«РЕВИЗОР»: ЖЕМҚОРЛЫҚ ПЕН ЖАҒЫМПАЗДЫҚҚА ҚАРСЫ МӘДЕНИ МАЙДАН

Шолпан РАҚЫМҚЫЗЫ
Қазақ сахнасы уақыт талабына лайықталып заманауи сипатта дамып жатыр. Белгілі режиссер Фархад Молдағалидың Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында сахналаған «Ревизоры» соның бір дәлелі. Өзіндік қолтаңба мен тың ізденістер — ғасырларды жалғап келе жатқан Гоголь классикасын жаңаша түрлентіпті. Жемқорлық пен жағымпаздық адамдардың өмір салтына қалыпты құбылыстай кірігіп кеткен кезеңде оны әжуалап, айыптау, таңсық тақырып қалмаған тұста көпшіліктің әділет, адалдық секілді адами қасиеттерін қозғап, парақорлықтан, ластықтан, пасықтықтан жирендіру қаншалықты ауыр екенін қазір бәріміз білеміз. Осы жүкті Фархад өнер тілінде көркем, жеңіл, уытты беріпті. Әсерлене шығып, әр кейіпкердің образын, оқиғасын жарыса талдап жатқан жастарға қарап спектакльдің дәл осы балалар мен жасөспірімдер театрында қойылуы да заңдылықтай көрінді.
Әйгілі Мұхтар Әуезов аударып, қазақ сахнасында 1936 жылы Қалибек Қуанышбаев, Камал Қармысов, Мәлике Шаманова, Шәкен Айманов, Елубай Өмірзақов секілді өнер корифейлері жарқыратқан «Ревизорды» бүгін Ерлан Кәрібаев (Антон Антонович Сквозник-Дмухановский), Райхан Қалиолдина (Анна Андреевна), Шырын Мұқанова (Мария Антоновна), Нариман Егімбеков (Иван Александрович Хлестаков), Қадырғазы Қуандықов (Аммос Фёдорович Ляпкин-Тяпкин), Сафуан Рысбайұлы (Артемий Филиппович Земляника), Аида Жантілеуова (Почтмейстер) секілді т.б талантты әртістер кәсіби тұрғыда шебер алып шықты.

Н.Гоголь шығармалары әлем сахналарын аралады, әлі де сол сахналарда салтанат құрып жүр. Демек, өлмес-өшпес, батпас-жанбас аярлық пен жемірлік барда «Ревизор» — мәңгілік. Адамзатты бұндай тұрпайылықтан сақтандыратын бір тетік — сахна. Әсерлі күшейткіштей көрінгенімен сыншыл реализмді, әлеуметтің ішкі тартысын эстетикалық өнер тілімен жеткізу көрерменнің жандүниесін қозғайды, әркімді өз ақиқатына үңілдіреді. Бұл күйдің актердің рухани сүзгісінде қайнап, оның болмысымен кірігіп барып, сыртқа лықситынын ескерсек, оның өз бейнесіне сай мінез тапқанын, кейіпкерінің пендеуи осалдықтарын дәл жеткізгенін көреміз. «Көзііі қандай екен, көзііі?» — деп сайқалдана қылымситын «дуанбасының әйелі» Райхан Қалиолдина, өз қызын аңдып, алаяқпен жарасқанына: «Сүйісіп жатыр», — деп жүрегі жарылардай қуанатын «дуанбасы» Ерлан Кәрібаев, оқиғаны шиеленістіріп: «Мен сендерге көп ақша келе жатыр дедім бе, дедііім», — деп қуды қуға, сұмды сұмға қағыстыратын «алаяқ» Нариман Егімбеков, көзілдірігін көтеріп қойып: «Хәт!» — деп залды күлкіге қарық қылатын «почтмейстер» Аида Жантілеуова сахнада, шын мәнінде, жұлдыздай жарқырады.
Дуанбасының үйінде қызметшілердің қарбаласынан, көпес шонжарлар мен тотай ханшайымдардың сауығынан басталатын салтанат пен жалшы-құлдардың жаңылыс болжамынан кейінгі парақорлардың жанталасына, дәрменсіз күйкі қарекетіне сіз оңай кірігесіз. Өйткені әр кейіпкердегі ұқсас мешеуліктер бүгінгі көрерменге жақсы таныс. Қазақ қоғамы да қазір осындай баянсыз дүние мен жылпос, жағымпаздықты жалау еткен адамдармен бітеқайнаса өмір сүріп жүр. Ендеше, гуманизм мен аярлық шайқасы — өнер тілінде де түгесілмейтін шекарасыз майдан.

Әйгілі Қалибек Қуанышбаевтың дуанбасы образын шығарар сәтте: «Мынау сұрқия Дуанбасының менің жанымды жаралап, адамдықтан азғыратын жайы бар. Неткен сұмпайы! Тіпті, төбе құйқаң шымырлайды. Жек көремін азғын немені! Қай қырын табасың оның? Әр сөзі — тотияйын, адамды шағады. Кекетіп тұрып күледі, күліп тұрып кекетеді. Жоқ, жолдастар, мен ойнай алмаймын. Қолымнан келмейді. Сенімдеріңе рахмет, басқаларға бердім», — деп биік мұраттар алдында торығуы күллі актер атаулыға образ шығару мен өз табиғатына қайшы мінезді сіңіріп, залдағы мыңдар алдына қайталанбас жауапкершілікпен қайта алып шығу міндетінің ауырлығын сезіндірсе, Мұхтар Әуезовтің: «Біле-білсең, Қалибек, бұл сенің рөлің. Сенің пішініңе лайық. Сенен басқа адам алып шыға алмайды. Сен қатыгез дуанбасының жексұрын мінезін бойыңа тоғытқың келмейді. Сонда сен соған ұқсап қаласың ба? Актердің шеберлігінің өзі сонда: жек көре, табалай отырып, ойнау керек. Сен түсінгенсің, жақсы, жатық, жүрегіңе жақын түсінгенсің. Соған бөгет болып тұрған — жан-жүйеңді сол образдың қылығынан түңіліп, алып қашуыңда. Әсеріңде. Соны жеңе алмай торығып жүрсің. Жағымсыз рөлде ойнау — жағымсыздық емес. Соның барлық зымияндығын, қоғамның іріп-шіріген қоңсы иісін көрсете отырып, жамандықтан, әділетсіздіктен, өктемдіктен жеріндіресің. Өзің сияқты әсер алған адам қайтып ондай жексұрындыққа бармайды. Бойына біте қалса, сылып тастайды. Қалдық мінез жойылған жоқ. Бұл — өнердің күресі. Кешегі патшаның зымияндық саясатын әшкерелеу. Шын халықтың мұқтажын жоқтасаң, Дуанбасын ойнайсың, шығарасың!» (Т.Жұртбай. «Ревизор қалай қойылды?» «Жұлдыз» журналы, №7, 1984 жыл) — деп қайрауы сөз құдіретін, өнер киесін түсінетін көрерменге шығармашылық топтың өнер қазанында қалай қайнайтынын ұғындырады. Фархад Молдағалидың «Ревизоры» бұл үдде тұрғысынан алғанда өз көрерменінің жүрегіне жол тауыпты.

Саундраманың драматургияны, музыканы, актерлық қимыл-қозғалысты бір ансамльге тоғыстырып залды ситуациямен бірге жетелеп отыруында композитордың (Серікжан Айтқали), сценографтың (Айнұр Есболатова), хореографтың (Салтанат Беймишева), хормейстердің (Ғалымжан Берекешев), режиссер ассистенті (Айнұржан Орынбасарова) секілді өзге де шығармашылық топ өкілдерінің ерекше қолтаңбасы байқалады. Саундрамадағы жанды музыка (Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының музыкант-студенттерінің ансамблі) арасында аудиторияны сергітіп, сілкіп, желпіндіреді.
Әуеннің бірде шарықтап, бірде құлдилайтын сәті… «Мені елдік шаруалар күтіп тұр. Әлемдегі, жер-жердегі табиғат апаттары, су тасқыны, зілзала… Ол жақта адамдар аш-жалаңаш, азапта отырғанда менің мұнда той тойлап жүргенім жарамайды, дереу кетуім керек!» Кешегі әккі Хлестаковтан осылайша бәріміздің көз алдымызда бүгінгінің қу, жемқор қайраткерлері, айлакер коуч-блогерлері «балалай» береді. «Біз біргеміз!» жәшіктерін көтеріп ап ары-бері сапырылысқан массовка мен жиналған жылуды тиеп ап, «тескен таудан» ары асатын тікұшақ көз алдымызға Перизат Қайрат оқиғасын көлбеңдетеді. Синтезді тапқыр тәсілдер алданғанын сезіп, сан соққан сәттегі дуанбасының пұшайман хәлін аудиторияның жемқор ортадан шаршаған жеккөрінішімен әдемі астастырып жібереді. Қоғамның дамуын кешеуілдететін мұндай кесел, барлық дерт кез келген форматта шынайы өмірде болсын, өнер тілінде болсын әшкереленіп, айыпталуы тиіс. Ал «жаманнан жирендіру» — өнер тілінде өтімді.
Әйгілі Ю.Хараридің «Home Deus: Болашақтың қысқаша тарихында»: «Гуманизм бізге біреуді жаман сезінуге себеп болған нәрсе ғана жаман деп үйреткен. Адам өлтіру — жаман іс, тек бір заманда Құдай «өлтірме» деп әмір еткендіктен емес, өлген адам, оның туыстары, достары және таныстары азап шегетіндіктен жаман. Ұрлық жасау — жаман іс, бірақ көне мәтінде «ұрлама» деп жазылғандықтан емес, мүлкінен айырылған адам жайсыз сезімде болғандықтан», — дейді. Харари тұжырымы бұл тыйымның түбінде оның өзімшіл, ойсыз әрекетінің өзіндей бір өзге міскінді қаріп күйге түсіретіні жатқанын айтады. Жаңа спектакль көрерменіне осы күйді жаңа қолтаңбамен, ерекше суреткерлікпен, көркем жеткізеді.
Залдың көңіл күйі мен қошеметі премьераның сәтті шыққанынан хабар беріп тұрды. «Жарайсың, Фархад!», «Жарайсың, қазақ театры!».