Жыр жинағының тұсаукесері өтті

Жуырда Алматының төрінде, Қазақстан Жазушылары кітапханасында дарынды ақын Сәулеш Шәтенованың «Үш қиян» баспасынан жарық көрген жаңа кітабы «Жазуымды тұрады ылғи Күн оқып» атты жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Сәулеш ақын өзінің жаңа жыр жинағынан таңдаулы лирикалық, танымдық-тарихи, адамның көңіл күйінің әр алуан сәтін терең тебіреніспен жеткізетін өлеңдерін көрермен алдында оқып берді… Жыр жинағының сәтті жарыққа шығып, кітапқа енген өлеңдердің барлығы таңдамалы туындылар екенін баса айтып, жақсы, жылы пікірлерін бір топ қазақ қаламгерлері өз сөздеріне арқау етті. Солардың қатарында: Қансейіт Әбдезұлы, Бауыржан Жақып, Нұрлан Қами, Жұмабай Құлиев, Бақытжан Абызов, Ахмет Өмірзақ, Нұргүл Маулина және «Үш қиян» баспасының директоры Махмұд Қосмамбетов, т.б. қаламгерлер болды.
Поэзия кешінің тізгінін ақын
Бауыржан Жақып ұстап, Сәулеш Шәтенованың шығармашылығы туралы терең баяндама жасады. Тағылымды, әсерлі кездесудің естелік әңгімелер бөлімін Сәулештің курстастары Мейрамбек Шілдебаев, Жанар Абызова, Құтмағамбет Қонысбаев, Нұржамал Байсақалова, Шолпан Битенова, Нұрмира Әлішерова, т.б.курстастары жалғастырды.
– Осынау курстастар менің туған қарындасым Жәмила Түлкиевамен бес жыл бірге оқыған сырлас, тағдырлас қыз-жігіттер болғандықтан мен жаңа жинақтан Жәмилаға арналған «Жәмила» атты Сәулештің өлеңін оқып бердім,– деді Қансейіт Әбдезұлы. Қазақтың талантты ақыны Сәулеш Шәтенованың жыр кеші ұзаққа созылды, қатысып отырған жырсүйер қауым жалыққан жоқ… Себебі сахнадан үздіксіз, шынайы қазақ жырлары сөйледі…
Өз тілшіміз