«ҚАЗАҚША БАСТАПҚЫ ОЙЫН» КЕШІНЕ 100 ЖЫЛ
26.06.2015
1212
0

4c1b5150a468551bd108a1541b80155eЕрте замандардан ежелгі тайпаларға тұрақ болған қазақ руханиятының астанасы Семейдің приказчик (саудагерлер) клубында осыдан 100 жыл бұрын, 1915 жылғы 13 ақпан­да Абайдың туғанына 70 жыл толуы­на арналып әдеби-музыкалық шығар­ма­шылық кеш өткізілді. Кешті ұйымдастыру­шылар Нұрғали мен Назипа Құлжановтар болды. Ақын мұрасын лайықты бағалаған Нәзипа 1913-1914 жылдардан бастап Семей қаласында «Шығыс кеші» деген атпен ойын сауық ұйымдастырып отырды. Осы ойын-сауықтарға мұғалімдер семинариясының студенттерімен бірге қалалық бес класты училище оқушылары Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қаныш Сәтбаев сияқты талантты жастар қатысты. Сол кезде мұндай рухани жұмыстарды өткізіп, қазақтың белсенді жастарын өнерге тартып, баулыған семинария мұғалімдері Нұрғали Құлжанов, Нәзипа Құлжанова, ақын Тайыр Жомартбаев, т.б. еді. Абайға арналған кешті өткізу үшін Нәзипа талай кедергілерді басынан кешеді. Губернаторға хат жазып, жауабын үш айдан кейін алады. Кештің бағдарламасын патшаның цензурасы тексеріп отырады. Сол кезеңде сауық кештер ұйымдастыру, оның маңыздылығы туралы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың өзі: «Мұндай ойындар көбейсе, ақшасы – бір, екінші – жақсы сөздер жарысқа түсіп, әдебиетіміз ілгері басуға зор себеп болар еді. Сондықтан осындай жақсылық жолдарға ойын істейміз деп кезенген жерлерде жол бөгеу болмайтын қылып, тамам ескі, жаңа сөздерімізді – өлеңі бар, қара сөзі бар – жиып-теріп кітап (сборник) қылып драматическая цензурадан өткізіп алсақ, бір санаулы жұмыс біткен болар еді», – деп жазды.
Бұл туралы сол жылы «Айқап» журналында «М.М.» деп қол қойған тілшінің (Мұстақым Малдыбаев болуы мүмкін) «Қазақша бастапқы ойын», «Қазақ» газетінде «М» деп көрсетілген тілшінің «Қазақ әдебиеті кеші» мақалалары мен хабарлары жарық көреді. «Қазақтың» келесі санында Н.Құлжанова осы кештен түскен ақшаның жартысы Петербордағы мұсылмандар ашқан соғыс ауруханасына аударылғанын, жартысы әр жерде оқитын 12 қазақ студентіне берілгенін, оның ішінде 10 сом Ж.Аймауытұлына тигенін жазады. 1915 жылдың 13 ақпанында Петроградтағы Жылжымалы мұсылмандар лазареті және мұқтаж білім алушы қырғыз­дарға пайдасын тең бөлумен арналған әдеби-сазды қайырымдылық кеш – Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған екінші ірі мәдени шара деп саналады. Аталған шара «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің назарына ілігеді. Ұлы Абайдың қадір-қасие­тін, атағын жұртшылыққа жария етудегі алғашқы қадам жасап, тұңғыш кешті ұйымдастырушы – журналист, ағартушы, қазақтың оқымысты қызы Нәзипа Сегізбайқызы Құлжанованың еңбегі ерекше еді.
Абайды алғаш ұлықтаушы, кешті ұйымдастырушы әрі көркі бола біліп, небәрі 46 жыл ғұмыр кешкен Нәзипа Сегізбайқы­зы­ның есімі ұлт тарихында мәңгілік қалды. Бүгін әңгімемізге арқау етіп отырған, бір ғасыр бұрын Семей шаһары жұртшылығын ғана емес, бүкіл елді сүйсіндірген ұлы Абайға арналған алғашқы еске алу кеші де халық жадында осылай сақталды.

Алмахан Мұхаметқалиқызы.
Астана қаласы.

ПІКІР ҚОСУ