ҰЙЫҚТАЙ БЕРШІ
11.05.2023
350
0

 Бойым да, ойым да сонша ұзын емес, түрім де онша қызық емес. Әйтеуір жан бағып, кәстөм кигендерге таңғалып, суретке түсіріп ақша тауып жүрген едім. Бір күні жолда жортып келе жатқам. Артыма қарасам қара-көк кәстөм киген біреулер аһілеп-үһілеп жүгіріп келе жатыр. Байқұстардың бетінде бет, етінде ет қалмапты. Ораза ұстаған менен ары.
– Ағай, ағай, – дейді, шетіндегі аш ішектейі.
– Не болды, кім боласыңдар? – дедім көрден тұрып келгендей өздеріне, өлеусіреген көздеріне қарап.
Мен әкімнің түкірігін-қақырығын жинаушы болып қызмет істеймін, атым – Албасты – деді, он екінші қабырғасының астынан дем алып.
– Ал мен, әкімнің қайызғағын қағушы – Мақұлмын – деді, сопақ басын сипалап.
– Иә, не көмек керек еді – дедім, бәтенкем сияқты мыж-тыж беттеріне тесіліп.
– Суретке түсіру керек,– дейді, өз демдеріне өздері тұншығып.
– Қанша төлейсіңдер?
–Алғыстан басқа айтарымыз жоқ ,–деді, мыж-мыж беттерін бедірейтіп.
Шынымды айтсам, аяп кеттім. Көп керілмей келістім. Екеуінің көзі көшенің шамдарындай қайта жарқырап, жана кетті. Біреуі қайызғағымды қағып, екіншісі түкірігімді бағып тұр. Жаным ашып кетіп, тасып жеткен түкірігімді тілмен тоқтатып, жұта салдым.
Сөйтіп, әкімшілікке әндетіп кіріп келдім. Келсем, әкім абыржып отыр. Амандассам, аяғының саусағын қозғауға ерініп, еркелеп, былжырай қалды. Мақұл мен Албасты жүгіріп барып оң қолын көтеріп, қолыма қолын қыстыра салды. «Ассалаумағалейкүм» демесе де, «Уалейкумсалам» дей салдым, атам, апам үшін.
Содан кейін біреуі әкімнің апандай аузын аяғымен тіреп тұрып ашты. Екіншісі теміреткідей сірескен тілінен тартқылап, тот басқан тісіне қайрап-қайрап, ары-бері қозғап, әрең дегенде сөйлетті-ау, әйтеуір.
– Сен менің кім екенімді, күлсем – күн, күлмесем – түн екенімді білесің бе? – дейді, астыңғы ернін ауырсынып.
– Білемін. Бірақ өміріңіздің барлық сериясын көрмеппін. Боевик па, мелодрама ма? – дедім жарты метр тіліммен жарты гектар бетімді жалап.
Содан үнсіз үңірейген мұнай түстес көзін бетенкеме бір, бетіме екі қадап өтті де, мойнымда салақтап тұрған фотоаппаратқа салды. Осыны байқаған Мақұл мен Албасты әкімнің жағын жабылып жүріп қозғап, тағы бір сөзді суырып алды.
– Сен мені ешкімнің қолынан келмеген суретке түсіресің. Ақысына алғыс арқалап қайтасың, – деді.
– Мейлі, – деп келістім де, Албасты мен Мақұлға қайта қарадым. Екеуі әкімді есінеп тұрғанда суретке түсіру керек деген өтініш айтты. Сонымен ұйқысы тыныш оның есінеуін мысықтай міз бақпай ауладым. Сабазың түк те есінемеді. Бірақ тойымсыз көзі тұрақ таппай біресе маған, біресе фотаппаратқа түсе берді. Сағат түнгі екі болды. Әкімде әлі ұйқы жоқ. Мақұл мен Албасты болса бастықтарының борықтай санында баладай балбырап, ұйқыны ұрып жатыр. Бір кезде шыдамай кеттім де әкімге ел-жұрттың жағдайы жайлы әңгіме айттым. Әкімдердің әдеті ғой, басында жақтырмады. Сонда да ауылдың ақуалын айтудан жалықпадым.
Танкалар ғана түзу жүретін көшелер туралы сөз етіп едім, сол жақ қасы жоғары көтерілді де қайтадан орнына түсті. Сосын үйінен шықса базарға, базардан қайтса үйіне жету үшін қиямет қайым кешетін мүгедектердің жанайқайын жырладым. Сөйтсем, төбесіндегі бір уыс шашы ағарып кетті, өлә! Бірақ есінемеді. Қайтсем де есіңнен таныта есінетем деп қоям ішімнен.Тоқтап тұр, бала не, әкім не, екеуі бөбектей аңқау емес пе. Дауай, ертегі айтып көрейін деп жоқты бардай, барды базардай жайдым.
–Баяғының бай заманында сіз басқарған ауылдың жанында үлкен көл болған. Ол көл халықтың көз жасынан пайда болған. Тегі, тартылмай тұрып, ауыл тұрғындары сол көлге бар қайғысын жуып, қағажу көрген көңілін шая­ды екен. Бірде тасып, бірде жуаситын көл күндердің күні еңірей жылап, бар ауылды топан су алып кетіпті. Улап-шулаған халық не істерін білмей еңсесі биік, терезесі темір, құрылысы құрыш әкімшілікке қарай беттей жүзеді. Барса әкім суға батып-шығып, көз жастан пайда болған көлдің ащы дәмін жұтып, есі ауып, тұзды қиярдың суын ішкендей қаталап жатыр екен. Халыққа қараса, суға батпайды дейді. Бәрі құстың қауырсыны сияқты судың бетінде қайықтай қалқып тұр. «Сіздер, сіздер» деп су жұтып, қиналып жатқанда, тас кенеше жабысқан астындағы креслосы құйрығынан сопаң етіп сырғып, ағысқа ілесіп береді. Айналасына қараса, қарманатын тал жоқ.
Сөйтіп, сүме-сүмесі шығып, аяқ-қолы ербеңдеп тұрғанда жанына жандайшабы, құдайдың құтты күні қасынан табылатын орынбасары көрші бөлмеден шалп-шалп еткізіп, шалқасынан жүзіп шыға келеді.
– Ағатай, әкемнен кейінгі қадірлім, бастығым, мен бұл халықтың көз жасына жүзіп үйреніп қалған бекіре балықтай «блатной» шомылам. Тоң мойныма отырасаңыз да, бетондай беліме мінсеңіз де мыңқ етпеймін, – дейді бұлтылдап.
Әйтеуір әйтіп-бүйтіп әкім әрең дегенде қанардай қарнын, сосын аяғын асырып, орынбасарын жайдақ мініп алды. Ол болса тұншыға осқырынып, жүзе жөнелді. Біреуі сүңгіп, екіншісі сальто жасап, суда жүрген халыққа қараса, еш уайым жоқ екен. Әкім аң-таң. Шеткеректе сақалын судан сығып, көңілді күйде үйінің шатырында отырған шалға жолығады. Жолықса, шал тырқ-тырқ күледі дейді. Әкім ашуға басып, – Оныңыз не? Дап-дардай басыңызбен! Айналаңызға қарап қойыңыз… Суда отырғаныңызды білесіз бе? – десе, шал шалқасынан жатып алып күліпті. Әкімнің талағы тарс жарыла жаздап, теріс айналып кете берейін десе, шал тоқта деп май құйрығына бір теуіпті.
– Біздің ауылдың қадірменді әкімі сен бе едің? Жылай-жылай көзіміз ақты, содан танымай тұрғаным… Күлмегенде жылаймыз ба? Жасымызды төгіп-төгіп тауыстық қой. Таусылмаған күлкімізбен күнімізді ұзартып, көзімізді қызартып отырмыз да. Келіңіз, хормен күлейік,– деді сақалын селк-селк еткізіп деп, ертегімді аяқтай беріп бетіне қарасам, аузы ашылып ұйықтап кетіпті. Ішінен жеген-пегені көрініп, жартысы ернінен төгіліп жатыр екен. Ақырын, оятып алмайын деп фотоға түсіріп алдым. Сұмдық-ай, сұмдық! Не пәлені жемеген десеңізші, бәрін жепті. Зейнеткердің титтей зейнетақысынан бастап, жаңа туылған нәрестенің жөргек пұлына де­йін асапты. Ауылдың жарты халқының арыз-шағымы асқазанында қорытылмай қалса керек, ұртының бір шетінде ыбырсып жатыр. Жолға бөлінген қаржыны асфальтке араластырып жұтыпты. Бәсе, кекіргенде «смоланың» исі шығады. Ауыз суға бөлінген ақшаны кампот жасап ішіп, арақпен араластырып, коньякпен жағаластырып, сонау түп асқазанына екі-үш қойдың, төрт-бес құлынның, сегіз бірдей шошқаның қуырдағына бастырып тастапты. Сәл мойнымды соза түсіп қарасам, екі-үш нива, төрт камаз, бір трактор, бір джип көлігі барып аш ішігіне тіреліп тұрып қапты. Соған бола «мезим» ішіп мазасы кетіп жүр екен.
Жаным ашығыш сорлымын ғой, аузынан төгілген ауыл шаруашылығына бөлінген он-он бес субцияданы қалтама басып алуым керек еді, қайтадан әкімнің тілінің астына тастай салдым. Тартып жесе де, қарпып жесе де өзінікі. Бәлеңнен аулақ. Халқың барда ұйықтай берші. Әйтеуір көз жастың көліне тұншығып қалмасаң болғаны…

 

 

Серікжан Мұрасылов

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір