ЕСІРТКІ САУДАСЫ ӨЗ ӨМІРІҢДІ ДЕ САУДАҒА САЛАДЫ
29.03.2023
135
0

Австрияның атақты психоаналитигі, философ, логотерапевт Виктор Франкл өзінің бір еңбегінде Калифорниядағы мына бір зерт­теу жұмысын алға тартады: «Ғалымдар тышқан миындағы гипотламус бөлігіне электродты қондырған. Электр сымдары бір-біріне тигенде тышқандар жыныстық қатынасқа түскендей немесе тойып тамақ ішкендей рақатқа батады. Дәндеген тышқандар келе-келе сымдарды қосуды үйреніп алды. Енді ұрғашысына құмарлығы жойылды. Тамақты жемей жата береді. Мән таппай, мәңгілік мағынаны зая кетіргендер тышқандар сияқты қолдан рақат жасап жата береді».

Polisia.kz сайтында жарияланған ресми ақпарат Франклдың осынау сөзін қайыра есімізге салды. Біздің бүгінгі сөз өмірден мән таппай, қолдан рақат жасағандар емес, адамдардың осы бір әлсіз тұсын пайдасына жаратқысы келген қылмыскерлер жайында.
Өткен аптада Алматы қаласы полиция департаменті жүргізген операция барысында есірткі зат­тарын жасырын таратумен Алматы облысының тумасы ұсталды. Қылмыскерден мефедрон салынған 265 түрлі-түсті орама тәркіленген екен. Анықталғандай, ол қылмыстық әрекетін былтыр курьер ретінде бастаған. Алты айдан кейін күдікті синтетикалық және психотроптық зат­тарды ораумен айналыса бастаған. Берілген нұсқауларға сәйкес ол салмағы 200 грамнан асатын ірі көлемдегі орамаларды әзірлеген. Жігіт­тің тұрғылықты жері бойынша тінту кезінде «мефедрон» деген жазуымен 500 грамм ерекше иісі бар ұнтақ зат салынған үлкен пакет, таразы, 400 zip-lock пакет­тері, 43 түрлі түсті изолента мен қағаз жапсырмалар, 105 дайын есірткі орамдары табылған. Осы операцияның нәтижесінде полиция 1 кг 400 гр синтетикалық есірткіні айналымға жібермеді.
Жалпы өткен аптада ел бойынша тәртіп сақшылары 124 есірткі құқық бұзушылығын (16 өткізу фактісі, 15 сақтау фактісі, 2 контрабанда фактісі, 2 есірткі өсіру фактісі, 1 притонды ұйымдастыру және ұстау фактісі, т.б.) анықтады. Заңсыз айналымнан шамамен 121 кг есірткі, оның ішінде 6,5 кг синтетика тәркіленді.
Халқының саны жиырма миллионға жетер-жетпес ел үшін бұл сұмдық көрсеткіш. Дегенмен пиғылы жаманның жолы кесілгені де көңілге демеу. Қылмыстың үлкен-кішісі болмақ емес, оның өтеуі – жаза ғана.

А. ДӘУІТ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір