ДЕМОГРАФИЯМЫЗ «ДЕМШЫҒАР» СӘТТЕН ӨТТІ!..
05.04.2023
160
0

Мемлекеттің, әсіресе доминациялы, титулды ұлттың даму тенденциясында бәрінен бұрын демографияның маңызы зор. 1991 жылы тәуелсіздік қарсаңында еліміздегі жергілікті ұлттың үлес салмағы – 41 пайыз ғана болды. Саясаткерлер Қазақстанның Тәуелсіздік декларациясын он бес республиканың ішінде ең соңынан қабылдауын соған байланыстырады. Ол – ұлттық демографияның «демшығар» сәті еді.

Ал қазіргі жағдай қандай?
ҚР Статистика комитетінің 2023 жылғы ақпан айындағы мәліметтері бойынша, Қазақстан халқының жалпы саны – 19 млн 810 мыңға жетсе, қазақ ұлтының үлес салмағы – 70,6% болған. Соның ішінде 1) Түркістан облысы 2 418 000, оның 75,4%-ы қазақ. 2) Алматы облысы 1 500 700, оның 72%-ы қазақ. 3) Жамбыл облысы 1 220 500, оның 73%-ы қазақ. 4) Қарағанды облысы 1 130 300, оның 53%-ы қазақ 5) Ақтөбе облысы 730 800, оның 85%-ы қазақ. 6) Қостанай облысы 855 300, оның 45%-ы қазақ. 7) Қызылорда облысы 835 200, оның 96,8%-ы қазақ. 8) Маңғыстау облысы 805 500, оның 94%-ы қазақ. 9) Павлодар облысы 755 000, оның 56%-ы қазақ. 10) Ақмола облысы 730 200, оның 56%-ы қазақ. 11) Шығыс Қазақстан облысы 705 100, оның 60,2%-ы қазақ. 12) Атырау облысы 705 200, оның 94%-ы қазақ. 13) Батыс Қазақстан облысы 675 300, оның 81%-ы қазақ. 14) Жетісу облысы 660 100, оның 72%-ы қазақ. 15) Абай облысы 630 200, оның 73% қазақ. 16) Солтүстік Қазақстан облысы 535 100, оның 39%-ы қазақ. 17) Ұлытау облысы 223 900, оның 75% қазақ. 18) Алматы қаласы 2 200 700, оның 68%-ы қазақ. 19) Астана қаласы 1 360 000, оның 82%-ы қазақ. 20) Шымкент қаласы 1 200 000, оның 73% қазақ.
Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінгі демографиялық ахуал жақсы. Кейбір дереккөздері қазақтың 70,6 пайыздық көрсеткішіне де келіспейді. Елдегі қазақ ұлтының саны, әлбетте, одан да көп болуы мүмкін.
Әсіресе бұрынғы басқа ұлт өкілдері басым солтүстік өңір мен, Шығыс Қазақстан облысындағы ұлттық өсім қуантады. Елдегі саяси өзгерістер тағдырын қала шешеді деген қағида бар. Қалалық қазақтар санының өсімі де прогресс. Әсіресе бас қаладағы 82 пайыздық көрсеткіш жақсылықтың нышаны.
Сонымен, демографиямыздың «демшығар» сыни сәтінен өткеніміз байқалып тұр. Ата жұртты бетке алған сырттағы қазақ диаспорасының көші қарқын ала түссе және табиғи өсім осылай жақсара берсе, жуық арада 20 миллионның да ауылы алыс емес сияқты.

Өмірзақ МҰҚАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір