АПЛАТОННЫҢ АЛҒАДАЙ ОЙЛАРЫ
Бізге даналықтың, өнегенің қайнар көзін, түп тамырын тек өз бабаларымыздан, даналарымыздан іздеу, үйрену аздық етеді. Бір қарағанда, бізге бір Абайдың мұрасы жетіп жатыр. Абайда талай ұрпаққа азық болар үлгілер де, нұсқаулар да, тәлімдер де баршылық. Бізге, қазақтарға ең жақын ұстаз, сөз жоқ, – Абай.
Философия «көктен жерге» түсті
Бірақ Абай тақыр жерде пайда болған жоқ. Оның да сабақ алған ұстаздары, тәрбиешілері көп болды. Алдымен, ата-анасы, қазақ билері, шешендері, қазақтың ауыз әдебиеті, дәстүрі, діні. Әрине, Абай да, Ыбырай да, Шоқан да орыс мәдениетінен, әдебиетінен өздеріне керегін тани білді, ала білді. Абай мұнымен де шектелген жоқ. Өзі атап көрсеткендей, «Фзули, Шәмси, Сәйхали, Науаи, Сағди, Фирдауси, Хожа Хафиз» сияқты шығыс ақындарын оқыды, білді, ұстаз тұтты. Абайға ежелгі грек философиясы, қалаберді, Батыс Еуропа ойшылдары ықпал етті. Мен Сократты ерекше атап өтер едім. Маркс айтады: «Нағыз философия Сократтан басталады» деп. Әңгіме, әрине, даналық философиясы жөнінде болып тұр. Сократ философияны даналық туралы ілім, даналық өнері деп білді. Сөйтіп философияны ол «көктен жерге түсіріп» (Цицерон), табиғатқа, космосқа емес, адамға қарай бұрды.
Абай Сократтың миссиясын қабылдады. Ол да Сократ сияқты елдегі, адам бойындағы кемшіліктерді, олқы жақтарды, надандықты батыл сынады. Абай Сократпен бірге оның шәкірті Платонды да: «Аплатон, Сократ ақылды» деп еске алады.
Сократ пен Абайды табыстырған буын адамды адам ететін даналық, даналыққа алып баратын ақыл, білім, түсінік, ізгілік, қанағат, ар-ұят болды. Олардың ілімдерінде әңгіме бастан аяқ осы ұғымдар, құндылықтар төңірегінде болады.
Сократты шәкірттері базарға алып барып: «Қалаған нәрсеңізді айтыңыз, алып берейік», – дейді. Сонда Сократ: «Бұларсыз да өмір сүретін заттар қандай көп», – деп, бәрінен бас тартады. Сократ қанағат (софросине) дегенді осылай түсінеді. Ар-ұятты Сократ «даймон» деген ұғыммен білдіреді: құдырет, күш деген мағынада.
Сократпен қазақ оқырмандары Абай арқылы жақсы таныс деп ойлаймын. Осы кезге дейін еленбей, Сократтың және Аристотельдің тасасында қалып келе жатқан сұңғыла терең ойшыл-философ – Платон.
Неміс философиясының негізін қалаған, философияда, өзі айтқандай, «Коперниктік төңкеріс жасаған» Иммануил Кант та бір кезде Гегельдің тасасында қалып қойып еді.
Көбіміз Кеңес заманынан келе жатқан материализм мен идеализмнің қарама-қарсылығы туралы қасаң қағидадан әлі арыла алмай келеміз. Идеалист деп Платонды кім сынамады? Ал кейбір құбылыстарды, айталық, идеяны, рухты, діни көзқарасты идеалистік тұрғыдан ғана жете түсінуге болады. Рухани дүниелерді түсінуге материализмнен гөрі идеализм жақын деп нағыз материалист Лениннің де айтқаны бар. Гегельдің ілімін ол «ақылды идеализм» деп сипаттап еді.
Кеңестік кезеңде біз маркстік-лениндік материалистік философияға қайшы келген көптеген ілімдерді қалай болса солай сынаумен болдық. Олардың оңды, өміршең жақтарына назар аудармадық. Енді біз осы сыңаржақтылықты ескеріп, Платонға, Августинге, Паскальға, Кантқа, Гегельге, Шопенгауэрге, Ницшеге, Бердяевқа басқаша қарап, олардың тағылымдық, тәлімгерлік ойларын, идеяларын оқушы жастарға, оқырмандарға жеткізуге тырысып жүрміз.
Мен осы мақалада Платоннан қандай сабақ алуға болатынын сөз етпекпін.
Платон ескірген жоқ
Платонның философия тарихындағы рөлі, орны туралы белгілі ағылшын философы А.Уайтхед былай дейді: «Еуропалық философиялық дәстүрдің шындыққа жақын сипаттамасы – оның Платон іліміне ескертпелер (примечания) болып табылатыны». Тағы бір жерде ол: «Платон қарастырған кез келген мәселенің бүгін де маңызы зор» деп жазады.
Гегельдің пікірінше, Аристотельді ғана емес, оның ұстазы Платонды да адамзат ұстаздарының қатарына қосуға болады. Гегель Платонды рухани мәдениетке және оның даму барысына зор ықпал еткен тарихи тұлғалардың бірі деп есептейді.
Платон – антика философиясының өкілі. «Антика» деген сөздің тура мағынасы – ескі, көне. Бірақ Платон ескірген жоқ. Оның ілімі бүгін де жаңа, бүгін де өзекті. Бүгінгі қоғамдық сана оның деңгейіне әлі жете алмай келеді.
Айта кету керек, Платон өз ойларын тап біз баяндап берердей, анық, түсінікті етіп қалдырған жоқ. Платонды оқып түсіну – қиынның қиыны. Оның ойынша, философия кез келген кісінің кәсібі емес.
Сократ философияны нақты, тірі әңгіме, пікір алмасу өнері (технэ майевика) деп түсінді. Ол философияға лайықты тәсіл ретінде сұхбатты, диалогты енгізді.
Платонның ойынша, философиямен айналысу көп әзірлікті қажет етеді. Аристотель Платон мектебіне бару үшін, үш жыл дайындалған екен. Философия, дейді Платон, – жай әңгіме емес, теориялық ойлау, заттың түпкі мәніне бойлау.
Сонда нені аңғаруға болады? Заттың қызметін, не үшін жасалғанын, яғни оның идеясын тануға болады.
Платон – Сократтың шәкірті. Ол ұстазын өмірбойы сыйлап, құрметтеп өтті. Шығармаларын Сократтың үлгісімен диалог түрінде жазды. Бірақ ол ұстазының жолымен жүрмей, өз жолын тапты, өз ілімін, мектебін құрды.
Ежелгі грек философтары бірінен- бірі үйренді, бірін-бірі жалғастырды. Бірақ бірін бірі қайталаған жоқ, бірін- бірі толықтырып, жаңа жол, жаңа бағыт іздеумен болды.
Софистер сөздің қадірі туралы пайымдады
Сократ софистерден үйренді. Бірақ басқа жолға түсті, өз ілімін құрды, софистерді – ұстаздарын сынады. Платон Сократтан шықты, бірақ жоғарыда айтылғандай, өз жолымен кетті. Аристотель – Платонның үміт артқан шәкірттерінің бірі, оны «өз мектебімнің ақыл-ойы» деп атады. Аристотель бірақ ұстазының идея туралы ілімін қабылдамады, сынады. Платонның айтқаны бар: «Аристотель енесін тебетін құлын сияқты маған тиісе береді» деп. Аристотель кейін бұған былай деп жауап береді: «Amicus Plato, sed magic amica est veritas», яғни «Платон менің ұстазым, бірақ ақиқат бәрінен қымбат» деп. Бұл, әрине, ғалымдарға тән ұстаным. Аристотель философияны ғылым жолына салды, ғылымдардың негізі деп білді. Ғылым оны ақыры материализмге алып барды.
Софистер сөздің қадірі туралы пайымдады. Сөз өнерін, шешендік өнерді – риториканы дамытты. Сократ адамдармен әңгімелескенде ұғымдарды талдай бастады. Жылқы дегеннің не екенін бәрі біледі. Ал «жалпы жылқы» деген не? (что такое «лошадь вообще?»). Нақты адам бар. «Жалпы адам» деген не? Міне, сұлу әйел кетіп бара жатыр. Ал «жалпы сұлулық» деген не? (что такое «красота вообще?»). Қарапайым заттар туралы әңгімені Сократ, сөйтіп, философиялық пайымдауға айналдырып, зат туралы ғана емес, сол зат туралы ұғымдарды талдай бастайды.
Платон Сократтың іліміндегі «айдиа» (үлгі) деген ұғымды өз іліміне арқау етіп алады.
Софистер сөз туралы пайымдады. Сократ ұғымдарды қарастырды. Платон да сөздің, ұғымның мәнін аша отырып, мұнымен де шектелмей, идея туралы күрделі мәселе қойды.
Сөз. Ұғым. Идея. Бұдан біз ежелгі грек философиясының өне бойы ізденісте болғанын аңғарамыз.
Платон Сократтың «айдиа» деген ұғымын «эйдос», «идея» деген мағынада қолдана бастайды.
Идея дегеніміз нақты, бар нәрсе емес, бар нәрселердің негізінде пайда болатын, болуы мүмкін, болуға тиісті жаңа нәрселердің үлгісі, жобасы.
Адам баласы әдетте бар нәрселерді місе тұтпай, олардан да жақсы нәрселерді жасағысы келеді. Идея сол адам қалаған жақсы нәрселердің үлгісі, формасы болып табылады.
Идеяға көңіл бөлген адам болашақ құбылыспен шектеліп қалмайды. Сол мезетте ол ішке оралады, өзіне-өзі үңіледі, өзіне-өзі есеп береді: «Мен кіммін?», «Қалай өмір сүріп жүрмін?», «Адам деген атымды ақтап жүрмін бе?» деп. Абай айтады ғой: «Күніне бір немесе аптасына бір, ең болмаса айына бір өзіңе-өзің есеп бер: «қалай өмір сүріп жүрсің деп».
Біздің тілімізде көптеген грек сөздері, ұғымдары кездеседі: «монолог», «диалог», «плюрализм», «демократия», «критика», «практика», «прагматизм», «проблема», «теория», т.б. Бірақ біз «айдиа», «эйдос» деген терең мәнді ұғымдарды қолданбаймыз. Есесіне, гректердің өздері ұнатпайтын «идиот» деген сөзді ақымақ, нақұрыс деген мағынада оңды-солды қолданамыз. Сонда бізде мұндай адамдар көп болып тұрғаны ма?
Гректер де, Платон да «эрос» деген киелі ұғымды қолданады, сонымен сүйіспеншілік, махаббат деген мағынаны білдіреді. Оларда Эрот деген махаббат құдайы бар. Әдебиетте «платондық махаббат» деген сөз тіркесі бар: кісіні, мысалы, қызды, жігітті, әйелді сырттай ұнату. Ол адам сенің оны сырттай жақсы көретініңді білмеуі де мүмкін. Мұның қажеті де жоқ. Сен үшін сондай әдемі, жақсы адамның болғаны, онымен бір заманда бірге өмір сүріп жүргеніңнің өзі жетеді.
Біз «эрос» деген ұғымның орнына «эротика» деген грек сөзін қолданғанды жақсы көреміз. Эротика ер адам мен әйелдің арасындағы жыныстық қатынасты білдіреді.
Мұнымен мен не айтқым келеді? Платонның түсінігі терең, әрі кең екен. Ал бүгінгі адамдардың түсінігі тайыз, әрі тар дегім келеді.
Орыстың ұлы жазушысы Ф.Достоевскийдің «Идиот» деген романы бар. Ол бұл ұғымды «айдиа», «эйдос» деген түп нұсқадағы мағынасында қолданады. Романның басты кейіпкері – князь Лев Николаевич Мышкин оң мен солды айыра алмайтын ақымақ адам емес, әркімге де болса екен деп тілейтін, жамандыққа жақсылықпен жауап беретін, басқаларға ұқсамайтын, қулық-сұмдық, амал-айла дегендерді білмейтін таза, адал, ақкөңіл адам. Оның осы оқшау мінезін түсінбеген замандастары оны идиот деп атап кетеді.
Платон ұғымдармен де шектеліп қалмайды. Ұғым арқылы заттың мәнін, идеясын, ашуға тырысады. Сонда кез келген зат белгілі бір идеяның жүзеге асқан түрі болып шығады.
Қарапайым адам ұғымды, идеяны заттың адам санасындағы бейнесі деп біледі, идеяны затпен салыстырады, затпен өлшейді. Философиядағы материалистік бағыт та (Аристотель, Энгельс, Ленин) идеяны осылай түсінеді, идеяны ұғыммен шатастырады, екеуінің арасындағы түбірлі айырмашылықты ескермейді.
Материалистік тұрғыдан идеяның және идеядан туындайтын рухтың жасампаз рөлін танып түсіну қиын. Материалистер идеяны да, рухты да қалыптасқан жағдаймен өлшейді. Шын мәнісінде идея да, рух та қалыптасқан жағдайды өзгертуге, жаңартуға бағытталған.
«Су қайнайды, судың идеясы қайнамайды»
Платонның ілімі терең әрі күрделі. «Су қайнайды және қатады» дейді Платон. Ал судың идеясы қайнамайды және қатпайды. Өйткені идея зат емес. Сондықтан оны затқа теңеудің қажеті жоқ. Керісінше, затты оның идеясымен салыстыру, өлшеу керек дейді. Сонда идея заттың қандай екенін, қандай болуы керек екенін көрсетеді.
Ежелгі грек философы Протагордың пікірінше, адам – барлық заттың өлшемі. Керемет ой. Кез келген зат адам ақыл-ойының, іс-әрекетінің жемісі.
Платонның түсінігінде идея – барлық заттың өлшемі. Ол мәселені төтесінен қояды: зат өзінің идеясына сай ма, жоқ па?
Адам адам деген атқа лайық па? Ұстаз ұстаз деген атқа, шәкірт шәкірт деген атқа лайық па?
Идея заттың қандай екенін, қандай болып шыққанын ғана емес, қандай болуы керек екенін көрсетеді. Осы мағынада Платон бар нәрсе (сущее) және болажақ нәрсе (должное) туралы пайымдайды. Бар нәрсені ғылым қарастырады. Болажақ нәрсе, идеясына лайық нәрсе философияны қызықтырады. Адам қандай болуы керек? Ұстаз қандай болуы керек? Идеалдық мемлекет қандай болуы керек? Платон сондай мемлекет туралы ілім құрды. Маркс суреттеген коммунистік қоғам да оған сай болып келмейді.
Зат жоғалады, идея сақталады
Қазір біз елімізді өзгертіп, жаңартып, дамыған елдердің қатарына қосқымыз келеді. Бұл үшін біз қандай идеяны, үлгіні бетке ұстауымыз керек? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сондай идеяны ұсынды: әділеттілік. Бізде болмағаны, бізге керегі осы еді. Әділеттік идеясы теңдік, ашықтық, демократия, гуманизм, бәсекелестік сияқты өзекті құндылықтардың бәрін қамтиды. Кім жақсы болғысы келмейді.
Платон өзінің таңдамалы, аса құнды «Мемлекет» деген шығармасында әділеттілік идеясын жан-жақты қарастырады. Әділеттілік адамды да, қоғамды да игілікке жеткізетін бұлжытпай орындалуға тиісті заңдылық. Атақты неміс философы Канттың сөзімен айтар болсақ, категориялық императив.
Адам затты тану арқылы, оның үлгісі, жобасы идеяны таниды. Зат – идеяның жүзеге асқан түрі. Адам өзі таныған идеяға сүйеніп, жаңа заттарды, бұрынғыдан да жақсы, сапалы заттарды жасай алады. Адам идеясына сүйеніп, жаңа адамды, заман талабына сай адамды тәрбиелеуге болады.
Платон идеяның жасампаз қасиетін, белсенділігін тілге тиек етеді. Идея адам басындағы идея, идеал, арман болып қалмайды, ерте ме, кеш пе, жүзеге асады, нақты затқа, құбылысқа айналады.
Идея адамды әртүрлі әрекеттерге бастайды. Сөйтіп, жаңа нәрсенің пайда болуына себеп болады. Платон идеяны алғашқы, заттарды одан кейінгі, оның жемісі деп танығанда осыны ескеріп тұрса керек.
Бір кезде Гераклит космос идеясын ұсынды. ХХ ғасырда бұл идея жүзеге асты, адам космосты игерді, космонавтика деген ғылым саласы пайда болды. Демокрит атом идеясын ұсынды. Адам атом энергиясын ашты, пайдаланып жатыр. Маркс социализм идеясын ұсынды. Біз, кешегі кеңес адамдары 70 жылдай социалистік қоғамда өмір сүрдік. Оның шапағатын да, кесапатын да көрдік.
Материалистер – Аристотельден бастап, Ленинге дейін Платонның идея мәңгібақи өмір сүреді деген тұжырымын сынаумен болды. Мәңгі-бақи өмір сүретін ештеңе жоқ деген ғылыми қағиданы алға тартты. Платон идеяны затқа телімейді, идеяға сай жасалған затпен салыстырады. Зат түбі жоқ болады, ал оның идеясы сақталады. Осы мағынада идея – мәңгілік. Платон жоқ, ал оның идеясы, ілімі адамзатпен бірге жасай береді. Абайдың ілімі де біз үшін мәңгібақи тірі.
Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымының
докторы, профессор