Өктемдік өкпегі өксіткен өмір
30.03.2023
490
0

37-нің ойранында оққа байланбаса да, он жылын айдауда өткізген асылдың сынығының бірі – Апбас Қаламбаев еді.

Теріскейдің текті перзенті 1900 жылы Созақ ауданы, Үлкен Шу болысындағы 12-ауылда (қазіргі «Ынтымақ» ауылы, кейбір архив құжат­тарында «Талапты» ауылы деп те көрсетіліп жүр) дүниеге келіпті. Алаш мұратына адал Апбас алғашында ауыл молдасынан хат танып, 1921-1923 жылдары Түркістандағы орыс-қазақ мектебінде оқыған екен. Елге оралған естияр жігіт қара жұмыстан да қашпай, біршама уақыт ата кәсіпті қолға алып, қой да бағыпты. 1928-1929 жылдары ол осы 12-ауылда ауылдық кеңестің төрағасы қызметінде болса, 1929-1930 жылдары Түркістанда Ордомның инспекторы болды. Кейіннен Алматыда заңгерлер дайындайтын курста оқып, 1935 жылға дейін Оңтүстік Қазақ­стан облысы прокуратурасының іргесін қалауға көп еңбек сіңірді. Прокурор көмекшісі қызметін де табысты атқарды. Неге екені белгісіз, араға біраз уақыт салып Алматы облысы Мақаншы ауданына сақтық кассасының меңгерушісі болып ауыстырылып, Қарғалы сайлау учаскесінің төрағасы лауазымында жүріп те жұрт сөзін сөйледі. Ел қамын жеді.
Ал 1937 жылдың ызғарлы желтоқсанында жұрт ішінен жау іздеп жалаңдаған НКВД-ның Бахты шекара отряды Апбасты да ақ-қарасын айырып жатпай, абақтыға тығып, үй-мүлкін тәркілеп, отбасын қаңғыртып жібереді. Сол бір қаралы кездің қасіретін Апбас Қаламбаев обком хатшысы В. Колебаевтың «партиядан шығарылу себебін сұраған» хатына берген жауабында қысқаша былай жеткізеді: «…Сіздің 5.ІХ.1956 жылы маған жіберген сұранысыңызға орай кезінде партия қатарынан шет­тетілуіме байланысты айтарым аса көп емес. Тұтқындалғанға дейін Алматы облысы Мақаншы аудандық партия комитетінде есепте тұрғанмын. Партиядан мені ешкім де жиналысқа салып, пәрмен беріп шығарған емес. Тек 1937 жылдың қарашасында қолыма кісен салғандар партбилетімді күштеп тартып алып жатқанда ғана бұл ұйымнан біржола аласталғанымды сездім. Мені 1938 жылы Алматы облыстық сотының көшпелі сессиясы кінәлі деп тауып, 10 жылға бас бостандығымнан айырды. Содан әділдік сұрап, темір тордың ар жағынан талай басшыға арыз жаздым. Қыр қазағына тән аңғалдық па, әлде ақырын болжап білмес амалсыздықтан ба, білмеймін, сол өтініштермен бірге өз жеке құжат­тарымның көшірмесін ғана жолдамай, түпнұсқасын тапсырып жіберіппін. Содан бері әуре-сарсаңды әбден көрдім. Құжатым да қайта қолыма тимеді, арызыма да адам екен деп жауап қатқан жан болмады. Жартасқа барып айғай салсаң да жаңғырық шығады емес пе? Тым-тырыс. Жым-жырт. Бірақ бұл да мені жасыта қойған жоқ. Лагердегі лайықты еңбегім, түзу тәртібімнің арқасында КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қаулысымен 1947 жылдың 5 шілдесінде құдай оңдап, қамаудан босадым. Сол жылдан бері «Жуантөбе» колхозында жұрт қатарлы жұмыс істеп жатырмын…».
Ал Түркістан облысының қоғамдық-саяси тарихының мемлекет­тік архивінде сақталған мұрағат­тық анықтамада Апбастың мәселесін таңнан түске дейін қараған Алматы обкомының №46 кеңесі 1937 жылдың 2 желтоқсанында оны бірауыздан партиядан қуып, «халық жауы» Қаламбаевтың ісін НКВД-ға тапсырыпты. Бұдан шығатын байлам, «өте құпия» деген таңбасы бар бәзбір құжат­тар да ақиқатқа айғақ бола алмайды екен. Себебі, Қаламбаевтың өз қолымен жазылған қыруар өтініш-шағымының ешқайсысында да жоғарыдағы жиналыс жайлы бір ауыз сөз жоқ. Шындығында Апбас бұл қуғынға бір өзі ұшырамапты. Тағы да құжатқа жүгінсек, 1938 жылдың 19-20 мамырында Қаратал ауылдық кеңесінің тумасы Рахметжанов Сапарғали, Шығыс Қазақ­станның Мақаншы ауданында инструктор қызметін атқарған Аманжолов Сіргебай, Апбас Қаламбаев үшеуі контрреволюциялық ұлтшылдық ұйымның аудандық жасырын ұясында жиі бас қосып, Кеңес үкіметіне қасақана қарсы шығып, Қазақ­станды бөліп алып, бөлек мемлекет құруды көксеу­шілермен мұрат­тас болыпты-мыс. Коммунизм таңын күткен колхоздарды жаппай құлатып, кедейлер құрған Кеңес үкіметін ішінен күйретуді көп жылдан бері жоспарлаған «жаулар» ауыр кінәсін толық мойындап, қол қойып, «құлдық ұрғасын» «әділ» сот та тым созбай қаскүнем Қаламбаевты 10 жылға, райынан қайтып, рақымшылық сұраған Рахметжановты 20 жылға, бар айыбы мойнына қойылған Аманжоловты 25 жылға сот­тайды.
Былайша айтқанда, бір адамның жеке текті құжат­тарының өзінің бір-біріне қайшы келетін тұсы өте көп. Себебі 1958 жылдың 11 шілдесіндегі ақтау туралы анықтамада айдауға үкім кесілген әлгі үшеуінің де бастапқыда ешбір айыпты мойындамағанын, Айғожинов, Хасенов, Оразғожинов секілді куәгерсымақтардың жазбасынан жаланың иісі аңқитынын, тіпті үшеуінің бір-бірімен бет­тестіріліп, терең тергелмегенін де ескеріп, жазықсыз жазаланғандары үшін толық ақтауға жатады деп қол қойылыпты. Осылайша, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-2, 58-7, 58-11-баптарымен кінәлі деп танылып, 10 жылға сот­ты болған Қаламбаев Хабаров өлкесінің Магадан облысындағы еңбекпен түзеу лагеріне жазасын өтеуге жіберіледі. Айдаудағы азапты екі жылын алғашында қара жұмысшы болып ауыр бейнетке жегіліп өткізсе, одан кейінгі екі жылда тау қопарушы болып тер төгеді де, 1940-1947 жылдар аралығын жол жөндеу жұмыстарында құрылысшы болып өткереді.
«Әр қасірет­тің соңында қуаныш бар» деп қолындағы қайласы қарын талдырса да тағдырмен тіресуін қоймаған Қаламбаев кенет­тен ауыр дертке душар болады. Бірде бостандықтан басыбүтін күдер үзген тұтқындарды тиеген жүк көлігі Анадырь – Колыма аралығындағы тастақ жолмен жүйткіп келе жатқанда абайсызда аударылып кетіп, Апбас ауыр жарақат­танады. Дені дұрыс дәрігері де жоқ, дәрі-дәрмегі де тапшы тайгадағы түрмеде Қаламбаевтың денсаулығы күрт нашарлап, халі де күннен-күнге мүшкіл тарта бастапты. Қырсық бір айналдырса, шыр айналдырады емес пе, қамауға алынған соң-ақ күйеуінен күдер үзген келіншегі кішкентай бөпесін бауырына басып, аш-жалаңаш күйде жаяулатып, жүздеген шақырымды артқа тастап, елге әрең жетеді. Бірақ қақаған қыста жұқа киіммен ит арқасы қиянға сүлдерін сүйретіп зорға жеткен қос құрбан сүйегінен өткен суықтан ақыры сырқат меңдеп, ағайын-туғанның көз алдында қыршын кетіпті. Әрине, бұл сұмдықтан қайғы-қасіреті қара басына жетіп артылатын Қаламбаев мүлде бейхабар еді. Татар дәмі таусылуға таяғасын «Мен «халық жауы» емеспін. Маған тағылған айып қате. Ісім қайта қаралсын» деп қозғалудың өзі мұң болып жатса да қолынан қаламын тастамай, жоғарыға жиі арызданады. Алайда, ол арыздан да түк шықпайды. Күн артынан күн өтіп, айлар жылға ұласқанда да жауап келе қоймапты. Ақыры төзімі түгесіп, шыдамы шегіне жеткен Апбас «Өзекті жанға бір өлім» деп, амалсыздан аштық жариялайды. Алты күн бойы нәр татпай, жарасы жанын жегідей жеп жатса да жақсылықтан үміт үзбейді. Жетінші күн дегенде, бәлкім, «жанайқайы» Жаратқанның құлағына шалынды ма екен, жүзі жылы бір тергеуші түрме табалдырығын ат­тапты. Аштықтан аяқ-қолы күп болып ісіп, жарақаты қоса қинаған Апбасты абақты күзетшілері тергеу бөлмесіне зембілмен алып келгенімен, есікке сыйғыза алмай біраз әуреге түседі. Көз алдында шөгіп бара жатқан атпал азамат­ты ажалға қимаған тәуір тергеуші істі қайта қарағанда ілік іздемей, айыптының арыздарын негізге ала отырып, онымен қоса қамалған тоғыз тұтқынның да түрмеден түгел босатылуына сеп болады.
Қуаныштары қойнына сыймаған он тұтқын түрмеден шыққанына тәубе деп, азықсыз һәм ақшасыз Сібірдің мүлгіген қалың ормандарындағы қара жолмен жаяулатып елге ат­танады. Алтауы жол азабына шыдамай, ажал алқымдап, арманда кетеді. Жолай үзілген жолдастарын иесіз иен далада жылап отырып жер қойнына берген төртеуі итшілеп жүріп, Алматыға аман-есен жетіпті. Сан жылдан бері сағыныш санасын мүжіген Апбас та бөтен қаладағы ет жақын бауырларын сағаламақ болған. Бірақ ел ішінде әлі үрейдің сейілмеген кезі. Төбеден түскендей тап болған бір туғанын үйіне кіргізіп, дәм тат­тыруға да сескенген туыстары көршілеріне білдірмей, азын-аулақ азық-түлік ғана беріп жолға салып жіберіпті. Тағдырдың бұйырғанын талғажау еткен Қаламбаев осылайша қаншама қиындықты артқа тастап, жер түбіндегі Түркістанға да жетеді. Көне қаладағы көкөніс базарында үсті-басы өрім-өрім болып, адам көргісіз халде жүрген жерінен Әмзе деген інісінің әйелі Үрім сыртынан танып қалып, жақын барып жолығуға да қорқып, көрген-білгенін дереу күйеуіне жеткізіпті.
Ол тұста Түркістандағы түрме бастығы қызметін атқарған Әмзе әділі керек, ағасынан сырт айналмай, жасырын түрде жылап жолығысып, жуындырып, киіндіріп, жол азығын да қамдап беріп, туған ауылына шығарып салады. Абақтыдан ауылға дейінгі азапты жолда жасымай, бар қиындықты жеңген жігерлі жанның мұнан кейінгі ғұмыр-баян­ын Дариға Апбасқызы Қаламбаева өз естелігінде былайша жеткізіпті: «Бір таңданарлығы – мұрағат­тан табылған дерекке сүйенсек, әкем КСРО азаматы екендігін дәлелдейтін паспорт­ты 1955 жылы ғана иеленіпті. Оған дейін ондай құжаты атымен болмаған. Сонда қалай сот­талып, қалай ақталып жүргені түсініксіз. Шамасы, сот­талған кезде паспортын алып қойған да, ақталғанда жаңасы берілмеген.
«Тірі адам тіршілігін жасайды», елге келе салысымен өткеннің бәрін ұмытып, тек күнкөріс қамын ойлауға бекінген. Жұмысты жапыра істеп, «Жуантөбе» кеңшарын құруға белсене атсалысқан. Мұндай азамат көзге түспей қалған ба, жұмысшылар комитетінің, ауылдық Кеңестің төрағалығына сайланады. Кеңшарға алғаш рет Өзбекстанның Бұхара, Самарқанд облыстарынан мал айдап келуге басшылық жасап, өзі шопандармен бірге жүрген. Жасы жетпіске келгенінше шаруашылықты өркендетуге, ел экономикасын көтеруге бар қажыр-қайратын жұмсайды. Мемлекет алдындағы адал да жемісті қызметі үшін «Қызыл ту», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен, «Ерлік еңбегі үшін Лениннің туылғанына 100 жыл толуы құрметіне», «Қазақ­станның 40 жылдығына» медальдарымен марапат­талады. Қаншама қиындық көргенімен сүйегі асыл екен, 85 жыл ғұмыр кешіп, 1985 жылы қайтыс болады. Жергілікті әкімшілік қаралы митинг өткізіп, ауыл ардақтысын тұрғындар алдында арулап, жер қойнына берді. Бүгінде ел ардақтаған Апбаздың есімі Шымкент­тегі «Қасірет» мемориалының тақтасына қашап жазылды.

Асан ҮСІПОВ,
Ғалым ҚАСЫМХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір