайсың ба, келін түсіресің. Шайыңды болса да, қайнатып береді. Қасыңда қарайтын адамың болады, – деді Майгүл.
–Ана үйге қызығып жүрмесе болды ғой… Қазір үй алу Алматыда арман болды ғой, – деді Жайна, – менің түрім мынау. Әпкем Астанаға көшіп кеткен. Бұл жақта бізге қарайласатын адам жоқ. Мен кетсем, балалар жалғыз қалайын деп тұр, – деді Жайна.
– Алматыға сен ерте келіпсің. Үйіңді де арзанға алып қалыпсың. Балаларыңды оқуға түсіріп, үлкен жұмыс жасапсың. Неге тұрмысқа шықпадың? Түр десе түрің бар, сұлу әйелсің, – деді Майгүл Жайнаға қарап.
– Ә-әй, – деді тыжырынып Жайна, – ешкім «қосылайық, үй болайық!» деп айтпады. Көңіл көтеріп, ішіп-жеп, жатып кетушілер көп болды. Мен де күткенмін бір адамды, бірақ кездеспеді.
– Ал, анау балаларыңды оқытқан адам ше? Ол не болды? – деді Майгүл.
– Ол… айтып отырмын ғой, бір жолдасы екеуі келіп, анда-санда көңіл көтеріп кететін деп. Ондай кезде мені оп-оңай іздеп, тауып ала қоятын.
Оған мен көп алаңдадым, ылғи күтетінмін. Бірақ ол аяқ астынан қалай сап ете түссе, солай жоқ болып кететін. Сол екі ұлды жеткізем деп, күнкөрістің қамымен жүріп, талай іске тәуекел ет­тім. Ақыры осы ауруға тап болдым. Ауырғалы бері ана мұғалім хабарласпады. Баламнан «ауырып қалдым!» деп, хат жазып беріп жібергенмін. Ол апарып беріпті. Хат­ты алып, үнсіз оқыпты да, «Жиналысқа бара жатырмын, кешірерсің!» деп, асығыс кетіп қалыпты. Телефонына хабарлассам, бәрі өзгеріп кеткен, таба алмадым, – деді.
– М-м-м-м, сенің үйіңді білуші ме еді? – деді Майгүл.
– Білетін, – деді Жайна қара көзі жарқ етіп.
– Дем алғандарыңда ол неге ана жолдасын ертіп келеді? Қалай көңіл көтеруші едіңдер, айтып берші маған? – деді Майгүл.
Ол жүзіне қызыл арай лып етіп шыға қалып, біраз отырды да:
– Айтайын, – деді. – Төрт адам кез­дескенде, дастарханды қайыстырып, тамаққа толтырып қоятын. Содан музыка қойып, билейміз, ішеміз… Олар қыза-қыза келе:
– Шешініп отырайық! Кімнен ұяламыз? Сендердің аппақ тәндеріңді көріп отырайық, – деп, ұсыныс жасады.
Тамара бірден арғымақтай жараған денесін жарқыратып, киімдерін лақтырып тастады. Мен тартынып едім, ақыры көндірді. Мені шешіндіріп тұрып, жолдасына:
– Міне, көр, сұлулық қалай болатынын! Нағыз Мадоннаның өзі! – деді мені шыр көбелек айналдырып. Ол кезде менің, расында да, құлын мүшем бұзылмаған кезім. Он екі мүшем сау, қазіргідей кеудем тап-тақыр, айдала емес, бәрі орнында, мөлдіреп тұрған кезім еді. Содан мен де үйрендім осындай көңіл көтерулерге.
Бір күні ол аяқ астынан тағы нашарлады. Алдында кіші ұлы келген. Бала Майгүлге қызулау сияқты көрінді. Жайна оны әрең кетірген сияқты.
Даладан өңі қашып кірген Жайна сұлқ жатып қалды. Түнге таман қан қысымы жоғарлап, ыстығы көтерілді. Борис Николаевич Майгүлден «не болды?» деп сұрады.
– Баласы келген, не болғанын білмедім, – деді Майгүл.
Жайнаның жағдайының күрт нашарлап, жатып қалатынына қарап, Майгүл ой түйді. Өмір болған соң, бәрі болады: қуаныш та, реніш те…
Бірақ Жайна ештемені көтере алмайды, кез келген уақыт­та мына метестазаның құрбаны болып кетуі әбден мүмкін екеніне анық көзі жет­ті.
Бір күні Жайна Майгүлге:
– Менің жағдайымды көріп жүрсің ғой. Жағдайым тұрақты емес. Екі ұлым қалып барады. Арқа сүйер ешкімі жоқ.
Ел жақта да ешкім қалмады. Көбі елуге жетпей, бақиға ат­танып кет­ті. Мені түсінетін жалғыз адам – сен сияқтысың. Көбі мені басқаша қабылдайды, білемін. Сен келгелі, сенімен сөйлесіп, әлі өмір сүретініме сеніп, өзімді басқаша сезініп жүрмін. Саған әбден бауыр басып қалыппын.
Қырық грей сәуле алған соң, шығасың. Сол ең жоғарғысы, мен білсем. Бір ай демалған соң, химия-терапияға жібереді. Сенің жағдайың қалай болады, бір Құдай біледі. Көбі химияны көтере алмайды. Сосын көремін бе, көрмеймін бе, білмеймін. Сондықтан сен барда бір нәрсенің анығын білейін деп едім,– деді ол совет кезіндегі елдің қолына әрең түсетін, кремплин костюмінің түймесін шұқылап. Киімі өзіне жарасып тұрғанымен, қазір ондай киімді ешкім кимейтін еді.
– Иә, не айтайын деп едің? – деді Майгүл ақырын.
– Қанша өмірім қалғанын білмеймін? Анау мұғаліммен жолығып, мені аз да болса, сүйді ме екен, маған деген сезімі болды ма екен? Жоқ, әлде… – ол тамағына әлдене тұрып қалғандай, жұтынып, кеудесін ұстады, – соның анығын білейін деп едім. Екеуміз соны іздеп, барып келеміз бе? – деді.
Майгүл үнсіз отырып қалды. Жайна айтқан жоғары оқу орнында таныстары көп болатын. Себебі күйеуі сол институт­ты бітірген.
Жайна басында осы сөзді айтқанда, лап ете түсіп, «Барсақ, барып келейік!» деген. Айтарын айтса да, сол түні Жайнаның қат­ты ауырып қалғанына қарап, ойланды. «Жарайды, біз іздеп барайық, оны табайық. Ауырғалы бір ат ізін салмаған еркек… Бар ма сезім онда, жоқ па… Егер ол ауыр бір сөз айтып тастаса, сол жерден Жайна тірі шықпайды ғой!» – деген ой келді.
Жайна жаутаңдап қарай береді. Майгүл оның беті бері қараған соң:
– Екеуміз ақылдасайықшы, – деді. – Балаларыңды уайымдай берме! Екеуі де жоғары білімді. Үлкені жұмыс істеп жүр екен. Бастарында үйлері бар, пәтер жалдап жүрген жоқ. Қызбен жүріп жүр дейсің. Үй болып кетеді. Кішісі де жерде қалмайтын шығар. Астанадағы әкпең де оларды қараусыз қалдырмас. Қазақпыз ғой… Мені қинап тұрғаны – анау сен айтқан мұғалімді іздеп барғанымыз дұрыс па, жоқ па, соны білмей отырмын? Ол шын сүйсе, шын сезімі болса, сені жолдасының көзінше шешіндіріп, тәніңді бөтен адамға көрсетпес еді. Шын сүйген адам сүйіктісінің ай жүзіне біреу сұқтана қараса да, қызғанар еді. Оныкі – нағыз айуандық, нағыз зинақорлық. «Мың бір түнді» көп оқыған бір әңгүдік болуы керек. Сонша жыл бірге ойнап-күлгендеріңде, не өзі туралы, не отбасы, не ішкі сезімі туралы ештеңе айтпағанын қалай түсінеміз?! Ауырып қалғаның туралы балаңнан хат жазып, беріп жіберіпсің. Неге бір рет іздеп келмейді? Өзің ойланшы! Ол сенің екі балаңды оқуға түсіріп беріп, өзіне керегін сенен алды. Қазіргі тілмен айтсақ, бартер жасаған. Нағыз саудагер ол. Саудагердің ішіндегі нағыз – сутенері… Сутенерлардың ішіндегі нағыз – зинақоры ол! Сондықтан ол жаққа барғаныңды қоштамай отырмын! Алтын басыңды қор қылып, оны іздеп, бармайақ қой… Бір жағы қазіргі денсаулығың да жаныңды жаралайтын ауыртпалықты көтере алмайды. Алып жатқан еміміз де өте күрделі. Күнде-күнде таңертең қанымызды бекер тексермейді ғой… Күнде радиация деген аждаһаның аузына өзіміз барып түсіп жатырмыз. Тау қопарғандай болып, шаршап шығамыз, бекер емес қой…
Соған алаңдап, ешкімге мойын бұрмағаныңа ішім ашиды. Сендей сұлу әйелге адам жолығатын еді. Ана еркекті күткенсің ғой, – деді күйініп. – Босқа күтіп жүргенше, бұрынырақ барып, ашық сөйлеспедің бе? Ойыншыққа айналдырып жүрсе, быт-шытын шығармадың ба? Сонда ойыны осылатын еді… Жолыққанда-ақ, «ары қарата менің тағдырым не болады?» деп, сұрауың керек еді…
Жайна, ол сені сүймейді. Қазір сондай зинақор еркектер көбейіп кет­ті. Сенің басыңды қатырған соның біреуі, – деді.
Жайна көзі жасаурап отырып қалды.
* * *
Қырық грей сәуле алған соң, жағдайы жақсарып, жөтелі де басылып, Майгүл ауруханадан шықты. Балаларына айтып, палаталастарының әрқайсысына арнап сыйлық алған. Соларын таратып, әрқайсысының бетінен сүйіп, құшақтап:
– Бәріңді жақсы көремін! Бірақ адресімді де, телефон нөмірімді де ешқайсыңа бермеймін. Қатерлі ісік ауруымен ауыратын адамдар енді мен үшін жоқ! Сендермен сөйлессем, тек ауру туралы айтатынымды білемін. Сондықтан ешкіммен хабарласпаймын! Ренжімеңіздер! Алла Тағалам сіздерге жар болсын! Аман болыңдар! Көретін жарық күндерің көп болсын! Жазылып кетіңдер! – деді де көзінің жасын бір сығып алып, қолын бір бұлғап, палатадан шыға жөнелді…
* * *
Бір айдан кейін Майгүл химия алуға ауруханаға барғанда, Жайнаның қайтыс болғанын естіді. Қат­ты қиналыпты. Көзі жұмылғанша ауруханада жатыпты. Емдеп жүрген дәрігері Борис Николаевич жерлеуіне қатысып, балаларына көп көмек көрсетіпті.

Жанар Әбдішова

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір