Жыл санау және жыл қайыру
27.03.2023
1408
0

Шығу тарихы тым тереңге көш тартатын халықтық жыл санау есебінде 12 жыл аты бар. Алғашқы деректер VIII ғасырдағы Күлтегін ескерткіштері мен IX ғасыр ғұламасы Махмұт Қашқари еңбектерінен көрініс тапқан. Жыл санау мен жыл қайыру – ежелгі заманнан халықпен бірге жасап келе жатқан дәстүр. Демек, жыл санау тарихының желісі тым әріде жатыр. Жыл қайыру ежелден-ақ тышқан жылынан басталады.

Халық даналығының дәлдік есебі – осы жыл санаудан-ақ көрінеді. Тағы бір айта кетерлік ерекшелік: есептік жүйені қазақ (әрине, шығыстық ғылым негізінде) ай санау, жыл санау және жыл қайыруды 12 санынан қайырып отырады. Бір жылда 12 ай бар. Жыл басы – тышқан. Әр күнге, айға дәл анықтама берген халық әр жылға да сондай тұжырым жасап, оны ғасырдан ғасырға есте сақтарлық қағида етіп қалдырған. Халықтың осы бай тәжірибе-тағылымы сол жылдардың өзіндік сипатына сәйкес келеді. Мысалы, қоян, мешін жылдары – жұт, ауыртпалық жылы; тышқан, қой, доңыз – жайлы, береке жылы деп қабылдануы тарихи шындыққа толық саяды. Халық үшін қашан да ең ауыр жыл (әсіресе шаруашылық үшін) – қоян. Тарихымызда болған ауыр жылдар осы қоянға сәйкес келіп, осыған орай өткен ғасырларда «ақ қоян», «жалпақ қоян», «тақыр қоян» деген естен кетпес жұт болғаны еліміздің тарихынан белгілі. Күн, ай, жыл санау – халық данылығы мен өмір тәжірибесінің ғажайып көрінісі. Мұнда ата-бабалар жасап кеткен тағылым, табиғат сырын жетік білу іздері жатыр. «Жыл қайыру – уақыт­ты … он екі мүшел жыл жүйесімен есептеу» (І. Кеңесбаев).
Халықтың тапқырлық есебінің бірі – жыл қайыру. Бұл – әсіресе адам жасын есептеуге келгенде бірден-бір ұтымды жол. Ескіше жыл қайыру әдісі мен өзінің қазақша қай жылы туғанын, неше мүшелге толғанын білгісі келсе, ол өз туған жылын 12-ге бөлуі керек. Қалдықсыз бөлінсе – мешін, қалдық біреу болса – тышқан… бесеу болса – сиыр, алтау болса – барыс, т.с.с. болып, әрі қарай есептеле береді.
Жылдың бірінші айы – наурыз. Ал он екі жыл уақыт – мүшел деп аталады. Мүшелдік жылдардың орналасу тәртібі мынадай: тышқан, сиыр, барыс, қоян, ұлу, жылан, жылқы, қой, мешін, тауық, ит, доңыз. Күн санау ұғымында халық әр күннің атын айтпай-ақ өткен күндердің кеше, алдыңғы күн деп немесе келесі күндерді ертең, арғы күні, оның арғы күні деп те айта береді. Әр күннің қасиеті осындай. «Алланың күнінің бәрі – сәт», – деп халық дәл айтқандай, әр күннің адамзат баласы үшін өз мән-маңызы бар.
ТыШҚан жылы. Көзге елеусіз жәндік атымен аталғанымен, жыл санаудың және жыл қайырудың басы да осы – тышқан. Әр жыл 21 наурыз күні аяқталып, 22 наурыз күнінен жаңа жыл басталады. Талай жылдың тауқыметін, қызығын басынан өткізген тәжірибесі мол халық әр жылға тиісті баға беріп, сол жылдарға сай күтініп те отырған. Соның бірі – тышқан жылын жұрт молшылық пен берекенің, бейбітшілік пен тыныштық жылы деп санаған. Халықтың бұл сенімі көбіне ақталып та отырған. Шынында да мыңдаған жылдар тарихында тышқан жылында қиыншылық, жаугершілік, аштық сирек байқалған.

Сиыр жылы. Үй жануары атымен аталған. Тышқаннан кейін, халық есінде көбінесе ауыртпалық, дау-жанжал, қиындықтарымен есте қалған. Ырымшыл халқымыз бұл жылы сәтсіздік бола қалса, «биыл ауыр жыл ғой» дей салады. Сиыр жылы туған адамдар халық әдеті мен ырымдары негізінде сиырды бауыздамайды.

Барыс жылы. Өзі ат­тас аң атымен аталған сиыр жылынан кейін келеді. Ауыртпалығы да, жақсылығы да аралас жыл деп саналады. Еліміздің тарихында бұл жылға қатысты айтылатын елеулі оқиғалар есте қалмаған. Осындай себеппен барысты халық жайсыз жыл қатарына қоспайды.

Қоян жылы. Қоян есімімен аталған жыл барыстан кейін келеді. Жыл – қазақтың шаруашылық тарихында жұт, аштық, ауыртпалық, бейнет жылы деп, оған үрке қараған. Оның себебі де жоқ емес. Тарихқа үңілсек, 1867-68 жылы жалпақ қоян жұты, 1879-80 жылы үлкен қоян жұты, 1891-92 жылы кіші қоян жұты, 1915-16 жылы тақыр қоян жұты болып, бүкіл қазақ даласында мал қырылып, ел жүдеушілікке, аштыққа, жоқшылыққа ұшырап, әр жылға әлгіндей ат беріп, айдар тағып кеткен. 1962-63 жылдары да мал өсіруші аудандар қат­ты шығынға ұшырап, мал қырылғаны мәлім. Тарихтан белгілі қазақ еліне «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманын әкелген 1723 жыл да – қоян жылы болатын.

Ұлу жылы. Ұлудың қандай жануар немесе жәндік екені белгісіз. Ол туралы әр түрлі жорамалдар да көп. Түркі жұртшылығы, оның ішінде қазақтар да, ұлу жылы астық, шөп мол болады деп жорамалдаған. Ұлуды суда өсетін жәндік деп білген. Соған қарағанда бұл – халық үшін жайлы, жұмсақ жылдар қатарынан орын алса керек. Кей жылдары ұлу да жайсыз келіп отырған.

Жылан жылы. Ұлудан кейін кіреді. Қазақ аңыз әңгімелерінде «Жылан жылы жылыс болды, жылқы жылы ұрыс болды, қоян жылы тоғыс болды» деген қағидаға айналған қанат­ты сөздер бар. Бұл сөзді Абай да «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққаны туралы» ат­ты шығармасында пайдаланған. Мұны тарихи деректер де растайды. «Ұлы Абай айтқандай, Шыңғысхан шабуылы 1221 жылан жылы Отырарды алып, 1222, 1223 жылқы мен қой жылдары Азияны жаулаған» (І. Кеңесбаев). 1928-29 жылы Қазақ­станда кәмпеске зобалаңы болды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы да осы – жылан жылы басталған.

Жылқы жылы. Жыланнан кейн кіреді. Халықтың арғы-бергі аңыздары мен ертегі әңгімелерінде жылқы жылы туралы жайсыз әңгіме жоқ. Ырымда бұл жылы туғандар жылқы бауыздамайды.

Қой жылы. Жылқыдан кейін кіреді. Халық бұл жылды жақсы жыл деп сеніп, оны күтіп отырады. Қазақ бұл жылды қой мінезіне де ұқсатады. Қой жылдары көбіне жайлы болып, халық береке мен молшылыққа кенеліп отырған.

Мешін жылы. Қойдан кейін кіреді. Мешіннің қандай мақұлық екені әлі анық емес. Қазір оны маймыл деп жүр. Аңызда ол маймыл емес, азып кеткен адам делінеді. Ал жыл қандай болады дегенге келгенде, қазақтар бұл жылды сәтсіз, бүліншілік, жайсыз оқиғалар көп болады деп айтып, қорқып отырады. Шындығында, біздің еліміз тарихындағы небір азапты, ауыр оқиғалар мен жұт, апат осы жылдарда болғанына көз жеткізу қиын емес. 1920 жылы қазақ даласында мал қырылып, ол «тас мешін» деп аталды. 1931-32 жылғы алапат аштық осы жылы болды.

Тауық жылы. Мешіннен кейін кіретін жыл. Үй құсы – тауық атымен аталған. Бұл жыл да – халық есінде қиын, ауыр жыл деп аталып қалған. Бұрынғы үлкендердің айтуынша, тауық жылы қауіп-қатер жиі болып тұрған, халық бейнет­ті көп кешкен. Өткен ғасырлар мен жылдарға көз салсақ, халық санасында сақталған бұл ұғымдар да негізсіз айтылмаған сияқты. 1920-21, 1932-33 жылдары жұт, аштық болғаны көпке белгілі.

Ит жылы. Тауықтан кейін кіретін жыл, жеті қазынаның бірі – ит есімімен аталған. Бұл жыл халық үшін жайсыз жыл емес сияқты. Мешін, тауықтан кейінгі ауыртпалық ит жылы біршама жеңілдей түскен. Айталық, 1933 жылы аштық тыйылды, 1945 жылы соғыс аяқталды.

Доңыз жылы. Жыл санаудың және жыл қайырудың соңғы жылы. Ол ит­тен кейін кіреді. Кейбір түркі елдері, сондай-ақ Қазақ­станның кейбір өңірі, мұны қара киік жылы деп те айта береді. Қазақ доңыз деп кәдімгі шошқаны айтады. Оның жыл атауына кіруінің өзі – жыл санаудың исламнан да бұрын енгенінің толық дәлелі болса керек. Доңыз тарихта халыққа жайлы, тыныштық жылы болып келген. 1729 жылғы қазақ-жоңғар соғысындағы айтулы қазақ жеңісі – доңызға саяды.

ДЕҢГЕНЕ

Соңғы жылдарда ұмытылып бара жатқан дәстүрдің бірі – деңгене. Екі немесе үш жігіт бас қосып, ауқат­ты үйге «деңгене жеуге келдік» дейді. Оның шарты бойынша үй иесі бір семіз қойды бас-сирағына дейін асып, деңгене сұрап келгендердің алдына қояды. Олар бір қойдың етін сорпасымен ішіп, жеп кетуі керек. Егер олар қойды жеп кетсе, қойдың құны сұраусыз. Егер ет­ті тауыса алмаса, олар үй иесіне екі қой төлеуге тиіс. Кей жерлерде мұны сірне деп айтады. Қазақ­станның оңтүстік жағында деңгененің қолданылуы басқаша. Бұл жақта 4-5 үй бірігіп, бір малды ортақтасып сойып алады. Ол біткен соң тағы бір малды ортақтасып сояды. Сөйтіп, кезектесе береді. Бұл – негізінен қыстыгүні жылы өңірде соғым еті көп сақтауға келмейтіндіктен туған амал болса керек.

ДЕРТ КӨШІРУ

«Көш! Көш! – деп біз кетелік, жүр, кетелік, Күләптің көшіп кетсін қалмай бәрі» (халық аузынан). Адамда болатын күләпсан (қотыр), малда бәдік деген дерт болады. Сол дерт­ті көшіру (яғни кетіру) үшін ауыл адамдары мен жастары жиналып аурудың атын айтып «көш, көш» деп ырымдайды. Дерт­ті көшірудің өзінің өлеңі бар. Мысалы:

Күләпсан, көшер болсаң,
қалаға көш!
Қаланың іші толған шанаға көш!
Таппасаң онан жайлау мен
айтайын,
Қалада көзі шегір балаға көш!

Халықтың бұл ырымы ертеде қолданылғанымен, қазір ұмытылды десе де болады.

ДҰҒА (ҚҰРАН) ОҚУ

Марқұм болған ата-бабаларының, туған-туыстарының басына барып дұға оқып, еске түсіру – зор адамгершілік парыз, аруақтарға жасалған құрмет. Әр адамның ерте ме, кеш пе сол аруақтардың қатарына қосылатыны анық. Олай болса, марқұмдарға құрметпен қарау – адамгершіліктің белгісі. Сонымен бірге әр адам сапар үстінде келе жатқанда жол үстіндегі қорымдарға тоқтап, дұға оқып, бет сипап өтуі шарт. Егер адам асығыс болса, ат үстінде бір үзеңгісін босатып, баяулатып құран оқуы керек.

ЖАЗА

Қасқа жазасы. Қазақтың «Жеті жарғы» және билік, әділет заңдарында қылмысына қарай жаза түрлері де әр түрлі болған. Соның ішінде ауыр жазалардың бірі – «қасқа» деп аталады. Бұл жазаға ұшыраған адамға өшпес таңба салынып әрі елден қуылған. Мұндай ауыр дәстүрді қаһарман жазушы Бауыржан Момышұлы: «Мұны естіген Бабас қайғыдан қат­ты күйіп, қаһарға мінген екен. Қабаштың шашын ұстарамен қырыпты. Содан соң құйқасын маңдайынан желкесіне дейін, оң самайынан сол самайына дейін тіледі. Басына жарғақ тұмақ, үстіне айналдырған тон кигізеді де, қолына таяқ ұстатады. «Енді қайда барсаң онда бар. Сендей арам ағайыннан адал арым артық» – деп теріс батасын беріп, ата-қоныстан аластап шығарған екен. Ол заманда қарғыстың ауыры – «теріс бата», жазаның үлкені – «қасқа» етіп әйгілеп, елден қуып, қаңғыртып жіберу болыпты ғой», – деп жазады («Ұшқан ұя»).
Мығау жазасы. Төлегенді өлтіріп келген соң Бекежанға үш найзаның сабымен мығау жазасын қолданатын тұсы «Қыз Жібек» фильмін көргендердің есінде болар. Мұндай жаза опасыздарға, сатқындарға қолданылған. Жазаға ұшыраған адам аяқ-қолы байланып, ағашқа (керегеге) таңылады. Соғыс кезінде найза астына керіледі. Сонан соң барлық жиылған жұрт оның бетіне түкіріп, лағнет айтып, қарғыс жаудырады. Қарт­тар теріс батасын береді. Оны ел-жұрт адам қатарына қоспай, қаңғыртып жібереді. Мұндайларда қатын-бала болмайды. Көбінесе, олар жасырынып жүреді. Шын аты-жөнін, тегін айта алмайды. Жазаға ұшыраған қарабет әдет­те көз көрмейтін, құлақ естімейтін жерлерге кетеді. Оны туған-туысқандары іздемейді.

Сейіт Кенжеахметұлының
«Қазақтың салт-дәстүрлері
мен әдет-ғұрыптары»
 кітабынан алынды

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір