«Жаңа Қазақстан» һәм «Толық адам» тұжырымдамасы
05.07.2022
2064
0

Қазақстан дамуының жаңа кезеңін айқындайтын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Жаңа Қазақстан» жобасының іске асуы барлық қазақстандықтар үшін өте маңызды және жауапты мақсатқа айналуға тиіс.

Жақында өткен референдумның нәтижесі мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне қадам басуына негіз болмақ. Конституциялық реформа оң өзгерістерге құқықтық негіз болып, мемлекетіміздің басқару жүйесінің жетілдіруіне, халық биліктің қайнар көзі ретінде өз елінің дамуына тікелей ат салысуына мүмкіндіктер тудыруда. Жалпыұлттық жоба Ұлттық құрылтайдың құрылуының басты мақсаты – «Жаңа Қазақстанды» халықпен кеңесе отырып, іске асыру. Ортақ мақсатқа жету үшін елдің бірлігі қажет, адамдарды біріктіретін ортақ құндылықтар болуға тиіс. Кезінде «Біз Италияны құрдық, енді италияндықтарды жасауымыз қажет» деген бастама осы кезеңде «екінші Республика» құратын қазақстандықтар үшін өте маңызды. Өйткені елімізде адам санасы өзгермей, жаңа игі құндылықтарды игермей, жаңа қалыптағы мемлекет – «Жаңа Қазақстан» құру неғайбыл.
Алдағы кезеңде жаңа қазақстан­дық­тарды жасау, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру өте өзекті мәселеге айналмақ. Кез келген мемлекетті дамыту­шы күш қоғамда. Өйткені әр қоғамда әлеуметтік қатынастар жүйесін қолдайтын және өзін-өзі іштей ұдайы реттеу арқылы оның тұрақты дамуын қамтамасыз ететін жасампаз қабілет бар. Қоғамның жетілуі оның адамдар қауымдастығы ретінде әр мүшесінің бойындағы жоғары адами құндылықтарға байланысты. Яғни қоғамда қандай құндылықтар басым болса, мемлекет те солай дамымақ, оған қазіргі уақытта барлық қазақстандықтардың көзі жетіп отыр деп ойлаймын. Сол құндылықтарды тудыратын – адамдар, олардың дүниетанымы, ішкі болмысы.
Жан-жақты дамыған, жоғары адами қасиеттері мол, басқаларға үлгі болатын адамдарды кемел адам деп атаймыз. Кемел (әл-Кәмил) сөзі – араб тілінен аударғанда тұтас, толық, бүтін, жетілген мағынаны білдіреді. Адам жетілуінің негізгі бағыты рухани кемелдену болса, кемелдену адал еңбекпен, көркем мінезбен, ізгілікпен, парасаттылықпен, ізденіспен, біліммен, ғылыммен толығады. Кемелділікке жетудің мәні рухани жетілген немесе рухани толық адам деңгейіне көтерілуде. Рухани жетілген адам туралы әр заманда , адамзаттың даму сатысына сай белгілі ғұламалар әртүрлі атаумен анықтама, түсініктер беріп, адамзат өркениетінің дамуына зор ықпал жасаған. Осыған орай зор мақтанышпен атап өтетін жайт, олардың қатарында айрықша орын алатындар, адамзатқа әйгілі ғұламалар, қазақ жерінің тумалары – әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абай.
Ұлтымыздың қалыптасу кезеңдеріне (этногенезіне) көз жүгіртсек, оған ықпал жасайтын, себеп болатын барлық басты құрамдас бөліктерін байқауға болады. Олардың қатарында діннің, мигранттардың,(сырттан келушілердің) оның ішінде этнонимның (олардың жергілікті халыққа өзінің этникалық қасиеттерін енгізу, таңу) ұлт санасына, дүниетанымына әсерлері өте көп болғанын көреміз. Талас шайқасының нәтижесінде 751 жылы араб халифатының қытайларды жеңуі қазақ даласында жаңа бір түбегейлі өзгеріс әкелгені мәлім. Ислам діні, ислам мәдениеті жаңа өркениет тудырды. Сол замандағы ислам ағартушылық рөл атқарғаны белгілі. Соның арқасында орта ғасырларда ислам елдерінде білім мен ғылым өте қарқынды дамып, мұсылман елдері әлемде алдыңғы қатарға шықты. Оған негіз болған Құран аяттары мен хадистері еді. Мысалы, Құранның алғашқы аяттарының бірі «Оқы» немесе «Кімде-кім ғылымды және ғалымды сүйсе, ол жәннатта менің көршім болады» деген Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі халықтың білім мен ғылымға деген ынтазарлығын арттырды, оларды дамытты. Сол елдерден адамзат өркениетінің даму­ына ерекше үлес қосқан ұлы ғалымдар шыққаны белгілі. Олардың дені Орта Азия елдерінен болды.
Қазақ жерінің тумасы, адамзаттың екінші ұстазы атанған ұлы ойшыл, энциклопедист ғалым әбу Насыр әл-Фараби: «Жаратушыны тану, жаратылған дүниені тану арқылы болмақ» деген қағиданы ұстанып, ислам әлемінде білім мен ғылымның дамуына кеңінен жол ашты. Жаратылыстану ғылымының дамуына орасан үлес қосты. Әл-Фарабидің рухани құндылықтар мен мұраттарға негізделген саяси-әлеуметтік идеялары, ақыл-ой пікірлері «Жаңа Қазақстанда» мемлекетті әділ басқару және үйлесімді азаматтық қоғамды кемелдендірудің өркениетті парадигмасын қалыптастыруына негіз бола алады. Әлем мойындаған «Қайырымды қала тұрғындары» атты еңбегінде әл-Фараби жаратылыстын алғашқы себебін, оның бағынышты сатыларын, қайырымды қаланың басшылығын, оның қызмет сатыларын, бақытқа жетелейтін қайырымды істерді баяндап, қоғам, мемлекет дамуының жаңа үлгісін көрсетті. Әл-Фарабидің «Қайырымды қала» идеясының негізгі ұстанымы – әділдік. Тек әділдік ғана мемлекеттегі әртүрлілікті, әр бөлектікті біріктіретін басты күш болып саналады. Президенттің «Жаңа Қазақстан – Әділ Қазақстан» деп қысқа да нұсқа анықтама беруі ұлы ғұламамен толық үндестік табуда. Әл-Фараби осы еңбегінде мемлекеттің дамуында бірінші басшының алар орнын және де оған қойылатын басты талаптарды айқындап берді. Бірінші басшы, бұл бойына жаратылысынан дарыған он екі қасиетті сіңірген адам болмақ:
1) Оның ағзасы кемшіліксіз, сау болуы керек; 2) Айтылған бар нәрсені түсініп, қабылдау қабілетіне жаратылысынан ие болуы керек; 3) Есте сақтау қабілеті жоғары болуы қажет; 4) Көкірек көзі ояу, өте ақылды болуы тиіс; 5) Көркем сөйлеу қабілеті болуы қажет; 6) Үйренуді, ізденуді сүюі, қиындықтарға сабыр етуі керек; 7) Рухы биік және намысты болуға тиіс; 8) Ішіп жеу мен жыныстық ләззатқа ұмтылмайтын, оларды қаламайтын адам болуы керек; 9) Ең жоғары құндылықтарға ұмтылуы керек; 10) Дирхем, алтын, дүниелік нәрселерден бойын аулақ ұстауы қажет; 11) Әділетті және әділ адамдарды сүйіп, зұлымдықты жек көруі керек; 12) Шешімге берік болып, қорқыныш пен әлсіздік танытпай, батылдықпен оны жүзеге асыруы керек.
Осы аталған он екі қасиет елімізде қай деңгейде болсын әрбір бірінші басшының бойынан табылса, «Жаңа Қазақстан – Әділ Қазақстан» жасайтынымызға күмәніміз жоқ.
Әл-Фараби танымында адамда басты орын ақыл-ойға беріледі. Оның пайымдауынша, адам «ақылды хайуан», ал ақыл адамға берілген ерекше игілік. Ақыл ізгіліктерді басқарады, адамдардың іс-әрекеттерін саналы түрде қажетті және пайдалы нәрселерге, жасампаздыққа бағыттап отырады. Ұлы ойшыл: «Адамның ақылмен пайымдалатын нәрселерге қол жеткізуі – оның алғашқы кемелдікке жетуі деген сөз» деп ақыл кемелдіктің басты көрсеткіші екенін айқындап берді. Әл-Фараби ілімінен біз зайырлы, қайырымды қоғам құру үшін адамзат баласының бойында қандай қасиеттер болуы керек, адамдар арасындағы қарым қатынастар нормасы қалай болуға тиіс, әрбір жанның бақытты болуы үшін не істемек қажет деген аса маңызды сұрақтарға жауап таба аламыз.
Ислам әлемінде әл-Фараби заманынан екі ғасырдай уақыт өте мұсылман елдерінің мәдениетінде, дінінде ғылыми бағыттан гөрі сопылық, дәруіштік, шырақшылық әдеттер үстемдік ала бастады. Жаңа бағыттын сопылық жолдың негізін қалаған әл-Ғазали: «Адам ақылы жетпейтін Жаратушы бір басқа, оның жаратқан дүниесі бір басқа» – деген ұстанымда ғылым мен білімді тек діни жолдан қарастыру керектігін алға ұсынған. Сопылық дүниетаным жүрекпен қабылдаған, дүниені ақыл-ойға сыйдыру мүмкін емес деп, жүрек сезіміне бой алдырған. Жүрек – сопылық ілімде адамды Жаратушымен байланыстыратын бірден-бір құрал. Жүрек сезімімен Алланы сүю, адамға қойылатын басты талап. Сол заманда сопылық ислам елдерінде кеңінен тарап, әл-Фарабиді дін бұзушылар қатарына қосқаны мәлім. Көп уақыт әл- Фарабидің еңбектері, оның аты көлеңкеде қалып қоюын осымен байланыстырады. Сопылық кемелдіктің мұраты – шариғат, тариқат, хақиқаттан өтіп, Алламен жүздесу. Тірлікте Аллаға бой ұсынып, игі істерді молынан жасап, өмірдің қиындықтарын жеңген адам кемел болмақ.
Түркі әлемінде сопылық мектептің негізін қалаушы қазақ жерінің тумасы Қожа Ахмет Ясауи болып саналады. Кемел адам ілімінің түркі дүниесінде таралуы Ясауи әулиенің есімімен тығыз байланысты. Ахмет Ясауидің ислам дінінің, оның сопылық бағытын дамыта отырып, араб дәстүршілігінен, мәдениетінен бас тартып, түркі халықтарының дүниетанымына лайықтап жасаған жолды «Мұхаммедтің діні, Ахметтің жолы» деп атайды. Ясауи адамның кемелденуін, яғни толық адамды осы өмірде Жаратушымен қауышқан тұлға деп қарастырады. Ясауи жолының басты ұстанымы исламның бес парызын кеңейтіп, он қағидаға негізделген. 1) Алланың бірегейлігі және Мұхаммед оның елшісі; 2) Намаз; 3) Ораза; 4) Қажылық; 5) Зекет; 6) Жылы сөзді, қарапайым болу; 7) Дінді Пайғамбар жолына сай ұстау; 8) Жақсылықты жаю; 9) Жамандықты тию; 10) Ғылым, білім табу.
Ясауи сопылық жолда адами қасиеттерді дамыта отырып, ғылым мен білімді игеруге шақырды. Өкінішке қарай, сол заманда исламда дінді арқау еткен теріс бағыттар, жағымсыз қасиеттер, іс-әрекеттер қаптай бастады, білім мен ғылым бағаланбады. Соның салдарынан мұсылман елдерінде тоқырау, құлдырау кеңінен етек алды. Осындай үрдістің нәтижесінде жиырмасыншы ғасырдың басында бір ғана мұсылман елі тәуелсіздігін сақтап қала алды. Басқа бағыттағы елдер, керісінше, білім мен ғылымды игеріп, дамудың жаңа кезеңіне көтерілді, қуатын күшейтті, әлсіз мемлекеттерді бодан етті.
Қазақ елі де бодандыққа ұшырады, үш ғасырдан астам басқа мемлекетке тәуелді болды. Қазақ сахарасындағы сол кездегі жағдайды «Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп…» – деп Алаш қайраткері М. Дулатов дәл жеткізген еді. Сол заманда өмір сүрген Абай: «Сопылық қылып дін бағу? Жоқ, ол да болмайды, оған тыныштық керек, не көңілде, не көрген күніңде бір тыныштық жоқ, осы жерде, осы елде не қылған сопылық?» – деп өз заманын, халқын түзеуге өзіне міндет артады. Осындай игі істерді орындау­ға адам болмысына қайраттың қажеттілігін айқындады. Адамның жан дүниесін саралап, оған не дұшпан, не дос екенін айқындап он қасиетті көрсетті:
Өсек, өтірік, мақтаншақ,
еріншек бекер мал шашпақ,
Талап, еңбек, терең ой, қанағат,
рақым, ойлап қой.
Абай толық адам мағынасын ақыл, жүрекпен қатар, жаңа ұғым – қайратпен толықтырады: «Адамның үш қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Және де, үшеуінің бір тұтастығына, бірлігіне, үйлесімділігіне айрықша мән береді:
Ақыл, қайрат, жүректі,
бірдей ұста,
Сонда Толық боласың елден бөлек.
Жеке-жеке біреуі жаратпайды,
Жолда жоқ жарыместі
жақсы демек.
Ежелден келе жатқан дүниетанымда әлем бір мәнде бөлінбейтін үш құрамдас бөліктен құралатыны көпшілікке белгілі. Олар: материя, ақыл, энергия. Осы мәселе бойынша атақты ғалым-физик А.Эйнштейн: «дүниенің барлық көрінісінде энергия қатысады», –деп ғылыми тұрғыдан дәлелдеген болатын. Энергия сөзінің қазақша баламасы күш, қайрат екені белгілі. Ұлы Абайдың даналығы – адам болмысында қайраттың (энергияның) рөлін айқындап, оның дамуына қаншалықты қажеттігін көрсетуі. Өз сөзімен айтсақ: «Ақылдының сөзін ұғынарлық жүректе жігер, қайрат, байлаулықтың жоқтығынан адам азады» немесе:
Жүректе қайрат болмаса,
Ұйықтаған ойды кім түртпек.
Ақылға сәуле қонбаса,
Хайуанша жүріп күнелтпек.
Абай, әл-Фараби айтқандай, ақылсыз адам малға айналмақ, ал ақылға түртпек болатын жүректегі қайрат екенін көрсетіп отыр. Көрсетілген қайратқа ұлы ұстаздардың толық адамдарға тән қасиеттері күнделікті өмірде негіз болса, адамның әр іс-қимылы, қолға алған жобасы жасампаздыққа бағытталатынына толық сенуге болады. Абай даналығының тағы бір көрінісі – толық адам бойындағы ақыл, жүрек, қайрат арасында іштей талас туса, олар ғылымға жүгінуге тиіс. Ғылыми негізде шешім қабылдау, ғылымға негізделген экономика жасау қазіргі уақытта адамзат дамуында өте өзекті мәселеге айналып отыр. Сонымен ақыл, жүрек, қайрат толық адамның жандүниесінің үш таған тірегі болса, әл-Фарабидің он екі, Ясауидің он, Абайдың он шарттары жетілген, толық адамдардың жан-жақты қырын, қасиеттерін айқындайды.
Кезінде кеңес заманында коммунизм құрылысшысының моральдік кодексі болғанын алдыңғы буын өкілдері жақсы біледі. Бұл құжат адами жақсы қасиеттерді насихаттады, өкінішке қарай, көптеген себептермен (саяси-экономикалық, әлеуметтік, т.б.) іске аспады. Ең басты себеп – сөз бен істің арасында тым көп алшақтық болғаны. Сонымен қатар көптеген дамыған елдерде адами жоғары қасиеттерге, дәстүрге, этикалық нормаларға негізделген ішкі ар-намыс кодекстері сол елдердің дамуына ерекше қызмет атқаруда. Қазіргі кезде ел арасында ар, ұят, намыс, т.б. қасиетті ұғымдар өз мағынасын жоғалта бастағанына куә болудамыз. Осындай үрдіс жалғаса берсе рухани дамуымызға, елдігімізге үлкен қауіп төндіреді. Әл-Фараби: «Жан біткеннің бәрі ең биік кемелдікке жету үшін жаралған…» –деп, адамдардың жетілуіне сенім білдірген. Осындай ой-пікірді Ясауи, Абай еңбектерінен де табуға болады. Қазақ жерінен шыққан ұлы ғұламалардың «Толық адам» тұжырымдамасы «Жаңа Қазақстан» тұрғындарына аманат болып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын басты төлқұжатқа айналуы қажет. Сонда жоғары адами қүндылықтарды дәріптейтін «Толық адам» тұжырымдамасы ұлт сапасын дамытып ғана қоймай, тілі, діні, ділі әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын халқымызды біріктіретін күшке айналады. Халқымызда «Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» деген нақыл бар. Адамзат ұстаздары атанған ұлы дала перзенттері әл-Фараби, Ахмет Ясауи, Абайдай ұстаздары бар Қазақ елі өркениетті, дамыған ел болуға тиіс. Жаңа Қазақстанның мақсаты да осы!

Ғалымқайыр МҰТАНОВ
академик

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір