ЖАЛЫНДЫ ЖЫЛДАР ЖЫРШЫСЫ
Әбдіғали Сариевтің туғанына 115 жыл
Биыл Ұлы Жеңіске 70 жыл. Айтулы мерекеге байланысты шаралар жыл бойы жалғасатыны белгілі. Біздің редакцияға да мамыр айынан бастап майдангер ақындар туралы, майдан шебінен жолданған хаттар жайлы, соғыс жылдарындағы қарапайым халықтың басынан кешкен қиындықтары туралы көптеген мақалалар келген еді. Солардың біразын «Алыс, жақын қазақ» айдарымен қысқартып бердік.
Әбдіғали Сариев 1946 жылы Қазақстанның бір топ өнер иелерімен Москвада өткен онкүндіктерге қатысып, жеңіс тойына берілген жолдаманы иемденді.
Торқалы той иесінің «Сәлем саған Москва!» деген толғауында:
Ақын десе маған да,
Сөз келеді алқымнан.
Біз – Жамбылдың шәкірті,
Шыққан еріп артынан.
Сәлем бере келдім мен,
Жеңістің ұлы тойына,
Қазақстан халқыммен, –
деген жолдар бар. Осыларды оқыған сайын ұлыстың атынан сөйлеген бірсыпыра сөз зергерлерінің творчестволық тағдыры, әдеби мұраларының кейінгі ұрпақтарына танылу жайы еріксіз ой салады. Себебі, ел арасында тұрған халық ақындарының әлі де «архивте» жатқандары аз емес.
Жарық жұлдыздай ұстаздардың төңірегінде үркердей шоғырлаған шәкірттері болады. Олар озық өнерді үлгі етеді. Өнеге күші – ұлы күш, ағаға қарап іні өседі. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» демекші, өлең-жырдың туын тіккен ортада туып-өскен Әбдіғали Нұрымбетұлы Сариев. Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы «Бұрған» ауылында «Қызылауыз» деген жерде 1900 жылы өмірге келді. Сәбилік шағын ән-құмар, сөз ұғар ауылда өткізді.
Әрине, басқалар сияқты Әбекең де халық ақыны деген құрметті атаққа бірден жеткен жоқ. Әкесі Нұрымбет дүние салған соң, жастайынан табанын тасқа тілгізіп, қысы-жазы қозының соңынан жүрді. Көрген қиындықтар сәбилік қиялын оятып, көңіліне ұялады.
Ақын тұңғыш өлеңін ел жайлауда отырғанда, Мұздысайдың қойнауында жусап жатқан қозылардың қасында отырып шығарады.
– Жайлаудың төрі беткейлі, беткейлі,
Малы бар байлар ет жейді, жейді.
Әкесіз жүрген жетімге, жетімге,
Әкіреңдеп бәрі «кет» дейді, «кет» дейді.
Ұлының мұңға толы, сырға толы осы зарын анасы Салиха естігенде қатты тебіренді. Баласын бауырына қысып, көзінен жасын мөлтілдетіп: – «Балам, Сүйінбай атаңның аруағы қолдап, ақындығы дарып, бетіңнен пенде қақпасын», – деп ақ батасын береді.
Осылай тарығып жүргенде Октябрь революциясының арайлы таңы атады. Жалаңаяқ жолдастарымен бірге азаттық алған Әбекең тұңғыш өлеңін көтеріңкі үнмен, жалынды жігермен, тарихи төңкерістің мәніне, мақсатына түсінбесе де халықтың қуанышын көріп:
Ай туар ма оңынан,
Күн туар ма солынан,
Заман туса молынан.
Бөркімді аттым аспанға,
Түн түнегі қашқанда,
Бір тосқан бар асқанға,
Қойшы бала, жасқанба! –
деп жар салады.
Күн ұзаққа қозының соңында жүрсе де, зерек Әбдіғали ауыл молдасына барып, қара танып, сауатын ашады. Осы тірлігі кейін қажетіне жарап, ауылда ашылған кешкі мектептің 4-ші класына барады. Жаңа өмірдің қоғамдық құрылысына белсене араласады.
Көп ұзамай Ұзын-Қарғалы болысында комсомол ячейкасының (ұясының) хатшылығына сайланады. 1923-1935 жылдары Қызылауыздағы №5 ауыл шаруашылығы кооперативінің несие бөлімінің есепшісі, Қарақыстақ ауылдық Советінің хатшысы, «Бұрған» колхозының бухгалтері және аудандық қамсыздандыру мекемесінің қызметінде жүріп, сауатсыздықты жою, артель ұйымдастыру науқандарына қатысты. Аудандық жер бөлімінде есеп-қисап жұмыстарында істеп, бірлескен ауылдың экономикасын нығайтуға қолқабысын тигізеді. Қайда жүрсе де қолынан домбырасын, аузынан өлеңін тастамайды. Жетісу ақындарының 1919 жылы Алматыда, 1923 жылы Ұзынағашта болған мәслихат-слеттеріне қатысып, Жамбылдың Кенен, Саяділ, Үмбетәлі, Өмірзақ, Есдәулет тәрізді үзеңгілес әріптестерімен жүздесіп, достасады. Олармен ұзақ творчестволық байланысы ақындық өрісін кеңейте түсті.
Әбдіғалидің өлеңі алғашқы рет 1924 жылы Жетісу губерниялық (облыстық) «Тілші» газетінде жарияланды. Содан бастап қырық жыл бойы ол аудандық, облыстық газеттерден қол үзген жоқ. 1919 жылы Алматыда өткен Жетісу ақындарының бас қосуында және одан кейінгі кездесулерінде сол кездегі «Тілші» газетінің редакторы Шамғали Сарыбаевпен, ақын Ілияс Жансүгіровпен пікірлес болған. 1923 жылы Ұзын-ағашта өткен Жетісу ақындарының айтыстарын ұйымдастырушылардың бірі болды. Аудандық, облыстық газет-журналдардың жұмысына белсене араласуына Ораз Жандосов елеулі ықпал жасады. Жергілікті баспасөзге белсене қатысқаны үшін бағалы сыйлықтармен, мақтау грамоталарымен наградталды. Халық ақындарының республикалық айтыстарына (1939, 1943 ж.ж.) қатысып, бас жүлделерге ие болды. Әбекең Қазақ ССР Ғылым академиясы ұйымдастырған халық ақындарының республикалық айтыстарынан да, жиын-кеңестерінен де қалған емес. 1943 жылы Кененмен өнер сынына түсіп, бірінші сыйлықты жеңіп алды.
1934 жылдан КСРО Жазушылар одағының мүшесі. Жамбыл Жабаевтың ақындық дәстүрін берік ұстап, оның сүйікті шәкірттерінің бірі болды. Өлеңдер жинағы «Халық ақындары», «Ақындар», «Ақын жырлары», «Пернедегі термелер», т.б. жинақтарға кірді. Өлеңдер жинағы (1951), «Замана сазы» (1976), «Асу» (1987), «Мейір» (1990), «Ақиық» (2000) жинақтарына қосылды.
Әбекең сегіз дастан, бес поэма, жиырма баспатабақ артық лирикалық өлеңдер, арнаулар, сын-сықақтар, өсиеттік-өнегелі сөздер жазып, ел әдебиетінің толып жатқан үлгілерін қағазға түсіріп, ұрпағына мұраға қалдырды. 1972 жылдан Қазақ ССР Ғылым академиясынан жарық көрген Қазақ Совет энциклопедиясының 10-шы томына өмірбаяны мен шығармашылығы туралы мәлімет енген. Сүйінбайдың 1975 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Ақиық» кітабының 70% менің әкемнің архивінен алынған. Сүйінбайдың бүкіл өлеңдерін жатқа біліп, оның әдеби мұрасын жинақтауға ерекше үлес қосты. Әбдіғалидің өмірі мен творчестволық шығармашылығы туралы диплом жұмысы қорғалды. Ол туралы 30-ға жуық мақалалар жазылды.
1964 жылы қайтыс болғанға дейін ол белгілі ғалымдар Е.Ысмаиловпен, Б.Кенжебаевпен, С.Мұқановпен, Д.Снегинмен араласып тұрды. Филология ғылымдарының докторлары, профессорлары Б.Кенжебаев, Е.Ысмаилов, Шамшиябану Сәтпаева, ғалым Көбей Сейдаханов сынды ғалымдарымыздың назарын өзіне аударды. Әбдіғали Сариев туралы айтылған ойларын, пікірлерін Е.Ысмаиловтың «Жамбыл және халық ақындары» (1996), Ш.Сәтпаеваның «Әдеби байланыстар» (1976), К.Сейдахановтың «Қаһарлы сөз қамал бұзады» (1995), «Күрес пен жеңіс жырлары» (1991) кітаптарында кеңінен қамтылған. Әбдіғали Кененмен, Сәндібаламен, Үмбетәлімен, Қасымханмен, Темірғалимен айтысып, көбіне жеңімпаздар қатарынан көрінді.
Ұлы Отан соғысы басталып, өмір мен өлім белдесер сәт туғанда Жамбыл Жабаев бастаған халық ақындары отқа оранған Отанды, танкінің шынжыр табанында тапталған Жер-Ананы, жәбір шеккен жазықсыз жандарды жаудан қорғауға шақырды. Ұлдары мен қыздарын, халықты батырлыққа үндеді.
Осы топтың алдыңғы қатарында Әбдіғали Сариевтің өз дауысы, өз сөзі естілді. Ол алғашқылардың бірі болып «Мен де қару асындым», «Майданға шықты ерлерім», «Тарт қолыңды», «Майдандағы ерлерге» сияқты патриоттық рухта жазылған публицистикалық өлеңдерін күнделікті баспасөзімізде жариялай бастады. Сол тұстары ақын Отан үшін отқа түскен батырлар туралы кесек шығармалар жазуға отырады. Нәтижесінде «Капитан Гастелло», «Партизан Ғалым», «28-гвардияшылар» поэмалары республикамыздың газет-журналдарында жариялана бастады.
Ол «Тарт қолыңды» атты публицистикалық өлеңдері жаудың «көре алмай бүлдірмек» болған мақсатын айта келіп, «аш қасқырдай алақтаған қанды ауыз қарақшыны» халқымыз қатал жазалайтындығына сенім білдіреді.
Өлер жері осы оның,
Ұстады қызған темірді, –
дейді. Ал «Берік Отан» толғауында фашистерді талқандай бастаған жауынгерлерімізді:
Қызыл әскер беренім,
Ұмтылды жауға ақырып.
Таптап жатыр жендетті,
Қызыл қанын сапырып.
Көлдегісін көлінде,
Тұңғиыққа батырып,
Жиып бойға қуатты,
Найзағайдай атылып, –
деп суреттейді. Өйткені, ақын Отанының беріктігіне, оны қорғайтын ерлерінің ерен күшіне сенеді.
Күресуге белдессең,
Сындырамын беліңді.
Айға шаптың аюдай,
Тауып тимей теңіңді.
Ала жылан, аш бақа,
Сендей емес біздің ел,
Отаным – күшім сенімді.
Әбекеңнің соғыс жылдары жазған өлеңдері мен толғауларын салыстыра оқысақ, оның Отанды, елді, жерді бір ұғымда қарастыратынын байқаймыз. Олай болса, Отанды қорғау – елді, жерді қорғаумен бірдей. Әбекеңнің елімізде болып жатқан тарихи оқиғаға үн қосқыштығын дұрыс бағалаған филология ғылымының кандидаты Көбей Сейдаханов: «Әбдіғали Сариевтың екі дастаны» деген зерттеуінде «Партизан Ғалым» туралы: «Бұл көлемі жағынан да (1083 жол) мазмұны жағынан да қомақты шығарма. Ұлы Отан соғысы тұсында қазақ жауынгерлерінің де партизан қатарында көп болғанын тарихи деректерден білеміз».
Халық ақындарының туындыларында партизандардың ерлігіне арналған шығармалар көп емес. Ал дастандардың осы Ғалымның ерлігі жайындағы жыр ғана» деп тиянақтайды. Ә.Сариевтің «Капитан Гастелло», «Майдан ерліктеріне арналған алғашқы көлемді шығармасы ғана емес, күллі халық ақындарының творчествосында Ұлы Отан соғысы тақырыбына шығарылған тұңғыш дастан» болғанын атап көрсетеді. Өйткені, күнделікті газеттерді жібермей оқитын Әбекең СССР Жоғарғы Советі Президиумының 1942 жылғы 26 июльдегі Указымен капитан Николай Францевич Гастеллоға Совет Одағының батыры атағы берілісімен ол туралы орталық газеттерде жарияланған материалдардың негізінде ержүрек ұшқыштың психологиялық толғанысын аспандағы алты жаумен алысқан кезіндегі қайтпас қайсарлығын, жауынгерлік саналығын суреттейді. Ата жаумен айқасқанда самолеті өртеніп, күйіп жанса да қайғыға көңілін бермей соңғы күшін жинап, қыранын жаудың жанармай қоймасына бағыттайды… Ақын мұндай батырларды халқы ұмытпайтындығына сенім білдіреді. Майдандағы жауынгерлерді, тылдағы еңбек адамдарын Отанымызды батырларша қорғауға шақырады. Бұл дастан орыс тіліне аударылып, 1946 жылы Москвада пластинкаға жазылды, «Қазақстан» журналының 1947 жылғы №7 санында жарияланды (аудармашы Дмитрий Снегин).
Алтауы келіп кездесіп,
Көк жүзінде шайқасты.
Аспанның астын жаңғыртып,
Жаудырып жүрді «Жай тасты»
Шапшаңдықпен үйіріп,
Жоғары шығып төменге,
Кетеді кейде құйылып,
Деңгейлесіп келгенде,
Дәлдеп атты бесеуін.
Түсті мойны қиылып, –
деп суреттегенде қыран құстың көп құзғынмен алысқан сәттегі қимылын көргендей әсер аласың. Өйткені, совет офицерінің ерлігі қарулас достарына, кейінгі жастарға үлгі-өнеге еді. Самолетіне оқ тиген кезіндегі көңіл-күйін, толғаныс жайларын адам психологиясына тән ауқымды жырлауы да орынды.
Әбекеңнің соғыс жылдарындағы шығармаларына тән бір ерекшелік бар. Оның шығармаларында – автордың және кейіпкердің атынан айтылатын монологтарда тарихи оқиғаға негізделген шындық, батырлық жыр, шешендік толғау, өсиетті сөз және мақал-мәтел үлгісінде жырланады. Бұған:
Ұлда намыс болмаса,
Тірі де болса өлгені.
Жауға жасыл тартпасаң,
Біздің неміз ер? –
деді.
Немесе:
Ақша қарды бұзуға,
Есіліп соққан жел керек,
Елді қорғап қалуға,
Жігерлі туған ер керек! –
деген жолдар дәлел.
Қорыта айтқанда, Әбдіғали Сариев Ұлы Отан соғысы жылдарында осылайша төл туындылары арқылы халықты жауға қарсы күреске үндеді. Бірлікке, ерлікке шығарған жырларының өз маңызын жоймайтындығына деген сеніміміз кәміл.
Шайымхан Әбдіғалиқызы.